Техникалық газды күкіртпен жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 22 шiлдедегі № 266 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 27 шiлдеде № 23720 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 400-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Техникалық газды күкіртпен жұмыс істеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрінің м.а.
С. Брекешев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сауда және интеграция министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Төтенше жағдайлар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрінің
м.а.
2021 жылғы 22 шілдедегі
№ 266 бұйрыққа
қосымша

Техникалық газды күкіртпен жұмыс істеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Техникалық газды күкіртпен жұмыс істеу қағидалары Қазақстан Республикасының Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 400-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету кезінде техникалық күкіртпен жұмыс істеу тәртібін (бұдан әрі – Қағидалар) айқындайды.

      2. Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен анықтамалар:

      1) арнайы ашық сақтау және тиеп-жөнелту алаңы – жобалау құжаттарына сәйкес қауіпсіз сақтау және тиеп-жөнелту жөніндегі техникалық шарттар мен талаптарға сәйкес келетін күкірт өнімін, сақтау мен тиеп-жөнелтудің өндірістік алаңдары;

      2) күкірт блогы – сұйық күкіртті күкірт карталарына қабаттап құю арқылы алынатын техникалық газды қатты күкірт (бұдан әрі – Күкірт);

      3) күкірт картасы – техникалық газды күкіртті ұзақ уақыт сақтауға арналған арнайы жабдықталған ашық алаңы. Техникалық газды күкірт жинақтаудың ашық транзиттік пункттерін, ашық сақтау қоймалары мен өндірістік алаңдарды қоса алғанда, тұтынушыларға тиеп-жөнелтуге арналған түпкілікті тауар өнімін алудың, тиеп-жөнелтудің технологиялық процесінің бөлігі ретінде қаралатын техникалық газды күкіртті (құрылысын) қоймалаудың ашық орындары күкірт карталары болып табылмайды;

      4) күкіртті түйіршіктеу – сұйық күкірттен сфералық пішінді қатты түйіршіктер түрінде күкірт алу процесі;

      5) техникалық газды күкіртті ашық түрде орналастыру – техникалық газды күкіртті күкірт карталарында ашық түрде орналастыру;

      6) техникалық газды күкірт – табиғи және кокс газдарын, сондай-ақ мұнай және тақтатас өңдеуден шығатын газдарды тазарту кезінде алынатын күкірт. Техникалық газды күкірт 127.1-93 "Техникалық күкірт. Техникалық шарттар" МЕМСТ-қа сәйкес жасалады;

      7) топырақ үйіп бекітілетін жер – күкірт картасына іргелес аумақты ластанудан қорғау мақсатында ағынды суларды (жаңбырлы, еріген су және шаңды басу немесе өртті сөндіру үшін пайдаланылған су) жинауға арналған күкірт картасының периметрі бойынша құрылысжай.

2-тарау. Экологиялық талаптарды сақтауды қамтамасыз ету кезінде күкіртпен жұмыс істеу тәртібі

      3. Күкіртпен жұмыс істеу кезінде Кодекстің 113-бабының талаптарын сақтай отырып, ең озық қолжетімді техникаларды қолдануды қоса алғанда, қоршаған орта үшін қауіпсіз тәсілдер, әдістер мен жабдықтар пайдаланылады.

      4. Күкіртпен жұмыс істеу кезінде қоршаған ортаны сақтауды қамтамасыз ететін негізгі талаптар технологиялық жабдықты, аппараттар мен құбырлардың фланцты қосылыстарын барынша герметизациялау, сондай-ақ технологиялық режимді қатаң сақтау болып табылады. Сұйық күкірті бар құбырлардың фланцты қосылыстарында қорғау қаптамалары орнатылады.

      5. І-санатты объектінің операторлары күкіртпен жұмыс істеген кезде Кодекстің 182-бабы бойынша өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті. Өндірістік экологиялық бақылау өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының негізінде жүргізіледі. Күкірт карталарын пайдалану процесінде әсер ету саласы шегінде атмосфералық ауадағы күкірт карталарына іргелес аумақтың топырағында ластаушы заттардың болу деңгейіне бақылау жүргізіледі.

3-тарау. Күкіртті қоймалау, тасымалдау және қайта тиеу кезіндегі қойылатын экологиялық талаптар

      6. Күкірттің әртүрлі түрлерін қоймалау бөлек жүргізіледі.

      7. Күкіртті түсіру және тиеу операциялары толық механикаландырылады.

      8. Сұйық күкіртті инертті газбен үрленетін, бумен немесе сыртқы электр құрылғыларымен жылытылатын, жылу оқшауланған сыйымдылықтарда сақтайды. Сұйық күкірті бар сыйымдылықтардан үрлеу құбырлары олардың күкіртпен толып кетуін болдырмау үшін қысқа жолмен қыздырылатын және атмосфераға шығарылатын етіп орындалады. Сұйық күкіртті сақтауға арналған сыйымдылықтар табандыққа орнатылады. Табандықтың сыйымдылығын сақталатын күкірттің кемінде үштен бірін қабылдайтындай, бірақ бір ең үлкен резервуардың сыйымдылығынан кем емес етіп есептейді.

      9. Балқытылған күкірті бар сыйымдылықтар арасындағы қашықтық технологиялық регламенттің талаптарына сәйкес таңдалады. Сұйық күкірттің барлық сыйымдылықтары, құбырлары сенімді түрде жерге тұйықталады. Күкірті бар қатып қалған құбырларды тек бумен жылытады, бұл мақсатта ашық от қолданылмайды.

      10. Сұйық күкіртті сыйымдылыққа құю электростатистикалық зарядтарды төмендету және құю кезеңінде газдың қарқынды бөлінуін болдырмау мақсатында сыйымдылықтың түбіне дейін түсірілген құбыр арқылы жүзеге асырылады. Күкірт сыйымдылықтағы күкірт деңгейіне құйылады. Ол үшін дыбыстық немесе жарық сигналын бере отырып, оған жеткен кезде күкірттің міндетті төменгі деңгейі орнатылады. Күкіртті еркін құламалы ағыспен құюға жол берілмейді.

      11. Қатты күйдегі күкірт ашық алаңда үйіліп немесе полиэтилен қаптарда сақталады.

      12. Күкіртті қатты күйінде қоймалауға арналған ашық алаң қатты және өткізбейтін материалмен жабылады, төгу құрылғысымен және нөсер су бұрғыш жағына қарай еңіспен үйіп бекітіледі.

      13. Күкіртті 1-санатты оператордың аумағында сақтау кезінде мынадай талаптар сақталады:

      1) еден жабынының беті-су өткізбейтін және химиялық әсерлерге төзімді және қабылдағышта төгінділерді жинауға арналған еңісі бар;

      2) аумақ оқшауланған, қоршалған;

      3) алып тасталды – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 31.03.2023 № 109 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен;

      4) орынжайлар өрт сөндіру құралдарымен, автоматты өрт дабылы жүйелерімен, найзағайдан қорғаумен жабдықталады;

      5) жақын жерде өрт қаупі бар материалдарды (сүрек, отын), сондай-ақ азық-түліктерді сақтауға немесе қоймалауға жол берілмейді.

      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 31.03.2023 № 109 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Күкіртті темір жол көлігімен тасымалдау тонналарда және вагондарда жоспарланса Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 2 тамыздағы № 612 бұйрығымен бекітілген Теміржол көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9188 тіркелген) басшылыққа алады.

      15. Күкіртті автомобиль көлігімен тасымалдау Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 17 сәуірдегі № 460 бұйрығымен бекітілген Автомобиль көлігімен қауіпті жүктерді тасымалдау қағидаларының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11779 тіркелген) тәртібінде регламенттелген.

      16. Күкіртті су көлігімен тасымалдау қауіпті жүктер үшін белгіленген барлық шарттарды сақтай отырып жүргізіледі және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 548 бұйрығымен бекітілген Қауіпті жүктерді тасымалдау қағидаларын (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11857 тіркелген) басшылыққа алады.

      17. Күкірт Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 21 маусымдағы № 371 бұйрығымен бекітілген Азаматтық әуе кемелерінде қауіпті жүктерді әуеде тасымалдау қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15370 тіркелген) сәйкес буып-түйілетін жинақтарда буылып-түйіледі және әуе кемелерімен тасымалданады.

      18. Кез келген нысандағы техникалық газды күкіртті ластанған көлік құралдарына тиеуге жол берілмейді. Күкірт тозаңынан тазарту үшін сығымдалған ауаны қолдануға жол берілмейді. Қатты күкіртті тасымалдау кезінде көлік құралы қорғаныш пленкамен немесе жабын материалмен қамтамасыз етіледі.

      19. Сұйық күкіртті сақтауға арналған сыйымдылықтар, оны тасымалдауға арналған вагон-цистерналар жиналып қалған шөгінділер мен ластағыштардан мерзімді түрде тазартылады.

      20. Күкіртті осы үшін арналған машинада немесе жергілікті сорғымен жабдықталған қол таралау қондырғысындағы қаптардан босатады.

      21. Сұйық күкірт және қатты күкірт төгілген жағдайда оның салдарын жою бойынша шұғыл шаралар қабылданады.

4-тарау. Күкіртті орналастыру кезіндегі қойылатын экологиялық талаптар

      22. Көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде түзілетін күкіртті ашық түрде орналастыруға Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің "Газдарды дайындау және қайта өңдеу бойынша қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 357 бұйрыққа (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне № 10238 тіркелген) сәйкес арнайы алаңдарда жол беріледі.

      23. Күкіртті күкірт карталарына сұйық күкіртті қабаттап құю арқылы алынатын күкірт блоктары түрінде орналастырады.

      24. Күкірт карталары түбінің негізін жер асты сулары деңгейінің ең жоғары негізгі орнынан кемінде 2 м орналастырады. Карталардың түбі мен қабырғалары гидроизоляциямен жабдықталған. Карталардың түбі мен қабырғалары суды шығару құралдары бар және гидрооқшаулағышпен жабдықталады.

      25. Күкірт карталарын өндірістік объектілерді кеңейтудің резервтік аумақтарында, рекреациялық аймақтарда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, су қорғау аймақтарында, өзен алқаптарында, арқалықтарда, топырақ шөгетін учаскелерде, карст процестері дамитын жерлерде, пайдалы қазбалар жатқан аумақта, жер асты ауыз су көздерінің қоректену аймағында орналастыруға жол берілмейді.

      Күкіртті сақтау және орналастыру кезінде күкірттің тұрмыстық және нөсерлік кәріз жүйесіне, сондай-ақ ашық су айдындары мен топыраққа түсуін болдырмайтын шаралар көзделеді. Күкірт карталарының айналасында топырақ үйіп бекітіледі.

      26. Күкірттің қатаюын анықтау мақсатында күкіртті сақтау алаңын әзірлеуді бастамас бұрын бақылау бұрғылауын жүргізеді.

      27. Күкіртті сақтау алаңына техниканың кіруі кесек күкірттен жасалған үйінді бойынша алаңның негізіне 35 градустан аспайтын бұрышпен жүзеге асырылады.

      28. Күкірт карталарын әзірлеуге және күкіртті тиеуге жол берілмейді:

      1) желдің жылдамдығы секундына 15 метрден артық болған кезде;

      2) найзағай кезеңінде;

      3) шектеулі көріну кезеңінде (50 метрден кем).

      29. Күкіртті сақтаудың қоршаған ортаға қауіпсіз нысаны - күкіртті түйіршіктеу процесінде алынған түйіршікті нысан болып табылады. Түйіршіктелген күкірт сығылмайды, сақтау және тасымалдау кезінде шаң түзбейді, оңай тасымалданады және мөлшерленеді.

      30. Күкірт карталарын жойғаннан кейін рекультивациялау қоршаған ортаны және халықты қорғауды қамтамасыз ететін жобалық шешімдер бойынша жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады