Атмосфералық ауаға жол берілетін антропогендік әсер етудің нормативтерін айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 14 қыркүйектегі № 375 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 22 қыркүйекте № 24462 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 201-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Атмосфералық ауаға жол берілетін антропогендік әсер етудің нормативтерін айқындау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Экология,
геология және табиғи ресурстар министрі
С. Брекешев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Төтенше жағдайлар министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрі 2021 жылғы
14 қыркүйектегі № 375
бұйрығына қосымша

Атмосфералық ауаға жол берілетін антропогендік әсер етудің нормативтерін айқындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Атмосфералық ауаға жол берілетін антропогендік әсер етудің нормативтерін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 201-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және атмосфералық ауаға ұйғарынды антропогендік әсер ету нормативтерін айқындау тәртібін белгілейді.

      2. Қағидаларда пайдаланылатын негізгі түсініктер мен айқындалар:

      1) ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындылар – қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ең үздік қолжетімді техникалар бойынша анықтамалықтардың негізінде бекітілген рұқсат құжаты, олар мынадай ережелерді қамтиды: ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі тұжырымдар; ең үздік қолжетімді техникалардың сипаттамасы; ең үздік қолжетімді техникалардың қолданылуын бағалауға қажетті ақпарат; ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты эмиссиялардың деңгейлері; ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты өзге де технологиялық көрсеткіштер, оның ішінде энергетика, су ресурстары мен өзге де ресурстарды тұтыну деңгейлері; ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты мониторинг жөніндегі талаптар; ремедиация жөніндегі талаптар;

      2) ең үздік қолжетімді техникалар (ЕҮҚТ) – қызмет түрлері мен оларды жүзеге асыру әдістерінің неғұрлым тиімді және озық даму сатысы, бұл олардың қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсер етуді болғызбауға немесе, егер бұл іс жүзінде жүзеге асырылмаса, барынша азайтуға бағытталған технологиялық нормативтер мен өзге де экологиялық шарттарды белгілеуге негіз болу үшін практикалық жарамдылығын куәландырады;

      3) маркерлік ластағыш заттар – өндірістің немесе технологиялық процестің нақты түрінің эмиссиялары үшін неғұрлым маңызды ластағыш заттар, олар осындай өндіріске немесе технологиялық процеске тән ластағыш заттар тобынан таңдап алынады және олардың көмегімен топқа кіретін барлық ластағыш зат эмиссиясының мәнін бағалауға болады;

      4) технологиялық нормалау объекті – шаруашылық қызмет жүзеге асырылатын немесе жүзеге асыру жоспарланатын, ЕҮҚТ бойынша анықтамалықтарда оларға қатысты ұқсас технологиялық процестер сипатталған антропогендік әсер ететін объект, сондай-ақ оның бір бөлігі;

      5) техника – пайдаланылатын технологиялар, сондай-ақ объектіні жобалауға, салуға, қызмет көрсетуге, пайдалануға, басқаруға және пайдаланудан шығаруға қолданылатын тәсілдер, әдістер, процестер, практикалар, ұстанымдар мен шешімдер;

      6) технологиялық норматив – кешенді экологиялық рұқсатта эмиссиялар көлемінің бірлігіндегі маркерлік ластағыш заттардың шекті саны (массасы); уақыт бірлігіне немесе өндірілетін өнімнің (тауардың), орындалатын жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бірлігіне есептелетін электр және (немесе) жылу энергиясының, өзге ресурстардың тұтынылу мөлшері түрінде белгіленетін экологиялық нормативтер;

      7) табиғи ортаға жол берілетін физикалық әсер ету нормативі – әрбір көз үшін жылудың, шудың, дірілдің, иондаушы сәулеленудің, электрмагнит өрісі кернеуінің және өзге де физикалық әсер етудің табиғи орта құрамдастарына жол берілетін әсер ету деңгейлері түрінде белгіленетін экологиялық норматив, онда барлық басқа көзбен жиынтығында осындай көзден жағымсыз физикалық әсер ету табиғи ортаға шекті жол берілетін физикалық әсер етудің белгіленген деңгейлерінің артуына алып келмейді;

      8) физикалық әсер етудің шекті жол берілетін деңгейі (ШЖБД) – халыққа күндіз-түні әсер ету үшін белгіленген, бұл ретте жануарлардың, өсімдіктердің, экологиялық жүйелер мен биоәртүрлілікке зиянды әсер етілмейтін физикалық әсер етудің жекелеген түрлерінің (шудың, дірілдің, электрлік, электрмагниттік және магниттік өрістердің, радиацияның, жылудың) ең жоғары деңгейі.

2-тарау. Атмосфералық ауаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін анықтау тәртібі

      3. Кодекстің 201-бабының 1-тармағына сәйкес атмосфералық ауаға жол берілетін антропогендік әсер етудің мынадай нормативтері белгіленеді:

      жол берілетін шығарындылар нормативтері;

      шығарындылардың технологиялық нормативтері;

      атмосфералық ауаға жол берілетін физикалық әсер ету нормативтері.

1-параграф. Жол берілетін шығарындылар нормативтері

      4. Жол берілетін шығарындылардың нормативтері Кодекстің талаптарына және Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 10 наурыздағы № 63 бұйрығымен бекітілген Қоршаған ортаға эмиссиялардың нормативтерін айқындау әдістемесіне сәйкес айқындалады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №22317 тіркелді).

2-параграф. Шығарындылардың технологиялық нормативтері

      5. Технологиялық нормативтер кешенді экологиялық рұқсатта белгіленеді және ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларда белгіленген оларды нақты қолдану салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты тиісті технологиялық көрсеткіштерден (олар бар болса) аспауға тиіс.

      6. Технологиялық нормативтердің негіздемесі объектінің операторы кешенді экологиялық рұқсат алуға өтінішпен бірге қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беретін технологиялық нормативтердің жобасында қамтамасыз етіледі.

      7. Технологиялық нормалау объектілеріне арналған технологиялық нормативтердің жобасында мыналар келтіріледі:

      технологиялық нормалау объектілері мен маркерлік ластағыш заттар айқындалатын бөлім;

      технологиялық нормалау объектілеріне талдау жүргізілетін бөлім;

      шығарындылардың технологиялық нормативтері айқындалатын бөлім.

      8. Технологиялық нормалау объектілері мен маркерлік заттар өнімді өндіру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету бойынша технологиялық операцияларды жүргізуді регламенттейтін қолда бар техникалық құжаттаманы (жобалық (конструкторлық) құжаттама, технологиялық регламенттер, пайдалану бойынша нұсқамалар (нұсқаулықтар), схемалар, техникалық шарттар және басқа эксплуатациялық құжаттама) талдау арқылы және оларды ең үздік қолжетімді техникалар бойынша тиісті айқындамалықтармен және қорытындылармен салыстыру арқылы анықталады.

      9. Технологиялық нормалау объектілері мен маркерлік заттарды айқындау нәтижесі болып табылады:

      анықталған технологиялық нормалау объектілері;

      технологиялық нормалау объектілерінде түзілген маркерлік ластағыш заттар;

      әрбір технологиялық нормалау объектісі үшін және жалпы объект үшін маркерлік ластағыш заттардың эмиссияларының (шығарындыларының) деңгейлері.

      10. Технологиялық нормалау объектілерін талдауға объектіде қолданылатын техникаларды айқындау, шығарындылардың сандық және сапалық сипаттамаларын анықтау кіреді.

      Қоршаған ортаға антропогендік әсер ететін қолданыстағы объектілер үшін талдау техникалық құжаттаманы, кешенді экологиялық рұқсат алу үшін арыз берілген бірнеше жыл ішінде, бірақ кем дегенде алдыңғы бес жыл ішінде өндірістік экологиялық бақылау нәтижелерін пайдалану арқылы жүргізіледі. Шығарындылардың көрсеткіштері ең үздік қолжетімді технологиялар бойынша қорытындыларда белгіленген оларды қолданудың нақты салаларына бойынша ең үздік қолжетімді техникаларды қолданумен байланысты технологиялық көрсеткіштерге сәйкес келмеген жағдайда экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасына сәйкес шығарындылардың жоспарланатын көрсеткіштері талдаудың аясында қосымша айқындалады.

      Қоршаған ортаға антропогендік әсер ететін және пайдалануға енгізу жоспарланған объектілерді талдау объектіні салу, қайта салу және пайдалану бойынша жобалық құжаттаманың деректерін пайдалану арқылы жүргізіледі.

      11. Шығарындылардың технологиялық нормативтерді айқындауға тиісті негіздемелер мен есептеулер кіреді. Негіздемелер ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі айқындамалықтарда келтіріледі, есептеулер ұйғарынды өнімді шығару мөлшеріне негізделіп жүргізіледі.

3-параграф. Атмосфералық ауаға жол берілетін физикалық әсер ету нормативтері

      12. Табиғи ортаға жол берілетін физикалық әсер ету нормативі деп әрбір көз үшін жылудың, шудың, дірілдің, иондаушы сәулеленудің, электрмагнит өрісі кернеуінің және өзге де физикалық әсер етудің табиғи орта құрамдастарына жол берілетін әсер ету деңгейлері түрінде белгіленетін экологиялық норматив түсініледі, онда барлық басқа көзбен жиынтығында осындай көзден жағымсыз физикалық әсер ету табиғи ортаға шекті жол берілетін физикалық әсер етудің белгіленген деңгейлерінің артуына алып келмейді.

      13. Физикалық әсер ету деңгейлері нақты аумақ немесе акватория үшін тән табиғи факторлардың әсерімен қалыптасқан табиғи жағдайларды, сондай-ақ аумақтарды немесе акваторияларды пайдалану мақсатын ескере отырып белгіленеді.

      14. Жол берілетін физикалық әсер ету нормативтері I және II санаттағы нысандар үшін мыналардан аспайтын деңгейлерде:

      1) қоршаған ортаға әсерді міндетті бағалау жүргізілген жағдайда –Кодекстің 76-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижелері бойынша қорытындыда көрсетілген тиісті шекті мәндерден аспайтын деңгейлерде;

      2) осы Кодекске сәйкес белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізген жағдайда, оның нәтижелері бойынша қоршаған ортаға әсерді міндетті бағалау қажет емес екені туралы қорытынды шығарылса, – осы Кодекстің 68-бабы 2-тармағының 9) тармақшасына сәйкес белгіленіп отырған қызмет туралы өтініште көрсетілген тиісті мәндерден аспайтын деңгейлерде белгіленеді.

      Қолданыстағы объектілер үшін жол берілетін физикалық әсерлердің нормативтері кешенді экологиялық рұқсатты алу туралы арызда белгіленген деңгейлерде белгіленеді.

      Кешенді экологиялық объектілер үшін жол берілетін физикалық әсер ету нормативтері ең үздік қолжетімді техникалар бойынша қорытындыларда (егер болса) келтірілген тиісті технологиялық көрсеткіштерден аспайтын деңгейде белгіленеді.

      15. Жол берілетін физикалық әсер ету нормативтерін оператор өзінің аккредиттелген зертханасы болған кезде не ол болмаған кезде бөгде мамандандырылған ұйымдарды (аккредиттелген зертханаларды) тарта отырып дербес айқындайды.

      16. Белгіленген қызмет үшін жол берілетін физикалық әсерлердің нормативтері, сондай-ақ қызметке айтарлықтай өзгерістер енгізген кездегі нормативтер жеке құжат түрінде – белгіленген қызметтің тиісті жобалық құжаттамасына қатысты әзірленетін жол берілетін физикалық әсер ету нормативтерінің жобасы түрінде есептеліп, негізделеді және Кодекске сәйкес экологиялық рұқсатты алуға өтінішпен бірге беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады