Абай аудандық мәслихатының 2019 жылғы 18 маусымдағы № 36/2-VI "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Қағидаларын бекiту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облысы Абай аудандық мәслихатының 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 6/11-VII шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 22 сәуірде № 8668 болып тіркелді. Күші жойылды - Абай облысы Абай аудандық мәслихатының 2023 жылғы 29 қарашадағы № 10/17-VIII шешімі

      Ескерту. Күші жойылды - Абай облысы Абай аудандық мәслихатының 29.11.2023 № 10/17-VIII шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      ЗҚАИ-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 2-3 - тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекiту туралы" қаулысына сәйкес, Абай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Абай аудандық мәслихатының 2019 жылғы 18 маусымдағы № 36/2-VІ "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың Қағидаларын бекiту туралы" шешіміне (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 6031 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілердің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде 2019 жылғы 3 шілдеде жарияланған) келесі өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Сессия төрағасы Е. Тулендиев
      Мәслихат хатшысы Е. Лдибаев

  Абай аудандық мәслихатының
2021 жылғы 5 сәуірдегі
№ 6/11-VII шешіміне қосымша

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларында (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік Қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. "Абай аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – уәкілетті орган) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету аудан бюджетінде қарастырылған қаражат шегінде жүзеге асырады.

1-тарау. Жалпы ережелер

      3. Әлеуметтік көмек көрсетудің, мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларында пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) атаулы күндер – жалпы халықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) арнайы комиссия – өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Абай ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      4) ең төмен күнкөріс деңгейі – Шығыс Қазақстан облысының статистика органдары есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      5) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      6) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесi;

      7) орталық атқарушы орган – халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік орган;

      8) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      9) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Абай ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      10) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Абай ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      4. Осы Қағидалар Абай ауданының аумағында тіркелген тұлғаларға таралады.

      Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлемдер түрі көрсетіледі. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек жылына бір рет тағайындалады.

      5. Әлеуметтік көмек Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысының 5-тармағына көзделген тәртіпте көрсетіледі.

      6. Учаскелік және арнайы комиссиялар өз қызметін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі бекітетін ережелердің негізінде жүзеге асырады.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Алушылар санатының тізбесін, әлеуметтік көмектің шекті мөлшерлерін, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмекке өтініш білдіру мерзімдерін Абай ауданының әкімдігі белгілейді және Абай аудандық мәслихатының шешімімен бекітіледі.

      Бұл ретте азаматтарды өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждар санатына жатқызу үшін мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейіне еселік қатынаста белгілейтін шектен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табыстың болуы.

      8. Әлеуметтік көмек алушылар санатының тізбесі:

      1) жетім балалар, және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      2) қадағалаусыз қалған, оның ішінде девианттық мінез-құлықты кәмелетке толмағандар;

      3) арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында жүрген кәмелетке толмағандар;

      4) туғаннан бастап үш жасқа дейінгі балалардың ерте психофизикалық дамуы мүмкіндіктері шектелген балалар;

      5) дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктерімен байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы бар адамдар;

      6) әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігі шектелген адамдар;

      7) жасының егде тартуына байланысты, ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан өзіне-өзі күтім жасай алмауы;

      8) әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға алып келген қатыгездікке ұшыраған адамдар;

      9) баспанасыздар (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар);

      10) бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан адамдар;

      11) пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар;

      12) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зиян алған адамдар (отбасылар);

      13) белгіленген шектен аспайтын өтініш жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанда жан басына шаққандағы орташа табысы бар адамдар (отбасылар).

      9. Жан басына шаққандағы адамның (отбасының) орташа табыстың шегі ең төмен күнкөріс деңгейінің екі еселік мөлшерінде белгіленсін.

      10. Әрбiр жекелеген жағдайда көрсетiлетiн әлеуметтiк көмек мөлшерiн арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтiк көмек көрсету қажеттiлiгi туралы қорытындыда көрсетедi. Әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

      11. Атаулы күндер мен мереке күндеріне бірреттік әлеуметтік көмек азаматтардың мынадай санаттарына көрсетіледі:

      1) Ауғаныстан аумағынан әскерлерді шығару күні интернационалист - жауынгерлерді еске алу күні - 15 ақпан:

      Ауғаныстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери міндетін өтеу кезіндегі әскери қызметшілерге – 33,4 айлық есептік көрсеткіш;

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезендерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғаныстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілер – 33,4 айлық есептік көрсеткіш;

      2) Халықаралық әйелдер күні - 8 наурыз:

      "Алтын алқа" алқасымен, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған көпбалалы аналарға - 5 айлық есептік көрсеткіш;

      "Күміс алқа" алқасымен марапатталған көп балалы аналарға - 5 айлық есептік көрсеткіш;

      бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін ұйымдарда, жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысанында оқитын балалары бар көп балалы отбасылар, балалары кәмелеттік жасқа толғаннан кейін олар оқу орнын бітіретін уақытқа дейін (бірақ әрі дегенде жиырма үш жасқа толғанға дейін) - 5 айлық есептік көрсеткіш;

      3) халықаралық радиациалық авариялар мен апаттар құрбандарын еске алу күні - 26 сәуір:

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ, ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға – 34,282 айлық есептік көрсеткіш;

      1988 - 1989 жылдардағы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға – 34,282 айлық есептік көрсеткіш;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдар және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балалары – 24 айлық есептік көрсеткіш;

      4) Қазақстан халқының бірлігі мерекесі - 1 мамыр:

      көру бойынша 1 топтағы мүгедектерге - 10 айлық есептік көрсеткіш;

      5) Жеңіс күні - 9 мамыр:

      Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына – 342,818 айлық есептік көрсеткіш;

      майдандағы армия бөлiмдерiнiң әскери қызметшiлерiне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезiңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 34,282 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетіндерді қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы) – 10,285 айлық есептік көрсеткіш;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдар - 10,285 айлық есептік көрсеткіш;

      1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар 10,285 айлық есептік көрсеткіш;

      6) Саяси құғын-сүргін құрбандарын еске алу күні - 31 мамыр:

      саяси құғын - сүргін құрбандары болған азаматтарға – 4,285 айлық есептік көрсеткіш;

      7) Қазақстан Республикасының Конституциясы күні - 30 тамыз:

      16 жасқа дейінгі мүгедек бала асыраушы адамдарға – 4,8 айлық есептік көрсеткіш.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзгеде ұйымдардың ұсынымы бойынша Абай ауданы әкімдігі бекітетін тізімдер бойынша көрсетіледі.

      13. Өмірде қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе ауылдық округтің әкіміне Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің оның мөлшерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларының (бұдан әрі- Үлгілік қағидалар) 13-тармағына сәйкес құжаттар тізбесін қоса бере отырып, өтініш ұсынады.

      14. Салыстырып тексеру үшін құжаттардың төлнұсқалары ұсынылады, содан кейін құжаттардың төлнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.

      15. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек көрсетуге өтініш келіп түскен кезде уәкілетті орган немесе ауылдық округтің әкімі бір жұмыс күні ішінде өтініш берушінің құжаттарын адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргізу үшін учаскелік комиссияға жібереді.

      16. Учаскелік комиссия құжаттарды алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге тексеру жүргізеді, оның нәтижелері бойынша осы Үлгілік Қағидаларға 2, 3-қосымшаларына сәйкес нысандар бойынша адамның (отбасының) материалдық жағдайы туралы акті жасайды, адамның (отбасының) әлеуметтік көмекке мұқтаждығы туралы қорытынды дайындайды және оларды уәкілетті органға немесе ауылдық округ әкіміне жібереді.

      Ауылдық округ әкімі учаскелік комиссияның актісі мен қорытындысын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қоса берілген құжаттармен уәкілетті органға жібереді.

      17. Әлеуметтiк көмек көрсету үшiн құжаттар жетiспеген жағдайда уәкiлеттi орган әлеуметтiк көмек көрсетуге ұсынылған құжаттарды қарау үшiн қажеттi мәлiметтердi тиiстi органдардан сұратады.

      18. Өтiнiш берушiнiң қажеттi құжаттарды олардың бүлiнуiне, жоғалуына байланысты ұсынуға мүмкiндiгi болмаған жағдайда уәкiлеттi орган тиiстi мәлiметтердi қамтитын өзге уәкiлеттi органдар мен ұйымдардың деректерi негiзiнде әлеуметтiк көмек тағайындау туралы шешiм қабылдайды.

      19. Уәкілетті орган учаскелік комиссиядан немесе ауылдық округ әкімінен құжаттар келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеуді жүргізуді және құжаттардың толық пакетін арнайы комиссияның қарауына ұсынады.

      20. Арнайы комиссия құжаттар келiп түскен күннен бастап екi жұмыс күнi iшiнде әлеуметтiк көмек көрсетудің қажеттiлiгi туралы қорытынды шығарады, оң қорытынды болған кезде әлеуметтiк көмектiң мөлшерiн көрсетедi.

      21. Уәкілетті орган өтініш берушінің әлеуметтік көмек алуға қажетті құжаттарын тіркеген күннен бастап сегіз жұмыс күні ішінде қабылданған құжаттар мен арнайы комиссияның әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындысының негізінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Осы Қағидалардың 17 және 18 - тармақтарында көрсетілген жағдайларда уәкілетті орган өтініш берушіден немесе ауылдық округтің әкімінен құжаттарды қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек көрсету не көрсетуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      22. Уәкiлеттi орган шешiм қабылдаған күннен бастап үш жұмыс күнi iшiнде қабылданған шешiм туралы (бас тартқан жағдайда – негiздемесiн көрсете отырып) өтiнiш берушiнi жазбаша хабардар етедi.

      23. Әлеуметтік көмек көрсетуден бас тарту :

      1) өтiнiш берушiлер ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған;

      2) өтiнiш берушi адамның (отбасының) материалдық жағдайына тексеру жүргiзуден бас тартқан, жалтарған;

      3) адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысы әлеуметтiк көмек көрсету үшiн белгiлеген шектен артқан жағдайда.

      24. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру жергілікті бюджетте көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

4-тарау. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер

      25. Әлеуметтік көмек:

      1) алушы қайтыс болғанда;

      2) алушы Абай ауданы шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген;

      4) алушы ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      26. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіпте қайтаруға жатады.

5-тарау. Қорытынды ереже

      27. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі және есепке алуды уәкілетті орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады