Азаматтық қорғау органдарының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізудің қағидалары мен әдістемесін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 5 қазандағы № 498 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 8 қазанда № 24665 болып тіркелді.

      "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 54-1-бабы 6-тармағының екінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 10.08.2022 № 21 (11.09.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы азаматтық қорғау органдарының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізудің қағидалары мен әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Медициналық-психологиялық қызмет басқармасы:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
Ю. Ильин

  Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
2021 жылғы 5 қазандағы
№ 498 Бұйрығымен
бекітілді

Азаматтық қорғау органдарының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізу қағидалары мен әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтық қорғау органдарының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай - күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізудің қағидалары мен әдістемесі (бұдан әрі-Қағидалар) азаматтық қорғау органдары жүйесінің бөлімшелеріндегі (бұдан әрі – АҚО) моральдық-психологиялық ахуалға жыл сайынғы социологиялық мониторинг жүргізудің тәртібін айқындайды.

      Осы қағидалар әрекеті "азаматтық қорғау" арнаулы атағы берілген қызметкерлерге қатысты қолданылады.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар мен терминдер:

      1) басшылық стилі‒басқарушылық функцияларды тиімді және сапалы орындау мақсатында басшының ұжымға әсер ету тәсілдерінің, әдістерінің, амалдарының тұтас, салыстырмалы тұрақты жүйесінің жеке-типтік ерекшеліктері;

      2) кәсіби қызмет ‒ еңбек түрі, оны саралаудың салдары. Кәсіби қызметтің жетістігі оның операциялық, ұйымдастырушылық, психологиялық және моральдық жақтарын, сондай-ақ жалпыланған кәсіби білімді және еңбек міндеттерін орындаудың оңтайлы тәсілдерін жүзеге асыруға әзір болуды көздейді;

      3) азаматтық қорғау органының бөлімшелерінің моральдық‒психологиялық ахуалы ‒ азаматтық қорғау органының алдында тұрған міндеттерді дұрыс түсінуімен сипатталатын психологиялық күй;

      4) азаматтық қорғау органдарының бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуал жай - күйінің социологиялық мониторингі (бұдан әрі – мониторинг)‒ азаматтық қорғау органдарындағы моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі туралы ақпарат алуға бағытталған әлеуметтік процестер мен құбылыстарды жүйелі зерделеу;

      5) мониторинг жүргізу әдістемесі‒зерттеудің әртүрлі әдістерінің, алынған деректерді алу, қолдану және түсіндіру тәртібінің жиынтығы;

      6) сауалнама - респонденттерден мәліметтер жинау құралы ретінде арнайы ресімделген сұрақтар тізімі - сауалнама пайдаланылатын психологиялық вербалды-коммуникативтік әдіс.

      3. Мониторинг мынадай мақсаттарда жүргізіледі:

      1) проблемалық бөлімшелерді анықтау, қатынастардың құрылымын анықтау;

      2) психологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шараларды әзірлеу;

      3) қызметкерлердің еңбек уәждемесін арттыру, қызметтік жұмысты ұйымдастыру, басқару процесін оңтайландыру, бөлімшелердің бірлігін арттыру;

      4) қызметкерлер жұмысының тиімділігін арттыру;

      5) қызметкерлердің кәсіби және басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалану.

2-тарау. Мониторинг жүргізу тәртібі мен әдістемесі

      4. Мониторингті бөлімше психологтары жыл сайын күнтізбелік жылдың төртінші тоқсанында, күннің бірінші жартысында, ерікті негізде, құпия түрде, сұралатын адамдарға зерттеудің мақсаттары мен анонимділігін алдын ала түсіндіре отырып, қызметкердің қалауы бойынша мемлекеттік не орыс тілдерінде жүргізеді.

      5. Сауалнама ұзақтығы жиырма минуттан алпыс минутқа дейін. Зерттеу нәтижелерін объективті бағалау үшін қызметкерлердің нақты санының кемінде 70% - ы қатысуы қажет.

      6. Азаматтық қорғау бөлімшелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне жыл сайынғы социологиялық мониторинг мынадай жолмен жүргізіледі:

      1) стандартталған тесттер-нәтижелерді жүргізу және өңдеу нұсқаулығымен нақты анықталған сұрақтары бар психологиялық тесттер;

      2) сауалнама – әрқайсысы мониторингтің орталық міндетімен қисынды байланысқан сұрақтар жиынтығы;

      3) әңгімелесу ‒ мәліметтер алу мақсатында диалог жүргізуден тұратын психологиялық вербалды-коммуникативтік әдіс.

      7. Мониторинг автоматтандырылған ақпараттық жүйені пайдалана отырып немесе қағаз тасығыштарда жүргізіледі.

      8. Сауалнама немесе қағаз тасығыштарда тестілеу жағдайында Қызметкер толтырылған сауалнаманы мөрленген контейнерге (урнаға) өз қолымен орналастырады.

      9. Мониторинг жүргізу мына кезеңдерді қамтиды:

      1) дайындық - ұйымдастыру, зерттеу үшін әдістемелерді таңдау;

      2) негізгі - жеке құрам үшін нұсқама өткізу;

      3) қорытынды ‒ алынған деректерді талдау және қорыту, өңдеу, моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйі туралы тұжырымдар және ұсынымдар.

      10. Социологиялық мониторинг жүргізу (уақыты мен орны) бөлімше басшысымен келісіледі.

      11. Мониторинг нәтижелерін түсіндіру субъективті пікірге және қызметкердің оны қызметте қоршаған ортаға қатынасына негізделеді:

      1) Еңбекті ұйымдастыру және оның шарттары;

      2) кәсіби және лауазымдық өсу;

      3) еңбек қызметіне қанағаттану;

      4) басшылықпен қарым-қатынас (басшылық стиліне);

      5) әріптестермен қарым-қатынас;

      6) психологиялық климат.

      12. Мониторинг нәтижелері бойынша қолайлы және қолайсыз климаттың көрсеткіштері айқындалады.

      13. Қолайлы климаттың көсеткіштері:

      1) кәсіби қызметке қанағаттанудың жоғары және ортадан жоғары деңгейі;

      2) пікірлердің келісілуінің жоғары және ортадан жоғары дәрежесі;

      3) басшылар мен бағыныстылардың өзара қолайлы қарым-қатынасы.

      14. Қолайсыз климаттың көрсеткіштері:

      1) қызметкерлердің кәсіби қызметі уәждемесінің өзгеруіне, кәсіби күйзелуіне, кәсіби денсаулығының нашарлауына, кәсіби қызметке қанағаттанушылықтың төмен бағалануына, жұмыста перспективалардың болмауына, еңбектің ауыр жағдайларына, жалақының төмен деңгейіне, әлеуметтік қорғалудың нашарлауына байланысты кадрлардың тұрақтамауы;

      2) ұжымның қызметтік жұмысы тиімділігінің төмендігі, қызметкерлердің кәсіби даярлығының төмен деңгейі, ұжымды басқарудың авторитарлық стилі, орындаушылық тәртіптің төмен деңгейі;

      3) қызметкерлер арасындағы қақтығыстар.

      15. Моральдық-психологиялық ахуалдың жай-күйіне социологиялық мониторинг жүргізу рәсімі мен қорытындыларын (нәтижелерін) бөлімше психологы қамтамасыз етеді.

      16. Мониторинг нәтижелері бойынша іріктеу жеткіліксіз болған не "қолайсыз моральдық-психологиялық ахуал" деген қорытынды шығарылған жағдайда, қайталама мониторинг алты айдан кейін жүргізіледі.

      17. Психолог анықтама түрінде жинақталған ақпаратты бөлімше бастығына ұсынады.

      18. Бөлімше бастығы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне мониторинг жүргізу нәтижелері туралы ақпарат жібереді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады