Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігiнiң кейбiр бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы № 1261 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 8 желтоқсанда № 25598 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 25 маусымдағы № 290 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9623 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 5-тармағының 12-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттыру қағидаларында:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 5-тармағының 12-1) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттыру тәртiбiн белгiлейдi.

      2. Кәсіби бухгалтер 3 (үш) жыл ішінде 120 (жүз жиырма) сағат оқыту мөлшерінде, бірақ жылына 20 (жиырма) сағаттан кем емес біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Бұл кезең кәсіби бухгалтер куәлігін алған жылдан кейінгі жылдан басталады. Бір жылдық кезеңге экономикалық, қаржылық, бақылау-тексеру немесе құқықтық салаларда немесе жоғары оқу орындарында бухгалтерлік есеп пен аудит бойынша ғылыми-оқытушылық қызмет саласында кәсіби бухгалтер жұмысы өтілінің үзілісі, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын еңбек демалысы қосылмайды.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Кәсіби дамудың тиісті саласында кәсіби бухгалтерлер өткен міндетті сағаттар бойынша есепке сертификаттауға енгізілетін пәндер бойынша сертификаттар, сондай-ақ осы пәндер бойынша ғылыми жұмыстарды жазу, қорғау және жариялау қабылданады.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Кәсіби бухгалтерлер кәсіби ұйымға біліктілікті арттыру курстарынан өткен жылдан кейінгі жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей біліктілікті арттыру курстарынан өткені туралы растайтын құжаттарды (міндетті сағаттар бойынша), сондай-ақ ақпаратты (қосымша сағаттар бойынша) ұсынады.".

      2. "Кәсіби бухгалтерлікке кандидаттарды сертификаттауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Орынбасары - Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2014 жылғы 25 маусымдағы № 291 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9620 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кәсiби бухгалтерлікке кандидаттарды сертификаттауды жүргiзу қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      әдеп – "Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген Әдеп кодексінің білімі мен дағдыларын қамтитын пән;

      сертификаттау – бухгалтерлердi кәсiби сертификаттау жөнiндегi аккредиттелген ұйым (бұдан әрi - сертификаттау жөнiндегi ұйым) ұйымдастырған емтихандар тапсыру арқылы білімді айқындау рәсімі.";

      мынадай мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылсын:

      "4-1. Кәсіби бухгалтерлікке кандидаттарға емтиханнан өту кезінде басқа адамдармен сөйлесуге, материалдармен алмасуға, қағаз және электрондық жеткізгіштердегі ақпаратты пайдалануға, үй-жайдан комиссия өкілінің еріп жүруінсіз шығуға жол берілмейді.

      Кандидат осы тармақтың бірінші бөлігіндегі талаптарды бұзған кезде кәсіби бухгалтерге кандидаттың емтихан процесі тоқтатылып, ол үй-жайдан шығарылады. Емтихан комиссиясы емтиханнан өту рәсімінің бұзылғаны туралы акт толтырады.

      Емтихан өту рәсімін бұзылуы туралы акт жасалған кандидат бұзушылық анықталған күннен бастап 6 (алты) ай өткен соң емтиханды қайта тапсыруға құқылы.

      Емтиханды қайта тапсыру күні комиссияның бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес белгіленеді.

      Өткізу кезінде бұзушылық тіркелген емтихан нәтижелері күшін жояды.";

      7, 8, 9 және 10-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Кәсіби бухгалтерлікке кандидаттар мынадай пәндер бойынша емтихан тапсырады:

      қаржылық есеп және халықаралық қаржылық есептілік стандарттары бойынша есептілік;

      басқарушылық есеп;

      қаржы және қаржы менеджменті;

      салықтар;

      құқық (азаматтық құқық, банк ісі, сақтандыру және зейнетақы заңнамасы);

      әдеп.

      8. Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссиясы берген "аудитор" біліктілігін беру туралы біліктілік куәлігі бар тұлға жеке басын куәландыратын құжатты және куәліктің нотариалды куәландырылған көшірмесін ұсынған кезде жоғарыда көрсетілген емтихандарды тапсырудан босатылады.

      9. Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары Diploma in the International Financial Reporting (Диплоумэ ин зэ Интернашнэл Файнаншл Рипортин) (DipIFR ACCA (ДИайпиАЙЭФАР ЭЙСИСИЭЙ) – Халықаралық Қаржылық Есептілік Саласындағы) дипломы бар тұлға есеп және қаржылық есептілік стандарттары бойынша емтихан тапсырудан босатылады.

      The Association of Chartered Certified Accountants (Зэ Исоушиэйшн оф Чартерд Сертифаид Экаунтэнтс) (ACCA (Ұлыбритания) ЭЙСИСИЭЙ) – Сертификатталған Бухгалтерлер Қауымдастығының толық біліктілігі бар кәсіби бухгалтерлікке кандидат салық және құқық пәндері бойынша емтихан тапсырады.

      Адвокатқа, нотариусқа, судьяға біліктілік емтиханын тапсырған кәсіби бухгалтерлерге кандидаттар құқық пәні бойынша емтихан тапсырудан босатылады The Association of Chartered Certified Accountants (Зэ Исоушиэйшн оф Чартерд Сертифаид Экаунтэнтс) (ACCA (Ұлыбритания) ЭЙСИСИЭЙ) – Сертификатталған Бухгалтерлер Қауымдастығының Тиімділікті басқару, Қаржылық есептілік, Қаржылық менеджмент, Кәсіби этика бойынша орыс тіліндегі сертификаты бар кәсіби бухгалтерлікке кандидаттар тиісті емтихандарды тапсырудан босатылады.

      Бухгалтерлік есеп және аудит саласындағы Chartered Institute of Management Accountants (Чартерд Институт оф Маниджмэнт Экаунтэнтс) (CIMA (Ұлыбритания) СИАЙЭМЭЙ) – Басқарушы Бухгалтерлердің Дипломды Институты толық біліктілігі бар кәсіби бухгалтерлікке кандидаттар басқарушылық есеп пәні бойынша емтихан тапсырудан босатылады.

      Адвокатқа, нотариусқа, судьяға біліктілік емтиханын тапсырған кәсіби бухгалтерлерге кандидаттар құқық пәні бойынша емтихан тапсырудан босатылады.

      10. Кәсіби бухгалтерлікке кандидат сертификаттаудан өтуге тіркелу үшін Аудиторлыққа кандидаттарды аттестаттау жөніндегі біліктілік комиссиясы берген "аудитор" біліктілігін беру туралы біліктілік куәлігі бар тұлғаны қоспағанда мынадай құжаттарды:

      1) пәннің (пәндердің) атауы көрсетілген өтініш;

      2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      3) жоғары білімін растайтын құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі;

      4) бухгалтерлік, экономикалық, қаржылық, аудиторлық, бақылау-тексеру, есепке алу-талдау салаларында немесе жоғары, орта білімнен кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарындағы бухгалтерлік есеп және аудит жөніндегі ғылыми-оқытушылық жұмыс саласында кемінде соңғы үш жыл жұмыс өтілін растайтын құжаттардың нотариат немесе кадр қызметі немесе жұмыс беруші куәландырған көшірмелері;

      5) адвокаттың немесе нотариустың не соттың (бар болса) біліктілік емтиханын тапсырғанын растайтын құжаттың нотариалды куәландырылған көшірмесі;

      6) тиісті халықаралық сертификаттардың көшірмелері (болған жағдайда);

      7) жазбаша хабарлама немесе жекелеген емтихандарды тапсырғаны туралы өзге де құжат (бар болса).

      Көрсетілген құжаттардың дұрыстығын анықтау қажет болған жағдайда, бухгалтерлерді сертификаттау жөніндегі ұйым тиісті сұрау салуды тиісті ұйымға жібереді.

      Электрондық түрде ұсынылған түпнұсқалардың сканерленген көшірмелері бойынша одан әрі (құжаттардың сканерленген көшірмелерін берген сәттен бастап 3 (үш) ай ішінде) салыстырып тексеру үшін түпнұсқалар кандидатпен ұсынылады.

      Барлық құжаттар қағаз және (немесе) электрондық түрде (құжаттардың сканерленген көшірмелері) сақталады, онда: № ____ Жеке іс, кәсiби бухгалтерлікке кандидаттың тегі, аты және әкесінің аты, ресімделген күні көрсетіледі.

      Құжаттарды сақтау мерзімі рәсімделген күннен бастап кемінде 5 (бес) жыл.";

      12, 13 және 14-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Кәсiби бухгалтерлікке кандидаттардың емтихандық жұмыстарын тексеруді емтихан комиссиясы емтихан тапсырған 30 (отыз) күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде жүргiзедi.

      Әрбiр емтихан жұмысын бiр-бiрiне қатысы жоқ Комиссияның екi мүшесi бөлек-бөлек тексередi, оның нәтижесiнде екi қорытындының орташа арифметикалық бағасы шығарылады. Қорытындыларда 10 (он) баллдан астам айырмашылық болған кезде және нақтылауды талап ететiн жағдайларда, емтихан жұмысын Комиссия мүшелерiнiң қатарынан үшiншi тәуелсiз маман тексередi. Мұндай жағдайларда, жиынтық қорытынды орташа арифметикалық 3 (үш) бағаны құрайды.

      13. Емтихан билеті кәсіби бухгалтерге кандидаттарды даярлау кезінде пайдаланылған тапсырмаларсыз тест сұрақтары мен ахуалдық тапсырмаларды қамтитын емтихандық модулінен (бұдан әрі – емтихандық модуль) алынған тапсырмаларды қамтиды. Билетте маңызды (негізгі) тақырыптар бойынша тапсырмалар ескеріледі. Сұрақтар кандидаттан жоғары деңгейдегі дайындықты талап ететін жеткілікті күрделі түрде болады.

      Емтихан билеті 5 (бес) тапсырмадан тұрады:

      әрқайсысы бірдей теориялық және практикалық тапсырмалардан тұратын төрт тапсырма (әрқайсысы 20 (жиырма) баллдан);

      жиырма тест сұрақтары (әр жауап үшін 1 (бір) балл).

      Бұл ретте, қаржылық есеп және халықаралық қаржылық есептілік стандарттары бойынша есептілік пәні бойынша төрт тапсырманың бірі шоғырландырылған бухгалтерлік балансты не пайда мен шығындар туралы шоғырландырылған еспті жасау бойынша жасалады (20 (жиырма) балл).

      Емтихан билеттері әрбір емтиханға жаңартылады. Өткен емтихандардың дұрыс жауаптары бар емтихан билеті кәсіби ұйымдардың интернет-ресурсында жарияланады.

      14. Емтихан тапсыру үшін жалпы жиынтық балл ("өту" баллы) ықтимал 100 (жүз) баллдан кемінде 50 (елу) баллды құрайды.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген пәндер бойынша кандидат алған оң нәтиже, қаржылық есеп және халықаралық қаржылық есептілік стандарттары бойынша пәндерден басқа, нәтиже бекітілген күннен бастап келесі 5 (бес) жыл бойы кейінгі 3 (үш) жыл ішінде жарамды деп танылатын.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Емтихан комиссиясы кем дегенде соңғы 5 (бес) жылда есепке алу-талдау саласында, экономика және қаржы саласында, бухгалтерлік, экономикалық, қаржылық, аудиторлық, бақылау-тексеру салаларында немесе жоғары және орта арнаулы оқу орындарында бухгалтерлік есеп және аудит жөніндегі ғылыми-оқытушылық қызмет саласында жұмыс өтілі бар, олардың 5 (бесеуінде) кәсіби бухгалтер сертификаты не танылған халықаралық біліктіліктердің бірі бар және біреуінде заң білімі және заң саласында соңғы 3 (үш) жылдан кем емес жұмыс өтілі бар кемінде он мүшеден тұрады.";

      мынадай мазмұндағы 20-1 және 20-2-тармақпен толықтырылсын:

      "20-1. Емтихан комиссиясы қағазды (емтихан дәптерлерін), автоқаламдарды, калькуляторларды таратуды, сондай-ақ орындалған емтихан жұмыстарын жинауды және оларды акт бойынша уәкілетті органның өкіліне беруді қоса алғанда, емтихан өткізуді тікелей қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

      Модульдік тапсырмалары бар конверттерді емтихан басталғанға дейін 20 (жиырма) минут бұрын комиссия төрағасы (ол болмаған кезде төрағаның орынбасары немесе комиссия мүшесі) кәсiби бухгалтерлікке кандидаттардың және емтихан комиссиясы мүшелерінің қатысуымен ашады. Емтихан өңірлер бойынша немесе қашықтықтан өткізілген жағдайда – Комиссия төрағасының (ол болмаған кезде төрағаның орынбасары немесе комиссия мүшесі) бақылауымен қашықтықтан жүргізіледі.

      Емтихан өткізуге арналған үй-жай бейнетіркеу құралдарымен жабдықталады. Емтиханды өткізу бейнежазбасы 3 (үш) жыл сақталады.

      Уәкілетті органның өкілдері емтихан процесіне ақылы өтеусіз негізде қатысады.

      Емтихан комиссиясының құрамына кандидаттарды емтихандарға дайындауға қатысқан адамдар, сондай-ақ емтихан модулін қалыптастыруға және емтихан жұмыстарын кодтауға қатысатын адамдар кірмейді.

      Емтихандар аяқталғаннан кейін уәкілетті органның өкілі емтихан жұмыстарын кандидаттың тегін, атын және әкесінің атын (болған жағдайда) көрсетпей төрт таңбалы код қою арқылы кодтайды, ол дереу емтихан карточкасына көшіріледі.

      Кодтағаннан кейін емтихан комиссиясының хатшысы емтихан комиссиясы мүшелерінің қатысуымен кәсiби бухгалтерлікке кандидаттардың емтихан жұмыстары бар жұмыс дәптерлерін көшіреді немесе сканерлейді. Көшірмелер түпнұсқаларымен салыстырылады, жеке конвертке (немесе конверттерге) салынады, ол желімделеді, мөрмен бекітіледі және комиссия мүшелерінің, сондай-ақ уәкілетті орган өкілінің қолдарымен расталады. Осыдан кейін емтихан комиссиясының төрағасы конвертті беру актісі бойынша уәкілетті органның өкіліне береді.

      Емтихан жұмыстарының кодын уәкілетті органның өкілі және емтихан комиссиясының мүшелері тікелей емтихан комиссиясының отырысында ашады.

      Емтихан нәтижелері шығарылғаннан кейін кәсiби бухгалтерлікке кандидаттардың емтихан жұмыстарын қамтитын жұмыс дәптерлерінің көшірмелері бар конверттер уәкілетті органның өкілі көшірмелерді түпнұсқалармен салыстырып тексеру үшін емтихан комиссиясы мүшелерінің қатысуымен ашылады.

      20-2. Карантин және Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай кезеңінде емтиханды онлайн режимінде өткізуге жол беріледі. Емтихан онлайн режимінде өткізілген жағдайда сертификаттау жөніндегі ұйымның өзінің қашықтықтан веб-порталы, сондай-ақ онлайн режимінде емтихан өткізудің үздіксіз және сапалы тәртібін қамтамасыз ететін және оған тәуелсіз бақылаушылардың қол жеткізуін қамтамасыз ететін өз бағдарламасы (платформасы) болады.

      Онлайн режиміндегі емтиханға қатысушылар саны 10 (он) адамнан аспайды.

      Кәсiби бухгалтерлікке кандидаттың қатысуын кейіннен сәйкестендіру және растау үшін тестілеу алдында байқаушылар кандидатты жеке куәлігімен суретке түсіреді.

      Онлайн режимінде емтихан тапсыруға үміткер кәсіби бухгалтерге кандидат төменде көрсетілген барлық талаптарға сәйкес келеді:

      1) көшіріп жазу және алдау фактісіне жол бермейтін академиялық адалдықты сақтауға;

      2) компьютердің немесе ноутбуктың болуы, сондай-ақ секундына 70 (жетпіс) килобиттен кем емес жүріп өту мүмкіндігі бар интернетке қосылу мүмкіндігінің болуы;

      3) емтихан тапсыру уақытында жұмыс орнында мобильді құралдардың (пейджерлер, ұялы телефондар, планшеттер), сымды және сымсыз құлаққаптар, шпаргалкалар, оқулықтар, әдістемелік әдебиеттер, жұмыс дәптерлерінің болмауы;

      4) экранның жұмыс үстелін және кандидаттың үстеліндегі бар заттарды көрсету үшін 2 (екі) камераны қосуды немесе телефоннан екінші қосылуды қамтамасыз ету, сондай-ақ сертификаттау жөніндегі ұйымға ұсыну үшін кандидаттың мінез-құлқының бейнежазбасын жазуды қамтамасыз ету;

      5) экранды емтихан формасынан басқа бағдарламаларға ауыстырмау, бірлесіп қарау бағдарламаларын, әлеуметтік желілерді, мобильді қосымшаларды, жедел хабар алмасу үшін веб-қызметтерді ашпау.

      Онлайн режимінде емтихан тапсыруды жүзеге асыратын кәсiби бухгалтерлікке кандидатқа белгіленген талаптар бұзылған кезде емтиханды қайта тапсыру 6 (алты) айдан кейін жүзеге асырылады.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Апелляциялық комиссияның (кеңес) құрамына емтихан жұмыстарын бағалауда және үміткерді емтиханға дайындауға қатыспаған емтихан комиссия мүшелерінің тақ саны кіреді.".

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы бұйрықтың 2-тармағының он төртінші, он бесінші, он алтыншы, он жетінші, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма бірінші, жиырма екінші, жиырма үшінші, жиырма төртінші, жиырма бесінші және жиырма алтыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр финансов
Республики Казахстан
Е. Жамаубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады