Арыс қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Түркістан облысы Арыс қалалық мәслихатының 2021 жылғы 31 наурыздағы № 4/19-VІІ шешiмi. Түркістан облысының Әдiлет департаментiнде 2021 жылғы 8 сәуірде № 6153 болып тiркелдi. Күші жойылды - Түркістан облысы Арыс қалалық мәслихатының 2023 жылғы 28 қыркүйектегі № 8/51-VІІІ шешiмiмен

      Ескерту. Күші жойылды - Түркістан облысы Арыс қалалық мәслихатының 28.09.2023 № 8/51-VІІІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешiмiмен.

      Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 56 бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қантардағы Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 6 мамырдағы Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы №504 "Әлеуметтік көмек көрсетудін, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Арыс қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған Арыс қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы бекітілсін.

      2. Арыс қалалық мәслихатының 2020 жылғы 24 маусымдағы № 52/364-VI "Арыс қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 5739 тiркелген, 2020 жылғы 5 тамызда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электронды түрде жарияланған) шешiмiнiң күшi жойылды деп танылсын.

      3. "Арыс қалалық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы шешімді "Қазақстан Республикасы Әділет Министрлігі Түркістан облысының Әділет департаменті" Республикалық мемлекеттік мекемесінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) ресми жарияланғаннан кейін осы шешімді Арыс қалалық мәслихатының интернет-ресурсына орналастыруын қамтамасыз етсін.

      4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихат сессиясының төрағасы К. Елгонов
      Арыс қалалық маслихат хатшысы А. Байтанаев

  Арыс қалалық
мәслихатының 2021 жылғы
31 наурыздағы № 4/19-VІІ
шешімімен бекітілген

Арыс қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - Түркістан облысы Арыс қалалық мәслихатының 15.11.2022 № 29/155-VІІ шешiмiмен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1 – тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Арыс қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56-бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 2-3 тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі -Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Әлеуметтік көмек Арыс қаласының аумағында тұрақты тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетіледі.

      3. Осы Қағидада пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Арыс қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – Арыс қаласының "Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін қала әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      4. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен (бұдан әрі - ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - әлеуметтік көмек алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күндерге заттай нысанда немесе ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.

      6. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидада көзделген тәртіппен көрсетіледі.

2 – тарау. Әлеуметтік көмек алушылардың санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Мерекелік күндерге әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 8 наурызда Халықаралық әйелдер күніне:

      көпбалалы аналарға, оның ішінде: "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталғандарға – 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 7 мамырда Отан қорғаушы күніне:

      басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 35 (отыз бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысы бар балаларына – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      3) 9 мамыр Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне:

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар азаматтарға – 1 000 000 (бір миллион) теңге мөлшерінде;

      Майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгіленген жеңілдікті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшілеріне, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (бұдан әрі - КСР Одағы) ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 32 (отыз екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына – 32 (отыз екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға – 32 (отыз екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға – 32 (отыз екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне – 32 (отыз екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға – 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарына – 32 (отыз екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектігі бар адамдарға – 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар адамға теңестірілген адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетіндерді қоспағанда) салдарынан мүгедектігі бар адам деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайы) – 32 (отыз екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің екінші рет некеге отырмаған жесірлеріне – 20 (жиырма) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) 30 тамыз Конституция күніне орай:

      80 жастан асқан қарт адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға, жалғызілікті зейнеткерлерге – 6 (алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) 16 желтоқсан Тәуелсіздік күні мерекесіне орай:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларына – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      үйде тәрбиеленетін және оқытылатын, әлеуметтік қызмет көрсетілетін мүгедектігі бар балаларға – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      8. Өмірлік қиын жағдайға тап болған мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:

      1) адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған диспансерлік есепте тұрған адамдарға және балалардың ата-аналарына немесе өзге заңды өкілдеріне әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай – ай сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселік мөлшерінде;

      2) үйде оқып және тәрбиеленіп жатқан мүгедектігі бар балаларға – ай сайын 1 (бір) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектігі бар адамдарға, жалғызілікті зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамадарға өмір сүру сапасын жақсартуға әлеуметтік көмек – біржолғы 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) басылымдарға жазылу үшін – Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдарға – біржолғы 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарға және соларға теңестірілген адамдарға, зейнеткерлерге және мүгедектігі бар адамдарға санаторий-курорттық емделуге – біржолғы 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарға жол жүру шығындарын өтеу үшін:

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне – біржолғы 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде,

      Қазақстан Республикасының аумағында – біржолғы 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша мүгедектігі бар адамдарды қоларбамен қамтамасыз етуге:

      серуендеуге арналған қоларбаға – біржолғы 55 (елу бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде,

      бөлмеге арналған қоларбаға – біржолғы 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде,

      мүгедектігі бар балаларға арналған қоларбаға – біржолғы 25 (жиырма бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде,

      балалардың церебралды салдары ауруы бар мүгедектігі бар балаларға арналған қоларбаға – біржолғы 55 (елу бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен алпыс пайыздан аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар аз қамтамасыз етілген отбасыларына, жұмысқа қабілетсіз аз қамтамасыз етілген мүгедектігі бар адамадарға – біржолғы 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға ірі қара мал алуға – бiржолғы 92 (тоқсан екі) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;

      10) медициналық ұйымдардың ұсынған тізімі бойынша мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымдардан шығарылған туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарға – ай сайын 11 (он бір) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      11) созылмалы бүйрек жетімсіздігі ауруына шалдыққан мұқтаж азаматтарға – біржолғы 50 (елу) айлық көрсеткіш мөлшерінде;

      12) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өрт оқиғасы орын алған мекен-жайда өмірлік қиын жағдайда қалған сәттен бастап үш ай ішінде азаматтарға (отбасыларға) жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай – біржолғы 400 (төрт жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      9. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      10. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша ЖАО бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      11. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Арыс қаласының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.

      12. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

      13. Артық төленген сомалар ерiктi немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қайтаруға жатады.

3-тарау. Қорытынды ереже

      14. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорларын пайдалана отырып жүргiзедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады