Құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында прокурорлық қадағалауды және бақылауды ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2022 жылғы 5 қаңтардағы № 4 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 13 қаңтарда № 26483 болып тіркелді

      "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1-тармағына, 17-бабына, 37-бабының 6) тармақшасына, "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 3) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 28 наурыздағы № 1050 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетi туралы ереженің 14-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алудың заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық;

      2) осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында заңнаманың сақталуына бақылауды жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңнаманың қолданылуын бақылауды және прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2012 жылғы 2 наурыздағы № 19 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Нормативтiк құқықтық актiлерді мемлекеттiк тіркеу тізілімінде № 7490 болып тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Комитет):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Комитеттің аумақтық органдарына орындау үшін жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Комитет төрағасына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Бас Прокуроры
Г. Нурдаулетов

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2022 жылғы 5 қаңтардағы
№ 4 бұйрығына
1-қосымша

Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алудың заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алудың заңдылығына прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) "Прокуратура туралы" (бұдан әрі – "Прокуратура туралы" Заң), "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" (бұдан әрі – "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Заң) Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес әзірленді.

      2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің (бұдан әрі – Комитет) мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алудың заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру бойынша қызметі "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Заңның 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес өзіне құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілері қызметінің заңдылығын жоғары қадағалауды қамтиды.

      3. Осы Нұсқаулықта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аумақтық органдар – Комитеттің облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы басқармалары және оларға теңестірілген мамандандырылған бөлімшелері;

      2) Комитет – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының (бұдан әрі – Бас прокуратура) құзыретi шегiнде құқықтық статистиканы қалыптастыру және арнайы есепке алуды жүргiзу бойынша мемлекеттiк органның функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыратын ведомство;

      3) құжатталған ақпарат – ұсынылған нысанына қарамастан, ақпараттық есепке алу құжатында жазылған қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық, әкiмшiлiк-құқықтық салалардағы адамдар, заттар, фактiлер, оқиғалар, мән-жайлар және басқа да құқықтық құбылыстар мен процестер туралы мәлiметтер;

      4) құқықтық статистикалық ақпарат – субъектiлердің статистикалық мақсатта пайдалану үшiн уәкiлеттi органға беретiн деректері;

      5) құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілері (бұдан әрі – субъект) - мемлекеттік құқықтық статистика, арнайы есепке алуды жүргізу, қылмыстық-құқықтық, азаматтық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық салаларда қолданылатын құжатталған ақпаратты зерделеу және талдау мақсаттары үшін уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық статистикалық ақпарат беретін құқық қорғау, сот органдары және өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар, сондай-ақ адамдар;

      6) прокурор – Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 28 наурыздағы № 1050 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті туралы ережеде белгіленген құзыреті шегінде прокуратура органдарының функцияларын іске асыру мақсатында "Прокуратура туралы", "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Заңдарда белгіленген өкілеттіктерді жүзеге асыратын Комитеттің және оның аумақтық органдарының қызметкері;

      7) прокурорлық қадағалау – Комитеттің және оның аумақтық органдарының мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алудың заңдылығын жүзеге асыратын жоғары қадағалау.

      4. Прокурорлық қадағалаудың міндеттері мемлекеттiк органдарды, жеке және заңды тұлғаларды елдегi заңдылық пен құқық тәртiбiнiң жай-күйi туралы ақпаратпен тиiмдi және жеткiлiктi қамтамасыз ету, мемлекеттiк құқықтық ақпараттық статистика жүйесiн жетiлдiру және дамыту мақсатында мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алудың заңдылығын бұзуды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды, сондай-ақ олардың салдарларын анықтау және жою болып табылады.

      5. Көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында прокурор:

      1) мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу заңдылығының жай-күйін талдайды;

      2) субъектілердің қызметінде заңдылықтың сақталуына тексерістерді жүргізеді;

      3) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде, "Прокуратура туралы" Заңда көзделген тәртіппен жолданымдарды, хабарларды, үн қосуларды, ұсыныстарды, сұрау салуларды қарайды.

2-тарау. Заңдылықтың жай-күйін талдау

      6. Заңдылықтың жай-күйін талдау "Прокуратура туралы" Заңның 8-бабының тәртібімен жүргізіледі.

      7. Заңдылықтың жай-күйін талдау барысында мынадай мәліметтер:

      1) құқықтық статистикалық, оның ішінде мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласындағы заңнаманың сақталуына бақылауды жүзеге асырудың нәтижелері бойынша алынған ақпарат (мониторинг, салыстырып тексеру);

      2) әкімшілік, азаматтық, қылмыстық істердің және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істердің, атқарушылық іс жүргізудің материалдары;

      3) жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары, хабарлары, үн қосулары, ұсыныстары, сұрау салулары;

      4) Комитеттің және оның аумақтық органдарының бұған дейінгі тексерістерінің нәтижелері;

      5) субъектілердің, олардың дерекқорларының ақпараты;

      6) құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдардың және ұйымдардың ақпарат алмасу жүйесімен біріктірілгендерін қоса алғандағы ақпараттық жүйелер және ресурстар;

      7) заңдылықты бұзуды, сондай-ақ оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау үшін жұмыстың талдау әдістерінің нәтижелері;

      8) өзге де ақпарат көздері пайдаланылады.

      8. Заңдылықтың жай-күйін талдауды жүргізудің негізі:

      1) құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының қызметін бақылаудың нәтижелері (салыстыру және мониторинг);

      2) заңдылықтың бұзушылықтары туралы мәліметтер және құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары әртүрлі ақпарат көздерінен, оның ішінде субъектілерден талап етілген жолданымдардан, хабарлардан, үн қосулардан, ұсыныстардан, сұрау салулардан, ақпараттардан, құжаттардан және өзге де материалдардан алынған деректер;

      3) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының не оның орынбасарларының, Комитет төрағасының немесе оның орынбасарларының тапсырмасы;

      4) Комитет төрағасы және оның орынбасарлары, аумақтық органның бастығы бекіткен жұмыс жоспары болып табылады.

      9. Осы Нұсқаулықтың 8-тармағы 1) және 2) тармақшаларының негізінде заңдылықтың жай-күйін талдау Комитет төрағасы немесе оның орынбасарларымен, аумақтық органның бастығымен келісілген баянат бойынша жүргізіледі.

      Баянатта:

      1) күні, баянатты берген адамның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және лауазымы;

      2) заңдылықтың жай-күйін талдаудың нысанасы (тақырыбы);

      3) уәжді негіздері;

      4) заңдылықтың жай-күйін талдаудың кезеңі;

      5) заңдылықтың жай-күйін талдауды жүргізу мерзімдері көрсетіледі.

      10. Заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізу үшін прокурор "Прокуратура туралы" Заңның 8-бабына сәйкес заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізуге байланысты талап еткен ақпарат, құжаттар және өзге де материалдар прокурор белгілеген мерзімде ұсынылады. Сұрау салудың ең аз мерзімі үш жұмыс күнін құрайды.

      Заңдылықтың жай-күйін талдауды жүргізу мерзімі қосымша мәліметтерді, құжаттарды және өзге де материалдарды, оның ішінде әкімшілік, азаматтық, қылмыстық істерді және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді алу үшін – олар келіп түскенге дейін тоқтатыла тұрады.

      Заңдылықтың жай-күйін талдауды жүргізу мерзімі, оны жүргізуді келіскен адамның атына уәжді баянат бойынша мерзімінің аяқталуына дейін бес жұмыс күнінен кем емес уақытта тоқтатыла тұрады.

      11. Заңдылықтың жай-күйін талдау отыз жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Қосымша материалдарды талап ету үшін, сондай-ақ заңдылықтың жай-күйін талдаудың елеулі көлеміне байланысты, оны жүргізу мерзімі Комитет төрағасының немесе оның орынбасарларының келісуімен отыз жұмыс күнінен артық емес уақытқа ұзартылады.

      12. Заңдылықтың жай-күйін талдауды жүргізу кезінде:

      1) заңдылықтың жай-күйінің проблемалары және олардың құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласына ықпал етуі анықталады;

      2) құқықтық статистика және арнайы есепке алу заңдылығын қамтамасыз ету бойынша субъектілердің қызметі бағаланады;

      3) анықталған заңдылықты бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою тетіктері ұсынылады;

      4) жұмыста кешенді (оның ішінде, заңнамалық және ұйымдастырушылық) шараларды қабылдауды қажет ететін жүйелік проблемаларды шешу үшін басым бағыттар ұсынылады.

      13. Заңдылықтың жай-күйін талдаудың нәтижелері анықтама түрінде рәсімделеді, ол:

      1) заңдылықтың жай-күйін талдаудың күнін, нысанасын, сондай-ақ талдау қамтыған уақыт кезеңін;

      2) талдау барысында құқықтық статистикалық ақпаратты және өзге де талдау үшін маңызды мән-жайларды көрсете отырып анықталған мәліметтерді;

      3) талдау нәтижесінде алынған заңдылықтың жай-күйі туралы қорытындылар, оның ішінде анықталған бұзушылықтарға жол берген себептерді және жағдайларды;

      4) құқық бұзушылықтарды, орын алған проблемаларды, заңнамадағы кемшіліктер мен олқылықтарды шешу және жою жолдары туралы ұсыныстарды қамтиды.

      Талдау аяқталғаннан кейін анықтама субъектіге танысу үшін жіберіледі, ол қарсылықтар болған жағдайда, оларды анықтаманы табыстаған немесе іс қағаздарын жүргізу бойынша Бас прокуратураның ақпараттық жүйесі арқылы жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жазбаша түрде ұсынады.

      14. Заңдылықтың жай-күйін талдаудың нәтижелері бойынша мынадай:

      1) прокурорлық қадағалау актілерін енгізу, Бас прокуратураға, облыстардың прокуратураларына және оларға теңестірілген прокуратураларға, аудандық прокуратураларға және оларға теңестірілген қалалық, сондай-ақ мамандандырылған прокуратураларға, субъектілерге ақпараттық хаттарды жіберу, Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде (бұдан әрі – СДТБТ) тіркеу туралы мәселені шешу үшін ауданның, қаланың, облыстың прокурорына және оларға теңестірілген прокурорға не өзге де қылмыстық қудалау органдарына материалдарды беру туралы;

      2) уәкілетті мемлекеттік органдарға мыналардың:

      мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың;

      құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қызметінде тексеріс жүргізу туралы талапты жіберу туралы;

      3) субъектілердің қызметінде дербес тексеріс жүргізу туралы шешімдер қабылданады.

      Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын субъектілердің қызметінде тексеруге прокурор Бас Прокурорға не оны алмастыратын адамға өтінішхат түрінде бастамашылық жасайды және оның содан кейінгі тапсырмасы негізінде жүргізеді.

      Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын субъектілердің қызметінде тексеру тағайындау туралы өтінішхатта Комитеттің және оның аумақтық органдарының оларға жол бермеу бойынша қабылданған шаралармен тексеру жүргізу қажеттілігінің уәжді негіздемесі көрсетіледі.

      Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын субъектілерге тексеру тағайындау туралы өтінішхаттар Бас Прокурордың орынбасарының, Комитет төрағасының қолы қойыла отырып, Бас Прокурорға жіберіледі.

      Комитеттің аумақтық органы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын субъектілерге тексеру тағайындау туралы өтінішхатты Комитет арқылы енгізеді, оның қарау мерзімі ол келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнін, ал қосымша ақпарат талап етілген кезде – он жұмыс күнін құрайды.

      15. Тексеріс жүргізу туралы, оның ішінде прокурорлық қадағалау актілерінде көрсетілген талаптарға Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Комитет төрағасы және оның орынбасарлары, Комитеттің аумақтық органының бастығы қол қояды.

3-тарау. Субъектілердің қызметінде заңдылықтың сақталуын тексеру

      16. Субъектілердің қызметінде заңдылықтың сақталуын тексеруді прокурор "Прокуратура туралы", "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Заңдарға сәйкес өзінің құзыреті шегінде жүргізеді.

      17. Тексеріс жүргізу туралы қаулыны Комитет төрағасы, Комитеттің аумақтық органының бастығы шығарады (қол қояды).

      18. Тексеріс жүргізу туралы қаулыда мыналар:

      1) нөмірі, күні, мемлекеттік органның атауы, прокурордың тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде) және лауазымы, тексерістің негізі;

      2) тексерілетін субъектінің (объектінің) атауы немесе оған қатысты тексеріс тағайындалған жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), оның орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (жеке сәйкестендіру нөмірі);

      3) тексерілетін кезеңді көрсете отырып, тексеріс нысанасы (тақырыбы);

      4) тексерістің кімге тапсырылғаны және оған тартылатын мамандар туралы мәліметтер;

      5) тексерісті жүргізу мерзімі (басталуы және аяқталуы);

      6) тексерілетін субъектінің құқықтары мен міндеттері;

      7) қаулыға қол қоюға уәкілетті адамның қолы көрсетіледі.

      19. "Прокуратура туралы" Заңның 7-бабы 3-тармағының алтыншы бөлігінде көзделген тексерулерді қоспағанда, тексеру жүргізу туралы қаулы тексеру басталғанға дейін Тексеру субъектілерінің/объектілерінің бірыңғай тізілімінде (бұдан әрі - ТСОБТ) тіркеледі.

      Тексеріс жүргізу туралы қаулы тексерілетін субъектіге тексерілетін объектіге келген кезде танысу үшін табысталады не іс қағаздарын жүргізу бойынша Бас прокуратураның ақпараттық жүйесі арқылы жіберіледі.

      20. Тексерісті тек тексеріс жүргізу туралы қаулыда көрсетілген адамдар ғана жүргізеді.

      Тексерісті жүргізетін адамдардың құрамын тексеріс жүргізу туралы қаулыны шығарған (қол қойған) адам өзгертеді.

      21. Заңдылықтың сақталуын тексеру отыз жұмыс күнінен аспайтын уақыт ішінде жүргізіледі.

      Тексеріс мерзімін ұзарту "Прокуратура туралы" Заңның 7-бабының 3-тармағында көзделген негіздер мен мерзімдер бойынша жүргізіледі.

      Тексеріс мерзімін ұзарту туралы өтінішхат тексеріс мерзімі өткенге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірілмей:

      1) Бас Прокурордың орынбасарының, Комитет төрағасының қолы қойыла отырып, Бас Прокурордың;

      2) Комитет төрағасының қолы қойыла отырып, Бас Прокурордың орынбасарының қарауына енгізіледі.

      Комитеттің аумақтық органы тексеріс мерзімін ұзарту туралы өтінішхатты тексеріс мерзімі өткенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей Комитет арқылы енгізеді.

      22. Тексеріс шет мемлекеттерден, мемлекеттік органдардан және меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдардан қосымша мәліметтер мен құжаттар алу үшін – оларды алғанға дейін, сондай-ақ тексерістер жүргізуге кедергі келтіретін жағдайларда (тексеріске қатысатын адамның ауруы, форс-мажорлық мән-жайлар, жүргізілетін тексеріс нысанасына қатысы бар адамдарды іздестіру) - оларды жойғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      Тоқтатыла тұрған тексерісті жүргізу мерзімін есептеу оны қайта бастаған күннен бастап жалғасады.

      23. Тексерістің іс жүргізуін ұзартқан, тоқтата тұрған және қайта бастаған, тексерушілердің құрамы өзгерген жағдайларда тексерістерді есепке алу бойынша бөлімшелерді және тексерілетін субъектіні хабардар ете отырып, уәжді қаулы шығарылады.

      24. Тексерісті жүргізу кезінде:

      1) заңдылықты бұзуға жол берген себептер мен жағдайлар анықталады;

      2) заңдылықты сақтау проблемалары (құқықтық және ұйымдастырушылық) және олардың құқықтық статистика және арнайы есепке алу заңдылығын сақтауға әсер етуі анықталады;

      3) мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алудың заңдылығын сақтау бойынша субъектілердің және бұзушылықтарды болдырмау және олардың жолын кесу үшін олардың жауапты лауазымды адамдарының қызметі бағаланады.

      25. Тексеріс аяқталғаннан кейін тексеріс нәтижелері туралы анықтама (бұдан әрі – анықтама) жасалады, ол:

      1) жасалу күні мен орнын, тексеріс негізін;

      2)тексерілетін субъектінің (объектінің) атауын, тексеріс нысанасын (тақырыбын);

      3) тексеріс тақырыбы бойынша жалпы мәліметтерді (статистика, тексерілетін субъектінің іске асырған іс-шаралары, практика және басқа да мәліметтер);

      4) тексеріс нысанасы (тақырыбы) бойынша заңдылықтың сақталуын бағалауды (анықталған бұзушылықтардың мәні, тексерілетін субъектінің әрекетсіздігінің себептері, заңнаманың сақталуы);

      5) бұзушылықты жасауға ықпал еткен себептерді талдауды;

      6) анықталған заңдылықты бұзушылықтарды, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоюдың тетіктерін;

      7) тексеріс нәтижелері бойынша тұжырымдар мен ұсыныстарды (прокурорлық қадағалау актілері, қызметтік немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруге бастамашылық ету, Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру бойынша ұсыныстар, басқа да шаралар);

      8) тексеріс жүргізген лауазымды адамның (адамдардың) қойылған қолын қамтиды.

      Тексерісті жүргізген адам тексеріс аяқталғаннан кейін ТСОБТ арқылы тексерістерді есепке алу бөлімшесіне тексерістің аяқталуы туралы талон жібереді.

      26. Анықтама тексеріс аяқталғаннан кейін, анықтаманы табыстаған сәттен үш жұмыс күні ішінде тексерістерді есепке алу бөлімшесін хабардар ете отырып, бес жұмыс күні ішінде тексерілетін субъектінің бастығына қол қою арқылы табыс етіледі.

      Егер тексерілетін субъектінің басшысы танысудан бас тартқан немесе жұмыс орнында болмаған жағдайда, прокурор ол туралы анықтамада көрсете отырып, анықтаманы ілеспе хатпен электрондық құжат айналымының жүйесі немесе құжаттың тиісті түрде алынғанын растайтын өзге де әдіс арқылы жібереді.

      Тексеріс нәтижелері туралы анықтамаға қарсылық болған кезде, тексерілетін субъект оларды анықтама табысталған (келіп түскен) күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жазбаша береді.

      27. Тексеріс нәтижелері бойынша мынадай:

      "Прокуратура туралы" Заңның 24, 27, 28-баптарында көзделген прокурорлық қадағалау актілерін енгізу туралы;

      тексеріс нәтижелерін талқылай отырып, мәжілістер жүргізу туралы;

      ақпараттық хаттарды жіберу туралы;

      фактілерді СДТБТ-да тіркеу туралы мәселені шешу үшін тексеріс қорытындылары бойынша анықтаманы ауданның, қаланың, облыстың прокурорына және оларға теңестірілген прокурорға жіберу туралы;

      СДТБТ-да тіркелмеген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздарды, хабарларды немесе баянаттарды құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының Ақпаратты есепке алу кітабында (бұдан әрі – АЕК) тіркеу туралы шешімдер қабылданады.

      Тексерісті жүргізу туралы қаулыда көрсетілген адамдар немесе олардың тікелей басшылары жүргізілетін тексеріс мәселелері бойынша түсіндірме алу үшін лауазымды адамдарды, жеке тұлғаларды, заңды тұлғалардың және өзге де ұйымдардың өкілдерін шақырады.

      Қажетті ақпаратты, құжаттарды және жүргізілетін тексеріс мәселелері бойынша өзге де материалдарды ұсыну туралы талаптарға Бас Прокурор және оның орынбасарлары, Комитет төрағасы және оның орынбасарлары, аумақтық органдардың бастықтары, сондай-ақ тексерісті жүргізу туралы қаулыда көрсетілген адамдар немесе олардың тікелей бастықтары қол қояды.

1-параграф. Есепке алу - тіркеу тәртібіне тексерістерді жүргізу ерекшеліктері

      28. Прокурор есепке алу - тіркеу тәртібі бойынша тексерістерді дербес, сондай-ақ ауданның, қаланың, облыстың прокуроры және оларға теңестірілген прокурорлармен бірлесе отырып, тоқсанына кемінде бір рет жүргізеді.

      Есепке алу - тіркеу тәртібін сақтаудың тексерістері аудандық деңгейдегі қылмыстық қудалау органдарында ай сайын, ал облыстық деңгейде - тоқсанына кемінде бір рет жүргізіледі.

      Қылмыстық қудалау органдарында есепке алу - тіркеу тәртібінің тексерістерінің нәтижелері бойынша прокурор анықтама жасайды, онда қылмыстар туралы арыздар мен хабарлардың тіркелген және шешілген саны, олардың шешілген мерзімдері туралы негізгі статистикалық деректер, анықталған есепке алу - тіркеу тәртібі заңдылығының бұзушылықтары көрсетіледі, анықталған жасырынған қылмыстық құқық бұзушылықтардың мысалдары сипатталады, жасырудың әдістері мен нысандары ашылады.

      Қылмыстық қудалау органдарында анықталған есепке алу - тіркеу тәртібінің бұзушылықтары бойынша прокурор мынадай:

      СДТБТ-да тіркелмеген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы арыздың, хабардың немесе баянаттың құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының АЕК-сінде тіркелуі туралы;

      ауданның, қаланың, облыстың прокурорына және оларға теңестірілген прокурорға СДТБТ-да тіркеу үшін материалды жіберу туралы;

      есепке алу - тіркеу тәртібі саласында заңдылықтың бұзылуына жол берген лауазымды адмадарды тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы талап ете отырып, прокурорлық қадағалау актісін енгізу туралы;

      қылмыстық құқық бұзушылықтың жасырылуына жол берген қызметкерге қатысты процестік шешім қабылдау үшін аудан, қала, облыс прокурорына және оларға теңестірілген прокурорға материалдарды жіберу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

4-тарау. Прокурорлық қадағалау актілері

      29. Прокурорлар "Прокуратура туралы" Заңның 5-тарауы негізінде мынадай прокурорлық қадағалау актілерін:

      1) "Прокуратура туралы" Заңның 24-бабына сәйкес наразылықты;

      2) "Прокуратура туралы" Заңның 27-бабына сәйкес ұсынуды;

      3) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамада көзделген, тәртіптік іс-жүргізуді қозғау, "Прокуратура туралы" Заңның 28-бабына сәйкес тексерісті жүргізу туралы қаулыны енгізеді.

      30. Прокурорлық қадағалау актілерінде Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына міндетті түрде сілтеме жасай отырып, бұзушылықтардың құқықтық мәні жазылады, заңды және құқықтық актілерді бұзудың жағымсыз салдарлары, оған ықпал еткен себептер мен жағдайлар көрсетіледі, оларды жою және кінәлі адамдарды жауаптылыққа тарту туралы мәселе қозғалады.

      Прокурорлық қадағалау актісі түсіну үшін айқын болуға, біркелкі қолдануды қамтамасыз етуге, оның күші қолданылатын адамдар қатарын түпкілікті айқындауға тиіс.

      31. Прокурорлар дайындаған прокурорлық қадағалау актілеріне Бас Прокурор, оның орынбасарлары, Комитет төрағасы, Комитеттің аумақтық органдарының бастықтары қол қояды.

      32. Субъектілердің орталық органдарына бағытталған прокурорлық қадағалау актілерін Комитет, ал облыстық, аудандық және оларға теңестірілген бөлімшелеріне – Комитет және оның аумақтық органдары енгізеді.

      33. Прокурорлық қадағалау актісін енгізген прокурор оны енгізгеннен, сондай-ақ оған жауаптар алғаннан кейін дереу прокурордың қадағалау қызметі туралы ақпараттық есепке алу құжаттарына тиісті мәліметтерді енгізеді.

      34. Субъектінің прокурорлық қадағалау актісін жан-жақты және толық қарауы үшін прокурорлар оны қарау кезінде қатысады.

      35. Комитет немесе оның аумақтық органы кінәлі лауазымды адамдарды Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 498, 664, 664-1 және 666-баптарына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін шара қолданады.

      36. Прокурорлық қадағалау актілерін орындамаған, сондай-ақ прокурордың қызметіне кедергі келтірген жағдайда, егер ол азаматтардың, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіруге әкеліп соққан жағдайда ауданның, қаланың, облыстың прокурорына және оларға теңестірілген сәйкес прокурорға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 381-бабына сәйкес лауазымды адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, ақпарат жіберіледі.

  Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
2022 жылғы 5 қаңтардағы
№ 4 бұйрығына
2-қосымша

Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында заңнаманың сақталуына бақылауды жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында заңнаманың сақталуына бақылауды жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiн құру туралы" 2003 жылғы 28 наурыздағы № 1050 Жарлығына, "Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің (бұдан әрі – Комитет) және оның аумақтық органдарының құқықтық статистика және арнайы есепке алу субъектілері (бұдан әрі – субъектілер) беретін құқықтық статистикалық ақпараттың толықтығына, шынайылығына және объективтілігіне бақылауды жүргізу тәртібін айқындайды.

      3. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары салыстырып тексеру және мониторинг жүргізу жолымен бақылауды жүзеге асырады.

2-тарау. Салыстырып тексеру жүргізудің тәртібі

      4. Салыстырып тексеру мынадай:

      1) Комитеттің ақпараттық жүйелерін пайдалана отырып, субъектілердің растайтын құжаттарымен (ақпараттық есепке алу құжаттары, қадағалау іс жүргізулері, қылмыстық істер, сот актілері және басқа бастапқы құжаттар, материалдар) есептердің мәліметтерін, арнайы есепке алуды салыстыру;

      2) есептердің әртүрлі нысандарының бір атаулы көрсеткіштерін, есепке алуды, ақпараттық жүйелерді, анықтамаларды немесе актілерді салыстыру;

      3) келіп түскен жолданымдармен, хабарлармен, үн қосулармен, ұсыныстармен, сұрау салулармен байланысты субъектілердің жауаптарын аумақтық органдардың сұрау салуларымен салыстыру жолымен жүргізіледі.

      5.Салыстырып тексеру мынадай:

      арнайы есепке алуды жүргізу;

      қылмыстық - құқықтық, азаматтық - құқықтық, әкімшілік - құқықтық статистиканы қалыптастыру;

      жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары, хабарлары, үн қосулары, ұсыныстары, сұрау салулары бойынша статистиканы қалыптастыру салаларында жүргізіледі.

      6. Субъектілермен салыстырып тексеру нәтижелері салыстырып тексеру актісімен екі данада ресімделеді және олардың басшылары қол қояды. Субъектілердің қатысуынсыз жүргізілетін салыстырып тексеру бойынша ерікті нысанда анықтама жасалады және ол Комитет төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына, аумақтық органның бастығына енгізіледі.

      Салыстырып тексеру қорытындылары бойынша бұзушылықтар (сәйкессіздік) анықталған жағдайда Комитет төрағасының жетекшілік ететін орынбасары, аумақтық органның бастығы мынадай:

      1) қадағалау аумағындағы, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау үшін заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізу туралы;

      заңдылықтың жай-күйін талдау нәтижелері бойынша осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алудың заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтың 14-тармағында көзделген шешімдер қабылданады;

      2) субъектілердің өз өкілеттіктерін орындамау немесе тиісті түрде орындамау фактісі анықталған кезде тексеру жүргізу туралы;

      3) прокуратура органдарына ақпараттық хат жіберу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

      7. Салыстырып тексеруге жататын бір атаулы көрсеткіштер мәліметтерінің мерзімдері мен тізбесін Комитеттің құрылымдық бөлімшелері анықтайды және Комитеттің және оның аумақтық органдары қызметкерлерінің функционалдық міндеттерінде бекітіледі.

3-тарау. Мониторинг жүргізу тәртібі

      8. Мониторинг есептің, арнайы есепке алудың көрсеткіштері бойынша оның тұтастығын, объективтілігін және шынайылығын анықтау мақсатында жүргізіледі.

      9. Мониторинг мынадай:

      1) арнайы есепке алуды жүзеге асыру;

      2) қылмыстық - құқықтық, азаматтық - құқықтық, әкімшілік - құқықтық статистиканы қалыптастыру;

      3) жеке және заңды тұлғалардың жолданымдары, үн қосулары, ұсыныстары, сұрау салулары бойынша қалыптастыру салаларында жүргізіледі.

      10. Мониторинг нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтар (сәйкессіздік) ерікті нысандағы анықтамамен ресімделеді және Комитет төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына, аумақтық органның бастығына енгізіледі, олар мынадай:

      1) қадағалау аумағында оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау үшін заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізу туралы;

      заңдылықтың жай-күйін талдау нәтижелері бойынша осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алудың заңдылығын прокурорлық қадағалауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтың 14-тармағында көзделген шешімдер қабылданады;

      2) субъектілердің өз өкілеттіктерін орындамау немесе тиісті түрде орындамау фактісі анықталған кезде тексеру жүргізу туралы;

      3) прокуратура органдарына ақпараттық хат жіберу туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

      11. Мониторинг жүргізуге жататын көрсеткіштердің мерзімдері мен тізбесін Комитеттің құрылымдық бөлімшелері немесе аумақтық органдары дербес анықтайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады