Коммерциялық емес ұйымдар туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 қаңтардағы N 142 Заңы.

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін ЗҚАИ мазмұнды жасады.

МАЗМҰНЫ

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңмен реттелетін мәселелер

      Осы Заңмен реттелетiн мәселелер коммерциялық емес ұйымдардың құрылуына, қызметiне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты туындайтын қатынастар болып табылады.

      Саяси партиялардың, кәсiптiк одақтардың құқықтық жағдайларының, құрылуының, қызметiнiң, қайта ұйымдастырылуының және таратылуының ерекшелiктерi арнайы заңдармен регламенттеледi.

2-бап. Коммерциялық емес ұйым ұғымы

      Кiрiс түсiру негiзгi мақсаты болып табылмайтын және алынған таза кiрiстi қатысушылар арасында бөлмейтiн заңды тұлға коммерциялық емес ұйым деп танылады.

3-бап. Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңдар

      1. Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және Азаматтық кодекстен, осы Заңнан және басқа да заң актiлерiнен тұрады.

      2. Осы Заңның күшi Қазақстан Республикасының аумағында құрылған және әрекет ететiн шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерiнiң (оқшауланған бөлiмшелерiнiң) кез-келген ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес ұйымының қызметiне қолданылады.

      3. Жекелеген коммерциялық емес ұйымдардың құрылуына, қызметiне, қайта ұйымдастырылуына және таратылуына байланысты ерекшелiктер осы Заңмен және өзге де заң актiлерiмен реттеледi.

4-бап. Коммерциялық емес ұйымдар қызметiнiң мақсаттары

      Коммерциялық емес ұйымдар әлеуметтiк, мәдени, ғылыми, бiлiм беру, қайырымдылық, басқару мақсаттарына қол жеткiзу; азаматтардың және ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғау; даулар мен жанжалдарды шешу; азаматтардың рухани және өзге қажеттiлiктерiн қанағаттандыру; азаматтардың денсаулығын сақтау, қоршаған ортаны қорғау, дене шынықтыру мен спортты дамыту заң көмегiн көрсету үшiн, сондай-ақ қоғамдық игiлiктердi және өз мүшелерiнiң (қатысушылардың) игiлiктерiн қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мақсаттарда құрылуы мүмкiн.

      Коммерциялық емес ұйымдар қызметiнiң мақсаттары құрылтай құжаттармен айқындалады.

5-бап. Коммерциялық емес ұйымдардың құқықтары мен мiндеттерi

      1. Жарғылық мақсаттарды жүзеге асыру үшiн коммерциялық емес ұйымдардың:

      1) заңдарда белгiленген тәртiппен банктерде шоттар ашуға;

      2) мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде ұйымның толық атауы бар мөрi, мөртабаны және бланкiлерi, сондай-ақ белгiленген тәртiппен тiркелген эмблемасы (нышаны) болуына;

      3) меншiгiнде немесе оралымды басқаруында оқшауланған мүлкi, сондай-ақ дербес балансы немесе сметасы болуға;

      4) мүлiктiк және жеке мүлiктiк емес құқықтарды иемденiп алуға және жүзеге асыруға;

      5) егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, басқа заңды тұлғалар құруға;

      6) филиалдар мен өкiлдiктер ашуға;

      7) қауымдастықтар мен одақтарға кiруге, сондай-ақ олардың қызметiне қатысуға;

      8) жарғыда көзделген мақсаттарды жүзеге асыруға қаражаттарды пайдалануға;

      9) сотта талап қоюшы және жауапкер болуға;

      10) Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

      2. Коммерциялық емес ұйымдар:

      1) Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға;

      2) белгiленген тәртiппен салық және бюджетке төленетiн басқа

      да мiндеттi төлемдердi төлеуге;

      3) өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен (мекемелердi қоспағанда) жауап беруге;

      4) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапкершiлiкте болуға мiндеттi.

6-бап. Коммерциялық емес ұйымдардың нысандары

      Коммерциялық емес ұйымдар мекеме, қоғамдық бiрлестiк, акционерлiк қоғам, тұтыну кооперативi, қор, дiни бiрлестiк, қауымдастық (одақ) нысанындағы заңды тұлғалардың бiрлестiгi нысанында және заң актiлерiнде көзделген өзге де нысанда құрылуы мүмкiн.

7-бап. Коммерциялық емес ұйымның атауы және орналасқан жерi

      1. Коммерциялық емес ұйымның атауы оның атын және ұйымдық-құқықтық нысанының көрсетпесiн қамтиды. Ол заңдарда көзделген қосымша ақпаратты қамтуы мүмкiн.

      Коммерциялық емес ұйымның атауында заңдардың талаптарына немесе қоғамдық мораль нормаларына қайшы келетiн атауларды; егер (қатысушылардың есiмiмен үйлесiмдi болмаса не егер жеке есiмiн пайдалануға бұл адамдардың (олардың мұрагерлерiнiң) рұқсатын қатысушылар алмаған болса, адамдардың өз аттарын пайдалануға жол берiлмейдi.

      2. Коммерциялық емес ұйымның тұрақты қызмет iстейтiн органы орналасқан жер оның орналасқан жерi деп танылады.

      3. Коммерциялық емес ұйымның атауы мен орналасқан жерi оның құрылтай құжаттарында көрсетiледi.

2-тарау. КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ ҰЙЫМДЫҚ-ҚҰҚЫҚТЫҚ НЫСАНДАРЫ

8-бап. Мекеме

      1. Құрылтайшысы басқару, әлеуметтiк-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де қызметтердi жүзеге асыру үшiн құрған және қаржыландыратын ұйым мекеме деп танылады.

      Мекеменiң өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiкке құқығы азаматтық заңдарға сәйкес айқындалады.

      2. Меншiк нысанына байланысты мекемелер мемлекеттiк және жеке меншiк мекемелер болып бөлiнедi.

      3. Мекемелердiң жекелеген түрлерiнiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi заң актiлерiмен реттеледi.

9-бап. Мемлекеттiк мекеме

      Ескерту. 9-бап алып тасталды - ҚР 2011.03.01 № 414-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

10-бап. Жеке меншiк мекеме

      1. Басқарушылық, әлеуметтiк-мәдени немесе коммерциялық емес сипаттағы өзге де қызметтердi жүзеге асыру үшiн жеке және (немесе) мемлекеттiк емес заңды тұлғалар құрған, мемлекеттiк құрылымның бөлiгi болып табылмайтын ұйым жеке меншiк мекеме деп танылады.

      2. Жеке меншiк мекеменiң мүлкi оған оралымды басқару құқығымен бекiтiлiп берiледi.

      3. Жеке меншiк мекеме өз мiндеттемелерi бойынша өзiнiң билiгiндегi ақшамен жауап бередi. Ақшасы жеткiлiксiз болған жағдайда мемлекеттiк емес мекеменiң мiндеттемелерi бойынша оның құрылтайшысы жауапты болады.

11-бап. Қоғамдық бiрлестiк

      1. Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн ортақ мақсаттарға жету үшiн азаматтардың ерiктi бiрiгуi нәтижесiнде құрылған ұйым, егер заңдарда өзгеше белгіленбесе қоғамдық бiрлестiк болып табылады.

      2. Алып тасталды – ҚР 21.12.2023 № 49-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      3. Қоғамдық бiрлестiктердiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi "Қоғамдық бiрлестiктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

      4. Қоғамдық бірлестік "Өзін-өзі реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, қызметін ерікті мүше болуға (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттейтін ұйым ретінде жүзеге асыра алады.

      Ескерту. 11-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.12.2023 № 49-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

12-бап. Қор

      1. Азаматтар және (немесе) заңды тұлғалар ерiктi мүлiктiк жарналар негiзiнде құрған, әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм беру және өзге де қоғамдық пайдалы мақсаттарды көздейтiн, мүшелiгi жоқ коммерциялық емес ұйым қор деп танылады.

      1-1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда қордың мүлкін осы баптың 1-тармағында көрсетілген мақсаттар үшін міндетті мүліктік жарналар негізінде қалыптастыруға жол беріледі.

      2. Қорды құрған кезде құрылтайшылардың (құрылтайшының) шешiмiмен тұрақты жұмыс iстейтiн алқалы басқару органы - қордың атқарушы органы тағайындайтын қамқоршылық кеңесi құрылады, ол қор қызметiнiң оның жарғылық мақсаттарына сай келуiне бақылау жасайды, сондай-ақ қордың жарғысында бекiтiлген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.

      Жұбайлық және жақын туыстық байланысы бар адамдар қордың қамқоршылық кеңесiнiң көпшiлiк мүшесi, сондай-ақ осы қордың штаттағы қызметкерлерi бола алмайды.

      3. Қордың атқарушы органы қордың жоғары басқару органының және тұрақты жұмыс iстейтiн алқалы басқару органының (қамқоршылық кеңестiң) шешiмдерi негiзiнде және оларды орындау мақсатында жұмыс iстейдi және соларға есеп бередi.

      Қордың атқарушы органының басшысы мен мүшелерi қордың құрылтай құжаттарын, осы заңды және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiн бұза отырып өздерi қабылдаған шешiмдерiнiң салдарынан келтiрiлген шығынның орнын бiрлесе толтыруға мiндеттi. Мұндай шешiм қабылданған кезде қарсы дауыс берген, қалыс қалған немесе отырысқа қатыспаған адамдар шығынның орнын толтыру мiндетiнен босатылады.

      4. Қордың некеде тұрумен, жақын туыстықпен немесе жекжаттықпен байланыспаған басшысы мен бухгалтерi болуға тиiс. Бiр адамның екi қызметтi қатар iстеуiне болмайды. Басшы құрылтай құжаттарының, қорды басқару органының шешiмдерi негiзiнде қордың атынан мәмiлелер жасауға құқылы. Қордың жарғысында өз бетiнше әрекет етiп, мәмiлелер жасай алатын басқа уәкiлеттi адамдардың қызмет аясы белгiленуi мүмкiн. Қор басшысының сотта, мемлекеттiк органдарда, сондай-ақ ұйымдарда қордың атынан сенiмхатсыз өкiлдiк етуге құқығы бар.

      5. Қорға оның құрылтайшылары берген мүлiк қордың меншiгi болып табылады.

      Қор құрылтайшыларының қордың мүлкiне мүлiктiк құқығы жоқ және оларды мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн жарғыда белгiленген тәртiппен құрылтайшылардың жалпы жиналысы қордан шығаруы мүмкiн.

      6. Қор жарғыда белгiленген мерзiмде қаржы қызметiн тексерудi жүзеге асыруға мiндеттi. Тексерудi тексерушi немесе аудиторлық ұйым жүзеге асырады. Тексерушiнi сайлау тәртiбi жарғыда белгiленедi; аудиторлық ұйымдар заңдарда белгiленген тәртiппен тартылады.

      7. Қор өз мүлкін пайдалануы туралы есептерді жыл сайын интернет-ресурстарда орналастыруға және (немесе) оларды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспасөз басылымдарында жариялауға мiндеттi.

      Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.05.05 № 139; 02.12.2015 № 429-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

13-бап. Қордың түрлерi

      1. Құрылтайшылардың құрамына, сондай-ақ қызмет саласына қарай жеке, корпоративтiк, қоғамдық, мемлекеттiк қорлар құрылуы мүмкiн.

      Қызмет мақсаттарына қарай әлеуметтiк, қайырымдылық, мәдени, бiлiм қорлары және өзге де қорлар құрылуы мүмкiн.

      2. Бiр жеке адамның немесе жеке адамдардың - бiр отбасы мүшелерiнiң өзiнiң (өздерiнiң) жеке қаражаттары есебiнен құрған қоры жеке қор деп танылады. Жеке қор, сондай-ақ жеке адамның нотариалды куәландырылған өсиетi бойынша да құрылуы мүмкiн.

      Жеке қордың мүлкi жеке тұлғадан (құрылтайшыдан) немесе жеке тұлғалардан - бiр отбасы мүшелерiнен (құрылтайшылардан) бiр жолғы және (немесе) тұрақты түсетiн түсiмдер есебiнен, өсиет бойынша түскен мүлiктен, сондай-ақ осы Заңның 35-бабында көзделген және жеке қор қызметiнiң мақсаттарына сай келетiн басқа да көздерден құралады.

      Жеке меншік қор құрылтайшысының (құрылтайшыларының) құқықтары, егер ол құрылтай құжаттарында көзделген жағдайда, мұраның құрамына кіргізілуі мүмкін.

      3. Бiр заңды тұлғаның немесе бiрнеше заңды тұлғалардың - коммерциялық және (немесе) коммерциялық емес ұйымдардың осы ұйымдардың қаражаттары есебiнен құрған қоры корпоративтiк қор деп танылады.

      Корпоративтiк қордың мүлкi бiр немесе бiрнеше заңды тұлғалардан - коммерциялық және (немесе) коммерциялық емес ұйымдардан (құрылтайшылардан) бiр жолғы және (немесе) тұрақты түсетiн түсiмдер есебiнен, сондай-ақ осы Заңның 35-бабында көзделген және корпоративтiк қор қызметiнiң мақсаттарына сай келетiн басқа да көздерден құралады.

      4. Бiр отбасының мүшелерi болып табылмайтын жеке адамдардың және (немесе) заңды тұлғалардың - қоғамдық бiрлестiктердiң құрған қоры қоғамдық қор деп танылады.

      Қоғамдық қордың мүлкi заңды тұлғалардан - қоғамдық бiрлестiктер мен жеке тұлғалардан бiр жолғы және (немесе) тұрақты түсетiн түсiмдер есебiнен, сондай-ақ осы Заңның 35-бабында көзделген және қоғамдық қор қызметiнiң мақсаттарына сай келетiн басқа да көздерден құралады.

      Қоғамдық қордың мүлкi бiр отбасы мүшелерiнен - аталған қордың бiрден бiр қатысушыларынан түсетiн түсiмдер есебiнен құрала алмайды.

      5. Мемлекеттiк органдардың шешiмiмен құрылған, белгiленген тәртiппен мемлекеттiк меншiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету құқығы берiлген; қордың мақсаттары мен мiндеттерiн мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асыратын қор мемлекеттiк қор деп танылады.

      Мемлекеттiк қордың мүлкi заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы мемлекеттiк бюджетiнiң қаражаты есебiнен, сондай-ақ осы Заңның 35-бабында көзделген және мемлекеттiк қор қызметiнiң мақсаттарына сай келетiн басқа да көздерден құралады.

      6. Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген мiндеттi төлемдер есебiнен құрылған қорлардың құрылуына, қызметiне, қайта ұйымдастырылуына және (немесе) таратылуына байланысты туындайтын қатынастар осы Заңмен реттелетiн мәселелер болып табылмайды.

      Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

14-бап. Тұтыну кооперативi

      1. Мүшелiк негiзде қатысушыларының материалдық және өзге де қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн өз мүшелерiнiң мүлiктiк (пайлық) жарналарын бiрiктiру жолымен жүзеге асырылатын азаматтардың ерiктi бiрлестiгi тұтыну кооперативi деп танылады.

      Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда тұтыну кооперативiне заңды тұлғалар да кiре алады.

      2. Алып тасталды - ҚР 29.10.2015 № 373-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

      3. Тұтыну кооперативтерiнiң мүшелерi оның мiндеттемелерi бойынша кооператив мүшелерiнiң қосымша жарнасының енгiзiлмеген бөлiгi шегiнде ортақ субсидиарлық жауаптылықта болады.

      4. Тұтыну кооперативi алған кiрiстердi оның мүшелерi арасында бөлуге болмайды және олар жарғылық мақсаттарға жұмсалады.

      5. Тұтыну кооперативiнiң мүшелерi жинақталып қалған шығынды жыл сайынғы баланс бекiтiлгеннен кейiн үш ай iшiнде қосымша жарналар арқылы жабуға мiндеттi. Бұл мiндеттеме орындалмаған жағдайда кооператив кредит берушiлердiң талабы бойынша сот тәртiбiмен таратылуы мүмкiн.

      6. Тұтыну кооперативтерін құқықтық реттеу ерекшеліктері арнаулы заңнамалық актілерде реттеледі.

      Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.10.2015 № 373-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

15-бап. Дiни бiрлестiк

      1. Рухани қажеттiлiктерiн қанағаттандыру үшiн өз мүдделерiнiң ортақтығы негiзiнде заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен бiрiккен азаматтардың ерiктi бiрлестiгi дiни бiрлестiк деп танылады.

      2. Дiни бiрлестiк қатысушыларының (мүшелерiнiң) осы ұйымға өздерi берген мүлiкке, соның iшiнде мүшелiк жарналарға құқықтары сақталмайды. Олар дiни бiрлестiктiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi, ал дiни бiрлестiк өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi.

      3. Дiни бiрлестiктiң құқықтық жағдайының ерекшелiктерi заңмен реттеледi.

16-бап. Коммерциялық емес акционерлiк қоғам

      1. Өзiнiң қызметiн жүзеге асыру үшiн қаражат тарту мақсатымен акциялар шығаратын, кiрiстерi тек қана осы қоғамды дамытуға пайдаланылатын заңды тұлға коммерциялық емес акционерлiк қоғам деп танылады.

      2. Коммерциялық емес акционерлiк қоғамдардың артықшылықты акциялар, туынды және айырбасталатын бағалы қағаздар шығаруды жүзеге асыруға құқығы жоқ.

      3. Коммерциялық емес акционерлiк қоғамның құрылтай шарты осы шартқа әрбiр құрылтайшының немесе оның уәкiлеттi өкiлiнiң қол қоюы арқылы жасалады.

      4. Коммерциялық емес ұйым ретiнде құрылған қоғамның коммерциялық ұйым болып қайта құрыла алмайтыны сияқты коммерциялық ұйым ретiнде құрылған қоғам да коммерциялық емес ұйым болып қайта құрыла алмайды.

      Осы тармақтың бiрiншi бөлiгiндегi талаптар:

      1) Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасына сәйкес құрылған қор биржаларының қайта құрылу;

      2) коммерциялық акционерлік қоғамдардың "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес білім беру ұйымдары болып, сондай-ақ "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес дербес кластерлік қор болып қайта құрылуы;

      2-1) коммерциялық ұйымдар ретінде құрылған жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қайта құрылуы;

      3) Қазақстан Республикасының кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы заңнамасына сәйкес құрылған кредиттік бюролардың қайта құрылуы;

      4) мемлекет қатысатын жинақтаушы зейнетақы қорының бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болып қайта құрылуы;

      5) кепілдік беру жағдайы басталған кезде құрылысты аяқтауға және көппәтерлі тұрғын үйдегі үлесті үлескерлерге беруге кепілдік беретін, жарғылық капиталына мемлекет тікелей немесе жанама қатысатын, акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымның қайта құрылуы жағдайларына қолданылмайды.

      Ескерту. 16-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.07.21 № 309, 2011.01.19 № 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), 2011.12.28 № 524-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 21.06.2013 № 106-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2018 № 171-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.06.2020 № 341-VI (01.07.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

17-бап. Коммерциялық емес ұйымның өзге де ұйымдық-құқықтық нысаны

      1. Коммерциялық емес ұйымдар өзге де ұйымдық-құқықтық нысанда құрылуы мүмкін.

      2. Дербес білім беру ұйымдары, дербес кластерлік қор, нотариаттық палаталар, адвокаттар алқалары, адвокаттық кеңселер, Республикалық заң консультанттары алқасы, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Республикасының Сот сарапшылары палатасы, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы, Қазақстанның төрелік палатасы, кәсiби аудиторлық ұйымдар, аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес, көппәтерлі тұрғын үйлер мүлкінің меншік иелері бірлестігі және басқа да коммерциялық емес ұйымдар өзге ұйымдық-құқықтық нысанда құрылуы мүмкін.

      3. Өзге де ұйымдық-құқықтық нысандардың құқықтық жағдайының ерекшелiктерi заң актiлерiмен реттеледi.

      Ескерту. 17-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2006.05.05 № 139, 2003.07.09 № 482, 2010.04.02 № 262-IV (2010.10.21 бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.01.19 № 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2013 № 130-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 08.04.2016 № 489-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.02.2017 № 45-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 05.07.2018 № 177-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 26.12.2019 № 284-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 03.07.2020 № 358-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.06.2021 № 49-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

18-бап. Дара кәсiпкерлердiң және (немесе) заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанында бірігуі

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      1. Дара кәсiпкерлер және (немесе) заңды тұлғалар өздерiнiң кәсiпкерлiк қызметiн үйлестiру, сондай-ақ ортақ мүдделерiн бiлдiру және қорғау мақсатында қауымдастықтар (одақтар) құра алады.

      2. Коммерциялық емес ұйымдар осы ұйымдардың қауымдастықтарына (одақтарына) ерiктi түрде бiрiге алады.

      3. Қауымдастықтың (одақтың) мүшелерi өзiнiң дербестiгiн және заңды тұлға құқықтарын сақтап қалады.

      4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, қауымдастық (одақ) өз мүшелерiнiң мiндеттемелерi бойынша жауап бермейдi. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, қауымдастықтың (одақтың) мүшелерi оның мiндеттемелерi бойынша қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттарында көзделген мөлшерде және тәртiппен субсидиарлық жауаптылықта болады.

      5. Қауымдастық (одақ) мүшелерi, егер құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, қаржы жылы аяқталған соң өзiнiң қалауы бойынша қауымдастықтан (одақтан) шығуға құқылы. Бұл жағдайда қауымдастық (одақ) мүшесi өзi қауымдастықтан шыққанға дейiн туындаған мiндеттемелерi бойынша шыққан кезiнен бастап екi жыл бойына оның өзiнiң жарнасына бара-бар субсидиарлық жауаптылықта болады.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, қауымдастықтың (одақтың) мүшесi қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен қауымдастық (одақ) мүшелерiнiң шешiмi бойынша одан шығарылуы мүмкiн. Қауымдастықтың (одақтың) шығарылған мүшесiнiң жауапкершiлiгiне қатысты қауымдастықтан (одақтан) шығуға қатысты қағидалар қолданылады.

      6. Қауымдастық (одақ) мүшелерiнiң келiсiмiмен оған қауымдастықтың жаңа мүшесi кiре алады. Қауымдастыққа (одаққа) жаңа мүшенiң кiруi қауымдастықтың (одақтың) ол кiргенге дейiн туындаған мiндеттемелерi бойынша оның субсидиарлық жауаптылықта байланыстырылуы мүмкiн.

      7. Қауымдастықтың (одақтың) атауында "қауымдастық" немесе "одақ" деген сөздердi қоса отырып, осы қауымдастық (одақ) мүшелерi қызметiнiң негiзгi мәнiне көрсетпе болуға тиiс.

      8. Қауымдастық (одақ) қызметін "Өзін-өзі реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өзін-өзі реттейтін ұйым ретінде жүзеге асыра алады.

      Ескерту. 18-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.04.27 № 15-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.11.2015 № 391-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

3-тарау. КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС ҰЙЫМДЫ ҚҰРУ, ҚАЙТА ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ТАРАТУ

19-бап. Коммерциялық емес ұйымды құру

      1. Коммерциялық емес ұйым, оны қалыптастыру арқылы, сондай-ақ бұрын бар коммерциялық емес ұйымды қайта ұйымдастыру нәтижесiнде құрылуы мүмкін.

      Дербес білім беру ұйымының ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйым "Назарбаев Университеті", "Назарбаев Зияткерлік мектептері" және "Назарбаев Қоры" мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайда акционерлік қоғам болып қайта құрылуы нәтижесінде құрылуы мүмкін.

      Коммерциялық емес акционерлік қоғамның немесе мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйым коммерциялық ұйым ретінде құрылған жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын қайта құру нәтижесінде құрылуы мүмкін.

      Дербес кластерлік қор ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйым "Инновациялық технологиялар паркі" инновациялық кластері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайда акционерлік қоғам болып қайта құрылуы нәтижесінде құрыла алады.

      2. Коммерциялық емес ұйымды (қоғамдық және діни бірлестіктерді қоспағанда) оны қалыптастыру арқылы құру құрылтайшылардың (құрылтайшының) шешімі бойынша жүзеге асырылады.

      Қоғамдық және діни бірлестіктерді құру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Заңды тұлға ретiнде коммерциялық емес ұйымның құқық қабiлеттiлiгi ол мемлекеттiк тiркелуден өткен кезден бастап туындайды.

      Коммерциялық емес ұйымның айналысуға лицензия алу қажет болатын қызмет саласындағы құқық қабiлеттiлiгi осындай лицензияны алған кезден бастап туындайды.

      Ескерту. 19-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.19 № 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi), ҚР 2011.10.11 № 484-ІV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.01.12 № 537-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2014 № 212-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.07.2018 № 171-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.12.2023 № 49-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

20-бап. Коммерциялық емес ұйымның құрылтайшылары (қатысушылары)

      Ескерту. 20-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 02.08.2015 № 343-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Коммерциялық емес ұйымның ұйымдық-құқықтық нысанына қарай, егер осы Заңда, Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде өзгеше белгiленбесе, жеке және (немесе) заңды тұлғалар оның құрылтайшылары бола алады.

      2. Коммерциялық емес ұйымды, тұтыну кооперативiн, қауымдастықтарды (одақтарды) құру жағдайларын және коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген түрлерi туралы заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларды қоспағанда, жеке тұлға құруы мүмкiн.

      3. Жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес енгізілген тұлға коммерциялық емес ұйымның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.

      Ескерту. 20-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 02.08.2015 № 343-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.05.2020 № 325-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

21-бап. Коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттары

      1. Коммерциялық емес ұйымдардың құрылтай құжаттары:

      1) мекеме үшiн - меншiк иесi (меншiк иелерi) бекiткен ереже (жарғы) және меншiк иесiнiң (меншiк иелерiнiң) құру туралы шешiмi;

      2) қор, тұтыну кооперативi, коммерциялық емес акционерлiк қоғам қауымдастық (одақ) нысанындағы, өзге де ұйымдық-құқықтық нысандардағы заңды тұлғалар бiрлестiктерi үшiн - құрылтайшылар бекiткен жарғы және құрылтай шарты;

      3) қоғамдық бiрлестiк, дiни бiрлестiк үшiн - жарғы болып табылады.

      2. Коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарының талаптары коммерциялық емес ұйымның өзiнiң, оның құрылтайшыларының (қатысушыларының) орындауы үшiн мiндеттi.

      3. Коммерциялық емес ұйымның бiрiнiң құрылтай шарты мен жарғысы арасында қарама-қайшылықтар болған жағдайда:

      1) егер олар құрылтайшылардың өзара қатынастарына қатысты болса, құрылтай шартының;

      2) егер олардың қолданылуы заңды тұлғаның үшiншi тұлғалармен қатынасы үшiн маңызды болса, жарғының талаптары қолданылуға тиiс.

      Ескерту. 21-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.02.2017 № 49-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

22-бап. Коммерциялық емес ұйымның жарғысы

      1. Коммерциялық емес ұйымның жарғысы:

      1) коммерциялық емес ұйымның атауын, соның iшiнде ұйымдық-құқықтық нысанын, қызметiнiң мәнi мен мақсатын;

      2) коммерциялық емес ұйымның орналасқан жерiн;

      3) коммерциялық емес ұйымның басқару органдарының құрылымын, қалыптастыру тәртiбiн және құзыретiн;

      4) коммерциялық емес ұйым мүшелерінің (қатысушыларының) құқықтары мен мiндеттерiн;

      5) коммерциялық емес ұйымның мүшелiгiне (егер коммерциялық емес ұйымның мүшелiгi болған жағдайда) қабылдау және одан шығу шарты мен тәртiбiн;

      6) коммерциялық емес ұйымның мүлкiн құрау көздерiн;

      7) коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу тәртiбiн;

      8) коммерциялық емес ұйымды қайта ұйымдастыру және оның қызметiн тоқтату шартын;

      9) коммерциялық емес ұйым таратылған жағдайда оның мүлкiн пайдалану тәртiбiн;

      10) филиалдар мен өкiлдiктер туралы мәлiметтердi көздеуге тиiс.

      2. Коммерциялық емес ұйымның жарғысы Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн, өзге де ережелердi көздеуi мүмкiн.

      3. Егер коммерциялық емес ұйымды бiр тұлға құрған болса, онда оның жарғысында мүлiктердi құрау және кiрiстердi пайдалану тәртiбi де белгiленедi.

      4. Осы баптың 1-тармағы 4) және 5)-тармақшаларының ережелерi қорларға қолданылмайды. Қордың жарғысында осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа, қор органдары туралы, қордың лауазымды адамдарын тағайындау және оларды қызметiнен босату тәртiбi туралы, ол таратылған жағдайда қор мүлкiнiң тағдыры туралы нұсқау болуға тиiс.

      4-1. Осы баптың 1-тармағы 4), 5) және 6) тармақшаларының ережелері аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңеске қолданылмайды. Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңестің жарғысы "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мәліметтерді қамтуға тиіс.

      5. Тұтыну кооперативiнiң жарғысында осы баптың 1-тармағында көрсетiлген мәлiметтерден басқа, кооператив мүшелерi пайларының мөлшерi туралы; кооператив мүшелерiнiң пайларын енгiзу құрамы мен тәртiбi және пай енгiзу жөнiндегi мiндеттемелердi бұзғандығы үшiн олардың жауапкершiлiгi туралы; кооперативтi басқару органдарының құрамы мен құзыретi және олардың шешiмдер қабылдау тәртiбi туралы, соның iшiнде шешiмдi бiрауыздан немесе басым көпшiлiк дауыспен қабылдау мәселелерi туралы; кооператив мүшелерiнiң оларға келтiрiлген шығынның орнын толтыру тәртiбi туралы шарттар болуға тиiс.

      6. Адвокаттар алқасының жарғысында мүшелiктi тоқтата тұру тәртiбi, заң консультацияларын құрудың және олардың қызметiнiң тәртiбi, мүлiктi құрайтын көздер және оларға билiк ету тәртiбi, мүшелiк жарналарды төлеу тәртiбi, адвокаттардың тегiн заң көмегiн көрсету тәртiбi және соттың, анықтау және алдын ала тергеу органдарының тағайындауы бойынша адвокаттар арасында заң көмегiн реттеп бөлу тәртiбi, адвокаттарды аттестациядан өткiзу тәртiбi, адвокаттар алқасы мүшелерi мен тағылымдамадан өтушi адвокаттардың тәртiптiк жауапкершiлiгi және жауапкершiлiкке тарту тәртiбi, адвокатты лицензиясынан айыру туралы өтiнiш қозғау тәртiбi болуға тиiс.

      6-1. Республикалық адвокаттар алқасының жарғысы Республикалық адвокаттар алқасының құрылымын, оның органдарының құрылу тәртібі мен құзыретін, мүлкін қалыптастыру көздерін және оған иелік ету тәртібін, адвокаттар алқалары жүзеге асыратын аударымдар мөлшерін, сондай-ақ Республикалық адвокаттар алқасын қайта ұйымдастыру және тарату тәртібін қамтуға тиіс.

      7. Қауымдастықтың (одақтың) құрылтай құжаттарында олардың органдарының құрамы және құзыретi, олардың шешiмдер қабылдау тәртiбi туралы және қауымдастық (одақ) таратылғаннан кейiн қалған мүлiктi бөлу тәртiбi туралы шарттар да болуға тиiс.

      8. Коммерциялық емес ұйымның жарғысына өзгерiстер мен толықтырулар оның жоғары органының (жалпы жиналыс, съезд, конференция, құрылтайшы) шешiмi бойынша енгiзiледi. Қор жарғысына өзгерiстер мен толықтыруларды, егер қор жарғысында оған осындай құқық берiлген болса, қордың басқару органы енгiзедi.

      9. Коммерциялық емес акционерлiк қоғам жарғысында қоғамның коммерциялық емес ұйым екендiгi де, дауыс беру рәсiмi, дивидендтердi төлемеу туралы ережелер де, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген басқа талаптар да көрсетiлуге тиiс.

      Ескерту. 22-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.01.12 № 222 (ресми жарияланған күнінен бастап алты ай өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі), 2012.01.01 № 523-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2020 № 358-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

23-бап. Құрылтай шарты

      1. Құрылтай шарты - коммерциялық емес ұйым құру туралы құрылтайшылардың келiсiмi, мұнда оны құру жөнiндегi бiрлескен қызмет тәртiбi, оның меншiгiне (жедел басқару) өз мүлкiн беру және оның қызметiне қатысу шарттары айқындалады. Мұнда, егер коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген түрлерi туралы заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, коммерциялық емес ұйымның қызметiн басқару, құрылтайшылардың оның құрамынан шығу шарты мен тәртiбi де белгiленедi.

      Құрылтай шартына құрылтайшылардың келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына қайшы келмейтiн басқа да ережелер енгiзiлуi мүмкiн.

      2. Құрылтай шартына барлық құрылтайшылар немесе олар уәкiлеттiк берген адамдар қол қояды.

      3. Қорды, жекеше мекемені, дербес білім беру ұйымын, дербес кластерлік қорды бір тұлға құрған жағдайда, онда құрылтай шарты жасалмайды.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың кәсіпкерлер палаталары құрылған кезде құрылтай шарты жасалмайды.

      Ескерту. 23-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.01.19 № 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.07.2013 № 130-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

24-бап. Коммерциялық емес ұйымның филиалдары мен өкiлдiктерi

      1. Коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында филиалдар құрып, өкiлдiктер аша алады.

      Қоғамдық және дiни бiрлестiктер, мекемелер осы ұйымдар туралы заң актiлерiне сәйкес өздерiнiң құрылымдық бөлiмшелерiн құра алады.

      2. Коммерциялық емес ұйымның филиалы оның тұрған жерiнен тыс орналасқан және оның мiндеттерiнiң бәрiн немесе бiр бөлiгiн, соның iшiнде өкiлдiктiң мiндетiн жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйымның оқшауланған бөлiмшесi болып табылады.

      3. Коммерциялық емес ұйымның өкiлдiгi оның тұрған жерiнен тыс орналасқан және коммерциялық емес ұйымның мүдделерiн қорғауды және оның өкiлдiгiн жүзеге асыратын, оның атынан мәмiлелер және өзге де құқықтық iс-әрекеттер жасайтын коммерциялық емес ұйымның оқшауланған бөлiмшесi болып табылады.

      4. Филиалдар мен өкiлдiктер заңды тұлғалар болып табылмайды. Олар өздерiн құрған коммерциялық емес ұйымның мүлкiн иемденеді және ол бекiткен ереже негiзiнде әрекет етедi. Филиалдың немесе өкiлдiктiң мүлкi жеке баланста және оларды құрған коммерциялық емес ұйымның балансында ескерiледi.

      5. Коммерциялық емес ұйымның филиалдары мен өкiлдiктерiнiң (қоғамдық және дiни бiрлестiктердi қоспағанда) басшыларын коммерциялық емес ұйымның уәкiлеттi органы тағайындайды және оның сенiмхаты негiзiнде әрекет етедi.

      Қоғамдық бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдар мен өкiлдiктер) басшылары қоғамдық бiрлестiктiң жарғысында және оның филиалы немесе өкiлдiгi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады.

      Дiни бiрлестiктердiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдар мен өкiлдiктер) басшылары дiни бiрлестiктiң жарғысында және оның филиалы мен өкiлдiгi туралы ережеде көзделген тәртiппен сайланады не тағайындалады.

      6. Филиал және өкiлдiк өздерiн құрған коммерциялық емес ұйымның атынан қызметiн жүзеге асырады. Өз филиалының не өкiлдiгiнiң қызметi үшiн оларды құрған коммерциялық емес ұйым жауапкершiлiкте болады.

      6-1. Коммерциялық емес ұйымның филиалы мен өкілдiгiнiң атауы өздерiн құрған коммерциялық емес ұйымның атауын көрсетуді қамтуға тиіс.

      7. Коммерциялық емес ұйымның филиалдары мен өкiлдiктерi есептiк тiркелуге, ал атауын өзгерткен жағдайда - қайта тiркелуге жатады.

      Есептiк тiркеудің (қайта тiркеудің) тәртiбi мен мерзiмдерi Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттік тiркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында айқындалады.

      Ескерту. 24-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2004.03.18 № 537, 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен.

25-бап. Коммерциялық емес ұйымды қайта ұйымдастыру

      1. Коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы заңда, басқа да заң актiлерiнде көзделген тәртiппен қайта ұйымдастырылуы мүмкiн.

      2. Коммерциялық емес ұйымды қайта ұйымдастыру қосу, бiріктіру, бөлу, бөлiп шығару, қайта құру нысанында және заңдарда көзделген басқа да нысандарда жүргiзiлуi мүмкiн.

      3. Коммерциялық емес ұйым, бiрiктiру нысанындағы қайта ұйымдастыру жағдайларын қоспағанда, жаңадан пайда болған ұйымның (ұйымдардың) мемлекеттiк тiркеуден өткен кезiнен бастап қайта ұйымдастырылған болып есептеледi.

      Коммерциялық емес ұйым оған екінші бір ұйымның қосылуы нысанында қайта ұйымдастырылған кезде қосылған ұйым қызметiнің тоқтатылғаны туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгiзiлген кезден бастап олардың біріншісі қайта ұйымдастырылды деп есептеледi.

      4. Қайта ұйымдастыру нәтижесiнде жаңадан пайда болған ұйымды (ұйымдарды) мемлекеттiк тiркеу және қайта ұйымдастырылған ұйым (ұйымдар) қызметiнің тоқтатылғаны туралы мәліметтерді Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгiзу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 25-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

26-бап. Коммерциялық емес ұйымды тарату

      1. Коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде, осы Заңда және басқа да заң актiлерiнде көзделген негiзде және тәртiппен ерiктi түрде (оның мүлкiн иеленушiнiң немесе меншiк иесi уәкiлеттiк берген органның шешiмi бойынша, сондай-ақ бұған құрылтай құжаттарында уәкiлеттiк берiлген заңды тұлға органының шешiмi бойынша) және мәжбүрлеп (сот шешiмi бойынша) таратылуы мүмкiн.

      2. Коммерциялық емес ұйымды тарату туралы шешiм қабылдаған коммерциялық емес ұйымның құрылтайшылары (қатысушылары) немесе орган бұл туралы заңды тұлғаларды тiркеудi жүзеге асырған әдiлет органына дереу жазбаша хабарлауға мiндеттi.

      Коммерциялық емес ұйымды тарату туралы шешiм қабылдаған құрылтайшылар немесе орган тарату комиссиясын тағайындайды және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, осы Заңға сәйкес коммерциялық емес ұйымды таратудың тәртiбi мен мерзiмiн белгiлейдi.

      3. Тарату комиссиясы тағайындалған кезден бастап оған коммерциялық емес ұйымның мүлкiн және iсiн басқару жөнiндегi өкiлеттiк көшедi. Тарату комиссиясы таратылатын коммерциялық емес ұйымның атынан сотта әрекет етедi.

27-бап. Коммерциялық емес ұйымды тарату тәртiбi

      1. Тарату комиссиясы орталық әдiлет органының ресми басылымдарында заңды тұлғаның таратылуы туралы, сондай-ақ оның кредит берушiлерiнiң талаптарын мәлiмдеудiң тәртiбi мен мерзiмi туралы ақпарат жариялайды. Талаптарды мәлiмдеудiң мерзiмi коммерциялық емес ұйымды тарату туралы жарияланған кезден бастап екi айдан кем болмауға тиiс.

      Тарату комиссиясы кредит берушiлердi айқындауға және берешектерiн алуға, филиалдар мен өкiлдiктердi есептен шығаруға шара қолданады, сондай-ақ кредит берушiлердi коммерциялық емес ұйымның таратылғандығы туралы жазбаша хабардар етедi.

      2. Кредит берушiлердiң талаптар қоюына арналған мерзiм аяқталған соң тарату комиссиясы аралық тарату балансын жасайды, мұнда таратылатын коммерциялық емес ұйымның мүлiк құрамы туралы мәлiметтер, кредит берушiлер мәлiмдеген талаптардың тiзбесi, сондай-ақ олардың қаралу нәтижелерi туралы мәлiметтер болады.

      Аралық тарату балансын коммерциялық емес ұйымның мүлкiн иеленушi немесе коммерциялық емес ұйымды тарату туралы шешiм қабылдаған орган бекiтедi.

      3. Егер таратылған коммерциялық емес ұйымның (мемлекеттiк мекемелерден басқа) ақшасы кредит берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болса, тарату комиссиясы сот шешiмдерiн орындау үшiн белгiленген тәртiппен, коммерциялық емес ұйымның мүлкiн ашық сауда арқылы сатуды жүзеге асырады.

      4. Таратылатын коммерциялық емес ұйымның кредит берушiлерiне ақша төлеудi Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 51-бабында белгiленген кезектiлiк тәртiбiмен, аралық тарату балансына сәйкес, ол бекiтiлген күннен бастап тарату комиссиясы жүргiзедi.

      5. Кредит берушiлермен есеп айырысу аяқталған соң тарату комиссиясы тарату балансын жасайды, оны коммерциялық емес ұйымның мүлкiн меншiктенушi немесе коммерциялық емес ұйымды тарату туралы шешiм қабылдаған орган бекiтедi.

      6. Таратылатын мекеменiң ақшасы кредит берушiлердiң талаптарын қанағаттандыру үшiн жеткiлiксiз болған жағдайда, соңғысы талаптардың қалған бөлiгiн осы мекеменiң мүлкiн меншiктенушiнiң есебiнен қанағаттандыру туралы шағыммен сотқа жүгiнуге құқылы.

      Ескерту. 27-бапқа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004.03.18. № 537 Заңымен.

28-бап. Таратылатын коммерциялық емес ұйымның мүлкi

      1. Коммерциялық емес ұйымның таратылған кезде кредит берушiлердiң талаптарын қанағаттандырғаннан кейiн қалған мүлкi, егер заң актілерiнде өзгеше тәртiп көзделмесе, құрылтай құжаттарында көрсетiлген мақсаттарға жұмсалады.

      Коммерциялық емес ұйым салық жеңiлдiктерiн және басқа да жеңiлдiктердi пайдаланған және мүшелерiнiң және (немесе) құрылтайшыларының жарналары мен өз қызметiнен түскен кiрiстерi, жұртшылықтың қайырмалдықтары есебiнен жұмыс жасаған, мемлекеттен немесе мемлекеттiк емес ұйымдардан гранттар алған жағдайда, таратылған кезде кредит берушiлермен есеп айырысқаннан кейiн қалған мүлiктi ұйымның мүшелерi, құрылтайшылары, лауазымды адамдары немесе жалдамалы қызметкерлерi арасында қайта бөлуге болмайды, ол ұйымның жарғысына сәйкес оның жарғылық мақсаттарына пайдаланылуға тиiс. Егер ұйымның жарғысында мұндай тәртiп көзделмесе, тарату туралы шешiм қабылдаған органның ұйғаруы бойынша қалған мүлiк таратылатын ұйымдiкi сияқты мақсаттарды немесе оларға жақын мақсаттарды ұстанатын коммерциялық емес ұйымға берiлуi мүмкiн.

      2. Тұтыну кооперативi таратылған немесе кооператив мүшесi одан шыққан жағдайда оның тұтыну кооперативiнiң мүлкiнен үлесiн өз пайына бара-бар бөлiп алуға құқығы бар.

      Тұтыну кооперативiнiң мүшесi қайтыс болған жағдайда, егер заң актiлерiнде және кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе, оның мұрагерлерiнiң кооператив мүшелiгiне қабылдануға бiрiншi кезекте құқығы болады. Заң актiлерiнде және кооператив жарғысында өзгеше көзделген жағдайда кооператив мұрагерлерге тұтыну кооперативi мүлкiнен оның пайына бара-бар үлесiн төлейдi.

      3. Құрылтайшылар мекеменiң мүлкiне меншiк құқығын сақтайды.

      4. Коммерциялық емес акционерлiк қоғамның кредит берушiлермен есеп айырысқаннан кейiн қалған мүлкi барлық акционерлер арасында оларға тиесiлi акциялардың санына бара-бар бөлiнедi.

      Ескерту. 28-бап өзгерді - ҚР 16.05.2003 № 416 Заңымен; 29.10.2015 № 373-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

29-бап. Коммерциялық емес ұйымды таратудың аяқталуы

      Коммерциялық емес ұйымның таратылуы аяқталды, ал коммерциялық емес ұйым өз қызметін тоқтатты деп бұл жөнінде мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгiзiлгеннен кейiн есептеледi.

      Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

30-бап. <*>

      Ескерту. 30-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.03.18. № 537 Заңымен.

31-бап. Коммерциялық емес ұйымды мемлекеттiк тiркеу және қайта тiркеу

      Коммерциялық емес ұйымды мемлекеттiк тiркеу және қайта тiркеу Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларды мемлекеттiк тiркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 31-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) Заңымен.

4-тарау. КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС ҰЙЫМДАРДЫҢ ҚЫЗМЕТI

32-бап. Коммерциялық емес ұйымның қызмет түрлерi

      1. Коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған және коммерциялық емес ұйымның мақсаттарына сәйкес келетiн, оның құрылтай құжаттарында көзделген бiр немесе бiрнеше қызмет түрiн жүзеге асыра алады.

      2. Жекелеген ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес ұйымдар айналысуға құқылы қызмет түрлерiне Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде шектеулер қойылуы мүмкiн.

      3. Коммерциялық емес ұйымдар заң актiлерiне сәйкес жекелеген қызмет түрлерiн лицензиялар негiзiнде ғана жүзеге асыра алады.

33-бап. Коммерциялық емес ұйымның кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығы

      1. Коммерциялық емес ұйым өзiнiң жарғылық мақсаттарына сәйкес келетiндей ғана кәсiпкерлiк қызметпен айналыса алады.

      2. Жекелеген ұйымдық-құқықтық нысандағы коммерциялық емес ұйымдардың кәсiпкерлiк қызметiне Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде шектеулер қойылуы мүмкiн.

      3. Коммерциялық емес ұйым кәсіпкерлiк қызметі бойынша кірістер мен шығыстардың есебiн жүргiзедi.

      4. Коммерциялық емес ұйымдардың кәсiпкерлiк қызметiне салық салу Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

      5. Коммерциялық емес ұйымдардың кәсiпкерлiк қызметiнен алынатын кiрiстердi коммерциялық емес ұйымдардың мүшелерi (қатысушылары) арасында бөлiсуге болмайды, ол жарғылық мақсаттарға жұмсалады. Қоғамдық және дiни бiрлестiктердiң, қорлардың өз қаражаттарын қайырымдылық көмекке пайдалануына жол берiледi.

      Ескерту. 33-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 16.11.2015 № 403-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

34-бап. Коммерциялық емес ұйымның мүлкi

      1. Коммерциялық емес ұйымның меншiгiнде немесе оралымды басқаруында оның жарғысында көзделген қызметiн материалдық жағынан қамтамасыз етуге қажеттi, заң актiлерiне сәйкес коммерциялық емес ұйымдардың меншiгiнде болуға болмайтын мүлiктiң жекелеген түрлерiн қоспағанда, объектiлер, мүлiк, сондай-ақ өзiнiң қаражаты есебiнен құрылған ұйымдар болуы мүмкiн.

      Дiни бiрлестiктердiң өз қаражаты есебiнен иемденiп алған немесе өздерi құрған, азаматтар, ұйымдар қайырмалдық ретiнде берген, немесе мемлекет берген және заң актiлерiне қайшы келмейтiн басқа да негiздер бойынша иемденiп алынған мүлiкке меншiк құқығы болады.

      Мекеменің өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiктi және оған смета бойынша бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiнше иелiктен айыруға немесе өзгеше әдiспен оған билiк етуге құқығы жоқ.

      2. Коммерциялық емес ұйым (мекемелердi қоспағанда) өз мiндеттемелерi бойынша өзiне тиесiлi барлық мүлкiмен жауап бередi.

35-бап. Коммерциялық емес ұйымның мүлкiн құрау көздерi

      1. Мыналар:

      1) құрылтайшылардан (қатысушылардан, мүшелерден) түскен түсiмдер;

      2) ерiктi мүлiктiк жарналар мен қайырмалдықтар;

      2-1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда міндетті мүліктік жарналар;

      3) заңдарда белгiленген жағдайларда тауарлар сатудан, жұмыстардан, қызмет көрсетуден түскен түсiмдер (кiрiс);

      4) акциялар, облигациялар, басқа да бағалы қағаздар және салымдар (депозиттер) бойынша алынған дивидендтер (кiрiстер, сыйақы (мүдде);

      5) заңмен тыйым салынбаған басқа да түсiмдер, заң актілерiне сәйкес, коммерциялық емес ұйымның мүлкін ақшалай және өзге де нысандардағы құрау көздерi болып табылады.

      2. Коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген түрлерiнiң кiрiс көздерiне заң актiлерiмен шектеулер қойылуы мүмкiн.

      3. Құрылтайшылардан (қатысушылардан, мүшелерден) түсетiн қаржы және өзге де қаражат түсiмдерiнiң тәртiбi коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарында белгiленедi.

      4. Коммерциялық емес ұйымның мүлкiн, ақшалай нысаннан басқа, заттай және өзге нысандарда құрауға құрылтайшылардың салымдары барлық құрылтайшылардың келiсiмi бойынша ақшалай нысанда бағаланады. Егер мұндай салымның құны жиырма мың айлық есептiк көрсеткiшке тең сомадан асып кетсе, оны бағалауды аудиторлық ұйым растауға тиiс.

      Ескерту. 35-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР 2006.05.05 № 139; 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

36-бап. Мүдделер қайшылығы

      1. Коммерциялық емес ұйым мен мүдделi адамдардың арасындағы ұйымның мүлкiн пайдалануға байланысты мәмiлелер мүдделер қайшылығы орын алуын ұйғарымдайды.

      2. Коммерциялық емес ұйымның басқару органының (басшылық етушi органының) мүшелерi, сондай-ақ осы өз ұйымымен жеке өзi немесе өкiлi арқылы мәмiлелер жасасатын, ұйыммен қатынастарына орай өз мүлкiмен ұйымға билiк етуге ықпал ете алатын адамдар мүдделi адамдар деп танылады.

      3. Коммерциялық емес ұйым мүдделi адамдардың туыстарымен, сондай-ақ олардың кредит берушiлерiмен мәмiлелер жасаса да мүдделер қайшылығы ұйғарымдалады.

37-бап. Мүдделер қайшылығын шешу

      Мүдделер қайшылығы ұйғарымдалған мәмiленi коммерциялық емес ұйымның уәкiлеттi органы бекiтуге тиiс. Мүдделi адам осындай мәмiле жасасудың ұйғарымдалғаны туралы ұйымның уәкiлеттi органын хабардар етуге тиiс.

      Егер мәмiленi уәкiлеттi органдар бекiтпеген болса, мүдделер қайшылығы орын алған мұндай мәмiленiң жасалуы нәтижесiнде коммерциялық емес ұйымға келтiрiлген шығындардың орнын толтыруға мүдделi адам жауап бередi.

      Шығындардың орнын толтыруға қоса, осындай мүдделi адам осындай мәмiленi жасау нәтижесiнде алған сол адамның бүкiл кiрiсiн коммерциялық емес ұйымға қайтаруға тиiс.

      Егер шығындар бiрнеше мүдделi адамның iс-қимылдары нәтижесiнде туындаған болса, олар коммерциялық емес ұйымның алдында ортақ жауап беруi тиiс.

5-тарау. КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС ҰЙЫМДЫ БАСҚАРУ

38-бап. Коммерциялық емес ұйымды басқару негiздерi

      Коммерциялық емес ұйымның басқару органдарының құрылымы, құзыретi, құрылу тәртiбi мен өкiлеттiктерiнiң мерзiмi, олардың шешiмдер қабылдау мен коммерциялық емес ұйымның атынан әрекет жасау тәртiбi заңдарда және коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарында белгiленедi.

39-бап. Коммерциялық емес ұйымның басқару органдары

      1. Коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттiк мекемелердi, аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңесті қоспағанда, құрылтай құжаттарына сәйкес олардың басқару органдары мыналар болып табылады:

      1) жоғары басқару органы (жалпы жиналыс, съезд, конференция, құрылтайшы, қамқоршылық кеңес) - коммерциялық емес ұйым қызметiнiң кез келген мәселелерi бойынша шешiмдер қабылдауға құқылы;

      2) басқарудың атқарушы органы (алқалы немесе дара басқару) - коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарымен жоғары басқару органының ерекше құзыретiне жатқызылған мәселелердi қоспағанда, коммерциялық емес ұйымның қызметiн ағымдағы басқаруды жүзеге асырады, жоғары басқару органына есеп бередi;

      3) коммерциялық емес ұйымның басқару органдары сайлайтын немесе тағайындайтын тексеру органы (тексеру комиссиясы, тексерушi);

      4) заңдарға және коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарына сәйкес басқа да органдар.

      2. Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңесті қоспағанда, коммерциялық емес ұйымның жоғары басқару органының ерекше құзыретiне:

      1) коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарын қабылдау, оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу;

      2) коммерциялық емес ұйымды ерiктi түрде қайта ұйымдастыру және тарату;

      3) коммерциялық емес ұйымның басқару органдарының құзыретiн, ұйымдық құрылымын, оларды құру және өкiлеттiктерiн тоқтату тәртiбiн айқындау;

      4) атқарушы органдардың қаржы есептемесiн табыс етуiнiң тәртiбi мен мерзiмдiлiгiн, сондай-ақ бақылау органының тексеру жүргiзу тәртiбiн және олардың нәтижелерiн бекiтудi айқындау;

      5) заң актiлерiнде белгiленген шекте коммерциялық емес ұйымның басқа заңды тұлғаларды, өз филиалдары мен өкiлдiктерiн құруы немесе олардың қызметiне қатысуы туралы шешiм қабылдау мәселелерi жатады.

      Жоғары басқару органының ерекше құзыретiне заң актiлерiне сәйкес коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарымен осы ұйым қызметiнiң басқа да мәселелерi жатқызылуы мүмкiн.

      3. Коммерциялық емес ұйым өзiнiң жоғары басқару органының мүшелерiне, жоғары басқару органының жұмысына қатысуына тiкелей байланысты шығыстардың өтемiн қоспағанда, өздерiне жүктелген мiндеттердi олардың орындағаны үшiн сыйақы төлеудi жүзеге асыруға құқылы емес.

      4. Коммерциялық емес ұйымның еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін штаттағы қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы және Қазақстан Республикасының әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру туралы заңнамасы қолданылады.

      5. Осы баптың 1 – 3-тармақтарының ережелері дербес білім беру ұйымдарына және дербес кластерлік қорға қолданылмайды.

      6. Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқару органдарының құқықтық жағдайының ерекшеліктері "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.

      7. Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңестің басқару органдарының құқықтық жағдайының ерекшеліктері "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалады.

      Ескерту. 39-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 200.05.15 № 253, 2011.01.19 № 395-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 04.07.2013 № 130-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2014 № 208-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.11.2015 № 391-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2020 № 358-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2022 № 134-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

6-тарау. МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ЕМЕС ҰЙЫМДАР

40-бап. Мемлекет және коммерциялық емес ұйымдар

      1. Мемлекет коммерциялық емес ұйымдарды құруды және олардың белсендi қызмет етуiн көтермелейдi. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес коммерциялық емес ұйымдарға салық, кеден жеңiлдiктерi және басқа да жеңiлдiктер берiлуi мүмкiн.

      2. Коммерциялық емес ұйымдар өз қызметiнiң мақсаттарына сәйкес мемлекеттiк органдармен келiсiмдер жасасып, ынтымақтасуы және олар үшiн белгiлi бiр жұмыстарды орындауы мүмкiн.

41-бап. Коммерциялық емес ұйымның қызметiн бақылау

      1. Коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен бухгалтерлік есепті жүргізеді және алғашқы статистикалық деректерді мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға береді.

      2. Коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасына және коммерциялық емес ұйымның құрылтай құжаттарына сәйкес мемлекеттік статистика саласындағы уәкілетті органға және мемлекеттік кіріс органдарына, құрылтайшыларға және өзге де тұлғаларға өз қызметi туралы ақпарат бередi.

      Шет мемлекеттер, халықаралық және шетелдiк ұйымдар, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар өтеусiз негiзде беретін қаражат есебiнен қызметін жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік кіріс органдарына осы қаражатты пайдалануы туралы есептi ұсынады.

      3. Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкiлдiктерi (оқшауланған бөлiмшелерi) баспасөз басылымдарында жыл сайын өз қызметі туралы, оның ішінде өз құрылтайшылары, мүліктің құрамы туралы, ақшаны қалыптастыру көздерi мен жұмсау бағыттары туралы ақпарат жариялайды.

      4. Коммерциялық емес ұйым кiрiстердің мөлшерi мен құрылымы, сондай-ақ коммерциялық емес ұйым мүлкiнiң мөлшерi мен құрамы туралы, оның шығыстары, қызметкерлерiнiң саны мен құрамы туралы, олардың еңбегіне ақы төлеу, коммерциялық емес ұйымның қызметiнде азаматтардың өтеусiз еңбегiн пайдалану туралы мәлiметтер коммерциялық құпияның нысаны бола алмайды.

      5. Жекеше мекеме, қоғамдық бірлестік, коммерциялық емес акционерлік қоғам, қоғамдық, корпоративтік және жекеше қорлар, заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестігі нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын филиалдары мен өкiлдiктерi (оқшауланған бөлiмшелерi) үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен өз қызметі туралы, оның ішінде өзінің құрылтайшылары (қатысушылары), мүлкінің құрамы, ақшаның қалыптасу көздерi және жұмсалу бағыттары туралы мәліметтерді жыл сайын 31 наурызға дейін үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға ұсынады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптар құрылтайшысы немесе акционері мемлекет болып табылатын коммерциялық емес акционерлік қоғамдарға, еншілес, тәуелді және Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiне сәйкес олармен үлестес болып табылатын өзге де заңды тұлғаларға, саяси партиялар, діни бірлестіктер және кәсіптік одақтар түрінде құрылған қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ осы Заңның 17-бабында көзделген коммерциялық емес ұйымдарға қолданылмайды.

      Ескерту. 41-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.07.8 № 67-ІІІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерістер енгізілді - ҚР 2010.03.19 № 258-IV; 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 02.12.2015 № 429-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 13.06.2018 № 160-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

42-бап. Коммерциялық емес ұйымның қызметiн тоқтата тұру

      1. Коммерциялық емес ұйымның қызметi коммерциялық емес ұйым Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзған немесе өзінің жарғысында айқындалған қызметтiң нысанасы мен мiндеттерi шегiнен шығатын әрекеттердi күнтізбелік бір жылдың ішінде екі және одан көп рет жасаған жағдайларда прокуратура органдарының ұсынуы негiзiнде сот шешiмiмен үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтатыла тұруы мүмкiн.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделгендей, коммерциялық емес ұйымның қызметi тоқтатыла тұрған жағдайда оған құрылтай құжаттарында көзделген қызметпен айналысуға тыйым салынады. Оның банк шоттарын пайдалану құқығы да тоқтатыла тұрады, бұған еңбек шарттары бойынша есеп айырысу, өз қызметi салдарынан келтiрiлген шығындардың орнын толтыру мен айыппұл төлеу қосылмайды.

      Егер коммерциялық емес ұйым өз қызметiн тоқтата тұруға негiз болған бұзушылықтарды қызметi тоқтатыла тұруы белгiленген мерзiм iшiнде жойса, онда аталған мерзiм аяқталған соң коммерциялық емес ұйым өз қызметiн қайта бастайды. Коммерциялық емес ұйым бұзушылықтарды жоймаған жағдайда прокуратура органдары оны тарату туралы сотқа арыз берiп жолдануға құқылы.

      3. Коммерциялық емес ұйымның қызметiн тоқтата тұру туралы шешiм қабылдаған сот коммерциялық емес ұйымның бұзушылықты жоюына байланысты ұсынысы бойынша осы шектеудi мерзiмiнен бұрын алып тастауға құқылы.

      Ескерту. 42-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.06.2020 № 352-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

43-бап. Коммерциялық емес ұйымның, жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігі

      1. Заңдарды бұзу коммерциялық емес ұйымның Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген тәртіппен жауапты болуына әкеп соқтырады.

      2. Коммерциялық емес ұйымдар туралы заңдарды бұзғандығы үшін бұған кінәлі жеке және заңды тұлғалар, соның ішінде мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары да жауапты болады.

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады