Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды қалалық мәслихатының 27.09.2023 № 96 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" № 504 Қаулысына сәйкес, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мақсатында, Қарағанды қалалық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Қарағанды қалалық мәслихатының 2014 жылғы 27 қарашадағы № 363 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Қарағанды қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидасын бекіту туралы" шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2898 болып тіркелген, 2014 жылғы 29 желтоқсандағы № 162 (1396) "Взгляд на события" газетінде, 2015 жылғы 8 қаңтардағы "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) келесі өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Қарағанды қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидасында (бұдан әрі – Қағида):
Қағиданың 9 тармағы келесі редакцияда баяндалсын:
"9. Атаулы күндер мен мереке күндерінде әлеуметтік көмек Алушылар тізбесі:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері:
Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi;
Ұлы Отан соғысының мүгедектері, атап айтқанда Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары аудандарында, майдан маңындағы темiржол учаскелерінде, қорғаныс шептерiнің, әскери-теңiз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшiлерi, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшiлер;
2) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері:
бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда);
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлер;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер;
Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
3) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер:
майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтар;
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар;
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жоюға қатысқан адамдар;
4) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдар:
Ауғанстанда әскери қызметiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлер;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан мүгедек болған адамдар және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балалары;
5) Еңбек ардагерлері:
Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері;
"Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдар;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар;
6) қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары, атап айтқанда:
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары;
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектердiң, сондай-ақ қайтыс болуы белгiленген тәртiппен солардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасылары;
7) Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң екінші рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы);
8) 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдар;
9) 1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлер;
10) Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері; екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы);
11) 75 жасқа толған және одан асқан тұлғалар;
12) Қарағанды қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балалары бар көпбалалы отбасылар;
13) АИТВ жұқтырған балалар;
14) туберкулез ауруы бар тұлғалар;
15) Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғалар;
16) он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар.";
Қағиданың 10 тармағының 3) тармақшасы келесі редакцияда баяндалсын:
"3) жан басына шаққандағы орташа табыс ең төмен күнкөріс деңгейінің 1,5 еседен аспауы негіздеме болып табылады.";
Қағиданың 20 тармағы келесі редакцияда баяндалсын:
"20. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген, Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларының 2 және 3 қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды "Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесіне жібереді.";
Қағиданың 1, 2, 3 қосымшалары алынып тасталсын.
2. "Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (Ж.Б. Ысқақов) осы шешімді ресми жарияланғаннан кейін Қарағанды қалалық мәслихатының және Қарағанды қаласы әкімдігінің интернет-ресурстарында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы шешім алғаш ресми жарияланған күннен кейін қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы | Т. Ашимов |
Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы | К. Бексултанов |