"Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 299 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 27 шілдедегі № 358 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 3 тамызда № 23817 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 299 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10188 болып тіркелген) бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-2-бабының 16) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
Ю. Ильин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы Индустрия

      және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2021 жылғы 27 шілдедегі
№ 358 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрі міндетін атқарушының
2014 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 299 бұйрығымен
бекітілген

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-2-бабының 16) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге заңды тұлғаларды аттестаттау өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстардың мынадай түрлерін орындауға заңды тұлғаның құқылығын ресми тануы мақсатында жүргізіледі:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу;

      2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандарды, жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау;

      3) жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу;

      4) газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүргізу;

      5) лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштерді монтаждау, техникалық қызмет көрсету, техникалық диагностикалау, техникалық куәландыру және жөндеуді жүргізу.

2-тарау. Өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      3. Мыналарға:

      "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 71-бабының 2-тармағында көрсетілген қауіпті техникалық құрылғыларға;

      қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологияларға, техникалық құрылғыларға, материалдарға (құрылыс материалдарын қоспағанда);

      өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестат алу кезінде мәлімделген жұмыс түрлеріне, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне заңды тұлғаларға;

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы сараптамаға жататын жобалау құжаттарға өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу үшін қажетті нормативтік құқықтық актілері, нормативтік техникалық құжаттары, оқу-әдістемелік материалдары;

      2) қауіпті техникалық құрылғылардың, технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізуге арналған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі материалдық-техникалық жарақталуы (сертификатталған аспаптар, өлшеу және бақылау құралдары);

      3) тұрақты жұмысқа рәсімделген, жоғары техникалық білімі және қауіпті өндірістік объектілерде бес жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесі бар, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 117-бабының 2-тармағына (бұдан әрі – Кодекстің 117-бабының 2-тармағына) сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіби стандарттарының талаптарына біліктілігінің сәйкестігін растаған және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маманы;

      4) ҚР СТ ISO 9712-2014 "Бұзбайтын бақылау. Бұзбайтын бақылау саласындағы персоналдың біліктілігі жəне сертификаттау" бойынша сертификаттаудан өткен мамандары және меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі бұзбай бақылау зертханасы бар.

      4. Өзге де заңды тұлғалардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестат алуы кезінде мәлімделген жұмыс түрлеріне және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғаның осы Талаптардың 3-тармағында белгіленген талаптарға қосымша:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізудің кемінде бес жылдық тәжірибесі;

      2) тұрақты жұмысқа рәсімделген, жоғары техникалық білімі және қауіпті өндірістік объектілерде он жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесі бар, Кодекстің 117-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіби стандарттарының талаптарына біліктілігінің сәйкестігін растаған және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маманы бар.

3-тарау. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды, жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      5. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды, жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау құқығына үміткер заңды тұлғада:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды, жұмыскерлерді даярлауға, қайта даярлауға арналған нормативтік құқықтық актілері, нормативтік техникалық құжаттары, оқу-әдістемелік материалдары, құралдары;

      2) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары бойынша оқу жоспарлары және оқыту бағдарламалары;

      3) оқыту сапасын бақылауды ұйымдастыру жүйесі;

      4) компьютерлік техникамен, көрнекі құралдармен жарақталған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі оқу сыныптары (аудиториялары), оқушылардың өндірістік практикасына арналған базасы;

      5) оқу ұйымының штатына кіретін кәсіби оқытушылары және (немесе) тиісті жоғары техникалық білімі бар, Кодекстің 117-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіби стандарттарының талаптарына біліктілігінің сәйкестігін растаған және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен мамандары бар.

4-тарау. Жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      6. Жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада:

      1) тұрақты жұмысқа рәсімделген, жоғары техникалық білімі және жарылыс жұмыстарында бес жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесі бар, Кодекстің 117-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіби стандарттарының талаптарына біліктілігінің сәйкестігін растаған және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маманы;

      2) жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізуге арналған сертификатталған аспаптармен, өлшеу және бақылау құралдарымен жарақталған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі материалдық базасы;

      3) жарылғыш заттарға сынақтар жүргізуге арналған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі полигоны бар.

5-тарау. Газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүргізу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      7. Газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада:

      1) тұрақты жұмысқа рәсімделген, техникалық білімі және газбен жабдықтау объектілерінде кемінде үш жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар, Кодекстің 117-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіби стандарттарының талаптарына біліктілігінің сәйкестігін растаған және газбен жабдықтау жүйесін және қысыммен жұмыс істейтін жабдықты пайдалану барысындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде бес маманы;

      2) газбен жабдықтау жүйелерін зерттеп-қарау, техникалық құрылғыларды, материалдарды пайдаланудың қалдық мерзімін анықтау бойынша есептемелер жүргізу және газбен жабдықтау жүйелерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу әдістемесі;

      3) меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі өндірістік ғимараттар мен жабдықтары (цех, шеберхана), станок паркі, механизмдері, құрал-саймандары, бақылау-өлшеу аспаптары;

      4) мыналарды:

      көрсетілетін қызметтер сапасын өндірістік бақылауды;

      метрологиялық бақылауды (бақылау-өлшеу аспаптарын жөндеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі мамандар, бұзбай бақылау әдістерінің мамандары мен аспаптары) қамтамасыз ететін қызметі бар.

6-тарау. Лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштерді монтаждау, техникалық қызмет көрсету, техникалық диагностикалау, техникалық куәландыру және жөндеуді жүргізу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      8. Бір немесе бірнеше қауіпті техникалық құрылғыларды (лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштер) монтаждау жұмыстарын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада:

      1) Кодекстің 117-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіби стандарттарының талаптарына біліктілігінің сәйкестігін растаған және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен жоғары техникалық білімі бар кемінде бір маманы (не жоғары білімі және осы саладағы еңбек өтілі бес жылдан кем емес бір маманы) және орта техникалық білімі бар екі маманы немесе жоғары техникалық білімі бар екі маманы (не жоғары білімі және осы саладағы еңбек өтілі бес жылдан кем емес екі маманы);

      2) жоғары техникалық білімі бар жұмыскерлер үшін жұмыс өтілі екі жылдан кем емес; орта техникалық білімі бар жұмыскерлер үшін үш жылдан кем емес;

      Ескертпе:

      Мәлімделген жұмыскелердің жалпы санынан кем дегенде бір жұмыскердің көтергіш құрылыстардың (лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар және мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштер) құрылыс конструкцияларын монтаждау бойынша жұмыстарды атқарған құрылымдық бөлімше басшысының лауазымында жұмыс тәжірибесі және осы лауазымда кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар.

      Мәлімделгендердің ішінен жұмыскерлер өтініш берушінің штатында рәсімделген (еңбек шартымен расталады, жұмыскердің біліктілігі білімі туралы дипломның көшірмесімен расталады).

      Қоса атқару бойынша рәсімделген жұмыскер өтінімге енгізілген кезде еңбек шартының көшірмесі немесе негізгі жұмыс орнынан жұмыс беруші растаған еңбек кітапшасының көшірмесі ұсынылады.

      3) меншік құқығына немесе өзге де заңды негізге жататын өндірістік үй-жайлары, ғимараттары мен құрылыстары;

      4) монтаждау жұмыстарын жүргізуге қажетті құрылыс механизмдері, көлік құралдары, технологиялық жарақтау құралдары, қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары, бақылау және өлшеу құралдары:

      жұмыстарды орындауға арналған құралдары, механизмдері мен құрылғылары (дәнекерлеу аппараты, монтаждау шығыры, жүк қапсыру құрылғылары, слесарлық құрал-сайман, биіктіктегі жұмыстарды жүргізуге арналған жеке қорғаныш құралдары);

      5) заңды тұлғада орындалатын монтаждау жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін ішкі құжаттары;

      6) заңды тұлғада мамандар мен жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйыммен жасалған шарты бар.

      9. Бір немесе бірнеше қауіпті техникалық құрылғыларды (лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштер) жөндеу және (немесе) техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада:

      1) Кодекстің 117-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіби стандарттарының талаптарына біліктілігінің сәйкестігін растаған және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен жоғары техникалық білімі бар кемінде бір маманы немесе жоғары білімі бар және осы саладағы жұмыс өтілі бес жылдан кем емес бір маманы;

      2) Кодекстің 117-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіби стандарттарының талаптарына біліктілігінің сәйкестігін растаған және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен орта техникалық білімі бар кемінде бір маманы бар;

      3) жоғары техникалық білімі бар жұмыскерлер үшін екі жылдан кем емес үздіксіз жұмыс өтілі;

      4) орта техникалық кәсіптік білімі бар жұмыскерлер үшін кемінде үш жыл үздіксіз еңбек өтілі;

      Ескертпе:

      Жұмыскерлердің жалпы еңбек өтілі ішінде жүк көтергіш механизмдері, лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар және мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштер аясында құрылыс-монтаждау, іске қосу-жөндеу жұмыстары саласындағы мамандығы бойынша жұмыс өтілі қарастырылады.

      Мәлімделген жұмыскерлердің жалпы санынан бір қызметкер жүк көтергіш механизмдерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету жөніндегі құрылымдық бөлімшенің басшысы лауазымында жұмыс тәжірибесі бар және осы лауазымда кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар.

      Мәлімделгендердің ішінен жұмыскерлер өтініш берушінің штатында рәсімделген (еңбек шартымен расталады, жұмыскердің біліктілігі білімі туралы дипломның көшірмесімен расталады).

      Қоса атқару бойынша рәсімделген жұмыскер өтінімге енгізілген кезде еңбек шартының көшірмесі немесе негізгі жұмыс орнынан жұмыс берушімен расталған еңбек кітапшасының көшірмесі ұсынылады.

      5) меншік құқығына немесе өзге де заңды негізге жататын өндірістік үй-жайлары, ғимараттары мен құрылыстары;

      6) техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша жұмыстарды жүргізуге қажетті механизмдері, көлік құралдары, технологиялық жарақтау құралдары, қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары, бақылау және өлшеу құралдары:

      тиісті жұмыс түрлерін орындауға арналған құралдары, механизмдері мен құрылғылары (монтаждау шығыры, слесарлық құрал-сайман, бақылау-өлшеу аспаптарының жинағы, биіктіктегі жұмыстарды жүргізуге арналған жеке қорғаныс құралдары);

      7) авариялық-диспетчерлік қызметі:

      мамандарға еңбек шарттары және бұйрықтар (екі электр механигінен кем емес);

      меншік құқығындағы немесе жалға алу шарты бойынша көлік құралы;

      меншік құқығындағы немесе жалға алу шарты бойынша диспетчерлік бақылау пункті;

      8) заңды тұлғада техникалық қызмет көрсету және (немесе) жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін техникалық құжаттары;

      9) заңды тұлғада мамандар мен жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйыммен жасалған шарты бар.

      10. Бір немесе бірнеше қауіпті техникалық құрылғыларды (лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштер) техникалық диагностикалау, техникалық куәландыру жұмыстарын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада мыналар бар:

      1) Кодекстің 117-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіби стандарттарының талаптарына біліктілігінің сәйкестігін растаған және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен алтыншы деңгейлі кемінде бір маманы, бесінші деңгейлі кемінде бір маманы;

      Ескертпе:

      Қоса атқару бойынша рәсімделген жұмыскер өтінімге енгізілген кезде еңбек шартының көшірмесі немесе негізгі жұмыс орнынан жұмыс берушінің мөрімен расталған еңбек кітапшасының көшірмесі ұсынылады. Жұмыскердің біліктілігі білімі туралы дипломның көшірмесімен расталады.

      2) алтыншы деңгейдегі мәлімделген мамандардың жүк көтергіш механизмдерді, экскалаторларды, траволаторларды, мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштерді монтаждаумен және пайдаланумен байланысты жұмыстарды атқаратын құрылыс саласындағы құрылымдық бөлімшелердің басшылары лауазымында жұмыс тәжірибесі және осы лауазымда кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар;

      Бесінші деңгейдегі мәлімделген мамандар өздерінің еңбек қызметін жүк көтергіш механизмдермен, экскалаторлармен, траволаторлармен, мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштермен байланысты жүзеге асырады және осы лауазымда кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар.

      3) меншік құқығына немесе өзге де заңды негізге жататын өндірістік үй-жайлары, ғимараттары мен құрылыстары;

      4) технологиялық жарақтау құралдары, қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары, лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды және мүмкіндігі шектеулі адамдарға (мүгедектерге) арналған көтергіштерді техникалық куәландыру жұмыстарын жүргізуге қажетті құралдары:

      бақылау сынақ жүктері;

      бағыттаушыларды бақылауға арналған құрылғылары;

      динамометриялық кілті;

      бақылау-өлшеу аспаптарының жинағы;

      жеке қорғаныш құралдары;

      5) техникалық құрылғының түрі мен типіне байланысты әзірлеуші зауыттың техникалық құжаттамасы бар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады