Алматы қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

VII сайланған Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс VI сессиясының 2021 жылғы 31 мамырдағы № 49 шешiмi. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 7 маусымда № 22946 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 1-тармағының 6) тармақшасына сәйкес, Алматы қаласының мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Ұсынылып отырған Алматы қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидалары, осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы қаласы мәслихатының
кезектен тыс VI сессиясының төрағасы,
      мәслихат хатшысы С. Канкуров

  Алматы қаласы мәслихатының
2021 жылғы 31 мамырдағы
№ 49 шешіміне
қосымша

Алматы қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және
қала құрылысын жоспарлау қағидалары

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң), "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және тарихи, табиғи-ландшафттық, функционалдық, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, Алматы қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын бақылау тәртібін (бұдан әрі – Қағида) айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда келесі ұғымдар пайдаланылады:

      1) жеке тұрғын үй құрылысы – белгіленген тәртіппен бекітіліп берілген жер учаскесінде азаматтардың өз күшімен, мердігерлік немесе заңдарда тыйым салынбаған басқа да әдіспен жеке тұрғын үйлер салуы;

      2) қайта жабдықтау – үй-жайдың (үй-жайлардың) тіршілікті қамтамасыз ету және пайдалану үшін қажетті өзінің функционалдық мақсатының өзгеруіне, технологиялық және (немесе) инженерлік жабдықтардың ішкі жүйесін толық немесе ішінара ауыстыруға байланысты өзгерту;

      3) қайта жобалау – осы үй-жайдың (үй-жайлардың) шегін өзгеруге ілесетін, үй-жайдың (үй-жайлардың) жоспарының өзгертілуі;

      4) құрылыс – жаңа объектiлер салу және (немесе) бар объектiлердi (үйлердi, ғимараттар мен олардың кешендерiн, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), құрылыс материалдарын, бұйымдар мен конструкцияларын дайындау (өндiру), сондай-ақ аяқталмаған объектiлер құрылысын консервациялау мен өз ресурстарын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жұмыстарын жүзеге асыру жолымен өндiрiстiк және өндiрiстiк емес мақсаттағы негiзгi қорларды құру жөнiндегi қызмет;

      5) реконструкциялау – әдетте өзгеретін объектіні жаңарту мен жаңғырту қажеттігіне байланысты жалпы жекелеген үй-жайларды, ғимараттың өзге де бөліктерін немесе ғимаратты өзгерту;

      6) нобай (нобайлық жоба) – жобалық (жоспарлық, кеңiстiктiк, сәулеттiк, технологиялық, конструкциялық, инженерлiк, әшекейлік немесе басқа) шешiмнiң оңайлатылған, схема, сызба, бастапқы сұлба (сурет) нысанында орындалған және осы шешiмнiң түпкi ойын түсiндiретiн түрi;

      7) жоба – жеке және заңды тұлғалардың түпкі ойының мәнін және оны практикада іске асыру мүмкіндігін ашып көрсететін, сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасы (сызбалар, графикалық және мәтіндік материалдар, инженерлік және сметалық есеп-қисаптар), оның ішінде құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесі және (немесе) жобалау-сметалық құжаттамасы нысанында ұсынылған, адамның мекендеуі мен тыныс-тіршілігіне қажетті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі түпкі ойы;

      8) сәулеттік келбет (Дизайн код) – бұл қалалық кеңістік элементтерін құрайтын міндетті көрнекі құрамдас бөлік: үйлер мен ғимараттардың қасбеттері, абаттандыру, маңдайшалар, тақтайшалар, шағын сәулеттік пішіндерді және тұтас эстетикалық сәулетті, жайлы, қолжетімді және қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыруға бағытталған қала инфрақұрылымының басқа элементтерін реттейтін ұсынымдар жинағы;

      9) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы – елді мекендер аумақтарының жекелеген бөліктері мен функционалдық аймақтары, сондай-ақ елді мекендердің шегінен тыс жерде орналасқан аумақтар үшін әзірленетін қала құрылысы құжаттамасы;

      10) елдi мекеннiң аумағы – қалалық елді мекеннің белгіленген шекара (ішкі аумағы) шегіндегі кеңiстiк;

      11) Бас жоспар – аймақтарға бөлудi, оның аумағының жоспарлы құрылымы мен функционалдық ұйымдастыруды, көлiк және инженерлiк коммуникацияларды, көгалдандыру мен абаттандыру жүйелерiн белгiлейтiн, қаланы дамыту мен салуды кешендi жоспарлаудың қала құрылысы жобасы;

      12) қала құрылысының регламенттерi – аумақтарды (жер учаскелерiн) және басқа да жылжымайтын мүлiк объектiлерiн пайдаланудың, сондай-ақ олардың жай-күйiнiң заңнамада белгiленген тәртiппен жол берiлетiн кез келген өзгерiстерiнiң режимдерi, рұқсаттары, шектеулерi (ауыртпалық салуды, тыйым салу мен сервитуттарды қоса алғанда);

      Қала құрылысының регламенттерi мемлекеттiк нормативтерге сәйкес орындалған қала құрылысы және сәулет-құрылыс құжаттамасымен белгiленедi. Қала құрылысы регламенттерiнiң қолданылуы олар үшiн белгiленген мерзiм шегiнде шектеледi;

      13) қала құрылысын реттеу аумағы – шегiнде қандай да болсын сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi жүзеге асырылатын аумақ.

      3. Осы Қағидалардың міндеттері:

      1) қала тұрғындарының заманауи қажеттіліктеріне сәйкес келетін сапалы қалалық ортаны құру мен дамытудың кешенді тәсілін қалыптастыру;

      2) қаланың бүкіл аумағын жүйелі және тұрақты дамыту процесін сәулет және қала құрылысы құралдарымен қамтамасыз ету болып табылады.

2-бөлім. Сәулеттік келбетті қалыптастыру және қала
құрылысын жоспарлау тәртібі

      4. Алматы қаласының сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау кезінде:

      1) қоғамдық талқылауды Заңның 13-бабы шеңберінде ашық және жария түрде өткізу, қоғамдық тыңдаушылардың пікірін ескеру;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын нормативтік-техникалық талаптарды, қаланың Бас жоспарын, сондай-ақ қаланың сейсмикалық шағын аудандарға бөлінуін ескере отырып, құрылыс салуға қойылатын талаптарды сақтау;

      3) қала көшелерінің ансамблін қалыптастыра отырып, қаланың бірегей сұлбасын, Іле Алатауы тауларының көркем көрінісін кеңістікте құру және сақтау;

      4) қала аумағының нормативтік және табиғи желдетілуін, инсоляция және орта шуынан қорғалуын сәулет және қала құрылысы әдістерімен қамтамасыз ету;

      5) қадамдық қолжетімділік талаптарын ескере отырып, функционалдық аймақтарды ықшамдап орналастыру және қоғамдық орталықтар жүйесімен, әлеуметтік және күнделікті қамтамасыз ету, инженерлік және көлік инфрақұрылымы объектілерімен өзара байланыстыру;

      6) аумақтың кешенді қауіпсіздігін және оны табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың әсерінен қорғауды қамтамасыз ету;

      7) қала аумағында қала құрылысы мен биіктік регламентін сақтау қажет.

      5. Алматы қаласындағы қала құрылысын айрықша реттеу аймақтарына қаланың Бас жоспарында белгіленген аумақтар, оның ішінде қала аумағының тұрақты дамуына әсер ететін қоғамдық, қала құрылысы, экономикалық, экологиялық, рекреациялық, мәдени, тарихи және басқа да факторлар негізінде жерді, бар жылжымайтын мүлік объектілерін пайдалану бойынша аумақтар жатады.

      6. Қала құрылысын айрықша реттеу аймақтарында құрылыс салуға қойылатын шарттар:

      1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қолданыстағы заңнамада, нормативтік-техникалық құжаттарда және осы Қағидаларда белгіленетін биіктік регламентіне сәйкес рұқсат етілетін қабаттар саны;

      2) құрылыс салу тығыздығы мен коэффициенті бойынша ерекшеліктері;

      3) үйлер мен ғимараттар қасбеттерінің сәулеттік шешімдері;

      4) тарих және мәдени ескерткіштерінің қорғаныш аймағында құрылыс салу.

      7. Қала құрылысын айрықша реттеу аймақтарына келесі қала аумақтары жатады:

      1) қаланың Бас жоспарында бекітілетін шекара шегіндегі тарихи орталық;

      2) тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғаныш аймақтары.

      8. Тарихи орталықтың, сондай-ақ тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғаныш аймақтарының шегінде барлық қала құрылысы объектілері мен олардың сипаттамалары, мәдени құндылығы сақтауға немесе қалпына келтіруге жатады.

      9. Тарихи орталық шекарасының шегінде Заңда белгіленген тәртіппен ескерткіштерді қалпына келтіру немесе сақтау бойынша реставрациялық жұмыстарын және өзге де жұмыстарды жүргізуге, сондай-ақ тұрғын үйлерді және (немесе) олардың бірінші қабаттарын жапсаржай салмай, қасбеттік шешімдерін және абаттандырылуын сақтай отырып, кәсіпкерлік қызмет объектілері үшін қайта жабдықтауға рұқсат етіледі.

      10. Тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғаныш аймақтарының шегінде тарихи ғимараттардың құрылымы мен стилін, пропорциялары мен биіктігін бұзуға жол берілмейді.

      11. Ең жоғары рұқсат етілген биіктіктен асуға, сол сияқты қоршаған құрылыстың орташа биіктігінен асуға, тарихи аймақта және 50 метрге дейінгі радиустағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің қорғаныш аймағында сәулеттік шешім ауқымын бұзуға жол берілмейді.

      12. Аумақты тұрақты дамыту жағдайларын қамтамасыз ету, қала аумағында сапалы және жайлы ортаны қалыптастыру үшін функционалдық аймақтарға бөлінуіне, бұрыннан бар қала құрылысы жағдайына байланысты 1 гектарға халықтың ең аз және ең көп тығыздығы белгіленеді.

      13. Құрылыс салу үшін қала аумағындағы халықтың қоныстану тығыздығын жердің құнын, инженерлік және көлік коммуникацияларының ресурстық мүмкіндіктерін, әлеуметтік мақсаттағы объектілерде қадамдық қолжетімді жеткілікті орындардың болуын, тарихи-мәдени және сәулет-ландшафттық құндылықтардың болуын ескере отырып, сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қолданыстағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес тәртіппен есептеу қажет, бірақ орамдық құрылыс кезінде 1 гектарға 440 адамнан аспауы, тарихи орталықта 1 гектарға 300 адамнан аспауы тиіс.

      14. Есептік аумақтың шекарасын қызыл сызықтың бойымен, құрылыс учаскелерінің шекарасымен, орам арасындағы жолдардың, жаяу жүргіншілер жолдарының осімен немесе табиғи шекаралармен белгілеу, олар болмаған жағдайда – құрылыс сызығынан 3 метр қашықтықта белгілеу талап етіледі.

      15. Қала аумағындағы жаңа құрылысты, қоныстану тығыздығын есептеу үшін тұрғын үймен орташа қамтамасыз етуді бір адамға есептегенде 18-25 шаршы метрден кем емес тұрғын ауданды қолдану.

      Келесі бір мезгілдегі жағдайлар сақталған кезде тығыздықты 20 пайызға арттыруға жол беріледі:

      1) салу және нәтижесінде пайдалануға берілген объектінің тұрақты жұмыс істеуі үшін талап етілетін жеткілікті инженерлік инфрақұрылымның болуы;

      2) көліктік қолжетімділіктің, жерасты немесе көп деңгейлі паркингтердің болуы;

      3) аумақта жапсарлас-іргелес салынған балабақшалар мен мектепке дейінгі мекемелердің болуы;

      4) нормативтік қамтамасыз ету шеңберінде қадамдық қолжетімділіктегі аумақтарда ашық жасыл аймақтардың және жер сілкінісі кезінде жиналуға арналған орындардың болуы;

      5) бастауыш және орта білім беру мектептерінде қадамдық қолжетімділіктегі орындардың жеткілікті деңгейде болуы;

      6) 500 метрден аспайтын радиуста күнделікті қызмет көрсету объектілерінің болуы;

      7) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің, азаматтық қорғау саласындағы нормативтік актілердің және нормативтік техникалық құжаттардың сақталуы;

      8) бір тұрғынға 10 шаршы метрден есептелген үй маңындағы аумақтың болуы (шаруашылық және рекреациялық қажеттіліктерге арналған алаңдарды, тұрақ орындарын, абаттандыру және көгалдандыруды ескеру арқылы).

      Құрылыс салу тығыздығының коэффициентін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес қабылдау қажет.

      16. Желілік типтегі көппәтерлі тұрғын үйлердің ұзын жақтарының арасындағы алшақтықтың ең аз мөлшері (тұрмыстық қашықтық):

      1) 4-5 қабатты үйлерді салу кезінде: 20 метрден кем емес;

      2) 6-12 қабатты үйлерді салу кезінде: 30 метрден кем емес;

      3) 13-16 қабатты үйлерді салу кезінде: 48 метрден кем емес;

      4) 17 және одан биік қабатты үйлерді салу кезінде: 50 метрден кем емес.

      17. Желілік типтегі көппәтерлі тұрғын үйлердің қысқа және ұзын жақтарының арасындағы алшақтықтың ең аз мөлшері (тұрмыстық қашықтық):

      1) 4-5 қабатты үйлерді салу кезінде: 12 метрден кем емес;

      2) 6-12 қабатты үйлерді салу кезінде: 15 метрден кем емес;

      3) 13-16 қабатты үйлерді салу кезінде: 24 метрден кем емес;

      4) 17 және одан биік қабатты үйлерді салу кезінде: 45 метрден кем емес.

      18. Мыналарға:

      1) жаяу жүргіншілер көшелерінің, орамдардан эвакуациялық шығу жолдарының бойында биік ғимараттар салуға;

      2) мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен жалпы білім беретін ұйымдарды биік ғимараттарға біріктіріп салынған биіктігі 12 қабаттан асатын үй-жайларда, сондай-ақ жерасты және жапсарлас салынған автомобиль тұрақтарының үстіне орналастыруға;

      3) 3 қабатқа дейінгі тұрғын немесе қоғамдық ғимараттардың арасындағы алшақтықтың ең аз мөлшері (жер деңгейінің белгісінен шатырдың жотасына дейін биіктігі бойынша 12 метрден аспайды, инсоляция нормаларына және рұқсат етілген өртке қарсы алшақтықпен айқындалады).

      4) ылдилығы 45 градустан асатын, төгінділер жазықтықтарының жақындығы, тау жыныстары физикалық-геологиялық процестермен қатты бұзылған, опырылымдар, жүзулер, көшкіндер, карст, тау-кен қазбалары, сел жүру мүмкіндігі бар, жасыл көшеттері бар алаңдардағы бос аумақтарда тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілердің құрылысын салу үшін игеруге жол берілмейді.

      19. Қала аумағын қала құрылыстық игеру барысында адам өмірі мен денсаулығына әсер ететін техногендік және табиғи факторлардан қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қаланың сейсмикалық микроаймақтарға бөліну картасына сәйкес 8, 9, 10 балл сейсмикалық қауіптілігін ескере отырып, және жекелеген учаскелерде ылғалдылық консистенциясының және жерасты суларының көтерілуінің жоғары көрсеткіші бар алаңдарды жобалау, салу және пайдалану кезінде шарттар мен нормативтік талаптарды сақтау қажет.

      20. Мұнара түріндегі ғимараттарды орналастыру кезінде қашықтықты барлық тұрғын үй-жайлардың инсоляциясын қамтамасыз ету нормаларын ескере отырып қабылдау, бірақ бірінші қабаттардың көлемі бойынша біріктірілген бір сызыққа орналастырған жағдайда 23 метрден кем болмауы тиіс.

      21. Қала құрылысын айрықша реттеу аймақтарының шегінен тыс қала аумағында тұрғын және тұрғын емес ғимараттарды жобалауды және салуды жүзеге асыру барысында келесі шарттарды ескеру қажет:

      1) тұрғын және тұрғын емес мақсаттағы ғимараттарды қаланың негізгі көшелерінің қызыл сызықтарынан кемінде 6 метр, жергілікті маңызы бар жолдардан кемінде 3 метр қашықтықта орналастыру қажет;

      2) тұрғындардың болжамды қоныстану тығыздығын ескере отырып, аумақтың қадамдық қолжетімділіктегі мектепке дейінгі балалар мекемелерінің құрылысымен қамтамасыз етілуі (мектепке дейінгі жастағы мектепке дейінгі мекемелердегі орындар мың адамға есептегенде 100 орыннан кем емес);

      3) тұрғындардың болжамды қоныстану тығыздығын ескере отырып, қадамдық қолжетімділіктегі жалпы білім беретін мекемелермен қамтамасыз етілуі (мың адамға 180 орыннан кем емес);

      4) амбулаториялық-емханалық мекемелермен қамтамасыз етілуі;

      5) учаскелік полиция пунктінің болуы (3 мың адамға 1 учаскелік инспектор есебінен, учаскелік полиция пунктіне арналған ең аз ауданы 45 шаршы метрден кем болмауы тиіс).

      22. Қала аумағындағы ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттері қала сапасының және қоршаған қала құрылысы ортасының айрықша эстетикалық сипаттамаларын (стильдік және композициялық тұтастығын, ырғағын, өлшемдер сәйкестігі мен тепе-теңдігін, сырттай қабылдануын, ашық және жабық кеңістіктердің тепе-теңдігін) көрсетуі, жобалық құжаттамада қарастырылған сәулет-қала құрылысы келбетіне және (немесе) келісілген кескіндік жобаға сәйкес келуі тиіс.

      23. Қасбеттегі терезелер мен витриналардың орналасуы, олардың көлемдері, құрылғының сипаты мен сыртқы түрі түстік шешімін қоса алғанда, ғимараттың техникалық құжаттамасына, ғимараттың жобасында қарастырылған ғимараттың көлденең және тік осьтері жүйесіне, симметриясына, биіктігі бойынша тұрақтылығына, ырғағына, көлемдік-кеңістіктегі шешіміне сәйкес келуі тиіс.

      24. Кіру топтарын (кіреберістерді) орнату және жабдықтау ғимарат қасбетінің сыртқы түріне және сәулет-жоспарлаудың түпкі ойына, жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысының қолайлылығы мен қауіпсіздігіне зиян келтірмеу арқылы конструкциялардың сенімділігін, қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ескере отырып, келісілген және бекітілген жобалау құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      25. Ғимараттардың сыртқы сәулеттік келбетін сақтау мақсатында, сәндік-көркемдік элементтердің сырттай қабылдану қолжетімділігі мен қасбеттерге келетін материалдық зиянды барынша азайту үшін кіру топтары (кіреберістер) жобаға сәйкес аспалы немесе тірек тіреуіштеріне орнатылған соққыға төзімді беріктігі жоғары шыныдан жасалған жеңіл үлгідегі мөлдір қауіпсіз қалқалармен жабдықталады.

      26. Лоджиялар мен балкондардың ғимараттардың қасбеттерінде орналасуы, оларды орналастыру сипаты мен сыртқы түрі жобалау құжаттамасында қарастырылған қасбеттің сәулеттік шешіміне немесе қасбеттің сәулет паспортына сәйкес келуі тиіс.

      27. Балкондар, лоджиялар, эркерлер ғимараттың бүкіл биіктігі бойынша біркелкі болуға (балконның, лоджиялардың, эркердің ғимараттағы қабаты мен орналасуына қарамастан) және ғимаратты немесе құрылысты салу кезінде қолданылатын жобалау құжаттамасына сәйкес болуы тиіс.

      28. Балкондар мен лоджиялардың түстік шешімі ғимараттың жобалау құжаттамасына немесе қасбеттің сәулет паспортына сәйкес қасбеттің сәулеттік шешімінің ерекшеліктеріне сәйкес келуі тиіс.

      29. Техникалық жабдықты орналастыру бекіткіштің сәулеттік беткі қабатпен барынша аз жанасуын, тиімді орнату және оның технологиялылығын, бекітудің стандарт конструкцияларын пайдалана отырып, жабдықты орналастырудың кешенді шешімін ескеріп, қасбет сәулетінің сыртқы түрі мен техникалық жай-күйіне зиян келтірмей жүргізілуі тиіс.

      30. Инженерлік жабдықты пайдалану қасбеттің сыртқы түріне және техникалық жағдайына зиян келтірмеуі, айналасындағыларға қолайсыздық туғызбауы тиіс.

      31. Сәулеттік келбетті қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау барысында:

      1) тұрғын ғимараттардан кемінде 10 метр қашықтықта тұрақ орындарын;

      2) сәулеттік келбетке (Дизайн кодқа) сәйкес бірыңғай стильде жасалған сәулеттік шағын пішіндерді ұйымдастыру (халықтың қозғалысы шектеулі топтарына арналған жабдықтар, орындықтар, қоқыс салғыштар, гүл құмыралары, балалардың ойын кешендері);

      3) халықтың қозғалысы шектеулі топтары үшін кедергісіз жаяу жүргіншілер ортасын ұйымдастыру (пандустар, тактильді тақтайшалар);

      4) мақсатына қарай аула аумағының жабындысын пайдалану (асфальт жабыны, тақтайша жабыны, балалар немесе спорт алаңының резеңке жабыны);

      5) аумақтың қауіпсіздігі мен жайлылығының жоғары деңгейін қамтамасыз ету (аулаларды жеткілікті көлемде жарықтандыруды ұйымдастыру);

      6) демалыс аймақтары мен шаруашылық аймақтарын ұйымдастыру қажет.

      32. Сәулеттік жарықтандыруға:

      1) ерекше тарихи және сәулеттік маңыздылығы бар объектілер: тарих, сәулет ескерткіштері, монументтер, субұрқақтар және қорғаныш аймақтарының режимін ескере отырып, қалпына келтірілгендерді қоса алғанда, бақ-саябақ өнерінің объектілері;

      2) ерекше қоғамдық маңызы бар объектілер: қалалық функцияларды және қаланың әкімшілік орталықтарының функцияларын жүзеге асыруға арналған ғимараттар;

      3) ғибадат объектілері, мәдени орталықтар, театрлар, кинотеатрлар, концерт залдары, музейлер мен көрме орталықтары, вокзалдар, әуежай, жерасты және жерүсті өткелдері, спорт және қонақүй кешендері;

      4) биік ғимараттар, теледидар және радио мұнаралары, жаяу жүргіншілер мен автомобиль көпірлері;

      5) ерекше маңызы бар объектілер: алаңдардың жоспарлы осьтерінде, радиалды және айналма магистральдар мен қала өзендері жағалауларының, магистральдардың, жағалаулар мен бульварлардың осьтері мен иілімдерінде, олардың қиылыстарында орналасқан қоғамдық және тұрғын үй ғимараттары; негізгі автомагистральдардың бойында орналасқан өндірістік ғимараттар, инженерлік құрылыстар (құбырлар, құрылыс крандары, биік мачталы жарық беру қондырғылары) жатады.

      33. Инженерлік желілер мен құрылыстарды жобалау, құрылысын салу одан әрі желілерді қаланың тиісті қызметтерінің балансына беру арқылы жүзеге асырылады.

      Коммуникациялық тоннелдердің, каналдардың құрылысын ашық тәсілмен төсеуге жол беріледі.

      34. Инженерлік желілерді жобалау инженерлік дәліздер аймақтарының шегінде жүзеге асырылады.

      35. Инженерлік желілер мен автомобиль жолдарын жобалау мен салуды қаланың қала құрылысы құжаттамасында (Бас жоспарда, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларында және (немесе) құрылыс салу жобаларында) бекітілетін көшелердің қызыл сызықтары шегінде, қажет болған жағдайда тар, таулы, биік таулы жағдайларда немесе қорғалатын табиғи аумақтарда жоспар элементтерінің параметрлерін, бойлық бейіндегі еңістерді, тротуарлар мен веложолдарды қоса алғанда, көшелер мен жолдардың көлденең пішінінің параметрлерін негіздей отырып, есептік жылдамдықпен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іс-шараларды әзірлеп, қолданыстағы қозғалыс жылдамдығына және есептелген автомобильдің өлшемдеріне байланысты есептеу арқылы жүзеге асыру қажет.

      36. Қала көшелері мен орамішілік аумақтардың жол төсемдерін салу, реконструкциялау және жөндеуді Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құжаттарының талаптарына сәйкес жүргізу қажет.

      37. Жол қозғалысын ұйымдастыру жобаларын әзірлеу кезінде жолдарды салу, қайта жаңарту және жөндеу, сондай-ақ қаланың көше-жол желісін күтіп-ұстау және пайдалану кезінде:

      1) көлік қозғалысы қарқынды көшелер мен жолдарда, екі бағытта да екіден көп жолақ бар жолдарда, көлік жолайрықтарында, қоғамдық көлік үшін жолақтар бөлінген көшелерде ұзақ уақыт қолданылатын таңбалау материалдарын (суық жағылатын екі компонентті пластик) қолдану. Белгілер салудың бойлық сызықтарының енін – 0,15 метр мөлшерінде қарастыру;

      2) қаланың қалған көшелерінде қозғалыс жолақтарының саны екі бағытта да екі және одан да аз болған жағдайда, жолдарды белгілеу үшін материалдарды есептеу нәтижелеріне сәйкес таңдау қажет. Белгілер салудың бойлық сызықтарының енін – 0,12 метр мөлшерінде қарастыру.

      38. Жылу беру маусымы кезеңінде құрылыс жобалары бойынша инженерлік желілердің құрылыс – монтаждау жұмыстарын:

      1) жолдарды қайта жаңарту және күрделі жөндеу;

      2) жерасты инженерлік коммуникациялар;

      3) байланыс желісінің тірегі, жарықтандыру және электр беру желілері және қала көшелерінің қызыл сызықтары шегінде жерді қазумен немесе жол жабындарын ашумен байланысты басқа да жұмыстарды жүргізуге жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады