"Уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарына бейнеақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 283 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы № 767 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 6 тамызда № 23888 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарына бейнеақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 ақпандағы № 283 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16591 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 507-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарына бейнеақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2021 жылғы 5 тамыздағы
№ 767 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2018 жылғы 23 ақпандағы
№ 283 бұйрығымен
бекітілген

Уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарына бейнеақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарына бейнеақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 507-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес әзірленген және уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарына бейнеақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.

2-тарау. Уақытша сақтау қоймасы иесінің мемлекеттік кірістер органдарына бейнеақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету тәртібі

      2. Кодекстің 503-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес уақытша сақтау қоймасы тәулік бойы режимінде жұмыс істейтін, мемлекеттік кірістер органының нақты уақыт режимінде бейнеақпаратты қарауға қашықтықтан қол жеткізуіне, уақытша сақтау қоймасының аумағында күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде болған оқиғалар туралы бейнеақпаратты жинақтауға және қарауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бейнебақылау құралдарымен жабдықталады.

      3. Уақытша сақтау қоймасының аумағында болған оқиғалар туралы бейнежазба күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде сақталады.

      Уақытша сақтау қоймасының иесі бейнематериалды жүктеу мүмкіндігімен қашықтықтан қол жеткізу арқылы нақты уақыт режимінде бейнеақпаратты қарауын қамтамасыз етеді.

      4. Уақытша сақтау қоймасының иесі мемлекеттік кірістер органдарына нақты уақыт режимінде бейнеақпаратты қарауын жүзеге асыруға арналған қолжетімділікті (логин және пароль, сілтемелер (URL), орнату бағдарламалары) ұсынады.

      Нақты уақыт режимінде бейнеақпаратты қарауын жүзеге асыруға арналған қолжетімділік туралы ақпарат (логин және пароль, сілтемелер (URL), орнату бағдарламалары) сұрау салу келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізген мемлекеттік кірістер органының сұрау салуы бойынша ұсынады.

      5. Осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес ұсынылатын логин мен парольді өзгерткен кезде, уақытша сақтау қоймасының иесі логин мен парольді өзгерткен сәттен бастап 1 (бір) сағаттан кешіктірмей, осы жайлы оны уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізген мемлекеттік кірістер органын жазба немесе электронды нысанда хабардар етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады