Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Түркістан облысы Арыс қалалық мәслихатының 2023 жылғы 28 қыркүйектегі № 8/51-VІІІ шешiмi. Түркістан облысының Әдiлет департаментiнде 2023 жылғы 29 қыркүйекте № 6368-13 болып тiркелдi

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56 бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Арыс қалалық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Күші жойылды деп танылсын:

      1) Арыс қалалық мәслихатының "Арыс қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" 2021 жылғы 31 наурыздағы № 4/19-VII шешімі (нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 6153 болып тiркелген);

      2) Арыс қалалық мәслихатының "Арыс қалалық мәслихатының 2021 жылғы 31 наурыздағы № 4/19-VII "Арыс қаласының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидасын бекіту туралы" шешіміне өзгеріc енгізу туралы 2022 жылғы 15 қарашадағы № 29/155-VІІ шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30604 болып тіркелген).

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Арыс қалалық мәслихат төрағасы К. Ахметов

  Арыс қалалық мәслихатының
2023 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 8/51-VІІІ шешіміне қосымша

Әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрi – Қағидалары) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56 бабының 1-тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6 бабының 2-3 тармағына, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді (бұдан әрі – қағидалар) және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Арыс қаласының мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты "бір терезе" қағидаты бойынша ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Арыс қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      4) әлеуметтік көмек – ЖАО мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      5) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      6) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      7) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      8) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – "Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - Түркістан облысы Арыс қалалық мәслихатының 01.10.2024 № 22/135-VІІІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешiмiмен.

      3. Әлеуметтік кодекстің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көрсетілген тұлғаларға әлеуметтік көмек осы қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі.

      5. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ЖАО бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде азаматтардың келесі санаттарына көрсетіледі:

      1) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні - көп балалы аналарға, оның ішінде:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған - 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 26 сәуір – радиациялық апаттардың салдарын жоюға қатысқан қатысушылар және осы апаттардың құрбандарын еске алу күні:

      1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына – 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына – 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға – 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні:

      басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне – 35 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлерге – 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерiне – 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) 9 мамыр – Ұлы Отан соғысының Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар азаматтарға – 1 000 000 теңге мөлшерінде;

      майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгіленген жеңілдікті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшілеріне, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 32 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына – 32 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға – 32 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға – 32 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне – 32 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтарға – 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарына – 32 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілерге – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргізілген мемлекеттерде қызметтік міндеттерін орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген, бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      басқа елдердегі майдандағы әскери контингенттерге қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдары жүргізілген кезеңде жаралануы, контузия алуы, мертігуі не ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген тиісті санаттардағы жұмысшылар мен қызметшілерге – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедектік белгіленген адамдарға – 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 46-баптарында аталған адамдардың отбасыларына – 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына – 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына – 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына – 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайы) – 32 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері; екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайы) – 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) 29 тамыз – Семей ядролық сынақ полигонының жабылу күні:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамдарға - 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) 30 тамыз – ҚР Конституциясы күні:

      үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын жалғызілікті қарттарға, 1 – топтағы мүгедектігі бар адамдарға – 6 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) 16 желтоқсан – ҚР Тәуелсіздік күні:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларына – 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      үйде арнаулы әлеуметтік қызметтер алатын мүгедектігі бар балаларға – 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      7. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет, жылына 1 рет) көрсетіледі:

      1) адамның иммун тапшылығы вирусын (бұдан әрі – АИТВ) жұқтырған және диспансерлік есепте тұрған балалардың немесе АИТВ-мен ауыратын балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне – ай сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 еселік мөлшерінде;

      2) АИТВ-мен ауыратын адамдарға – біржолғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 еселік мөлшерінде;

      3) оқу жылы кезеңінде үйде оқып және тәрбиеленіп жатқан мүгедектігі бар балаларға – ай сайын 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) басылымдарға жазылу үшін – Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдарға – біржолғы 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарға және соларға теңестірілген адамдарға, зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға және Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғаларына санаторийлік-курорттық емделуге – біржолғы 65 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар адамдарға жол жүру шығындарын өтеу үшін:

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдеріне – біржолғы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Қазақстан Республикасының аумағында – біржолғы 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша мүгедектігі бар адамдарды кресло-арбамен қамтамасыз етуге:

      қол жетегі бар бөлмеде жүріп-тұруға арналған базалық кресло-арбаға (ересектерге, жасөспірімдерге, балаларға),

      қол жетегі бар серуендеуге арналған базалық кресло-арбаға (ересектерге, жасөспірімдерге, балаларға),

      рычагты жетегі бар серуендеуге арналған кресло-арбаға,

      белсенді типтегі кресло-арбаға (әмбебап),

      электр жетегі бар кресло-арбаға (әмбебап),

      ересектерге арналған көп функцияналды кресло-арбаға (әмбебап),

      балаларға арналған көп функцияналды кресло-арбаға (әмбебап),

      сырғытқы арбаға,

      бір реттік халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган айқындаған әлеуметтік көрсетілетін қызметтер порталы арқылы сатып алынатын тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің құнын өтеу ретінде кепілдік берілген сома мөлшерінде;

      8) ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен алпыс пайыздан аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар аз қамтамасыз етілген отбасыларға – біржолғы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) отбасының жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға ірі қара мал алуға – бiржолғы 92 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;

      10) туберкулезбен ауыратын және амбулаториялық емдеудегі адамдарға – ай сайын 11 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      11) созылмалы бүйрек жетімсіздігі ауруына шалдыққан мұқтаж азаматтарға – біржолғы 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      12) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне нұқсан келтіруге байланысты – біржолғы 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      13) жұмысқа қабілетсіз мүгедектігі бар адамдарға – біржолғы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      14) пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға – біржолғы 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      Ескерту. 7-тармаққа өзгерістер енгізілді - Түркістан облысы Арыс қалалық мәслихатының 01.10.2024 № 22/135-VІІІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешiмiмен.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      8. Атаулы күндер мен мереке күндеріне орай әлеуметтік көмек оны алушылардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмекті алушылардың санаттарын ЖАО белгілейді, содан кейін уәкілетті ұйымға не өзге де ұйымдарға сұраныс жіберу арқылы олардың тізімдері қалыптастырылады.

      9. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне немесе ауылдық округ әкіміне Үлгілік қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш береді, оған мынадай құжаттарды қоса береді:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін);

      2) тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер (тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысына қарамай тағайындалатын әлеуметтік көмекті алу үшін тұлғаның (отбасы мүшелерінің) табысы туралы мәліметтер ұсынылмайды);

      3) мұқтаждар санатына жатқызу негіздерінің болу фактісін растайтын төменде көрсетілген құжаттардың бірі:

      дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келу фактісін растайтын құжат;

      әлеуметтік маңызы бар аурудың болу фактісін растайтын құжат;

      жергілікті өкілді органдар ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болу фактісін растайтын құжат;

      жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжат;

      жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмау фактісін растайтын құжат;

      бас бостандығынан айыру орындарынан босатылу, пробация қызметінің есебінде болу фактісін растайтын құжат.

      Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырып тексерілгеннен кейін құжаттардың төлнұсқасы өтініш берушіге қайтарылады.

      10. Үлгілік қағидалардың 8-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген негіз бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына берілетін әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш түскен кезде әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган немесе ауылдық округ әкімі 1 (бір) жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      11. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша Үлгілік қағидаларға 2, 3-қосымшаларға сәйкес нысандар бойынша тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акт жасайды, тұлғаның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттарымен бірге әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

      12. Әлеуметтік көмек көрсету үшін құжаттар жетіспеген жағдайда Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшін қажетті мәліметтерді тиісті органдардан сұратады.

      13. Қажетті құжаттардың бүлінуіне, жоғалуына байланысты өтініш берушінің оларды ұсынуға мүмкіндігі болмаған жағдайда Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешімді өзге уәкілетті органдар мен ұйымдардың тиісті мәліметтерді қамтитын деректері негізінде қабылдайды.

      14. Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізеді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      15. Арнайы комиссия құжаттар түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытынды шығарады, қорытынды оң болған кезде әлеуметтік көмектің мөлшерін көрсетеді.

      16. Өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттары тіркелген күннен бастап 8 (сегіз) жұмыс күні ішінде Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Қағидалардың 12 және 13-тармақтарында көрсетілген жағдайларда әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өтініш берушіден немесе ауылдық округ әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      17. Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі шешім қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қабылданған шешім туралы (бас тартқан жағдайда – негіздемесін көрсете отырып) өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.

      18. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту:

      1) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған;

      2) тұлғаның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізуден өтініш беруші бас тартқан, жалтарған;

      3) тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтік көмек көрсету үшін жергілікті өкілді органдар белгілеген шектен артық болған жағдайларда жүзеге асырылады.

      19. Әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыру Арыс қаласының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      20. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушы мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберілген;

      4) өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген мән-жайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      21. Әлеуметтік көмектің артық төленген сомалары ерікті түрде қайтарылады, заңсыз алынған сомалар ерікті түрде немесе сот тәртібімен қайтарылуға тиіс.

      22. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды Арыс қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады