Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 9 тамыздағы № 385 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 16 тамызда № 23999 болып тіркелді

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабы 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
Ю. Ильин

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
2021 жылғы 9 тамыздағы
№ 385 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнында білім беру технологияларын қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-1-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленген және қашықтан оқыту (бұдан әрі – ҚО) бойынша білім беру технологияларын қолдана отырып, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнында (бұдан әрі – ТЖМ-ның арнаулы оқу орны) оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнында ҚО мынадай түрлері бойынша жүзеге асырылады:

      1) желілік технология – оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуді, білім алушылардың оқытушылармен және бір-бірімен интерактивтік өзара іс-қимыл нысандарын, сондай-ақ Интернет желісін пайдалану негізінде оқу процесіне әкімшілік етуді қамтитын технология;

      2) кейстік технология – қағаз, электронды және өзге де тасымалдағыштарда оқу-әдістемелік материалдар жиынтығына (кейстерге) және оларды білім алушыларға өздігінен зерделеу үшін таратуға негізделген технология;

      3) телевизиялық технология – телевизияның эфирлік, кабельдік және спутниктік жүйелерін қолдану негізіндегі технология.

2-тарау. Білім беру технологияларын пайдалана отырып оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      3. Білім беру технологияларын пайдалана отырып оқу процесін ұйымдастыру үшін ТЖМ-ның арнаулы оқу орны:

      1) білім алушылар үшін оқу-әдістемелік және ұйымдастырушылық-әкімшілік ақпараты бар білім беру порталын;

      2) телекоммуникация желісіне (интернет, спутниктік телевизия) шығатын жабдықты;

      3) мультимедиялық сыныптар және электронды оқу залдарын;

      4) оқу контентін;

      5) тестілеу кешенін;

      6) оқытуды басқарудың желілік жүйелерін (Learning Management System) пайдаланады.

      4. Білім алушыларды оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету үшін ТЖМ-ның арнаулы оқу орны ҚО қолдана отырып іске асырылатын оқу жоспарының барлық пәндері бойынша электрондық оқу-әдістемелік кешендер жасайды.

      Электрондық оқу-әдістемелік кешендерді дайындауды бекітілген оқу бағдарламалары бойынша курс әзірлеушісі жүзеге асырады.

      5. Пәннің электрондық оқу-әдістемелік кешені міндетті және қосымша жинақтардан тұрады.

      6. Міндетті жинақ:

      1) пәннің мазмұнын, тақырыптық жоспарды, ұсынылатын әдебиеттер (негізгі және қосымша) тізімін, пәндерді модульдерге бөлуді қамтитын силлабустан;

      2) дәрістің электрондық конспектісінен;

      3) практикалық және семинар сабақтарының материалдарынан;

      4) білім алушының өзіндік жұмысының және оқытушының басшылығымен жүргізілетін өзіндік жұмыстарының тапсырмаларынан;

      5) аралық бақылауды ұйымдастыру материалдарынан (бақылау жұмыстары, тестілік тапсырмалар, жеке тапсырмалар);

      6) қорытынды бақылауды ұйымдастыру материалдарынан (тестілеу емтихандық тапсырмалар, емтихан сұрақтары, билеттер, емтихандық бақылау жұмыстары);

      7) қашықтан консультациялар жүргізу кестесінен тұрады.

      7. Қосымша жинақты ТЖМ-ның арнаулы оқу орны дербес анықтайды.

      8. ҚО-ны енгізетін ТЖМ-ның арнаулы оқу орнында білім алушылардың дерекқорын (білім алушыларды қабылдау, ауыстыру, қайта қабылдау туралы бұйрықтар, олардың ағымдағы үлгерімі туралы мәліметтер) қамтитын ақпараттық басқару жүйесі құрылады.

      9. ТЖМ-ның арнаулы оқу орнында ҚО-ны қолдана отырып оқу процесін ұйымдастыруды тиісті білім беру бағдарламаларын іске асыратын құрылымдық бөлімшелер жүзеге асырады.

      10. ҚО-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше ҚО-ны қолдана отырып оқу процесін жоспарлайды және ұйымдастырады, ҚО-ға байланысты құжаттаманы жүргізеді.

      11. ҚО-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше электрондық оқулықтар, мультимедиалық курстар, әдістемелік құралдар әзірлеуді, сатып алуды және игеруді жүзеге асыруға консультативтік көмек көрсетеді, білімді бақылаудың тестілеу жүйесіне және басқа да білімді бақылау құралдарына әкімшілік етеді, ҚО үшін ақпараттық ресурстарды пайдалану әдістемесін әзірлейді.

      12. ҚО-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше қашықтан оқытудың бағдарламалық, ақпараттық және техникалық құралдарын әзірлеуге, игеруге және пайдалануды қолдауға белсене қатысады.

      13. ҚО-ны қолданатын ТЖМ-ның арнаулы оқу орны оқу процесіне қатысушылардың барлық қолжетімді қазіргі заманғы телекоммуникациялық құралдарды қолдана отырып, өзара іс-қимыл жасасуы арқылы білім алушыларға әдістемелік көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.

      14. Білім беру қызметінің барлық түрлері:

      1) ҚО-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше қызметкерінің немесе оқытушының білім алушылармен телекоммуникациялық құралдарды пайдалану немесе ТЖМ-ның арнаулы оқу орнында тікелей байланыс орнату арқылы (білім алушының бастамасы бойынша) қарым-қатынаста болуы;

      2) білім алушының оқыту құралдарымен өзіндік жұмысы (оқу-әдістемелік кешен, қосымша әдебиет) арқылы жүзеге асырылады.

      ________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады