"Заң консультанттары палатасының үлгілік жарғысын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 28 қыркүйегіндегі № 1464 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2021 жылғы 27 тамыздағы № 750 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 31 тамызда № 24168 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Заң консультанттары палатасының үлгілік жарғысын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 28 қыркүйегіндегі № 1464 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №17604 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Заң консультанттары палатасының үлгілік жарғысы осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
М. Бекетаев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2021 жылғы 27 тамыздағы
№ 750 Бұйрыққа қосымша
  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
2018 жылғы 28 қыркүйегіндегі
№ 1464 бұйрығымен
бекітілген

Заң консультанттары палатасының үлгілік жарғысы

      1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Заң көмегін көрсету жөніндегі қызметті реттеу және өзінің мүшелерінің Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, Палатаның қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын сақтауы бөлігінде олардың қызметін бақылау мақсатында құрылған, заң консультанттары палаталарының тізіліміне енгізілген, мүшелік шарттарында кемінде екі жүз заң консультантын біріктіретін, міндетті мүшелікке негізделген ұйым "Заң консультанттары палатасы" (бұдан әрі – Палата) болып танылады.

      2. Палата коммерциялық емес ұйым болып табылады, меншігінде немесе жедел басқаруында оқшауланған мүлкі, дербес балансы немесе сметасы бар; заңнамада белгіленген тәртіппен банктерде шоттар ашуға құқығы бар; мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтарды иемденіп алуы және жүзеге асыруы мүмкін; мемлекеттік және орыс тілдерінде ұйымның толық атауы бар мөрі, мөртабаны және бланкілері, сондай-ақ белгіленген тәртіппен тіркелген эмблемасы (нышаны) бар; сотта талап қоюшы және жауапкер болуы мүмкін.

      3. Палата заңдылық, оның мүшелерінің тең құқықтығы мен еркін ерік білдіруі, жариялылық, өзін-өзі басқару және өзін-өзі қаржыландыру қағидаттары негізінде құрылады және әрекет етеді.

      4. Палата өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексін, "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы", "Коммерциялық емес ұйымдар туралы", "Өзін-өзі реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері мен осы Жарғыны басшылыққа алады.

      5. Палатаның толық атауы: мемлекеттік тілде

      ____________________________________________________. орыс тілінде

      _________________________________________________________.

      6. Палатаның орналасқан жері: ______________________________.

      2-тарау. Палатаның қызметінің мақсаттары мен негізгі түрлері

      7. Палатаның қызметінің мақсаты мен негізгі түрі жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында заң көмегін көрсету болып табылады.

      8. Палата функциялары:

      1) кәсіптік мінез-құлық қағидалары мен Кәсіптік әдеп кодексін белгілейді;

      2) палата мүшелігіне қабылдау қағидалары мен шарттарын белгілейді;

      3) уәкілетті органмен келісу бойынша заң көмегін көрсету стандарттарын, заң көмегі сапасының өлшемшарттарын белгілейді және палата мүшелерінің оларды орындауын қамтамасыз етеді;

      4) палата мүшелері беретін деректер негізінде, құпиялылық туралы талаптарды есепке ала отырып, палата мүшелері көрсететін заң кызметтерінің алдыңғы кезең үшін қалыптастырылатын орташа құны туралы жиынтық-талдамалық ақпарат соңғы орналастырылған күннен бастап осы ақпараттың жылына кемінде бір рет өзінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етеді;

      5) кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету көлемі мен тәртібін белгілейді;

      6) палатаның бекітілген стандарттарына сәйкес өз мүшелерінің біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді;

      7) заң консультанттары палатасының мүшелерін ақпараттық және әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастырады;

      8) мемлекеттік органдарда, мемлекеттік емес ұйымдарда, оның ішінде шетелдік және халықаралық ұйымдарда өз мүшелерінің мүдделерін білдіреді;

      9) заң консультанттары палатасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң көмегін көрсету қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын сақтауын бақылауды жүзеге асырады;

      10) осы Заңның, Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң көмегін көрсету қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін заң консультанттары палатасының мүшелерін жауаптылыққа тарту туралы мәселелерді қарайды;

      11) орта білімнен кейінгі, жоғары заң білім беру ұйымдары түлектерінің кәсіптік практикадан өтуін ұйымдастыруға жәрдемдеседі;

      12) практиканы қорытады және заң көмегін одан әрі жетілдіру мен дамыту жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлейді;

      13) заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізілімін жүргізеді;

      14) "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасының заңнамасында, осы Жарғыда белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      9. Палата өзінің жарғылық мақсаттарына сәйкес келетіндей ғана кәсіпкерлік қызметпен айналыса алады.

      10. Палата қызметті үйлестіру, сондай-ақ мүдделерді білдіру және қорғау мақсатында қауымдастықтар құра алады.

      3-тарау. Палатаның құқықтары мен міндеттері

      11. Палата:

      1) өз мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін, олар өтініш білдірген жағдайда білдіруге және қорғауға, сондай-ақ мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен өзара қарым-қатынастарда олардың өкілдері болуға;

      2) Палата мүшелерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін қабылданған нормативтік-құқықтық актілер бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізуге;

      3) мемлекеттік құпияларды, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен орталық және жергілікті мемлекеттік билік органдарынан және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан Палатаның функцияларын орындауы үшін қажетті ақпаратты алуға;

      4) мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдардың, мемлекеттік қызметшілердің сот арқылы дау айтуға жататын шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) сотта шағым жасауға;

      5) дауларды сотта және сотқа дейінгі шешуге, оның ішінде төрелiкке қатысуға;

      6) өз жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға;

      7) Палата мүшелерін кәсіптік оқытуды және қайта даярлауды ұйымдастыруға;

      8) Палатаның қағидалары мен стандарттарын бекітуге;

      9) Палата мүшелерін олардың заң көмегін көрсету қағидалары мен стандарттарының талаптарын, Палатаға мүше болу шарттарын сақтауы бөлігінде бақылауға;

      10) Қазақстан Республикасының заңдарында және Палатаның жарғысында көзделген ықпал ету шараларын өз мүшелеріне қатысты қолдануға құқылы.

      12. Палата:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, Палатаның жарғысын және өзі қабылдаған қағидалар мен стандарттарды сақтауға;

      2) Өз өкілеттіктері шегінде жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдауға;

      3) мүшелерінің арасында олардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге;

      4) мүшелеріне ақшаның түсуі және жұмсалуы туралы ақпарат беруге;

      5) өз қызметінің және өз мүшелері қызметінің ақпараттық ашықтығын қамтамасыз етуге;

      6) уәкілетті органмен және реттеуші мемлекеттік органмен міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген заң көмегін көрсету мәселелері бойынша әзірленетін қағидалар мен стандарттарды келісуге;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында, Палатаның жарғысында немесе Палата мүшелерінің жалпы жиналысының шешімімен бекітілген өзге де құжатта белгіленген тәртіппен, кейіннен реттеуші мемлекеттік органдарға бере отырып, өз мүшелерінің қызметіне олар Палатаға есептер нысанында ұсынатын ақпараттың негізінде талдауды жүзеге асыруға;

      8) мүшесінің Қазақстан Республикасының заңнамасын, заң көмегін көрсету жөніндегі қағидалар мен стандарттарды бұзушылықтары, сондай-ақ Палата мүшелеріне қатысты қолданылған ықпал ету шаралары туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында, Палатаның жарғысында немесе Палата мүшелерінің жалпы жиналысының шешімімен бекітілген өзге де құжатта белгіленген тәртіппен реттеуші мемлекеттік органның назарына жеткізуге;

      9) тоқсан сайын заң консультанттары палатасына мүшелерді енгізу, мүшелікті тоқтата тұру туралы және мүшеліктен шығару туралы ақпаратты уәкілетті органға ұсынуға міндетті.

      13. Палатаның штаттағы қызметкерлеріне еңбек, әлеуметтік сақтандыру және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнама қолданылады.

      4-тарау. Мүшелік, Палатаға мүшелікке қабылдау және оны жоғалту шарттары, тәртібі

      14. Заң консультанттары палатасына мүше етіп қабылдау осы Жарғының ережелері сақтала отырып жүзеге асырылады.

      15. Азаматтық істер бойынша жеке және заңды тұлғалардың мүдделеріне өкілдік ету түрінде заң көмегін жүзеге асыратын адамдар үшін заң консультанттары палатасына мүшелік міндетті болып табылады.

      16. Жоғары заң білімі бар, заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, аттестаттаудан өткен, заң көмегін көрсететін жеке тұлға Палата мүшесі болып табылады.

      17. Заң консультанттары палатасы палата мүшелеріне қойылатын қосымша талаптарды көздеуі мүмкін.

      18. Аттестаттау Қазақстан Республикасының заңнамасын білуге кешенді тестілеу түрінде жүргізіледі.

      Заң консультанттары палатасына кіру үшін атестаттау жүргізу тәртібі мен шарттарын заң консультанттары палатасы уәкілетті органмен келісу бойынша айқындайды.

      19. Палатаға мүшелік атқарушы органға заң консультанттары палатасына мүшелікке қабылдау туралы жеке жазбаша өтініш берумен ресімделеді. Өтініште азаматтың тегі, аты, әкесінің аты, тұрғылықты жері, жеке басын куәландыратын құжаттың деректері көрсетілуге тиіс, егер өтініш беретін адам заңды тұлғамен еңбек қатынастарында тұрса, онда қосымша заңды тұлғаның атауы, орналасқан жері мен банктік деректемелері көрсетіледі.

      20. Үміткер заң консультанттары палатасына кіру үшін:

      1) жоғары заң білімі туралы құжатты;

      2) жойылмаған немесе алынбаған сотталғандығының жоқтығы туралы анықтаманы;

      3) заң мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар екенін растайтын құжаттарды;

      4) аттестаттау нәтижелерін ұсынады.

      21. Палата мүшелеріне қабылдау туралы шешімді Палатаның алқалы басқару органы қабылдайды.

      22. Палатадан шығу ерікті түрде, жазбаша өтініштің негізінде жүзеге асырылады.

      23. Палатаға мүшелікті жоғалту мынадай:

      1) Палата мүшесі болып табылатын азамат қайтыс болған, ол қайтыс болды деп жарияланған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен хабар-ошарсыз кеткен деп танылған;

      2) Палата таратылған;

      3) заң консультанттары палаталарының тізілімінен алып тастау туралы сот шешімі заңды күшіне енген жағдайларда жүргізіледі.

      24. Палата мүшесі Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы заңнамасының, заң көмегін көрсету қағидалары мен стандарттарының, Кәсіптік әдеп кодексінің талаптарын бұзғанына орай, сондай-ақ осы жарғының талаптарын бұзған жағдайда шығарылып тасталуы мүмкін.

      25. Палата мүшелері тең құқықтарға ие болады және бірдей міндеттерді атқарады.

      26. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Палата мүшелерінің Палатаға өздері берген мүлікке, оның ішінде мүшелік жарналарға құқықтары жоқ. Егер Қазақстан Республикасының өзін-өзі реттеу туралы заңнамасында өзгеше көзделмесе, олар мүшелері ретінде қатысатын Палатаның міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал көрсетілген Палаталар өз мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      27. Палата мүшелерінің:

      1) заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін құзыретіне тиісті мәселелерді шешу кіретін барлық соттарда, мемлекеттік, өзге де органдар мен ұйымдарда білдіруге;

      2) барлық мемлекеттік органдардан, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен заңды тұлғалардан заң көмегін көрсету үшін қажетті мәліметтерді сұратуға және алуға;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шектерде, заң көмегін көрсетуге қажетті нақты деректерді дербес жинауға, сондай-ақ оларды мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға ұсынуға;

      4) процестік құжаттарды, сот істерін қоса алғанда, заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғаға қатысты материалдармен танысуға және оларда қамтылған ақпаратты заңдарда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен тіркеп алуға;

      5) заң көмегін көрсетуге байланысты туындайтын және ғылым, техника, өнер саласында және басқа да қызмет салаларында арнайы білімді талап ететін мәселелерді түсіндіру үшін шарттық негізде мамандардың қорытындыларын сұратуға;

      6) мемлекеттік биліктің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің көмек сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтарына және заңмен қорғалатын мүдделеріне қысым жасайтын шешімдеріне және әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) өтінішхаттар мәлімдеуге, белгіленген тәртіппен шағымдар келтіруге;

      7) заң көмегін сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың заңда тыйым салынбаған барлық құралдары мен тәсілдерін пайдалануға;

      8) татуластыру рәсімдерін жүргізуге;

      9) кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсетуге;

      10) Палата мүшелерінің жалпы жиналысына қатысу арқылы Палата қызметінің мәселелері бойынша өз ұсыныстарын енгізуге;

      11) Палата органдарына сайлауға және сайлануға;

      12) Палата қызметі туралы ақпаратты алуға;

      13) Палатаның акцияларына қатысуға;

      14) қосымша қаражат енгізуге және Палатаның іс-шараларын өткізуде әдістемелік көмек көрсетуге құқығы бар.

      28. Палата мүшелері:

      1) Қазақстан Республикасының адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы қолданыстағы заңнамасының талаптарын, сондай-ақ заң консультанттары палатасының қағидалары мен стандарттарының талаптарын сақтауға;

      2) заң консультанттары палатасы белгілеген Кәсіптік әдеп кодексінің қағидаларын сақтауға, сондай-ақ "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жарналарды төлеуге;

      3) кәсіптік қызметте заң көмегін көрсету қағидаттарын басшылыққа алуға;

      4) соттарда тұлғалардың мүдделеріне өкілдік ету түрінде заң көмегін көрсету үшін заң консультанттары палаталарының бірінің мүшесі болуға;

      5) клиентке заң көмегін көрсетуге кедергі келтіретін мән-жайлардың туындауы салдарынан өзінің заң көмегін көрсетуге қатыса алмайтыны туралы хабарлауға;

      6) заң көмегін көрсету кезінде клиенттен және үшінші тұлғалардан алынатын құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;

      7) клиенттің талап етуі бойынша заң консультантының кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру шартының көшірмесін ұсынуға;

      8) клиенттің талап етуі бойынша, өзі мүшесі болып табылатын заң консультанттары палатасы мүшелерінің тізілімінен үзінді-көшірме ұсынуға;

      9) егер клиент бұған қарсы болмаса, клиентпен құпия ақпаратты жария етпеу туралы келісім жасасуға;

      10) клиенттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған нақты мән-жайларды анықтау бойынша заңда тыйым салынбаған кез келген әрекеттерді орындауға;

      11) заң көмегін көрсету кезінде пайдаланылған құжаттардың көшірмелерін заң көмегін көрсету аяқталған күннен бастап үш жыл бойы қағаз немесе электрондық жеткізгіште не электрондық құжаттар нысанында клиенттің талап етуі бойынша сақтауға;

      12) өзінің біліктілігін ұдайы арттырып отыруға;

      13) кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруды жүзеге асыруға міндетті.

      5-тарау. Палатаны басқару органдарын қалыптастыру тәртібі, құзыреттері және өкілеттіктерінің мерзімі

      29. Палатаны басқару және бақылау органдары мыналар болып табылады:

      1) Палатаны басқарудың жоғары органы – Заң консультанттары палатасы мүшелерінің жалпы жиналысы;

      2) Алқалы басқару органы - Басқарма;

      3) Атқарушы басқару органы – Палата Төрағасы;

      4) Бақылау органы - Ревизиялық комиссия.

      30. Палатаның басқару және бақылау органдары заңды тұлғаның орналасқан жері бойынша орналасады.

      31. Палата мүшелерінің жалпы жиналыстары жылдық және кезектен тыс болып бөлінеді.

      32. Заң консультанттары палатасы мүшелерінің жалпы жиналысын өткізу уақытын, орнын, сондай-ақ ұсынылатын күн тәртібінің сұрақтарын атқарушы орган айқындайды.

      33. Кезекті жиналысты жыл сайын Палата Төрағасы шақырады.

      34. Жиналысты шақыру күні, ұсынылатын күн тәртібі туралы Палата Төрағасы қатысушыларға жиналысты шақыру күніне дейін 10 күнтізбе күн бұрын хабарлайды. Хабарламада жиналысты өткізу уақыты мен орны, сондай-ақ көзделген күн тәртібі көрсетіледі. Палатаның барлық қатысушылары немесе олардың өкілдері тіркелген, хабардар болған және ашық жиналыстың уақытын өзгертуге қарсы болмаған жағдайларды қоспағанда, жиналыс хабарланған уақыттан бұрын өткізілмейді.

      35. Жалпы жиналысқа Палата мүшелерінің не тиісінше ресімделген өкілеттіктері бар олардың өкілдерінің кемінде үштен бірі қатысқан жағдайда ол заңды болып есептеледі.

      36. Жалпы жиналыста Палата мүшелерінің қажетті саны болмаған жағдайда жалпы жиналыс қайта шақырылуға жатады. Қайта шақыру кезінде Палата қатысушыларының белгілі бір саны жиналысқа қатысқан кезде ол заңды болып есептеледі.

      37. Қайталама жалпы жиналыстың күн тәртібі болатын жалпы жиналыстың күн тәртібінен өзгеше болмауға тиіс.

      38. Жиналыстың жұмыс регламенті, күн тәртібінің мәселелері бойынша шешімдер мен ұсыныстар қатысушы Палата мүшелерінің жай көпшілігімен қабылдайды, әрбір қатысушы Палата мүшесі бір шешуші дауысқа ие болады.

      39. Палата мүшелерінің жалпы жиналысының шешімдері ашық дауыс беру арқылы қатысатын мүшелердің жай көпшілік дауысымен қабылданады. Жалпы жиналыста Палатаның әрбір мүшесінің бір дауысы бар.

      40. Жалпы жиналыстың кезектен тыс шақырылымы Палата Төрағасының, Басқармасының шешімі бойынша немесе Палата мүшелерінің 1/3 бөлігінің талабы бойынша жүргізіледі.

      41. Палата мүшелерінің жалпы жиналысының айрықша құзыретіне мыналар:

      1) Палата жарғысын қабылдау, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;

      2) Палатаның қағидалары мен стандарттарын бекіту, оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;

      3) Палатаның мамандандырылған органдарын құру, олар туралы ережелерді және олардың қызметін жүзеге асыруы қағидаларын бекіту;

      4) Палата Төрағасын және алқалы орган мүшелерін сайлау, көрсетілген органның өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату немесе басшының не оның жекелеген мүшелерінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату;

      5) Палата төрағасының атқарушы басқару органының функцияларын жүзеге асыратын адамдарын лауазымға тағайындау, оларды лауазымынан мерзімінен бұрын босату, тиісінше атқарушы басқару органын құру және оның өкілеттіктерін тоқтату;

      6) Палата жарғысында белгіленген тәртіппен Палатаның бақылау органының (ревизиялық комиссияның) мүшелерін сайлау;

      7) Палатаның тәртіп комиссиясы туралы ережені бекіту;

      8) ықпал ету шараларын, оларды қолдану тәртібі мен негіздерін, Палата мүшелерінің Палата қағидалары мен стандарттарының талаптарын бұзғаны туралы істерді қарау тәртібін, Палатаға мүше болу шарттарын бекіту;

      9) Палата қызметінің басым бағыттарын, оның мүлкін қалыптастыру мен пайдалану қағидаттарын айқындау;

      10) алқалы басқару органының, атқарушы басқару органының, бақылау органының (ревизиялық комиссияның) және мамандандырылған органдардың есептерін Палатаның жарғысында белгіленген нысан бойынша, тәртіппен және мерзімділікпен бекіту;

      11) Палата бюджетін бекіту, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу, Палатаның жылдық қаржы есептілігін бекіту;

      12) Палатаны қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешімді қабылдау, таратушыны немесе тарату комиссиясын тағайындау;

      13) адамдардың өтініштерін Палата мүшелерінен шығарып тастаудың негізсіздігіне қарау;

      14) Палатаның қағидалары мен стандарттарын бекіту;

      15) Палатаның бухгалтерлік есебін және қаржы есептілігін жүргізуді тексеру үшін аудиторлық ұйымды тағайындау;

      16) Қазақстан Республикасының заңдарына және Палата жарғысына сәйкес өзге де шешімдер қабылдау жатады.

      42. Палата мүшелерінің жалпы жиналысы Палата қызметіне қатысты кез келген басқа мәселені қарау үшін қабылдауға құқылы.

      43. Палатаның алқалы органы кемінде үш адамнан құрылуға тиіс, оларды Палата мүшелерінің жалпы жиналасы үш жыл мерзімге сайлайды.

      Басқарма шешімдері жай көпшілік дауыспен қабылданады. Басқарманың әрбір мүшесінің бір дауысы бар.

      44. Палата басқармасының құзыреті:

      1) Палатаның атқарушы басқару органының қызметін тексерулерді өткізу туралы шешімдер қабылдайды;

      2) Палатаның атқарушы басқару органының лауазымына тағайындау және лауазымынан босату үшін кандидатты не кандидаттарды Палата мүшелерінің жалпы жиналысына ұсынады;

      3) Палата құрған төрелікте өтініштері бойынша қаралатын дауларға қатысушылардың таңдауы үшін, кандидатуралары төрешілер ретінде ұсынылуы мүмкін адамдардың тізбесін бекіту;

      4) заң консультанттарының кәсіптік даярлық тәртібі мен нысандары, біліктілігін арттыру туралы ережені бекітеді;

      5) Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Палата Жарғысында көзделген негіздер бойынша Палата мүшелеріне кіру немесе Палата мүшелерінен шығару туралы шешімдер қабылдайды.

      45. Палата төрағасы Палатаның жоғары лауазымды адамы болып табылады, атқарушы органды басқарады және бүкіл қаржы жылы ішінде оның қызметі үшін дербес жауапты болады. Палата мүшелеріне есеп береді және жалпы жиналыстарда қабылданған шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады. Палата төрағасы ретінде Палата мүшелерінің қатарынан жеке тұлға ғана болуы мүмкін. Палата төрағасымен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледі.

      Палата төрағасы жалпы жиналыспен екі жылға сайланады, сол мерзімге қайта сайлануға құқылы.

      46. Палатаның атқарушы басқару органының құзыреті:

      1) жыл сайынғы кірістер-шығыстар сметасын, есептерді дайындау, Палатаның шаруашылық қызметінің жедел, статистикалық және бухгалтерлік есебін жүргізу;

      2) жалпы жиналысты өткізу орны мен уақытын айқындау;

      3) жиналыс шешімдерінің орындалуын тексеруді ұйымдастыру және жүзеге асыру;

      4) бекітілген кірістер мен шығыстар сметасы шеңберінде Палата қаражатына билік ету;

      5) осы Жарғыда жалпы жиналыстың құзыретіне жатқызылмаған басқа да өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      47. Палатаның атқарушы басқару органы:

      1) барлық мемлекеттік органдарда, ұйымдар мен кәсіпорындарда Палатаның мүдделерін білдіруге;

      2) Палатаның атынан сенімхатсыз әрекет етуге;

      3) сенімхаттар беруге;

      4) банктерде есеп айырысу және өзге де шоттарды ашуға;

      5) шарттарды, келісімдер мен келісімшарттарды, оның ішінде еңбек шарттарын, келісімдер мен келісімшарттарын жасауға және бұзуға;

      6) Палата қызметкерлерін жұмысқа қабылдауға және одан шығаруға, сондай-ақ оларды ауыстыру туралы бұйрықтар шығаруға, еңбекке ақы төлеу жүйесін айқындауға, лауазымдық айлықақы мен дербес үстемақылар мөлшерін белгілеуге, сыйлықақы беру мәселелерін шешуге, көтермелеу және тәртіптік жаза қолдану шараларын қолдануға;

      7) өкілеттіктер тоқтатылатын күнге дейін күнтізбелік бір ай бұрын Палатаның жалпы жиналысына бұл туралы хабарлап, өзіне қабылдаған Палата төрағасының міндеттерін атқарудан мерзімінен бұрын кез келген уақытта бас тартуға құқылы.

      48. Палатаның қаржы-шаруашылық қызметін бақылауды Палата мүшелерінің жалпы жиналысы үш жыл мерзімге сайлайтын Ревизиялық комиссия жүзеге асырады.

      49. Палата төрағасы мен ревизиялық комиссия құрамын қайта сайлау Палата мүшелерінің ұсынысы бойынша Палатаның кез келген кезекті (кезектен тыс) жалпы жиналысында жүзеге асырылуы мүмкін.

      50. Ревизиялық комиссия Палатаның лауазымды адамдарынан барлық қажетті бухгалтерлік, қаржылық және басқа да құжаттарды, сондай-ақ Палата қызметінің мәселелері бойынша жеке түсіндірмелерді талап етуге құқылы.

      51. Қаржы жылы ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап 31 желтоқсанына дейін болып белгіленеді. Бухгалтерлік есеп пен есептілік Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

      52. Ревизиялық комиссияның талабы бойынша Палатаның кезектен тыс жалпы жиналысы шақырылуы мүмкін.

      6-тарау. Палата Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

      53. Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жалпы жиналыстың айрықша құзыретіне жатады.

      54. Палатаның Жарғысына өзгерістер немесе толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарды Палата мүшелерінің жалпы жиналысының қарауына Басқарма шығарады немесе Палата мүшелерінің кемінде 1/3 бөлігінің талабы бойынша шығарылады.

      55. Палатаның Жарғысына өзгерістер немесе толықтырулар енгізу жөніндегі шешімді Палата мүшелерінің жалпы жиналысы төрттен үш көпшілік дауыспен қабылданады.

      7-тарау. Қаражатты, мүлікті қалыптастыру көзі

      56. Палатаның қолданыстағы заңнамаға сәйкес пайдалануында немесе меншігінде ғимараттар, құрылысжайлар, жабдық, құрал-сайман, ақша, сондай-ақ Палатаның қызметін материалдық қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де мүлік болуы мүмкін.

      57. Палатаға және оның құрылымдық бөлімшелеріне берілген мүлік Палатаның меншігі болып табылады. Палата мүшелерінің Палата мүлкіне мүліктік құқықтары жоқ. Олар бірлестік пен оның құрылымдық бөлімшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал бірлестік өз мүшелерінің міндеттемелері бойынша жауап бермейді.

      58. Палатаның мүлкін қалыптастыру көздері мыналар:

      1) Палата мүшелерінің міндетті жарналары;

      2) еркін мүліктік жарналар мен қайырмалдықтар;

      3) кәсіпкерлік қызметке, Палатаның коммерциялық немесе кәсіптік мүдделеріне байланысты білім беру қызметтерін көрсетуден алынған қаражат;

      4) кәсіпкерлік қызметке, Палата мүшелерінің коммерциялық немесе кәсіптік мүдделеріне байланысты ақпараттық материалдарды сатудан алынған қаражат;

      5) заңда тыйым салынбаған басқа да түсімдер болып табылады.

      59. Заң консультанттары палатасында жыл сайынғы мүшелік жарналар белгіленеді.

      Жыл сайынғы мүшелік жарналардың мөлшері тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің он бес еселенген мөлшерінен кем емес және жетпіс бес еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерді құрауға тиіс.

      Нысаналы пайдалану тәртібі, сондай-ақ өз мүшелеріне ақшаның түсуі мен жұмсалуы туралы хабарлау жыл сайын есептік жиналыстарда жүзеге асырылады.

      60. Палатаның ақша қаражаты оның мүшелері арасында қайта бөлінуі мүмкін емес және жарғылық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу үшін ғана пайдаланылады.

      8-тарау. Палатаны қайта ұйымдастыру және тарату тәртібі

      61. Палатаны қайта ұйымдастыру (бірігу, қосу, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) жалпы жиналыстың шешімі бойынша не Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларда сот органдарының шешімі бойынша жүзеге асырылады. Палатаны қайта ұйымдастыру Палатаға тиесілі құқықтар мен міндеттердің оның құқық мирасқорларына ауысуына әкеледі.

      62. Палатаны тарату:

      1) Палатаның жалпы жиналысының шешімі бойынша;

      2) сот шешімі бойынша.

      63. Тарату туралы шешім жалпы жиналыста қайта ұйымдастыру туралы шешім сияқты тәртіппен қабылданады.

      64. Палатаны таратуды жалпы жиналыс немесе сот тағайындаған тарату комиссиясы жүргізеді. Тарату комиссиясы тағайындалған кезден бастап оған заңды тұлғаның мүлкі мен істерін басқару жөніндегі өкілеттіктер көшеді. Тарату комиссиясы Палатаның мүлкін бағалайды, дебиторлар мен кредиторларды анықтайды, Палата борыштарын үшінші тұлғаларға төлеу үшін шаралар қолданады, тарату балансын жасайды және оны Палата мүшелерінің жалпы жиналысына ұсынады. Тарату комиссиясы таратылатын заңды тұлғаның атынан сотта әрекет етеді.

      65. Палатаны тарату Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген тәртіппен және мерзімде жүргізіледі.

      66. Міндетті мүшелікке негізделген Палата таратылған жағдайда, оның мүшелері үш ай ішінде міндетті мүшелікке негізделген басқа Палатаға кіру жарнасын төлемей кіруге міндетті.

      67. Таратылған Палатаның мүлкі мен қаражаты кредиторлармен есеп айырысудан кейін осы Жарғыда көрсетілген мақсаттарға беріледі.

      68. Палатаны тарату Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің Ұлттық тізіліміне бұл туралы жазба енгізілгеннен кейін аяқталған болып есептеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады