"Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөнінде тендерлер өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 7 қазандағы № 18-02/896 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 20 қазандағы № 414 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 21 қазанда № 24839 болып тіркелді

      БҰЙРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөнінде тендерлер өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 7 қазандағы № 18-02/896 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12247 болып тіркелген,) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлер өткiзу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Экология,
геология және табиғи ресурстар министрі
С. Брекешев
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар жəне
аэроғарыш өнеркəсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрі
2021 жылғы 20 қазандағы
№ 414 Бұйрыққа
қосымша

Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлер өткiзу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлер өткiзу қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің (бұдан әрi – Кодекс) 35-бабына сәйкес әзiрлендi және мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлер (бұдан әрi – тендерлер) өткiзу тәртiбiн белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:

      1) ағымдағы баға - тендердің екінші кезеңі барысында қалыптасатын тендер нысанының бағасы;

      2) аукцион залы - тендердің екінші кезеңін өткізу үшін қажетті ақпаратты енгізу, сақтау және өңдеу мүмкіндігін қамтамасыз ететін веб-портал бөлімі;

      3) аумақтық бөлімшелер - уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері;

      4) алғашқы баға – осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес тендерді ұйымдастырушы айқындайтын және белгілейтін баға;

      5) бастапқы баға - әлеуетті өнім беруші аукцион өткізілгенге дейін ұсынған, аукционға қатысуға өтінімге қоса берілетін баға;

      6) геоақпараттық сервис - жүргізілген орман орналастыру және (немесе) шаруашылықаралық аңшылық ісін ұйымдастыру бойынша электрондық картада графикалық және мәтіндік түрде ақпаратты орналастыруға арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйенің сервисі;

      7) жеңімпаз - тендер нысаны үшін неғұрлым жоғары баға ұсынған тендерге қатысушы;

      8) кепілдік жарна - қатысушының тендерге қатысу үшін енгізетін ақша сомасы;

      9) қатысушы - тендерге қатысу үшін белгіленген тәртіппен тіркелген және тізілімнің веб-порталы арқылы өтінім берген жеке немесе заңды тұлға;

      10) орман иеленушiлер – мемлекеттiк орман қоры учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен берiлген мемлекеттiк ұйымдар, сондай-ақ осы Кодекске сәйкес жекеше орман қоры учаскесi меншiгiнде болатын жеке және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар;

      11) орман ресурстары - орман қорында болатын, жинақталатын және алынатын сүрек, шайыр және ағаш шырындары, қосалқы сүрек ресурстары, жабайы өсетін жемістер, жаңғақтар, саңырауқұлақтар, жидектер, дәрілік өсімдіктер мен техникалық шикізат, өсімдіктер мен жануарлардан алынатын өзге де өнімдер қоры;

      12) объект - мемлекеттік орман қорының учаскесі;

      13) объектінің электрондық паспорты (бұдан әрі – электрондық паспорт) – объект туралы толық ақпаратты қамтитын электрондық құжат;

      14) орман пайдаланушы – Кодексте белгіленген тәртіппен уақытша орман пайдалану құқығы берілген жеке немесе заңды тұлға;

      15) тендер - тендер жеңімпазына мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ұзақ мерзімді орман пайдалану құқығын беруге бағытталған, бұл ретте жеңімпазды айқындаудың басты критерийі қатысушылар ұсынатын баға болып табылатын сауда-саттық нысаны;

      16) тендер нысаны - мемлекеттік орман қоры учаскесінде ұзақ мерзімді орман пайдалану құқығы;

      17) тендерге қатысушының нөмірі – Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы берген электрондық цифрлық қолтаңба болған кезде тендерге қатысу үшін қатысушыға веб-портал беретін бірегей нөмір;

      18) тендерді ұйымдастырушы (бұдан әрі – ұйымдастырушы) – тендерді дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын жүзеге асыратын және Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес бірыңғай оператормен өзара іс-қимыл жасайтын ведомство немесе облыстың жергілікті атқарушы органы;

      19) түпкілікті баға - тендердің екінші кезеңінің аяқталуы нәтижесінде белгіленген тендер нысанасының бағасы;

      20) Мемлекеттік мүлік тізілімнің веб-порталы (бұдан әрі – веб-портал) – мекенжайы бойынша Интернет желісінде орналастырылған интернет-ресурс www.gosreestr.kz тізілім деректеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынады;

      21) шарт – облыстың жергілікті атқарушы органы мен тендер қорытындылары бойынша жеңімпаз арасында Веб-порталда электрондық түрде жасалатын мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ұзақ мерзімді орман пайдалануға арналған екі жақты келісім;

      22) электрондық құжат - ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

      23) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық сандық таңбалар жиынтығы.

      3. Орман ресурстары мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген жағдайда Кодекстің 31-бабының 1-2-тармағында көзделген орман пайдалану түрлері жүзеге асырылады.

      4. Мемлекеттік орман қоры учаскесінде ұзақ мерзімді орман пайдалану құқығына алғашқы баға мынадай формула бойынша айқындалады:

      N= T*V, мұнда:

      N – мемлекеттік орман қоры учаскесінде ұзақ мерзімді орман пайдалану құқығына алғашқы баға;

      Т – жыл сайынғы мемлекеттік орман кадастрынан 1 га учаске үшін экономикалық бағалау;

      V – ұзақ мерзімді пайдалануға ұсынылған аудан.

2-тарау. Мемлекеттiк орман қоры учаскелерiнде орман ресурстарын ұзақ мерзiмдi орман пайдалануға беру жөнiнде тендерлер өткiзу тәртiбi

      5. Мемлекеттік орман иеленуші:

      1) тендер объектісінің электрондық паспортын қалыптастырады немесе өзектендіреді;

      2) ұйымдастырушыны тендер объектілерінің электрондық паспорттарын қалыптастырудың аяқталғаны туралы хабардар етеді;

      3) тендер өткізілгенге дейін қатысушыларды учаскелермен таныстырады.

      6. Электрондық паспорттарды орман иеленуші Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 9 қарашадағы № 17-02/566 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8181 болып тіркелген) Орман орналастыруды жүргізу нұсқаулығы негізінде әзірленген орман орналастыру материалдарына (бұдан әрі – орман орналастыру материалдары) сәйкес және орман ресурстары нарығының қажеттіліктері туралы ақпаратты ескере отырып дайындайды.

      Орман пайдаланудың жекелеген түрлеріне электрондық паспорттарды қалыптастыру мынадай ерекшеліктер ескеріле отырып жүзеге асырылады:

      1) тендер объектісі сүрек дайындау үшін берілгенде орман пайдаланушыға орман орналастыру материалдарына сәйкес ағаш ресурстарын үздіксіз және сарқылмайтын пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, бірақ орманшылық ауданынан аспайтын учаскеде ағаш ресурстары беріледі.

      Орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру осы аумақта тұратын халықтың мүдделерін ескере отырып, жария түрде жүзеге асырылады.

      2) мемлекеттік орман қоры жерлерінде құрылыс объектілеріне учаскелер беру Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 26 қаңтардағы № 18-02/39 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10751 болып тіркелген) бекітілген Орман ресурстары сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар, аңшылық шаруашылығының мұқтаждықтары; жанама орман пайдалану үшін ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген мемлекеттік орман қоры жерлерінде орман пайдаланушыларға құрылыс объектілерін салуға учаскелер беру қағидаларының 5-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Электрондық паспорт келесі ақпаратты қамтиды:

      1) ықтимал орман пайдаланушы үшiн орман телiмдерi мен орамдары желiсiн, соқпақтар мен жол желiсiн, аралас жер пайдалану белгiсiн және қажеттi картографиялық ақпаратты қамтитын орман карталарының материалдары бойынша орындалған ұзақ мерзiмдi орман пайдалану учаскесiнiң абрисi;

      2) учаскенің бірегей сәйкестендіру нөмірі;

      3) орман телімдері мен орамдарының тізбесі бар учаскені және қажетті таксациялық деректерді сипаттау;

      4) орман пайдаланудың әрбір түрі бойынша ресурстық деректер;

      5) қолданыстағы тексеру кезеңі шегінде орман пайдаланудың әрбір түрі бойынша жыл сайынғы орман пайдаланудың рұқсат етілген көлемдері;

      6) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі – Салық кодексі) 587-бабына сәйкес белгіленген орман пайдаланудың әрбір түрі бойынша төлем мөлшерлері.

      8. Тендерді дайындау және өткізу кезінде тендерді ұйымдастырушы:

      1) тендерлік комиссияны қалыптастырады;

      2) тендерді өткізу мерзімін және оның шарттарын анықтайды;

      3) тендер өткізу туралы хабарламаны жариялайды;

      4) орман пайдаланушыны дамыту жоспарын әзірлейді;

      5) тендер нысанының алғашқы бағасын айқындайды;

      6) осы Қағидаларда көзделген өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      9. Ұйымдастырушы мемлекеттік орман иеленушіден хабарлама алғаннан кейін екі апта мерзімде электрондық паспорттарды қарайды, олар бойынша шарттардың жобаларын әзірлейді және тендер өткізу туралы хабарламаны жариялайды.

      10. Ұйымдастырушы тендер өткізілгенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей тендер өткізу туралы хабарламаны веб-порталда мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырады, онда мынадай мәліметтер қамтылады:

      1) тендер өткізудің уақыты мен мерзімі;

      2) ұйымдастырушының толық атауы;

      3) объект туралы мәліметтер;

      4) орман шаруашылығы субъектілерінің даму жоспары;

      5) тендерге қатысуға өтінімдерді қабылдау мерзімдері (бұдан әрі – өтінім);

      6) орманды ұзақ мерзімді пайдалану мерізімі;

      7) тендер өткізу тәртібі;

      8) объект бойынша кепілдік жарнаның мөлшері және оны енгізу үшін банк реквизиттері;

      9) алғашқы баға.

      11. Хабарлама жарияланғаннан кейін ұйымдастырушы тендерге қатысушылардың барлығына объектіге еркін қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

      12. Ұйымдастырушы құрамына ұйымдастырушының (комиссия төрағасы), орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің, орман шаруашылығы мен жер қатынастары саласындағы облыстың жергілікті атқарушы органдарының, облыс мәслихатының, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ғылыми ұйымдардың, мүдделі мемлекеттiк орман иеленушiнiң , қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері енетін тендер комиссиясын құрады (бұдан әрі – Тендерлік комиссия).

      13. Тендерлік комиссия келесі функцияларды жүзеге асырады:

      1) орман пайдаланудың әрбір түрі бойынша ұзақ мерзімді орман пайдаланудың бүкіл ұсынылатын кезеңіне арналған орман пайдаланушының дамыту жоспарын бекітеді;

      2) тендер объектісінің мөлшеріне және оның сапалық және/немесе сандық сипаттамаларына қарай тендер объектісі бойынша кепілдіктің ең төменгі мөлшерін айқындайды;

      3) материалдарды қарау нәтижелері бойынша ұзақ мерзімді орман пайдаланудың мерзімдері мен ұзақтығы туралы шешім қабылдайды;

      4) веб-порталда тендерге қатысушылардың өтінімдері мен құжаттарын қарайды және қатысушыларды тендердің екінші кезеңіне жібереді.

      14. Комиссия мүшелерінің жалпы саны 9 адамды құрайды.

      15. Веб-порталда дауыс беруге тендерлік комиссия мүшелерінің кемінде 2/3 қатысқан жағдайда, веб-портал рұқсат беру хаттамасын қалыптастырудан бас тартады және ұйымдастырушыға өткізілмеген тендер туралы хабарлама жібереді.

      Комиссия мүшелерінің өз өкілеттіктерін басқа адамдарға бермейді.

      16. Тендерлік комиссиялардың ұйымдастырушылық қызметін комиссия хатшысы (бұдан әрі – хатшы) қамтамасыз етеді. Комиссия мүшесі болып табылмайтын ұйымдастырушының өкілі хатшы болып табылады.

      17. Қатысушылар:

      1) ұйымдастырушыдан тендерге қойылатын объект бойынша мәліметтер (учаскенің абрисы, таксациялық сипаттамасы) алады;

      2) өз құқықтары бұзылған кезде сотқа жүгінеді;

      3) тендер басталғанға дейін өзінің тендерге қатысуға өтінімдерін кері қайтарып алады.

      18. Тендерге қатысу үшін мыналарды көрсете отырып, веб-порталда алдын ала тіркелу қажет:

      1) жеке тұлғалар үшін:

      жеке сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – ЖСН), тегі, аты және әкесінің аты (бар болса);

      2) заңды тұлғалар үшін:

      бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі - БСН), заңды тұлғаның толық атауы, бірінші басшының тегі, аты және әкесінің аты (бар болса);

      3) кепілдік жарнаны қайтару үшін екінші деңгейдегі банктегі есеп айырысу шотының деректемелерін қамтиды;

      4) байланыс деректері (заңды мекенжай, телефон, факс, e-mail).

      Жоғарыда көрсетілген деректер өзгерген кезде қатысушы өтінімді тіркегенге дейін веб-порталға енгізілген деректерді өзгертеді.

      19. Тендерге қатысушылар веб-портал арқылы осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөнінде тендерге қатысуға өтінім береді;

      20. Мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор веб-порталдың жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ тендерге қатысушылардың кепілдік жарналарын қабылдайды.

      21. Кепілдік жарнаны қатысушы не қатысушының атынан кез келген жеке немесе заңды тұлғалар бірыңғай оператордың шотына тендер өткізу туралы хабарламаға сәйкес мөлшерде және үш жұмыс күні өткеннен кейін енгізеді.

      22. Тендерге қатысу үшін кепілдік жарна бастапқы бағаның он бес пайызын құрайды, бірақ жүз айлық есептік көрсеткіштен кем емес және отыз мың айлық есептік көрсеткіштен артық емес.

      23. Өтінім тіркелгеннен кейін веб-портал үш минут ішінде өтінім берілген объект бойынша кепілдік жарнаның түсуі туралы мәліметтердің тізілімнің дерекқорында (бұдан әрі – мәліметтердің дерекқоры) болуына автоматты түрде тексеру жүргізеді.

      24. Тізілім дерекқорында бірыңғай оператордың шотына кепілдік жарнаның түскені туралы мәліметтер болғанда, веб-портал өтінімді қабылдауды және тендер нәтижелерін анықтағанға дейін кепілдік жарнаның сомасын бұғаттауды жүзеге асырады. Тізілім дерекқорында бірыңғай оператордың шотына кепілдік жарнаның түскені туралы мәліметтер болмаған жағдайда, веб-портал қатысушының өтінімін кері қайтарады.

      25. Тендер нәтижелері бойынша жеңген және шарт жасасқан қатысушының кепілдік жарнасы тендер нәтижелері бойынша белгіленген және шартта көрсетілген нақты баға есебіне жатады және бірыңғай оператор веб-порталда ұйымдастырушы кепілдік жарнаны аударуға арналған өтінішке қол қойғаннан кейін тиісті бюджетке жібереді.

      Егер кепілдік жарнаның сомасы түпкілікті бағадан асып кеткен жағдайда, бірыңғай оператор ұйымдастырушы мен сатып алушы веб-порталда шарт жасасқан күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жеңімпазға айырманы қайтарады.

      Қалған барлық жағдайларда кепілдік жарналарды біріңғай оператор тендер өткізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қатысушылар веб-порталда ЭЦҚ пайдалана отырып қол қойған кепілдік жарналарын қайтаруға арналған өтініштерде тендерге қатысушылар көрсететін деректемелерге қайтарады.

      26. Қатысушыларды тіркеу тендер өткізу туралы хабарлама жарияланған күннен бастап жүргізіледі және тендер басталғанға дейін бес минут бұрын аяқталады.

      27. Қатысушы ретінде тіркелу үшін веб-порталда тендер шарттарымен келісуді қамтитын, қатысушының ЭЦҚ қойылған өтінімді тіркеу қажет.

      28. Өтінімдер мәліметтердің дерекқорында сақталады және тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген уақыт пен күнге дейін жүктеу және қарау үшін қол жетімді емес.

      29. Автоматты тексеру нәтижелері бойынша веб-портал веб-порталда көрсетілген қатысушының электрондық мекенжайына өтінімді қабылдау не өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы электрондық хабарлама жібереді.

      30. Тендер басталғанға дейін бес минут бұрын тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген кепілдік жарна бірыңғай оператордың шотына түспесе веб-портал өтінімді қабылдаудан бас тартады.

      31. Веб-порталдағы тендерді ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, сейсенбі-жұма аралығында тағайындайды.

      32. Егер бірінші тендерге өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған сәтте бір өтінім тіркелген болса, мұндай тендер өтпеді деп танылады.

      Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталған кезде бір тіркелген өтінім болған кезде екінші конкурс өтті деп танылады.

      33. Егер тендер өткізілмеді деп жарияланса, өтінімдерді ашу жүргізілмейді және ұйымдастырушы тендер өткізілетін күні ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, веб-портал қалыптастыратын өткізілмеген тендер туралы актіге қол қояды.

      34. Өтінімдерді ашу тендер өткізу туралы хабарламада көрсетілген күні мен уақыты басталғанда веб-портал арқылы автоматты түрде жүргізіледі.

      35. Тендер екі кезеңде өткізіледі.

      Бірінші кезеңде комиссия төмендегі талаптарға сәйкес келетін қатысушыларды анықтау мақсатында қатысушылардың өтінімдерін веб-порталда қарайды.

      сүректі дайындау үшін орман ресурстарын ұзақ мерзімді пайдалануға бекіту кезінде:

      1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 маусымдағы № 18-02/596 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11894 болып тіркелген) Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу қағидаларында белгіленген кеспеағаш жұмыстарын жүргізу кезінде ағаш кесудің белгіленген жыл сайынғы көлемінің және орман шаруашылығы-экологиялық талаптардың орындалуын қамтамасыз ететін сүректі құлатуға, сүйретуге, тиеуге меншік құқығында не сенімгерлік басқаруда материалдық-техникалық базаның болуы;

      2) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 23 қазандағы № 18-02/942 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12351 болып тіркелген) бекітілген ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларында көзделген өрт сөндіру жабдықтары мен құралдарының болуы;

      3) мамандығы бойынша жоғары кәсіптік білімі (ағаш дайындау, орман инженерлік ісі, ағаш өңдеу, орман шаруашылығы) немесе тиісті орта кәсіптік білімі және мамандығы бойынша кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар жауапты орындаушы инженер-техникалық қызметкердің болуы;

      4) ағаштарды құлату, бұтақтарды кесу, сүректі сүйреу, тиеу және тасып әкету жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін оқытылған персоналдың болуы;

      5) еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы үшін жауапты маманның болуы;

      6) іс-шараларды қаржыландыру көздерін көрсете отырып, сүрек дайындауды және өңдеуді ұйымдастыру жөніндегі перспективалық бес жылдық жоспардың болуы.

      шайыр, ағаш шырындарын дайындау үшін орман ресурстарын ұзақ мерзімді пайдалануға, ғылыми-зерттеу мақсаттары үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерін пайдалануға, сауықтыру, рекреациялық, тарихи-мәдени, туристік және спорттық мақсаттар үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерін пайдалануға, ағаш және бұта тұқымдыларының отырғызу материалдары мен арнайы мақсаттағы плантациялық екпелерді өсіру үшін мемлекеттік орман қоры учаскелерін пайдалануға, жанама орман пайдалану үшін бекітіп беру кезінде орман:

      1) тендерге қатысушыда орман пайдалануды жүзеге асыру, ормандарды күзету, қорғау және молықтыру жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін қажетті қаражат пен өндірістік қуаттардың болуы;

      2) мамандығы бойынша біліктілігі және жұмыс өтілі бар қызметкерлердің болуы.

      Жоғарыда көрсетілген талаптарға сәйкес болған жағдайда қатысушылар тендердің екінші кезеңіне жіберіледі.

      36. Комиссия хатшысы өтінімдерді ашқан күні веб-порталда ЭЦҚ пайдалана отырып қол қою үшін рұқсат беру хаттамасын қалыптастырады.

      Комиссия мүшелері рұқсат беру хаттамасына қол қоймаған жағдайда, Комиссия хатшысы хаттамада қол қойылмау себебі туралы ақпараты бар рұқсат беру хаттамасына қол қоймаған комиссия мүшелерін көрсетеді.

      37. Тендерге қатысушыларды тендердің екінші кезеңіне жіберу хаттамасы комиссия мүшелерінің ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, тендерге рұқсат беру хаттамасына қол қойылған уақыттан бастап, өтінім берген барлық қатысушыларды электрондық пошта арқылы автоматты түрде хабардар ете отырып, веб-порталда тендерге қатысушыларға қолжетімді болады.

      38. Тендердің екінші кезеңіне қатысуға рұқсат беру хаттамасы мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) себебін көрсете отырып, тендердің екінші кезеңіне қатысуға жіберілмеген қатысушылар нөмірлерінің тізімі;

      2) тендердің екінші кезеңін өткізу күні мен уақытын көрсете отырып, тендердің екінші кезеңіне қатысуға жіберілген қатысушылар нөмірлерінің тізімі.

      39. Тендердің екінші кезеңін өткізу күні мен уақытын екі қатысушыдан тендердің екінші кезеңіне рұқсат беру хаттамасы веб-порталда жарияланған күннен бастап бірінші жұмыс күні веб-портал автоматты түрде тағайындайды.

      40. Тендердің екінші кезеңіне жіберілген тендерге қатысушылар ол басталғанға дейін бір сағат ішінде ЭЦҚ мен веб-портал беретін аукциондық нөмірді пайдалана отырып, аукцион залына кіреді.

      41. Тендердің екінші кезеңі веб-портал белгілеген уақытта басталады және келесідей өткізіледі:

      1) екінші кезең басталған сәтте аукцион залында тендерге қатысушылардың тендер заты үшін баға ұсыныстары бейнеленеді, олар шарттарды сақтай отырып, тендер затын сатып алуға олардың келісімін білдіру нысаны болып табылады және бастапқы баға қалыптасады;

      2) тендердің екінші кезеңі басталған сәттен бастап қатысушыға осы Қағидалардың 43-тармағына сәйкес белгіленген қадамға басқа қатысушының ағымдағы ең жоғары бағасын арттыру мүмкіндігі беріледі;

      3) егер тендердің екінші кезеңі басталғаннан бастап жиырма минут ішінде қатысушылардың бірде-бірі ең жоғары ағымдағы бағаны арттырмаса, онда оны ұсынған қатысушы жеңімпаз болып танылады, ал тендердің осы мәні бойынша тендер өтті деп танылады;

      4) егер аукцион залында тендердің екінші кезеңі басталғаннан бастап жиырма минут ішінде қатысушылардың бірі осы Қағидалардың 43-тармағына сәйкес белгіленген қадамға басқа қатысушының ағымдағы ең жоғары бағасын арттыру жолымен тендер нысанын сатып алуға өзінің ниетін растаса, онда ағымдағы баға белгіленген қадамға ұлғайтылады;

      5) егер ағымдағы баға ұлғайғаннан кейін жиырма минут ішінде қатысушылардың бірде-бірі ағымдағы бағаны ұлғайту жолымен тендер нысанын сатып алу ниетін растамайтын болса, онда тендер нысанын сатып алу ниетін соңғы растаған қатысушы жеңімпаз болып танылады, ал тендер өтті деп танылады;

      6) егер тендердің екінші кезеңі аяқталған сәтте сағат 17:00-де жеңімпаз айқындалмаса, онда тендер нысанын сатып алуға өзінің ниетін растаған соңғы қатысушы жеңімпаз деп танылады, ал тендердің осы мәні бойынша тендер өтті деп танылады.

      42. Егер тендердің екінші кезеңі басталған сәтте екі қатысушыдан баға ұсыныстары тендер нысаны үшін бірдей ең жоғары бағаны қамтитын болса және осы ағымдағы баға жиырма минут ішінде ұлғайтылмаса, онда осы қатысушылардың арасында өтінімі ұсыныстары бірдей ең жоғары бағаны қамтитын қатысушылардың басқа өтінімдерінен бұрын қабылданған қатысушы тендер жеңімпазы болып танылады.

      43. Тендердің екінші кезеңінде бағаны өзгерту қадамы келесідей белгіленеді:

      1) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 50 еселенген мөлшерінде ағымдағы баға кезінде өзгерту қадамы 20 пайыз мөлшерінде белгіленеді;

      2) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 50 еселенген мөлшерінен 100 еселенген мөлшеріне дейінгі ағымдағы баға кезінде өзгерту қадамы 15 пайыз мөлшерінде белгіленеді;

      3) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 100 еселенген мөлшерінен 250 еселенген мөлшеріне дейінгі ағымдағы баға кезінде өзгерту қадамы 10 пайыз мөлшерінде белгіленеді;

      4) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 250 еселенген мөлшерінен 500 еселенген мөлшеріне дейінгі ағымдағы баға кезінде өзгерту қадамы 5 пайыз мөлшерінде белгіленеді;

      5) ағымдағы баға айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің 500 еселенген мөлшерінде және одан жоғары болған кезде өзгерту қадамы 2,5 пайыз мөлшерінде белгіленеді.

3-тарау. Тендердің нәтижелерін рәсімдеу тәртібі

      44. Тендердің нәтижелері туралы хаттаманы веб-портал қалыптастырады және ұйымдастырушы мен жеңімпаздың ЭЦҚ пайдалана отырып, ол өткізілген күні қол қояды.

      Тендер нәтижелері туралы хаттама тендер нәтижелерін және жеңімпаздың және облыстың жергілікті атқарушы органының тендер нәтижесі болып табылатын шарттарда шартқа қол қою міндеттемелерін тіркейтін құжат болып табылады.

      45. Тендер нәтижелері туралы хаттамада мынадай деректер қамтылады:

      1) тендер шарттары;

      2) объект туралы мәліметтер;

      3) тендер жеңімпазы туралы мәліметтер;

      4) тараптардың шартқа қол қою жөніндегі міндеттемелері болуға тиіс.

      46. Жеңімпаз тендердің нәтижелері туралы хаттамаға не шартқа белгіленген мерзімде қол қоймаған жағдайда, ұйымдастырушы веб-порталда тендер нәтижелерін жою туралы актіні қалыптастырады және оған қол қояды.

      47. Аумақтық бөлімше немесе жергілікті атқарушы орган тендер өткізген жағдайда, ұйымдастырушы мен жеңімпаз қол қойғаннан кейін тендердің нәтижелері туралы хаттама шарт жасасу жөнінде шешім қабылдау үшін орман иеленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

      48. Тендер хаттамасының негізінде екі жұмыс күні ішінде шарт жасалады.

      49. Шарт бойынша есеп айырысу орман иеленуші мен жеңімпаз арасында жүргізіледі, бұл ретте жеңімпаз есеп айырысуды мынадай тәртіппен жүргізеді:

      1) аванстық төлем бірыңғай оператордың есеп айырысу шотына шартқа қол қойылған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде тендер нысанының түпкілікті бағасының кемінде он бес пайызы мөлшерінде енгізіледі (кепілдік жарна тиесілі аванстық төлемнің шотына есептеледі);

      2) қалған сома шартқа қол қойылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей бірыңғай оператордың есеп айырысу шотына енгізіледі.

      50. Аванстық немесе түпкілікті төлемнің мерзімі өткен кезде ұйымдастырушының шартты біржақты тәртіппен бұзуына және жеңімпазға шартта көрсетілген кепілдік жарнамен жабылмаған бөлігінде нақты шығындарды өтеу туралы талап қоюға жол беріледі.

  Мемлекеттік орман қоры
учаскелерінде орман
ресурстарын ұзақ мерзімді
орман пайдалануға беру жөнінде
тендерлер өткізу қағидаларына
қосымша

Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөнінде тендерге қатысуға өтінім

      1. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөнінде тендер өткізу туралы жарияланған хабарламаны қарап:

      ______________________________________________________________

      (орманды ұзақ мерзімді пайдалану атауы)

      ______________________________________________________________

      (облыс, аудан, алқаптың сәйкестендіру нөмірі)

      мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 7 қазандағы № 18-02/896 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12247 болып тіркелген,) Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман ресурстарын ұзақ мерзімді орман пайдалануға беру жөніндегі тендерлерді өткізу қағидаларымен (бұдан әрі - Қағидалар) танысқаннан кейін, төменде қол қойдым _______________________________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) немесе заңды тұлғаның атауы)

      тендерге қатысуға өтінім қабылдауды және өтетін тендерге қатысушы ретінде тіркеуді сұраймын "____" _________ 20 __ ж. Интернет желісінде орналасқан мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында www.gosreestr.kz.

      2. Мен (біз) тендерге қатысу үшін кепілдік жарна енгіздім, ол тендер нәтижелерін анықтағанға дейін тізілім веб-порталында бұғатталады:

      __________________________________________________________________________

      (сомасы теңгемен, оның ішінде жазбаша түрде көрсетіледі)

      хабарламада көрсетілген мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператордың шотына:

      __________________________________________________________________________

      (жеке сәйкестендіру коды, банктік сәйкестендіру коды, төлем мақсатының коды, бенефициар коды)

      _____________________________________________________________________

      (төлем құжатының № және күні

      3. Біздің (менің) қатысушыға қойылатын Қағидалардағы талаптарға сәйкес келмейтіндігіміз және (немесе) осы өтінімде мәлімделетін ақпараттың анық еместігі анықталған жағдайда, біз (мен) тендерге қатысу құқығынан айырылатынымызға, біз (мен) тендерде жеңіске жеткен жағдайда, біз (мен) қол қойған тендер нәтижелері туралы хаттама мен ұзақ мерзімді орман пайдалануға арналған шарт (бұдан әрі – шарт) жарамсыз деп танылатынына келісемін, кепілдік жарна қайтарылмайды.

      4. Егер біз (мен) тендердің жеңімпазы болған жағдайда, өзімізге тендерді өткізу күні тендердің нәтижелері туралы хаттамаға қол қою және хабарламада көрсетілген және Біз (мен) ұсынған тендер шарттарында тендер нәтижелері туралы хаттамаға қол қойылған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей шарт жасасу міндеттемесін аламыз.

      5. Мені (бізді) жеңімпаз деп анықтап, мен (біз) тендер нәтижелері туралы хаттамаға қол қоюдан не шарт жасасудан бас тартқан жағдайларда енгізген кепілдік жарнаның сомасы қайтарылмайтындығымен және мемлекеттік орман иеленушіде қалатындығымен келісемін.

      6. Қағидалардың 34-тармағындағы мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ұзақ мерзімді орман пайдалану жөніндегі тендерге қатысушыларға қойылатын біліктілік талаптарымен таныстым.

      7. Менде (бізде) өткен жылдардағы шарт бойынша (қолданыстағы шарттар бойынша) берешегім жоқ екенін мәлімдеймін.

      8. Менде (бізде) салық төлеушінің салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ екені туралы мәлімдеймін.

      9. Ұсынылған ақпараттың дұрыстығын растаймын және дұрыс емес мәліметтер ұсынғаным үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілік туралы хабардармын.

      10. Мәліметтерді пайдалануға келісемін, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын, ақпараттық жүйелерде қамтылған.

      11. Өзім (өзіміз) туралы мәлімет ұсынылады:

      Заңды тұлға үшін:

      Атауы _____________________________________________________

      БСН _______________________________________________________

      Басшының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) ___________

      Адрес: _____________________________________________________

      Телефон номері (факс): _______________________________________

      Кепілдік жарнаны қайтару үшін банктік деректемелер:

      Жеке сәйкестендіру коды _____________________________________

      Банк сәйкестендіру коды _____________________________________

      Банк атауы _________________________________________________

      Бенефициар коды ___________________________________________

      Кепілдік жарнаны төлеген тұлғаның ЖСН/БСН ___________________

      Жеке тұлға үшін:

      Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда) ________________________

      ЖСН _______________________________________________________

      Төлқұжат деректері __________________________________________

      Мекенжай: _________________________________________________

      Телефон номері (факс): _______________________________________

      Кепілдік жарнаны қайтару үшін банктік деректемелер:

      Жеке сәйкестендіру коды _____________________________________

      Банк сәйкестендіру коды _____________________________________

      Бан атауы __________________________________________________

      Бенефициар коды ___________________________________________

      Кепілдік жарнаны төлеген тұлғаның ЖСН/БСН ___________________

      Өтініш беруші сағат __:__-де қол қойды және жіберді "__" _______ 20__ жыл:

      ЭЦҚ - дан алынған деректер

      ЭЦҚ қол қою күні мен уақыты

      Өтінімді қабылдау туралы хабарлама:

      Ұйымдастырушы сағат __:__-де қабылдады 20__ жылғы "__" ______:

      ЭЦҚ - дан алынған деректер

      ЭЦҚ қол қою күні мен уақыты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады