Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 147-бабының 9-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған I санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін айқындау әдістемесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2021 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі |
М. Мирзагалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту жөніндегі агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігі
Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 6 қыркүйектегі № 356 бұйрығымен бекітілген |
I санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін айқындау және оларды қайта бейіндеу және (немесе) өзге де пайдалану жөніндегі жоспарды әзірлеу әдістемесі
Ескерту. Әдістеме жаңа редакцияда - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 02.10.2024 № 235 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы I санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін айқындау әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 147-бабының 9-тармағына сәйкес әзірленді және оператордың I санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелерін орындауды қаржылық қамтамасыз ету (бұдан әрі – қаржылық қамтамасыз ету) мөлшерін айқындау тәртібін анықтайды.
2. Қаржылық қамтамасыз етуді І санаттағы объектілер операторлары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) Қазақстан Республикасының пайдасына ұсынады.
3. Қаржылық қамтамасыз ету I санаттағы объектіні пайдалану салдарын толық жою үшін, оның ішінде келешекте туындайтын талаптарға қатысты (бұдан әрі – жою) қажетті қоршаған ортаның құрамдас бөліктеріне ықтимал теріс әсер ететін жабдықтарды пайдалану аяқталғаннан кейін залалсыздандыруға, бөлшектеуге және құрылысжайларды бұзуға қолданылады.
4. Қаржылық қамтамасыз ету мөлшері таратудың есептік құнын негізге ала отырып, айқындалады және әрбір жеті жыл сайын қайта есептеуге жатады.
I санаттағы объектіні пайдалану салдарларын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін айқындау екі кезеңде жүзеге асырылады:
1) жою жөніндегі негізгі жұмыстарды айқындау;
2) қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін есептеу.
I санаттағы қолданыстағы объектілерді пайдалану салдарын жою жөніндегі жұмыстардың құнына пайдалану аяқталғаннан кейін қоршаған ортаның құрамдас бөліктеріне ықтимал теріс әсер ететін жабдықтарды залалсыздандыруға, бөлшектеуге және құрылысжайларды бұзуға арналған шығыстар енгізілуге тиіс.
Объектілерді пайдалану салдарын жою жөніндегі жұмыстардың құнына кірмеген күрделі құрылыс объектілері (ғимараттар, құрылысжайларды, кешендер) бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен әдістемеге сәйкес қайта бейіндеу және (немесе) оларды өзге де пайдалану жөніндегі жоспарлар әзірленуге тиіс.
5. Осы Әдістеменің мақсаттары үшін қаржылық қамтамасыз ету мыналар:
1) Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдаланушы оларға қатысты жер қойнауын пайдалану салдарын жою жөніндегі міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді ұсынған немесе тарату қорын қалыптастырған І санаттағы объектілер;
2) Кодекстің 350-бабының 16-тармағына сәйкес осындай объектілердің операторы тарату қорын қалыптастырған полигондар үшін талап етілмейді.
2-тарау. Тарату бойынша негізгі жұмыстарды айқындау
6. Осы Әдістеменің мақсаттары үшін тарату бойынша негізгі жұмыстардың тізбесіне мынадай жұмыстар кіреді:
1) I санаттағы объектіде пайдалану аяқталғаннан кейін қоршаған ортаға ықтимал теріс әсер ететін технологиялық жабдық болған кезде – оны залалсыздандыруға және/немесе демонтаждау және тиісті өнеркәсіптік алаңнан алып тастау (әкету);
2) бүлінген жерді рекультивациялау;
3) қалдықтарды қалпына келтіру, кәдеге жарату және (немесе) жою;
4) жерүсті және жерасты сулары, атмосфералық ауа сапасының, жануарлар әлемі, топырақ пен өсімдік жай-күйінің мониторингі;
5) экологиялық рұқсат шарттарында көзделген жою бойынша жұмыстарды орындау.
7. Тарату бойынша болжанатын жұмыстардың көлемін айқындау үшін оператор I санаттағы объектілерді пайдалану салдарын жоюдың алдын ала жоспарын (бұдан әрі – жою жоспары) әзірлейді.
8. Тарату жоспары оператор Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптары мен берілген экологиялық рұқсаттың шарттарын ескере отырып, тарату үшін талап етілетін болжамды жұмыстар мен іс-шаралар туралы бастапқы ақпаратты, сондай-ақ осындай ақпарат негізінде қажетті шығындарды есептеуді алу мақсатында әзірленеді.
9. Жою жоспары оператордың таңдауы бойынша еркін нысанда әзірленеді және сипаттау бөлігін, сондай-ақ жою жөніндегі болжалды шығыстар есептеу (бұдан әрі – есептеу) қамтиды.
10. Жою жоспарының сипаттамалық бөлігіне мынадай мәліметтер енгізіледі:
1) I санаттағы объектінің ағымдағы операторы туралы мәліметтер (деректемелер, байланыс деректері, жауапты адамдар);
2) I санаттағы объектінің жалпы сипаттамасы бар түйіндеме: орналасқан жері, осы объектіде жүзеге асырылатын қызметтің негізгі түрлері, пайдалану хронологиясы туралы (бастапқы пайдалануға беру, кеңейту, реконструкциялау күндерін қоса алғанда), берілген экологиялық рұқсаттар және мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындылары туралы ақпарат;
3) I санаттағы объектіні пайдалануды аяқтаудың болжалды мерзімі;
4) өнеркәсіптік алаң туралы ақпарат:
алып жатқан жер учаскелерінің, сондай-ақ әсер ету саласы шегіндегі іргелес аумақтардың сипаттамасы (жергілікті жер бедерінің алаңы, нысандары, табиғи-климаттық сипаттамалары, табиғи өсу дәрежесі, топырақтың құнарлы және әлеуетті-құнарлы қабаттарының, жасыл екпелердің болуы, бүлінген (бүлінетін) жерлердің алаңы мен нақты жай-күйі, сулану дәрежесі, тұзданудың, су басудың, табиғи және техногендік эрозиялық процестердің, жұтаңданудың нысандарының болуы, топырақтағы ластаушы заттардың шоғырлану деңгейі, сондай-ақ пайдалану мерзімі аяқталған кезге қарай жердің болжалды жай-күйі);
I санаттағы объектінің әсер ету саласы шегінде жерүсті сулары болған кезде–олардың гидрологиялық, химиялық және экологиялық сипаттамасы;
өнеркәсіптік алаң астында жатқан жерасты сулары болған кезде – олардың сандық және сапалық сипаттамалары туралы қолда бар деректер;
шикізатты, материалдарды, қалдықтарды ашық қоймалау орындарының сипаттамасы;
жекешелендірілген объектілер үшін – тарихи ластану объектілерінің сипаты мен ауқымының (олар болған кезде), жекешелендіру шарттарына сәйкес осындай объектілерді жою үшін жауапкершілікті бөлу немесе біреуге жүктеу шарттарын айқындайтын құқықтық аспектілердің сипаттамасы;
5) I санаттағы объектіні пайдаланудан шығарғаннан кейін алынып жатқан жер учаскелерін одан әрі перспективалы пайдалану нұсқаларының сипаттамасы; I санаттағы объектіні шығару кезінде құрылыстарды қайта бейіндеу жөніндегі жоспарлар болған кезде – олардың болжалды жаңа функционалдық мақсатының сипаттамасы;
6) экологиялық рұқсатта көрсетілген жою жөніндегі экологиялық шарттардың сипаттамасы (олар болған кезде);
7) осы Әдістеменің 6-тармағында көрсетілген жұмыстар негізінде жою бойынша болжанатын жұмыстар мен іс-шаралардың сипаттамасы: олардың сипаты, болжанатын технологиялар және оларды орындау ұзақтығы;
8) I санаттағы объект операторының қалауы бойынша қосымша мәліметтер.
11. Есеп тарату жөніндегі жұмыстар мен іс-шараларды орындау үшін жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің, тауарлардың және жұмыс күшінің болжанатын нақты көлемдерін (бұдан әрі – физикалық көлемдер), сондай-ақ оларға арналған жоспарланатын шығыстарды (бұдан әрі – жоспарланған құны) айқындайды.
12. Жою жоспары, оның ішінде есеп Кодекске сәйкес қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін бір мезгілде қайта есептей отырып, әрбір жеті жыл сайын нақтылануға (түзетілуге) жатады.
13. Жою жоспарын түзету және қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін қайта есептеу, атап айтқанда, өндірістік қуаттарды кеңейтуге, ұлғайтуға, қоршаған ортаға ықтимал теріс әсер ететін I санаттағы объектіні жаңғыртуға, реконструкциялауға байланысты жүзеге асырылады. Көрсетілген түзетулерді енгізу тәртібін жою жоспарында I санаттағы объектінің операторы белгілейді.
14. Таратуды жүргізу I санаттағы объектіні пайдаланудан шығарғаннан кейін не оның жекелеген бөліктеріне қатысты осындай объектіні пайдалану процесінде кезең-кезеңімен және оны пайдаланудан толық шығару басталғанға дейін (прогрессивті жою) жүзеге асырылады. Прогрессивті жою жерді кезең-кезеңімен босату және (немесе) жою жөніндегі жұмыстардың көлемін азайту мақсатында жүргізіледі.
15. Әзірленген жою жоспары кешенділік, толықтық және сенімділік қағидаттарына сәйкес келуі керек. Жою жоспарын жасау кезінде, оның ішінде көрсетілген қағидаттарды сақтау бөлігінде І санаттағы объект операторының адалдығы көзделеді.
16. Лауазымды адамдар мемлекеттік экологиялық бақылау жүргізу кезінде I санаттағы объектінің операторы қабылдаған тарату жоспарын танысу үшін сұратады. Есепке алынбаған жұмыстар және (немесе) іс-шаралар анықталған жағдайда уәкілетті орган I санаттағы объектінің операторына тарату жоспарын пысықтау бойынша ұсынымдар береді, оларды I санаттағы объектінің операторы осы Әдістеменің 12-тармағына сәйкес қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін келесі қайта есептеу кезінде ескереді.
1-параграф. Пайдалану аяқталғаннан кейін қоршаған ортаға ықтимал теріс әсер ететін технологиялық жабдықты демонтаждау және жою
17. Технологиялық жабдықты бөлшектеу жөніндегі нақты көлемдер өнеркәсіптік алаңдағы технологиялық жабдықты жою жоспарын жасау сәтіндегі нақты жай-күйіне қарай белгіленеді.
18. Демонтаждау бойынша физикалық көлемдер мен құнды айқындау I санаттағы объектінің өнеркәсіптік алаңындағы пайдалану аяқталғаннан кейін қоршаған ортаға ықтимал теріс әсер ететін технологиялық жабдыққа қатысты жүзеге асырылады.
Демонтаждалатын технологиялық жабдықта тұрақты органикалық ластағыштар, озонды бұзатын, радиоактивті, уытты, экоуытты және қауіпті химиялық заттар болған кезде оларды қауіпсіз алу, сақтау, дезактивациялау, залалсыздандыру, қалпына келтіру және (немесе) жою үшін қажетті жұмыстар мен шығындар қосымша айқындалады.
19. Өнеркәсіптік алаңнан тыс орналасқан, бірақ I санаттағы объектіні пайдалану кезінде тікелей іске қосылған және өзге мақсаты жоқ, пайдалану аяқталғаннан кейін қоршаған ортаға ықтимал теріс әсер ететін технологиялық жабдық болған кезде оларды жою шеңберінде демонтаждауға арналған шығындар да есептеу енгізілуге жатады.
20. Технологиялық жабдықты, пайдалану аяқталғаннан кейін қоршаған ортаға ықтимал теріс әсер ететін алып тастау (әкету) мақсаттары үшін оны өнеркәсіптік алаңнан тыс, одан әрі пайдалану орындарына не, егер мұндай технологиялық жабдық қалдықтар санатына өтсе, бұл қалдықтарға Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес қалпына келтіру және (немесе) жою жөніндегі операциялар жүргізілетін орындарға тасымалдау жөніндегі шығындар (оның ішінде тасымалдауға, тиеуге, түсіруге дайындауға арналған шығындар) қосымша айқындалады.
2-параграф. Қалдықтарды қалпына келтіру, кәдеге жарату және (немесе) жою
21. Осы Әдістеменің мақсаттары үшін қалдықтарды қалпына келтіруге, кәдеге жаратуға және (немесе) жоюға арналған физикалық көлемдер мен шығындар I санаттағы объектіні пайдаланудан шығару кезінде өнеркәсіптік алаң шегіндегі қалдықтардың болжалды қалдық мөлшеріне, сондай-ақ жою процесінде пайда болатын болжалды қалдықтарға (құрылыстарды демонтаждаудан және бұзудан, технологиялық жабдықтарды демонтаждаудан, бүлінген жерлерді рекультивациялаудан, жұмыстарды орындаудан қалдықтар) қатысты айқындалады.
22. Қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі операциялардың түрлері экологиялық рұқсаттың бөлігі болып табылатын қалдықтарды басқару бағдарламасына сәйкес айқындалады.
3-параграф. Бүлінген жерлерді рекультивациялау
23. Бүлінген жерлерді рекультивациялау (бұдан әрі – рекультивациялау) белгілі бір мақсатты пайдалану үшін бүлінген жерлерді, оның ішінде бүлінген жерлердің теріс әсері нәтижесінде өз құндылығын толық немесе ішінара жоғалтқан іргелес жер учаскелерін қалпына келтіруге, сондай-ақ қоршаған ортаның жағдайларын жақсартуға бағытталған жұмыстар кешені деп танылады.
24. Рекультивациялау Қазақстан Республикасының жер және экология заңнамасының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады.
25. Рекультивациялау бойынша физикалық көлемдер мен шығындарды анықтау мына кезеңдерге:
1) Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес іздестіру жұмыстарын жүргізуге;
2) рекультивациялау жобасын әзірлеуге;
3) рекультивациялаудың техникалық кезеңін орындауға;
4) рекультивациялаудың биологиялық кезеңін орындауға (ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы мақсатында не кез келген мақсатта, топырақтың құнарлылығын қалпына келтіруді талап ететін мақсаттарында одан әрі пайдалануға арналған жерлер үшін) қатысты жүзеге асырылады.
26. Рекультивациялаудың техникалық кезеңі жерде жұмыстарды, жергілікті жердің (ландшафтардың) рельефін жоспарлау, гидрологиялық режимді қалпына келтіру мақсаттарында топырақтарда арнайы жұмыстарды, топырақтың құнарлы қабатын алу және қолдану жұмыстарын орындауды, сондай-ақ рекультивацияланған жерлерді нысаналы мақсатта одан әрі пайдалану үшін немесе топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру бойынша іс-шараларды жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасайтын жұмыстарды (биологиялық кезең) жүргізуді қамтиды. Бұрма арықтар мен суағарларды, арналы каналдарды, сулы-батпақты алқаптарды, гидротехникалық және мелиорациялық құрылысжайларды салу да рекультивациялаудың техникалық кезеңіне жатады.
27. Рекультивациялаудың биологиялық кезеңі топырақтың экологиялық функцияларын және биологиялық өнімділікті, сондай-ақ экожүйе түрлерінің әртүрлілігін қалпына келтіру үшін жағдайлар жасауға бағытталған, жерлердің жоғалған сапалық жай-күйін (оның ішінде құнарлылығын) қалпына келтіру бойынша агротехникалық, биологиялық және фитомелиорациялық іс-шаралар кешенін қамтиды.
28. Рекультивациялаудың биологиялық кезеңіне арналған шығындар мынадай:
1) топырақты дайындауға;
2) топырақтың жоғарғы қабатын сатып алуға (қажет болғанда) және ауыстыруға баламалы асырауға қолайлы қоректік ортаны қолдануға;
3) себу үшін топырақты дайындауға – ағынды баяулату үшін контуры бойынша топырақтың жоғарғы қабатын қопсытуға немесе тырмалауға;
4) топырақты сынау негізінде – қоректік заттарды қамтамасыз ететін, физикалық сипаттамаларын жақсартатын, қышқылдықты (рН) түзететін немесе топырақ микроорганизмдерін қамтамасыз ететін тыңайтқыштарды, мелиоранттарды сатып алуға және ұрықтандыруға;
5) құнарлы қабаттың тұрақтылығы мен оның эрозиясын азайтуды қамтамасыз ету мақсатында эрозияға қарсы шараларға;
6) тұқымдарды сатып алуға және себуге;
7) ағаштардың немесе бұталардың көшеттерін сатып алуға және отырғызуға;
8) рекультивацияланған жерлердің периметрі бойынша қоршаулар орнатуға (оларды үшінші тұлғалардың, жануарлардың бұзуынан қорғау қажет болғанда);
9) рекультивациялаудың биологиялық кезеңі толық аяқталғанға дейін екпелердің мониторингіне және оларды ұстап тұруға арналған шығыстарды қамтиды.
4-параграф. Жерүсті және жерасты сулары, атмосфералық ауа сапасының, топырақ пен өсімдіктің жай-күйі сапасының мониторингі
29. Жою жоспарында жүргізілген жоюдың тиімділігін бағалау мақсатында жерүсті және жерасты сулары, атмосфералық ауа сапасының, топырақ пен өсімдіктің жай-күйі сапасының жоюдан кейінгі мониторингін (бұдан әрі – мониторинг) жүргізу көзделеді.
30. Мониторингтің мазмұны, ауқымы және ұзақтығы берілген экологиялық рұқсаттың шарттарына сәйкес айқындалады.
31. Мониторинг жүргізумен байланысты шығыстар мыналарды:
1) күрделі шығындарды (мысалы, бақылау бекеттерін, жерүсті сулары, атмосфералық ауа сапасының мониторингі станцияларын, жерасты суларының мониторингтік ұңғымаларын, зерттеулерге арналған эксперименттік алаңдарды жайластыруға және байланысты құрылыстарға, жабдықтарды, аспаптарды, датчиктерді сатып алуға және орнатуға);
2) пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге, сынамалар алуға, зертханалық зерттеулерге, деректерді талдауға және уәкілетті органға есептілік ұсынуға арналған ағымдағы шығындарды қамтиды.
32. Қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін есептеуге мониторинг мақсаттары үшін жайластырылған құрылыстарды және (немесе) жабдықтарды мониторинг аяқталғаннан кейін жоюға арналған шығындар да қосылады.
5-параграф. Экологиялық рұқсаттың шарттарында көзделген жою бойынша жұмыстарды орындау
33. Егер экологиялық рұқсатта арнайы жұмыстар мен іс-шараларды орындау бойынша шарттар (мысалы, арнайы бақылаулар, іздестірулер жүргізу, гидрогеологиялық ұңғымаларды жою немесе консервациялау, техногендік су айдындары мен ағын суларға, оның ішінде тоғандарға, жинақтағыштарға, каналдарға қатысты ерекше шаралар, су айдындарына балық жіберу, биоәртүрлілікті және экожүйелік көрсетілетін қызметтерді қалпына келтіру бойынша шаралар, қоршаулар, ескерту белгілерін орнату) көзделген болса, осындай жұмыстар қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін есептеген кезде ескеріледі.
3-тарау. Қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін есептеу
34. Қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін I санаттағы объектінің операторы мынадай формула бойынша есептейді:
О = (Рнегізгі. + Рқосымша) (1 + Рақп.)^П,
мұнда:
О – қаржылық қамтамасыз ету мөлшері, теңге;
Рнегізгі – тарату жөніндегі негізгі жұмыстардың жоспарлы құны (тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу), теңге;
Рқосымша – тарату бойынша қосымша шығындарға қатысты жоспарланған құн, теңге;
Рақп. – қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін есептеудің қолданылу кезеңіне жыл сайынғы инфляцияның болжамды мөлшерлемесі,%. Жыл сайынғы инфляцияның болжамды мөлшерлемесінің мөлшері мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлеген және Қазақстан Республикасының Үкіметі мақұлдаған, қаржылық қамтамасыз ету мөлшері айқындалатын айдың бірінші жұмыс күніне арналған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамында белгіленген инфляцияның орташа мәніне тең болып айқындалады;
^ – дәрежесінде;
П – қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін есептеудің жеті жылға тең қолданылу кезеңі (жылдармен).
6-параграф. Тарату жөніндегі негізгі жұмыстар мен іс-шаралардың жоспарланған құнын айқындау
35. Тарату жөніндегі негізгі жұмыстар мен іс – шаралардың жоспарланған құнын (бұдан әрі – негізгі шығындар) айқындауды I санаттағы объектінің операторы осы Әдістеменің 2-тарауында көзделген есепті әзірлеу шеңберінде ағымдағы нарықтық бағаларды жұмыстар мен іс-шараларды орындау жүзеге асырады.
36. Есептеуді дайындау кезінде ақпараттың сенімді көздерін пайдаланумен, сондай-ақ шығындардың әр санаты бойынша анықтау кезінде біркелкі тәсілдер мен әдіснаманы қолданумен қамтамасыз етілетін негізділік пен дәйектілік маңызды шарт болып табылады. Есепте I санаттағы объектінің операторы негізделген ақпарат көздерінің сипаттамасы келтіріледі.
37. Тиісті тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің нарықтық құны туралы ақпарат көздері ретінде І санаттағы объектісінің операторы оларды өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінен алынған ақпаратты (прайс-парақтарды, коммерциялық ұсыныстарды), сондай-ақ ашық қолжетімділіктегі коммерциялық ақпараттың көздерін пайдаланады.
Бұл ретте тиісті тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарланатын құны осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес алынған деректердің орташа арифметикалық мәні бойынша ескеріледі. Орта арифметикалық мән ашық қолжетімділіктегі кемінде үш кәсіпкерлік субъектісінің және (немесе) коммерциялық ақпарат көздерінің деректері бойынша айқындалады.
38. Тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарланған құнын қалыптастыру үшін кәсіпкерлік субъектілері ұсынатын ақпарат осындай кәсіпкерлік субъектілері мынадай өлшемшарттарға сәйкес келген жағдайда пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасының рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес тиісті қызметті жүзеге асыруға (жұмыстарды орындауға, қызметтерді көрсетуге, тауарларды сатуға) лицензиясының және (немесе) рұқсатының болуы;
2) ақпарат сұратылған кезде кемінде үш жыл қызметті жүзеге асыруы;
3) жұмыстарға қатысты – бекітілген жұмыстарды жүргізудің технологиялық регламентінің, техникалық басшылар мен мамандардың білікті құрамының болуы.
39. Тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау кезінде кәсіпкерлік субъектілерінің:
1) банкроттық немесе жойылу сатысындағы;
2) дәрменсіз борышкерлер тізіміндегі;
3) әрекетсіз деп танылған салық төлеушілер тізіміндегі;
4) жалған кәсіпорындар деп танылған салық төлеушілер тізіміндегі;
5) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміндегікәсіпкерлік субъектілерінің ақпараты пайдаланыла алмайды.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген өлшемшарттардың болуын (болмауын) тексеру мемлекеттік органдардың ашық деректері және (немесе) өз құзыреті шегінде осындай мемлекеттік органдардан сұрау бойынша алынған ақпарат негізінде жүзеге асырылады.
40. Негізгі шығындарды айқындау сондай-ақ мемлекеттік органдар, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары өз құзыреті шегінде жариялайтын және тиісті тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің ағымдағы бағалары туралы ақпаратты қамтитын анықтамалықтарға және ақпарат көздеріне (осындай анықтамалықтар және ақпарат көздері болған кезде) негізделеді.
41. Мердігердің шығындары таратуды жүзеге асыру үшін жалданатын адамның пайдасы мен үстеме шығындарын білдіреді.
Мердігердің шығындары осы Әдістеменің 37-тармағына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінен алынған құн туралы ақпаратқа сәйкес негізгі шығындарға енгізілген болып есептеледі.
42. Қалдықтарды рекультивациялауға, қалпына келтіруге және (немесе) жоюға арналған негізгі шығындарды айқындау тиісті қызмет түрлерін жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдар қызметтерінің нарықтық құнын талдау негізінде жүзеге асырылады.
7-параграф. Тарату бойынша қосымша шығындарға қатысты жоспарланған құнды айқындау
43. Қосымша шығындар – бұл тарату жұмыстары басталғанға дейін немесе оны жүргізу кезінде пайда болатын негізгі шығындардан асатын резервтер мен шығындар. Тарату жөніндегі жұмыстар мен іс-шараларды жоспарлауға, жобалауға, келісімшарттар жасасуға, әкімшілендіруге, басқаруға немесе іс жүзінде орындауға байланысты осындай қосымша шығындар.
44. Қосымша шығындардың құрамына мынадай шығындар санаттары кіреді:
1) жобалау;
2) жұмылдыру және демобилизация;
3) күтпеген шығыстар.
45. Қосымша шығындар негізгі шығындардың пайызы ретінде есептеледі, бұл ретте мұндай негізгі шығындарға қосымша шығындар қосылмайды.
Осы параграфта келтірілген пайыздар бағдарлы болып табылады және есепті құрастырушы қажет болған жағдайда неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен пайызды қолдануды немесе қосымша шығындарды айқындауға баламалы тәсілді пайдалануды негіздейді.
46. Жобалауға арналған шығыстар банкроттық немесе I санаттағы объектінің операторы тарату жүргізуден бас тартқан жағдайда тарату үшін жобалау құжаттарын дайындауға мемлекет жұмсайтын шығыстарды білдіреді.
Жобалаудың жоспарланған құны негізгі шығындардың жоспарланған құнының бес пайызына дейін құрайды және болжамды жоюдың күрделілігіне қарай есептеледі.
47. Жұмылдыру мен демобилизацияға арналған шығындар күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда персоналды, жабдықты, жабдықтау заттарын жою орнына және кері ауыстыруға арналған қосымша шығындар болып табылады.
Жұмылдыру мен демобилизацияға арналған шығындарды есептеу кезінде I санаттағы объектінің қашықтығы, жабдықтың қолжетімділігі, жолдарды пайдалануға шектеулер мен рұқсаттар сияқты факторларды ескеру қажет.
Жұмылдыру және демобилизация шығындары негізгі шығындардың пайызы ретінде есептеледі және негізгі шығындардың бес пайызын құрайды. Шығындар персоналды, жабдықты, жабдықтау заттарын жұмылдыруға және демобилизациялауға қатысты жеке есептеледі.
48. Болжанбаған шығыстар алдын ала дұрыс есептеу мүмкін болмайтын физикалық көлемдерді және (немесе) шығындарды есептеудегі кемшіліктерді түзетуге арналған шығыстар болып табылады.
Күтпеген шығыстар жоюды жүргізу үшін талап етілетін жұмыстардың көлемі мен түрлерінің ықтимал өзгеруіне, сондай-ақ негізгі жұмыстардың түрлерінің жоспарланған құнының өзгеруіне байланысты шығыстарды қамтиды.
Күтпеген шығыстар қаржылық қамтамасыз ету мөлшерін айқындау сәтінде болжау мүмкін болмайтын жұмыстарды орындауға арналған шығыстарды жабуға арналған, олар жою жоспарының нақтылануына қарай не іс жүзіндегі жұмыстар мен жою жөніндегі іс-шараларды жүргізу процесінде немесе нәтижелері бойынша расталатын болады. Мұндай шығындар жер учаскесіндегі жергілікті жағдайлардың өзгеруіне, қажетті жұмыс түрлерінің өзгеруіне, қолайсыз ауа-райына, шикізат пен материалдардың жетіспеушілігіне байланысты.
Жою жөніндегі жұмыстардың күрделілігі мен көлеміне қарай күтпеген шығыстардың мөлшері негізгі шығындар мөлшерінің он пайызына дейін құрайды.
49. Қосымша шығындар туралы деректер және оларды айқындау тәртібі I санаттағы объектінің операторы негізделген барлық ақпаратты сипаттай отырып, есепте көрсетіледі.
4-тарау. Күрделі құрылыс объектілері (ғимараттар, құрылысжайлар, кешендер) бойынша қайта бейіндеу жоспары.
50. Объектілерді пайдалану салдарын жою жөніндегі жұмыстардың құнына кірмеген күрделі құрылыс объектілері (ғимараттар, құрылысжайлар, кешендер) бойынша жою жоспарына қосымша болып табылатын қайта бейіндеу және (немесе) оларды өзге де пайдалану жөніндегі жоспарлар сметалық құнсыз әзірленуге тиіс.
51. Осы Әдістемеде қайта бейіндеу деп ғимараттың функционалдық мақсатын реконструкциялаумен немесе онсыз өзгерту, ғимараттарды немесе үй-жайларды оның жобалау-сметалық және кадастрлық құжаттамасынан ерекшеленетін қызмет түрі ретінде бейімдеу түсініледі.
52. Қайта құру жоспары еркін түрде жасалады және келесі бөлімдерден тұруы керек:
1) 1-бөлім. "Кіріспе";
2) 2-бөлім. "Жалпы ақпарат";
3) 3-бөлім. "Объектілерді қайта бейіндеу жөніндегі іс-шаралардың сипаттамасы".
53. Қайта бейіндеу жоспарының "Кіріспе" 1-бөлімінде объектілерді қайта бейіндеу мақсаты, қайта бейіндеуге байланысты жоспарланатын қызмет түрлері, осындай болған кезде бұрынғы қайта бейіндеу жоспарларымен арақатынасы сипатталады.
54. Қайта бейіндеу жоспарының "Жалпы ақпарат" 2-бөлімінде қайта бейіндеу объектілерінің сипаттамасы, қайта бейіндеу объектісі орналасқан аудандағы қоршаған ортаның қазіргі жай-күйі келтіріледі.
55. 3-бөлім "Объектілерді қайта бейіндеу жөніндегі іс-шаралардың сипаттамасы" Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қажетті іс-шаралардың сипаттамасын және құжаттардың (рұқсаттардың, хабарламалардың және т.б.) тізбесін қамтиды.