Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 324-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді пайдалануға қойылатын экологиялық талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушының "Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді пайдалануға қойылатын талаптар бекіту туралы" 2021 жылғы 25 наурыздағы № 72 бұйрығының (№ 22391 болып тіркелген нормативтік құқықтық актілердің Эталондық бақылау банкінде жарияланған).
3. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Қалдықтарды басқаруда мемлекеттік саясат департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін;
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. |
А. Примкулов |
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2021 жылғы 10 тамыздағы № 320 бұйрығына қосымша |
Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді пайдалануға қойылатын экологиялық талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді пайдалануға қойылатын экологиялық талаптар (бұдан әрі – Талаптар) Қазақстан Республикасының Экология кодексінің (бұдан әрі – Экология кодексі) 324-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объектілерді пайдалануға қойылатын негізгі талаптарды айқындайды.
2. Осы Талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату – органикалық қалдықтардан биогаз және өзге де отын алуды қоспағанда, қалдықтардың көлемін азайту және энергия алу, оның ішінде оларды қайталама және (немесе) энергетикалық ресурстар ретінде пайдалану мақсатында оларды термиялық өңдеу процесі;
2) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі объект – бұдан әрі – Объект) – қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға арналған техникалық құрылғылар мен қондырғылардың және қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату үшін технологиялық жағынан қажетті, олармен өзара байланысты құрылыстар мен инфрақұрылымның жиынтығы;
3) қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесі (бұдан әрі – АБЖ) – эмиссиялардың негізгі стационарлық көздеріндегі қоршаған ортаға эмиссиялар көрсеткіштерін қадағалайтын, өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін жүргізу қағидаларына сәйкес нақты уақыт режимінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің ақпараттық жүйесіне деректер беруді қамтамасыз ететін өндірістік экологиялық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган-қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондай-ақ оның аумақтық органдары;
5) қоршаған ортаны ластау (бұдан әрі – ластану) – атмосфералық ауада, жерүсті және жерасты суларында, топырақта немесе жер бетінде ластағыш заттардың, жылудың, шудың, дірілдің, электрмагнит өрістерінің, радиацияның мемлекет белгілеген қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтерінен асатын мөлшерде (концентрацияларда, деңгейлерде) болуы түсініледі;
6) экологиялық мониторинг – мемлекет қамтамасыз ететін қоршаған ортаның сапасына қатысты алынған деректерді байқаудың, өлшеудің, жинаудың, жинақтаудың, сақтаудың, есепке алудың, жүйелеудің, жинақтап-қорытудың, өңдеудің және талдаудың, сондай-ақ солардың негізінде экологиялық ақпаратты дайындаудың кешенді жүйесі;
7) экологиялық рұқсат – дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың қоршаған ортаға жағымсыз әсерді жүзеге асыру құқығын куәландыратын және қызметті жүзеге асырудың экологиялық шарттарын айқындайтын құжат.
2-тарау. Объектілерді пайдалануға қойылатын талаптар
3. Объектілерді, олардың жекелеген бөліктерін пайдалануды жүзеге а сыратын жеке немесе заңды тұлғалар (бұдан әрі – Объект операторлары) қоршаған ортаға әсер ететін кезкелген жоспарланған өзгерістер туралы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етеді. Адам денсаулығына немесе қоршаған ортаға теріс әсер ететін объектілердегі елеулі өзгерістер Экология кодексінің 106-бабына сәйкес экологиялық рұқсат болған кезде ғана енгізіледі.
4. Объект операторлары топырақтың немесе жерасты суларының ластануының алдын алу бойынша тиісті шараларды қолдануды, сондай-ақ жабдықты пайдалану немесе қалдықтарды сақтау процесінде туындайтын жылыстауды, төгілуді, инциденттерді немесе аварияларды болдырмай осындай шаралардың қолданылуын тұрақты бақылауды қамтамасыз етеді.
Топырақ пен жер асты суларының ықтимал ластануын ерте сатыда анықтау және ластанудың таралуына жол бермеу бойынша тиісті түзету іс-шараларын қабылдау үшін топырақ пен жерасты суларының тиісті қауіпті заттардың болуына экологиялық мониторинг жүргізіледі. Экологиялық мониторинг жиілігін айқындау кезінде объект операторы іс-шараларының түрі, сондай-ақ бақылаудың жиілігі мен дәрежесі ескеріледі.
5. Топырақ пен жер асты суларының ластану жай – күйі топырақ пен жер асты суларының тиісті қауіпті заттармен ластану жай-күйі туралы ақпарат (бұдан әрі – базалық есеп) қалыптастыру арқылы айқындалады.
Базалық есепте Объект орналасқан учаскенің жай-күйі, сондай-ақ учаскені пайдаланудың тарихи деректерін көрсете отырып, топырақ пен жер асты суларын өлшеу туралы ақпарат көрсетіледі.
6. Объект операторлары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға базалық есепті жарты жылдықта бір рет, есепті жарты жылдықтан кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірмей ұсынады.
7. Объект операторы қабылдау бөлімшесінің бункерлерінен тыс қалдықтардың жекелеген фракцияларының таралуын, сондай-ақ шығарындылармен төгінділерде Еуропалық парламенттің және Еуропалық Одақ Кеңесінің "Өнеркәсіптік шығарындылар туралы (ластануды кешенді болдырмау және оны бақылау туралы)" № 2010/75/ЕО Директивасында белгіленген нормативтерден аспайтын заттардың болуын болдырмайтын қоршаған аумақтың тазалығын қамтамасыз етеді.
8. Тазалау жабдығының жұмысында жиырма төрт сағаттан астам уақыт бойы ақау болған немесе ақау болған жағдайда Объект операторы объектіні пайдаланбайды. Бұл ретте объектіні үздіксіз пайдалану 12 ай ішінде жүз жиырма сағаттан аспайды.
Энергия беруде қажеттілік болған кезде, сондай-ақ басқа объектіні пайдалану нәтижесінде туындайтын шығарындылардың жалпы ұлғаюына жол бермеу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы мерзімдерден ауытқуға мүмкіндік береді.
9. Қалдықтарды неғұрлым төмен экологиялық стандарттар кезінде жұмыс істейтін кәсіпорындарға трансшекаралық тасымалдауға жол бермеуді қамтамасыз ету үшін пайдалану шарттары, техникалық талаптар және осы талаптарға және Еуропалық парламенттің және Еуропалық Одақ Кеңесінің "Өнеркәсіптік шығарындылар туралы (ластануды кешенді болдырмау және оны бақылау туралы)" № 2010/75/ЕО Директивасына сәйкес объектілер үшін шығарындылардың шекті мәндері белгіленеді және сақталады.
10. Объект жылына кемінде 8 000 (сегіз мың) сағат жұмыс істейді.
11. Қалдықтарды қабылдағаннан кейін Экология кодексінің 324-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген энергетикалық кәдеге жаратуға жатпайтын қалдықтардың тізбесіне енгізілген қалдықтардың компоненттерін қолмен және (немесе) автоматтандырылған іріктеу және сұрыптау міндетті.
12. Объектілерді пайдалану кезінде жағу пештерінен және төгінділерден (олар болған кезде) шығарындылардың әрбір ұйымдастырылған көзінде орнатылған АСМ көзделеді.
Объектінің АБЖ-дан деректерді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесіне онлайн-режимде беру қамтамасыз етіледі.
13. Объектіде түзілетін қож мен күл Экология кодексінің 338-бабының 1-тармағына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін Қазақстан Республикасының қалдықтар сыныптауышына сәйкес жіктеледі. Объектінің иесі қолданыстағы сыныптама мен келіспеген жағдайда, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес зертханалық зерттеулер жүргізу қажет.
14. Пайда болған қалдықтарды залалсыздандыру технологиясы болмаған жағдайда қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісі қалдықтарды полигонда көмуді қамтамасыз етеді.
15. Қоршаған ортаға елеулі әсер ететін оқыс оқиға немесе авария жағдайында Объект операторы:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды дереу хабардар ету;
2) экологиялық салдарларды шектеу бойынша және ықтимал инциденттер мен авариялардың алдын алу бойынша шаралар қабылдау;
16. Егер рұқсаттың шарттарына сәйкес келмеу адам денсаулығына тікелей қауіп төндірсе немесе қоршаған ортаға қолайсыз әсер ету қаупін туғызса, объектілерді пайдалану бұзушылық тоқтатылғанға дейін тоқтатыла тұрады.
17. Ластаушы заттар үшін шығарындылардың шекті мәндері объектілерден шығарындыларды бөлу орнында қолданылады, бұл ретте осы мәндерді айқындау кезінде сұйылту ескерілмейді.
18. Тазарту жабдығының жұмысында іркіліс болған жағдайда, егер қалыпты жұмыс істеуіне оралу жиырма төрт сағат ішінде қамтамасыз етілмесе не ластану дәрежесі аз отынды пайдалана отырып, Объектіні пайдалануды жүзеге асырса, объект операторы оны пайдалануды азайтады немесе тоқтатады.
Объект операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды тазалау жабдығының ақаулығы немесе жұмысында іркіліс басталғаннан кейін қырық сегіз сағат ішінде хабардар етеді.
Тазарту жабдығынсыз жұмыстың жалпы ұзақтығы он екі айға тең кез келген кезеңде бір жүз жиырма сағаттан аспайды.
19. Объект операторы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды қоршаған ортаға әсер етуі мүмкін сипаттағы немесе жұмыс істеудегі жоспарланған өзгерістер, сондай-ақ объектінің кеңеюі туралы хабардар етеді, сондай-ақ, объектінің жоспарланып отырған кеңеюі туралы хабардар етеді.
20. Экологиялық рұқсат шарттары Экология кодексінде көзделген талаптар ескеріле отырып, қайта қаралады және түзетіледі.
21. Объектілерден газ тәрізді қалдықтарды шығару биіктігі адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететіндей түрде есептелетін бір немесе бірнеше газ жолы бар түтін құбыры арқылы бақылаумен жүзеге асырылады.
22. Объектіге арналған экологиялық рұқсаттарда "өнеркәсіптік шығарындылар туралы (ластануды кешенді болдырмау және оны бақылау туралы)" Еуропалық парламенттің және Еуропалық Одақ Кеңесінің № 2010/75/ЕО Директивасында белгіленген шығарындылардың шекті мәнінен аспайтын объектілерден атмосфералық ауаға шығарындылардың шекті мәндері көзделеді.