"Бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің, электр станцияларының, аудандық қазандықтардың, электр және жылу желілерінің жұмысындағы технологиялық бұзушылықтарға тергеп-тексеру жүргізу және оларды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 121 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2021 жылғы 29 қыркүйектегі № 301 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 5 қазанда № 24612 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің, электр станцияларының, аудандық қазандықтардың, электр және жылу желілерінің жұмысындағы технологиялық бұзушылықтарға тергеп-тексеру жүргізу және оларды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 121 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10558 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің, электр станцияларының, аудандық қазандықтардың, электр және жылу желілерінің жұмысындағы технологиялық бұзушылықтарға тергеп-тексеру жүргізу және оларды есепке алу қағидаларында:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің, электр станцияларының, аудандық қазандықтардың, электр және жылу желілерінің жұмысындағы технологиялық бұзушылықтарға тергеп-тексеру жүргізу және оларды есепке алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 32) тармақшасына сәйкес әзірленді және бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің, электр станцияларының, аудандық қазандықтардың, электр және жылу желілерінің жұмысындағы технологиялық бұзушылықтарға тергеп-тексеру жүргізу және оларды есепке алу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бос тұру – энергия қондырғысының жұмыссыз жай-күйі;

      2) диспетчерлік технологиялық басқару – диспетчер жүзеге асыратын және диспетчерлік және технологиялық басқарудың автоматтандырылған жүйелері арқылы электр желілерінің жұмыс істеу режимдерін бақылау және басқару міндеттерін шешу үшін, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың істен шығулар мен зақымдануларға ден қою және оларды жою шараларын қабылдауды қажет ететін технологиялық бұзушылықтардың туындау алғышарттары немесе туындауы туралы хабарламаларын қабылдауға және өндеуге арналған процесс;

      3) дүлей құбылыстар – табиғи ықпалдардың әсерінен, оның ішінде апаттың және зілзаланың салдарынан қоршаған ортаның бұзылуының, өзгеруінің болуын немесе болу мүмкіндігін сипаттайтын, адам мен қоғамның өмірлік маңызды мүдделеріне қауіп төндіретін жағдай;

      4) еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға – өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін немесе жұмыс берушінің тапсырмаларын орындауы кезінде жұмыскердің өндірістік жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы нәтижесінде оның еңбекке қабілеттілігінен уақытша немесе тұрақты айырылуына не қайтыс болуына әкеп соқтырған зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік фактордың жұмыскерге әсер етуі;

      5) жедел емес персонал – жедел және жедел-жөндеу персоналынан басқа персонал;

      6) жергілікті атқарушы орган (әкімдік) – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

      7) жүйелік оператор – орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқаруды, басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс істеуді қамтамасыз етуді, энергия жүйесіндегі теңгерімді ұстап тұруды, жүйелік қызметтер көрсетуді және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінен қосалқы көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ электр энергиясын ұлттық электр желісі бойынша беруді, оған техникалық қызмет көрсетуді және оны пайдалану әзірлігінде ұстап тұруды жүзеге асыратын ұлттық компания;

      8) жүктемені толық түсіру – электр станциясының электр немесе жылу жүктемесін түсіруі;

      9) Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесі – Қазақстан Республикасының тұтынушыларын сенімді және сапалы энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ететін электр станцияларының, электр беру желілері мен кіші станциялардың жиынтығы;

      10) қате әрекеттер – технологиялық бұзушылыққа әкеп соққан немесе оның пайда болуының алдын алмаған персоналдың әрекеті немесе әрекетсіздігі;

      11) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган – өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      12) тергеп-тексеру – технологиялық бұзушылықтың туындау себептерін анықтау үшін құрылған комиссия жүзеге асыратын іс-шара;

      13) технологиялық бұзушылық – электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру, беру, тұтыну процесінің бұзылуына алып келген жабдықтың, электр және (немесе) жылу желілерінің істен шығуы немесе зақымдануы, оның ішінде жану немесе жарылыс, белгіленген режимдерден ауытқу, жабдықты рұқсатсыз өшіру немесе оның жұмыс істеу қабілетін шектеу немесе оның бүлінуі салдарынан істен шығуы немесе зақымдануы.

      Технологиялық бұзушылықтар осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес Технологиялық бұзушылықтар жіктеуінде келтірілген өлшемшарттарға сәйкес жіктеледі.

      Технологиялық бұзушылық белгілері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес Технологиялық бұзушылық себептерін жіктеу белгілерінде келтірілген;

      14) істен шығу – энергия кәсіпорнының немесе оның жабдығының жұмысқа жарамдылық жай-күйінің бұзылғанын білдіретін процесс;

      15) энергетикалық кәсіпорындар – энергия беруші, энергия өндіруші және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар;

      16) энергия қондырғысы – жылу немесе электр энергиясын өндіруге, жинауға, өзгертуге, беруге, таратуға немесе тұтынуға арналған жабдық;

      17) энергия торабы – жылу және электрмен жабдықтау саласындағы инфрақұрылым тұтастығына ие оқшауланған аумақ.".

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
М. Мирзагалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады