БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 20 қыркүйектегі № 384 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17494 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ереже осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ және мұнайгаз-химия департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Энергетика министрі |
Н. Ногаев |
Қазақстан Республикасы | |
Энергетика министрі | |
2021 жылғы 30 маусымдағы | |
№ 219 Бұйрығына | |
қосымша | |
Қазақстан Республикасы | |
Энергетика министрінің | |
2018 жылғы 20 қыркүйектегі | |
№ 384 бұйрығымен | |
бекітілген |
Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 6-бабының 18-3) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын қалыптастыру жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
2-тарау. Комиссияның міндеттері мен функциялары
3. Комиссияның міндеті Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын (бұдан әрі – өнім беру жоспары) қалыптастыру болып табылады.
4. Комиссия мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының (бұдан әрі – жергілікті атқарушы орган) сұйытылған мұнай газын беруге арналған жиынтық өтінімдеріндегі берілген деректердің негізділігін және толықтығын анықтайды;
2) тиісті жергілікті атқарушы органның жиынтық өтінімін мақұлдау және оны өнім беру жоспарына енгізу туралы шешім қабылдайды;
3) сұйытылған мұнай газын өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау, тиеп-жөнелту және өткізу мониторингінің деректері негізінде жиынтық өтінімді өзгерту туралы уәжді шешім қабылдайды және тиісті жергілікті атқарушы органды бұл жөнінде хабардар етеді;
4) тиісті жиынтық өтінімде көрсетілген барлық алушылар үшін сұйытылған мұнай газын беру көлемдерін пропорционал өзгерту туралы шешім қабылдайды;
5) өнім беру жоспарын мақұлдау туралы шешім қабылдайды.
3-тарау. Комиссияның қызметін ұйымдастыру тәртібі
5. Комиссия құрамына Комиссия төрағасы, комиссия төрағасының орынбасары, мүшелері және хатшы кіреді. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
6. Жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі Комиссия төрағасы болып табылады. Комиссия төрағасы болмаған жағдайда, оның функцияларын төрағаның орынбасары орындайды.
7. Комиссия құрамына газ және газбен жабдықтау саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) өкілдерінен басқа, Қазақстан Республика Энергетика министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы, қоғамдық ұйымдардың, Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, саяси партиялардың және республикалық қоғамдық бірлестіктердің (келісім бойынша) өкілдері енгізіледі.
Комиссияның құрамына сұйытылған мұнай газын көтерме және (немесе) бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлғалардың, сұйытылған мұнай газын мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру үшін шикізат ретінде пайдаланатын өнеркәсіптік тұтынушылардың, сондай-ақ сұйытылған мұнай газы нарығында қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар қауымдастықтарының (одақтарының) өкілдері енгізілмейді.
Уәкілетті орган (мерзімі Комиссия құрамы бекітілген күннен бастап есептеледі) жыл сайын Комиссия құрамын қайта қарайды және жаңартып отырады.
8. Уәкілетті органның тиісті салаға жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшесі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.
9. Комиссия Төрағасы оның отырыстарын қажеттілік бойынша, бірақ айына кемінде бір рет шақырады.
10. Комиссия отырыстары, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санынан тең жартысынан астамы қатысатын болса, заңды болып саналады.
11. Комиссия шешімдері Комиссия отырысына қатысып отырған Комиссия мүшелері жалпы санының көпшілік дауысымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
12. Комиссия жұмысының ашықтығы мен жариялылығы мақсатында Комиссияның әрбір отырысы кезінде аудио-, бейнежазба үздіксіз жүргізіледі.
13. Шешім қабылдау кезінде Комиссия мүшелері тең дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссиия төрағасы немесе оны алмастыратын адам дауыс берген шешім қабылданды деп саналады.
14. Комиссия төрағасы:
1) Комиссия отырыстарын шақырады;
2) Комиссия қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады;
3) Комиссия жұмысын жоспарлайды;
4) Комиссия отырыстарына төрағалық етеді;
5) Комиссия шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.
15. Комиссия мүшелері:
1) жергілікті атқарушы органдар тапсырған жиынтық өтінімдермен танысады;
2) жоспарланған кезеңге арналған өнім беру жоспарының жобасымен танысады;
3) сұйытылған мұнай газын өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау, тиеп-жөнелту және өткізу мониторингінің деректерімен танысады;
4) жиынтық өтінімдерге және өнім беру жоспарының жобасына қатысты ұсыныстар енгізеді;
5) Комиссия отырысында шешілуі тиіс мәселелерді қарайды;
6) Комиссия қызметінің мәні болып табылатын мәселелер бойынша дауыс беруге қатысады.
16. Комиссия мүшесінде мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда, мүдделер қақтығысы туындаған комиссия мүшесі қалған комиссия мүшелерін туындаған мүдделер қақтығысы туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
Қалған комиссия мүшелері мүдделер қақтығысы туындаған комиссия мүшесінің өтініші бойынша мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу бойынша мынадай шараларды уақтылы қабылдайды:
1) мүдделер қақтығысы туындаған комиссия мүшесін комиссия жұмысына қатысудан шеттетеді. Мүдделер қақтығысы туындаған комиссия мүшесін шеттету туралы шешімді комиссия ашық дауыс беру жолымен оның мүшелерінің көпшілік дауысымен жазбаша нысанда қабылдайды және ол мүдделер қақтығысы туындаған комиссия мүшесінің қатысуымен жария етіледі. Дауыстар саны тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады;
2) күнтізбелік 1 (бір) күн ішінде комиссия құрамын қайта қарайды.
17. Комиссия хатшысы:
1) Комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастырады;
2) Комиссия отырысын өткізу күні мен орны туралы Комиссия мүшелеріне отырыс күніне дейін күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірмей хабарлайды;
3) қажетті құжаттарды, материалдарды дайындауды қамтамасыз етеді, Комиссия отырысы өткен соң оның хаттамасын (бұдан әрі – хаттама) ресімдейді.
18. Қабылданатын шешіммен келіспеген жағдайда Комиссия мүшесі жазбаша нысанда хаттамаға қоса берілетін ерекше пікірін жазады.
19. Комиссия шешімі хаттама түрінде ресімделеді және Комиссия төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы, қатысушы мүшелері оның әр бетіне қол қояды және бұрыштама қояды.
20. Комиссияның шешімі жоспарланып отырған айдың алдындағы ай басталғанға дейін күнтізбелік 15 (он бес) күннен кешіктірілмейтін мерзімде шығарылады.
21. Өнім беру жоспары Комиссия шешімінің негізінде қалыптастырылады және Комиссия төрағасы, орынбасары, хатшысы, қатысып отырған мүшелері оның әр бетіне бұрыштама қояды.
22. Комиссия отырысының шешімі, өнім беру жоспары, Комиссия отырысының аудио-, бейнежазбасы Комиссия отырысы өткізілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.