"Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 7-қосымшаның 10-бөліміне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасының аумағынан ағаш материалдарының жекелеген түрлерін (Еуразиялық экономикалық одақтың Сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды 4401, 4403, 4404, 4406 және 4407) әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін.
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың 1-тармағын орындау бойынша бақылауды қамтамасыз ету туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың 1-тармағын іске асыру бойынша шаралар қолдану туралы "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" (келісім бойынша) акционерлік қоғамын;
3) Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігіне белгіленген тәртіппен:
осы бұйрықтың 1-тармағында көрсетілген тыйым салудың енгізілгені туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны ақпараттандыру;
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында осы бұйрықтың 1-тармағында көрсетілген шараның енгізілуі туралы ұсынысты Еуразиялық экономикалық комиссияның қарауына енгізу қажеттігі туралы хабардар етсін.
3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен мыналарды:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі |
Б. Атамкулов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Сауда және интеграция министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі