"Кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттыру қағидаларын бекіту туралы"

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 25 маусымдағы № 290 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 25 шілдеде № 9623 тіркелді.

      "Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 5-тармағының 12-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 02.12.2021 № 1261 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Ішкі бақылау, нақты сектор бухгалтерлік есебі мен аудиті әдіснамасы департаменті (А.О. Төлеуов):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттiк тiркеуден өткеннен кейiн күнтiзбелiк он күн iшiнде оның бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауға жiберiлуiн;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық 2014 жылғы 20 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің Орынбасары -
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2014 жылғы 25 маусымдағы
№ 290 бұйрығына қосымша

Кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттыру қағидалары

      1. Осы Кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабы 5-тармағының 12-1) тармақшасына сәйкес әзiрлендi және кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттыру тәртiбiн белгiлейдi.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 02.12.2021 № 1261 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Кәсіби бухгалтер 3 (үш) жыл ішінде 120 (жүз жиырма) сағат оқыту мөлшерінде, бірақ жылына 20 (жиырма) сағаттан кем емес біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Бұл кезең кәсіби бухгалтер куәлігін алған жылдан кейінгі жылдан басталады. Бір жылдық кезеңге экономикалық, қаржылық, бақылау-тексеру немесе құқықтық салаларда немесе жоғары оқу орындарында бухгалтерлік есеп пен аудит бойынша ғылыми-оқытушылық қызмет саласында кәсіби бухгалтер жұмысы өтілінің үзілісі, сондай-ақ бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын еңбек демалысы қосылмайды.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 02.12.2021 № 1261 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттыру кәсіби бухгалтер ретінде олар өз функцияларын орындау үшін қажет кәсіби білімдері мен машықтарын дамыту және кеңейту мақсатында жүзеге асырылады.

      4.Кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттырудың негізгі қағидаттары өз бетімен білім алумен қатар оқудың жүйелілігі, үзіліссіздігі, оқудың сабақтастығы болып табылады. Бұл ретте жүйелілік – бұл нақты тәртіпте, жүйеде білімдерді меңгеру; үздiксiздiк – бұл тұрақты кәсiби даму; сабақтастық – бұл оқу үдерісінде өткенмен, осы шақпен және болашақпен уақыт байланысы.

      5. Біліктілікті арттыру курстары жалпы алғанда жалпы алғанда оқытудың 120 сағатын құрайды, оның ішінде оқытудың кемінде міндетті 60 сағаты аккредиттелген кәсіби бухгалтерлер ұйымымен (бұдан әрi - кәсiби ұйым) өзара іс-қимыл жасайтын кәсіби дамудың тиісті саласында қызметтер көрсететін ұйымдарда өтеді және қалған қосымша сағаттар осы Қағидалардың 9-тармағында белгіленген тәртіпте өтеді.

      6. Біліктілікті арттыру курсының міндетті сағаттары өзіне қаржылық есептіліктің халықаралық және ұлттық стандарттары бойынша теориялық және практикалық мәселелерді, Бухгалтерлiк есеп және қаржылық есептiлiк туралы Қазақстан Республикасының заңнамасын және экономика, қаржы, аудит, менеджмент, салықтық, азаматтық, банктiк, сақтандыру және әлеуметтік заңнамалары саласында басқа мәселелерді және есепке алу процестерін ақпараттандыруды зерделеуді қамтиды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 04.07.2024 № 414 (жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Кәсіби дамудың тиісті саласында кәсіби бухгалтерлер өткен міндетті сағаттар бойынша есепке сертификаттауға енгізілетін пәндер бойынша сертификаттар, сондай-ақ осы пәндер бойынша ғылыми жұмыстарды жазу, қорғау және жариялау қабылданады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 02.12.2021 № 1261 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Бiлiктiлiкті арттыру курсының қосымша сағаттары кәсiби, зияткерлік, арнайы және функционалдық, жеке, жеке аралық, коммуникативтік, ұйымдық және басқару машықтарын, кәсіби құндылықтарды, этиканы және қатынастарды дамыту мақсатында жүргiзiледi.

      9. Қосымша сағаттар бойынша есепке алуға кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін арттыру бойынша қызметтерді көрсететін ұйымдарда біліктілікті арттыру курстарынан өту, сондай-ақ кәсіби және одан да басқа салаларда: ғылыми жұмыстарды, мақалаларды, баяндамаларды, кітаптарды қорғау және (немесе) жазу немесе жариялау, конференцияларда, форумдарда, брифингтерде, тренингтерде, семинарларда және басқа да іс-шараларда сөз сөйлеу, арнайы жұмыс топтарында, оқытушылық және зерттеу саласындағы қызметке қатысу және онда жұмыс істеу қабылданады.

      10. Кәсіби ұйым қосымша сағаттарға баға беруді және оларды есепке алуды кәсіби ұйымның интернет-ресурсында жарияланған ішкі қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.

      11. Кәсіби ұйым біліктілігін арттыруын өткен кәсіби бухгалтерлер тізімін жүргізеді, кәсіби бухгалтерлер біліктілігін арттыру бойынша мониторинг жүргізеді және кәсіби даму қажеттілігін айқындайды, сондай-ақ ұйымның интернет-ресурсында өз мүшелерінің тізімін жариялайды, сондай-ақ олардың мүшелігін жалғастыруының міндетті шарты ретінде кәсіби бухгалтерлердің біліктілігін тұрақты арттыру талаптарын белгілейді.

      12. Кәсіби бухгалтерлер кәсіби ұйымға біліктілікті арттыру курстарынан өткен жылдан кейінгі жылдың 1 ақпанынан кешіктірмей біліктілікті арттыру курстарынан өткені туралы растайтын құжаттарды (міндетті сағаттар бойынша), сондай-ақ ақпаратты (қосымша сағаттар бойынша) ұсынады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 02.12.2021 № 1261 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады