"Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-42) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілген Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Медициналық-психологиялық қызмет басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы |
И. Кульшимбаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігі
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы 2022 жылғы 23 ақпандағы № 61 бұйрығымен бекітілді |
Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидалары "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-42) тармақшасына сәйкес әзірленді және Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары (бұдан әрі – медициналық ұйымдар) базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) қызметкерлерді психологиялық оңалту-психологиялық денсаулықты сақтауға және қолдауға бағытталған іс-шаралар кешені;
2) медициналық-әлеуметтік көмек – бұл тізбесін уәкілетті орган айқындайтын әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын адамдарға көрсетілетін медициналық және әлеуметтік-психологиялық көмек;
3) психологиялық көмек – мыналарға:
психикалық және соматикалық денсаулықты қолдауға, психикалық дамуды оңтайландыруға, өмір сүруге бейімдеуге және өмір сүру сапасын арттыруға, оның ішінде адамның өз мүмкіндіктерін жандандыру арқылы арттыруға ықпал ететін, адамға психологиялық проблемалардың алдын алуға, оларды шешуге, өмірлік қиын және дағдарысты жағдайлар мен олардың салдарын еңсеруге жәрдемдесуге;
адамдарға психологиялық проблемалардың себептері, олардың алдын алу және оларды шешу тәсілдері туралы ақпарат беруге;
тұлғаны дамытуға, оның өзін-өзі жетілдіруіне және өзін-өзі танытуына бағытталған іс-шаралар кешені;
4) санаторийлік-курорттық емдеу - адамдардың санаторийлік-курорттық ұйымда уақытша болу жағдайында жүргізілетін медициналық оңалту түрі;
5) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, оның ішінде арнаулы атақтар берілген мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлерін (бұдан әрі – қызметкерлер) медициналық оңалту – қызметкерлер организмінің функцияларын сақтауға, бұзылған және (немесе) жоғалтқан функцияларын ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені.
2-тарау. Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту тәртібі
3. Қызметкерлерді медициналық оңалту негізгі ауруды емдеу кезінде, сондай-ақ жіті жай-күйлерден, хирургиялық араласулар мен жарақаттардан кейін, созылмалы аурулар және (немесе) тыныс-тіршілігі шектелген, функциялары мен құрылымдары бұзылған қызметкерлердің жай-күйі кезінде оңалту әлеуетін ескере отырып жүзеге асырылады.
4. Медициналық оңалту медициналық көмектің бір түрі болып табылады және ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарында қамтамасыз етіледі. Қызметкерлерді медициналық қамтамасыз ету ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарында бюджет қаражаты есебінен "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 84-бабының бесінші бөлігіне және "Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерін, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балаларын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаторий-курорттық қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 78 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Қызметкерлерді медициналық оңалтуды "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әскери-медициналық (медициналық) бөліністерінде әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы № 781 бұйрығына сәйкес ішкі істер органдарының медициналық ұйымдары көрсетеді (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21664 болып тіркелген) айқындалған.
6. Қызметкерлердің қызметін өткеру орнында немесе тұрғылықты жерінде ішкі істер органдарының медициналық ұйымдары немесе оларда тиісті бөлімшелер, мамандар не арнаулы жабдық болмаған кезде медициналық көрсетілімдер бойынша қызметкерлерге медициналық көмекті денсаулық сақтау субъектілері:
1) Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 672 "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" қаулысына сәйкес;
2) Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 421 қаулысына сәйкес;
3) ақылы негізде азаматтардың өз қаражаты, ерікті медициналық сақтандыру қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен көрсетеді.
7. Тізбесін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы бекітетін қызметкерлердің жекелеген санаттарына медициналық көмек, оның ішінде медициналық оналту Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медициналық ұйымдарында көрсетіледі.
8. Қызметкерлерді оңалтуға жіберу осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес:
1) ішкі істер органдарының медициналық ұйымдары;
2) денсаулық сақтау субъектілерінің бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының медициналық ұйымдарына тіркелген қызметкерлерді оңалтуға жіберу "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 11-бабы 5-тармағының 1) тармақшасында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.
9. Қызметкерлерді медициналық оңалту бойынша медициналық көмек көрсету тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 7 қазандағы № ҚР ДСМ-116/2020 "Медициналық оңалту көрсету қағидаларын бекіту туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21381 болып тіркелген) айқындалған.
10. Азаматтық қорғау органдарындағы психологиялық оңалту жөніндегі негізгі іс-шаралар: психологиялық консультация (әңгімелесу), психологиялық тренинг және психокоррекциялық іс-шаралар болып табылады.
11. Қызметкерлерді психологиялық оңалту жөніндегі іс-шараларды азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі және азаматтық қорғау органдарының аумақтық және ведомстволық бағынысты ұйымдарының психологтары жүргізеді.
12. Қызметкерде психикалық, мінез-құлық бұзылулары (аурулары) анықталған кезде "Қазақстан Республикасының халқына психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-224/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21712 болып тіркелген) сәйкес іс-шаралар (оның ішінде медициналық-әлеуметтік көмек көрсету) жүзеге асырылады.