"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына банкаралық ақша аудару жүйесінің операторын немесе операциялық орталығын қоспағанда, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және микроқаржылық қызметі жүзеге асыратын ұйымдар үшін қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 29 қазандағы № 105 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 24 ақпандағы № 16 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 28 ақпанда № 26969 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына банкаралық ақша аудару жүйесінің операторын немесе операциялық орталығын қоспағанда, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және микроқаржылық қызметі жүзеге асыратын ұйымдар үшін қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 29 қазандағы № 105 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21577 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына банкаралық ақша аудару жүйесінің операторын немесе операциялық орталығын қоспағанда, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және микроқаржылық қызметі жүзеге асыратын ұйымдар үшін қойылатын талаптарда:

      жоғарғы оң жақ бұрыштағы мәтін мынадай редакцияда жазылсын:

  "Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
Басқармасының
2020 жылғы 29 қазандағы
№ 105 қаулысымен
бекітілді";

      2, 3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Талаптарда қолданылатын ұғымдар КЖ/ТҚҚ туралы заңда және "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген мағыналарында пайдаланылады.

      Талаптардың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) әдеттегіден тыс операция (мәміле) – клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындаған, сондай-ақ ұйым дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілері ескеріле отырып, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес міндетті түрде зерделенуге тиіс операциясы (мәмілесі);

      2) біржолғы операция (мәміле) – ұйымның клиенттерге - жеке тұлғаларға бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды бөлшек саудада сату арқылы қызметтер көрсетуі;

      3) заңды тұлға құрмай шетелдік құрылым - шет мемлекеттің (аумақтың) заңнамасына сәйкес немесе заңды тұлға құрмай шетелдік құқық қолданыла отырып құрылған құрылым, ол өз қатысушыларының не пайда алушылардың мүдделері үшін пайда (кіріс) алуға бағытталған қызметті жүзеге асырады;

      4) клиент – ұйымның қызметтерін алатын жеке тұлға және (немесе) заңды тұлға және (немесе) заңды тұлға құрмаған шетелдік құрылым;

      5) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру тәуекелдері (бұдан әрі – ҚЖ/ТҚ тәуекелдері) – ұйымды қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру (бұдан әрі – КЖ/ТҚ) процестеріне қасақана немесе қасақана емес тарту тәуекелдері;

      6) КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару – ұйымның КЖ/ТҚ тәуекелдерін анықтау, бағалау, мониторингтеу, сондай-ақ оларды азайту бойынша қабылдайтын шаралар жиынтығы (көрсетілетін қызметтерге, клиенттерге, сондай-ақ клиенттер жүргізетін операцияларға қатысты);

      7) ұлттық жария лауазымды тұлға (бұдан әрі – ҰЖЛТ):

      жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам;

      лауазымды тұлға;

      мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға;

      мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам;

      8) цифрлық актив - криптография және компьютерлік есептеу құралдарын қолдана отырып электрондық-цифрлық нысанда құрылған, қаржылық құрал болып табылмайтын мүлік, сондай-ақ мүліктік құқықтарды куәландырудың электрондық-цифрлық нысаны;

      9) шекті операция – клиенттің ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жүргізілетін, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес қаржы мониторингіне жататын операциясы;

      10) шетелдік жария лауазымды тұлға (бұдан әрі – ШЖЛТ):

      шет мемлекеттің заң шығарушы, атқарушы, әкімшілік, сот органдарында немесе қарулы күштерінде қандай да бір лауазымды атқаратын тағайындалатын немесе сайланатын адам;

      шет мемлекет үшін қандай да бір жария функцияны орындайтын адам;

      халықаралық шарттар мәртебесі бар келісімдер негізінде елдер құрған ұйымдарда басшы лауазым атқаратын адам;

      11) іскерлік қатынастар – ұйымның клиентке қызметтер (өнімдер) ұсынуы жөніндегі қатынастар.

      3. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ) қарсы іс-қимыл мақсатында ұйым ішкі бақылауды:

      1) ұйымның КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын орындауын қамтамасыз ету;

      2) ұйымның ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін КЖ/ТҚ тәуекелдерін және қатар жүретін тәуекелдерді (операциялық, бедел, құқықтық) басқару үшін жеткілікті деңгейде ұстап тұру;

      3) ұйымды, оның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін КЖ/ТҚ процестеріне тартуды болдырмау мақсатында жүзеге асырады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ішкі бақылаудан басқа, ұйым КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-1 және 13-баптарында көзделген жаппай қырып-жою қаруын таратудың және оны қаржыландырудың алдын алуға, оған кедергі келтіруге және тоқтатуға қатысты нысаналы қаржылық санкциялар жөніндегі талаптардың сақталуын қосымша жүзеге асырады.

      4. Ұйымда КЖ/ТҚҚ ішкі бақылауды ұйымдастыру шеңберінде ұйымның ішкі аудит қызметінің не ішкі аудит жүргізуге уәкілетті өзге органның КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылау тиімділігін бағалауды жүргізуіне қойылатын талаптарды қамтитын ішкі бақылау қағидалары әзірленеді.

      Ішкі бақылау қағидалары КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабында көзделген бағдарламалардан тұрады, ұйым оларды Талаптарға сәйкес дербес әзірлейді және олар ұйымның ішкі құжаты не ұйымның басқару органы немесе атқарушы органы бекіткен осындай құжаттардың жиынтығы болып табылады.";

      6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған құжаттар мен ақпаратты сақтау тәртібі;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-бабына сәйкес жасалған терроризмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) және КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-1-бабына сәйкес жасалған жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – ЖҚҚТҚ тізбесі) болуына нысаналы қаржы санкцияларын қолдану, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тексеру тәртібі;

      3) Тізбеден және ЖҚҚТҚ тізбесінен клиент туралы мәліметтер алып тасталған кезде нысаналы қаржы санкцияларының қолданысын тоқтату тәртібі;

      4) ұйым қызметкерлерінің, оның ішінде жауапты қызметкердің, ұйымның басқару органының және атқарушы органының өздеріне белгілі болған, ұйым қызметкерлері жол берген КЖ/ТҚҚ туралы заңды, сондай-ақ ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету тәртібі;

      5) ұйымды бақылайтын заңды тұлға белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптардың (бар болса) сипаттамасы;

      6) КЖ/ТҚҚ мақсатында ұйымның ішкі аудит қызметінің ішкі бақылау тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша басқарушылық есептілікті дайындау және ұйымның басқару органы мен атқарушы органына ұсыну тәртібі;

      7) КЖ/ТҚҚ тәуекелдерін бағалау нәтижелерін бағалау, айқындау, құжаттамалық тіркеу және жаңарту рәсімі.

      8) КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімше функцияларының сипаттамасы, оның ішінде КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асыру кезінде ұйымның басқа бөлімшелерімен, филиалдарымен, еншілес ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау рәсімінің, сондай-ақ жауапты қызметкердің функциялары, өкілеттіктері, жауапты қызметкердің ұйымның басқару органымен және атқарушы органымен өзара іс-қимыл жасау рәсімінің сипаттамасы;

      9) Қазақстан Республикасында, сондай-ақ одан тысқары жерлерде орналасқан өз филиалдарының, өкілдіктерінің, еншілес ұйымдарының, егер бұл олардың орналасқан жеріндегі мемлекеттің заңнамасына қайшы келмесе, ішкі бақылау қағидаларын сақтау және іске асыру тәртібі.

      7. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес жауапты қызметкердің және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің функциялары мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) ұйымда әзірленген және ұйымның атқарушы органымен келісілген ішкі бақылау қағидаларының және (немесе) оларға өзгерістердің (толықтырулардың) болуын, сондай-ақ ұйымда олардың сақталуын мониторингтеуді қамтамасыз ету;

      2) уәкілетті органға хабарламалар ұсынуды және олардың ұсынылуын бақылауды ұйымдастыру;

      3) клиенттердің операцияларын күдікті ретінде тану және ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен уәкілетті органға хабарламалар жіберу қажеттілігі туралы шешімдер қабылдау;

      4) ұйымның уәкілетті органын немесе ұйымның лауазымды тұлғасын анықталған клиенттер және нысаналы қаржы санкцияларын қолдану жөнінде қабылданған шаралар туралы хабардар ету;

      5) КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) клиенттермен жасалған шарттарда көзделген жағдайларда және ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен клиенттердің операцияларын жүргізуден бас тарту туралы шешімдер қабылдау не ұйымның уәкілетті органымен немесе ұйымның лауазымды тұлғасымен келісу;

      6) ұйымның атқарушы органына КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) ұйымның ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда және тәртіппен клиенттермен іскерлік қатынастар орнату, жалғастыру не тоқтату туралы шешім қабылдау үшін сұрау салулар жіберу;

      7) ұйымның уәкілетті органдарын және ұйымның лауазымды тұлғаларын анықталған ішкі бақылау қағидаларын бұзушылықтар туралы ұйымның ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен хабардар ету;

      8) ұйымның уәкілетті органдарына есептерді қалыптастыру үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында және ішкі бақылау қағидаларын іске асыру нәтижелері және КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару және ішкі бақылау жүйелерін жақсарту жөніндегі ұсынылып отырған шаралар туралы ақпарат дайындау және ұйымның атқарушы органымен келісу;

      9) ұйымның КЖ/ТҚ процестеріне тартылу тәуекелін бағалау және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға сұратылатын ақпаратты жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 5 ақпанынан кешіктірмей беру үшін сандық және сапалық көрсеткіштерді жинау бойынша үйлестіру.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру кезінде ұйым КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-1-бабының 6-тармағына сәйкес КЖ/ТҚ тәуекелдерінің есебінен жарияланған ақпаратты ескереді.

      Тәуекелдерді бағалау нәтижелері қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның талап етуі бойынша "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының бірінші бөлігіне сәйкес ұсынылады.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің типтері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) жария лауазымды тұлға, оның жұбайы (зайыбы) және жақын туыстары;

      Талаптардың 16-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде орналасқан (тіркелген), сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан филиалдар және осындай тұлғалардың өкілдіктері;

      3) коммерциялық емес және қайырымдылық ұйымдары, діни бірлестіктер;

      4) цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар.";

      мынадай мазмұндағы 19-1-тармақпен толықтырылсын:

      "19-1. Ұйымдар:

      1) берудің жаңа тетіктерін қоса алғанда, жаңа өнімдерді әзірлеуге және жаңа іскерлік практикаға;

      2) жаңа және қолданыстағы өнімдер үшін жаңа немесе дамып келе жатқан технологияларды қолдануға байланысты туындауы мүмкін АЖ/ТҚ тәуекелдерін анықтайды және бағалайды.

      КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау жаңа өнімдерді, іскерлік практиканы іске қосқанға немесе жаңа (дамып келе жатқан) технологияларды пайдаланғанға дейін жүргізіледі.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. КЖ/ТҚҚ туралы заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша талаптарын іске асыру мақсатында ұйым клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру бағдарламасын әзірлейді.

      Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру ұйымның клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді тіркеу және дәйектілігін тексеру, бенефициарлық меншік иесін анықтау және ол туралы мәліметтерді тіркеу, іскерлік қарым-қатынастардың немесе біржолғы операцияның (мәміленің) болжанатын мақсатын белгілеу және тіркеу, сондай-ақ клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы КЖ/ТҚҚ туралы заңда көзделген мәліметтерді алу және тіркеу болып табылады.

      Ұсынылған мәліметтердің дәйектілігін тексеру клиент (оның өкілі) ұсынған тиісті құжаттардың түпнұсқаларының немесе нотариат куәландырған көшірмелерінің деректерімен салыстырып тексеру, қолжетімді көздерден (дерекқорлардан) алынған деректермен салыстырып тексеру, мәліметтерді басқа тәсілдермен тексеру арқылы жүзеге асырылады.

      Ұйым КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес тәуекелдің жоғары деңгейі берілген клиенттерге қатысты клиенттерді тиісінше тексерудің күшейтілген шараларын қолданады не оларға қатысты тәуекелдің төмен деңгейі берілген клиенттерді тиісінше тексерудің жеңілдетілген шараларын қолданады.";

      мынадай мазмұндағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:

      "20-1. Ұйым КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 2 және 3-1-тармақтарының және 7-бабы 1-тармағының талаптарын ескере отырып, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіруді, жүргізілетін операцияларды қаржыландыру көзі туралы мәліметтерді қажет болған кезде алуды және тіркеуді қоса алғанда, іскерлік қатынастарды тексеруді және операцияларды зерделеуді жүргізеді, сондай-ақ:

      1) клиент шекті операция (мәміле) жүргізген;

      2) клиент күдікті операция (мәміле) жүргізген (жүргізуге әрекет жасаған);

      3) клиент КЖ/ТҚ типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операция (мәміле) жүргізген;

      4) клиент әдеттегіден тыс операциялар (мәмілелер) жүргізген;

      5) клиент (оның өкілі), бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған деректердің дәйектілігіне күмәндану үшін негіздер болған;

      6) жеке тұлға клиент, егер операцияның сомасы 500 000 теңгеден не 500 000 теңгеге балама шетел валютасындағы сомадан асатын болса, бағалы металдар мен асыл тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды бөлшек сату алу бойынша операция жүргізген жағдайларда клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы алынған мәліметтердің дәйектілігіне тексеру жүргізеді және іскерлік қатынастардың немесе біржолғы операцияның (мәміленің) болжамды мақсатын белгілейді.

      Клиент белгіленген іскерлік қарым-қатынастар шеңберінде операция жүргізген кезде клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру, егер ол осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3, 4) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, осындай іскерлік қатынастар орнату кезінде жүргізілген болса, сондай-ақ клиенттің тәуекел деңгейі мен Талаптарға сәйкес бұрын алынған мәліметтерді жаңарту не қосымша мәліметтер алу қажеттілігі жағдайларында жүргізілмейді.";

      22 және 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Талаптардың 20-1 және 21-тармақтарының талаптарына сәйкес алынған мәліметтерді ұйым клиенттің досьесіне енгізеді (қосады), ол клиентпен іскерлік қарым-қатынастардың бүкіл кезеңі ішінде және олар тоқтатылғаннан не біржолғы операция жасағаннан күннен бастап кемінде бес жыл ұйымда сақталады.

      Ұйым КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 6-тармағының 1) тармақшасын қолданған кезде ұйым клиенттің досьесіне енгізу (қосу) үшін клиентті тиісінше тексеру шараларына ұйым басшылыққа алатын басқа қаржы мониторингі субъектілерінен клиент туралы мәліметтерді дереу алады, сондай-ақ сұрау салу бойынша оларға, оның ішінде ақпарат, ақпараттық жүйелерден немесе басқа қаржы мониторингі субъектілерінің дерекқорынан үзінді-көшірмелер жататын растайтын құжаттардың көшірмелерін кідіріссіз алады.

      23. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру процесінде ұйым Тізбеде және ЖҚҚТҚ тізбесінде осындай клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің болуына тексеру жүргізеді.

      Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің азаматтарына қатысты көші-қон карточкалары туралы мәліметтер талап етілмейді.

      Клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде және ЖҚҚТҚ тізбесінде болуын (Тізбеге және ЖҚҚТҚ тізбесіне енгізілуін) тексеру клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты емес және Тізбеге және ЖҚҚТҚ тізбесіне өзгерістер енгізілуіне (Тізбенің және ЖҚҚТҚ тізбесінің жаңартылуына) қарай жүзеге асырылады.

      Ұйым клиентті (оның өкілін) сәйкестендіру және бенефициарлық меншік иесін анықтау процесінде осындай клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің ҰЖЛТ-ға және ШЖЛТ-ға, олардың жұбайларына (зайыптарына) және жақын туыстарына тиесілігіне тексеру жүргізеді.

      Ұйым ШЖЛТ-ға, оның жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қатысты:

      1) ШЖЛТ-ның беделін оның КЖ/ТҚ жағдайларына қатыстылығына қарай бағалауды жүзеге асырады;

      2) ұйымның басшы қызметкерлерінің осындай клиенттермен (олардың өкілдерімен) және бенефициарлық меншік иелерімен іскерлік қарым-қатынастар орнатуға, оны жалғастыруға рұқсатын алады;

      3) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің қаражат көзін анықтау үшін қолжетімді шаралар қабылдайды;

      4) клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру жөнінде күшейтілген шаралар қабылдайды.

      Тәуекелдің жоғары деңгейі берілген ҰЖЛТ-ға, оның жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қатысты ұйымдар қосымша осы тармақтың бесінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында белгіленген шараларды қолданады.

      Ұйым жеке тұлғаны (заңды тұлғаның немесе заңды тұлға құрмаған шетелдік құрылым басшысын, бенефициарлық меншік иесін) сәйкестендіру кезінде мынадай деректерді белгілейді және тіркейді:

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса); азаматтығы; туған күні мен жері; заңды мекенжайы; жеке басын куәландыратын құжаттың және (немесе) негізінде сәйкестендіру жүргізілетін өзге құжаттың деректемелері, қызмет түрі (дара кәсіпкерлер үшін);

      жеке сәйкестендіру нөмірі (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тұлғаға жеке сәйкестендіру нөмірі берілмеген жағдайларды қоспағанда).

      Ұйым заңды тұлға-клиентті және заңды тұлға құрмаған шетелдік құрылымды сәйкестендірген кезде мынадай деректерді белгілейді және тіркейді:

      атауы;

      заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу нөмірі және тіркелген күні, тіркеуші органның атауы (олар болған кезде); орналасқан және тіркелген жері; бизнес сәйкестендіру нөмірі (заңды тұлғаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бизнес сәйкестендіру нөмірі берілмеген жағдайларды қоспағанда) не бейрезидент-заңды тұлға шет мемлекетте тіркелген нөмір; қызмет түрі; басшы (құрылтай құжаттарына сәйкес заңды тұлға-клиенттің және заңды тұлға құрмаған шетелдік құрылым-клиенттің атынан әрекет етуге уәкілетті өзге тұлға), қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар тұлға туралы деректер; бенефициарлық меншік иесі туралы деректер.";

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "25. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасына мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:

      1) іскерлік қатынастарды орнатудан және (немесе) операция жүргізуден бас тарту, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтату, тәртібі мен негіздерін қоса алғанда, клиенттерді қызмет көрсетуге қабылдау тәртібі;

      2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру тәртібі, оның ішінде тиісті тексерудің жеңілдетілген және күшейтілген шаралары;

      3) клиенттер (олардың өкілдері) арасынан қызмет көрсетілетін немесе қызмет көрсетуге қабылданатын ҰЖЛТ және ШЖЛТ, олардың жұбайларын және жақын туыстарын анықтауға бағытталған шаралардың сипаттамасы;

      4) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде және ЖҚҚТҚ тізбесінде болуын тексеру тәртібі;

      5) іскерлік қатынастарды қашықтан орнату кезінде (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) сәйкестендіру ерекшеліктері;

      6) ұйымға бақылау жасайтын заңды тұлға белгілеген клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін КЖ/ТҚҚ бойынша (бар болса) талаптарды орындау аясында сәйкестендіру процесінде алынған мәліметтермен алмасу, сондай-ақ осындай мәліметтерді сақтау және құпиялылығын қамтамасыз ету ерекшеліктері;

      7) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дәйектілігін тексеру тәртібі;

      8) клиенттің досьесін жүргізу нысанына, мазмұнына және тәртібіне қойылатын талаптар, мәліметтерді жаңарту мерзімділігін көрсетумен досьедегі мәліметтерді жаңартулар;

      9) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау тәртібі, мұндай тәуекелді бағалау негіздері;

      10) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 5-тармағының үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша клиенттердің бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтерді ұйымның сұрау салуы бойынша алу және ұсыну тәртібі.

      Егер ұйым КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес шарт негізінде өзге тұлғаға ұйымның клиенттеріне қатысты КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген шараларды қолдануды тапсырса, ұйым мұндай тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау қағидаларын әзірлейді, олар мыналарды:

      ұйымның сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шарттар жасасу рәсімін, сондай-ақ мұндай шарттар жасасуға уәкілетті ұйымның лауазымды тұлғаларының тізбесін;

      ұйым мен сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалар арасындағы шарттарға сәйкес клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру рәсімін;

      сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған адамдардың сәйкестендіруді жүргізу кезінде алынған мәліметтерді ұйымға беру рәсімі мен мерзімдерін;

      ұйымға алынған мәліметтерді беру рәсімін, мерзімдері мен толықтығын, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұйым қабылдайтын шараларды қоса алғанда, сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалардың сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтауын бақылауды ұйымның жүзеге асыру рәсімін;

      сәйкестендіру жөніндегі талаптарды, оның ішінде рәсімдерді, алынған мәліметтерді ұйымға беру мерзімдері мен толықтығын сақтамаған жағдайда, ұйымның сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдау негіздерін, рәсімін және мерзімдерін;

      сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдауға уәкілетті ұйымның лауазымды тұлғаларының тізбесін;

      ұйым сәйкестендіру жүргізуді тапсырған тұлғалардың сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін, алынған мәліметтерді ұйымға беру рәсімін, мерзімдері мен толықтығын қоса алғанда, жауапкершілігі туралы ережелерді;

      ұйымның сәйкестендіру талаптарын орындау мақсатында оларға әдіснамалық көмек көрсету мәселелері бойынша сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау рәсімін қамтиды.

      Ұйымға өзара іс-қимыл қағидаларына қосымша талаптарды енгізуіне рұқсат етіледі.";

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасының шеңберінде ұйым клиенттер (олардың өкілдері) және бенефициарлық меншік иелері туралы қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) алу жөнінде, сондай-ақ клиенттердің операцияларын зерделеу және шекті, күрделі, әдеттегіден тыс және күдікті операцияларды анықтау жөнінде іс-шаралар жүргізеді.

      Ұйым клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу нәтижелерін ұйым қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін жыл сайын бағалау, сондай-ақ клиенттердің тәуекелдер деңгейлерін қайта қарау үшін пайдаланады.

      Клиенттің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде алынған мәліметтер талаптардың 22-тармағында көзделген клиент досьесіне енгізіледі және (немесе) ұйымда клиентпен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі бойы және олар тоқтатылған күннен бастап кемінде бес жыл және біржолғы операция (мәміле) жасалғаннан кейін кемінде бес жыл сақталады.";

      29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Клиенттер операцияларының мониторингі және оны зерделеу бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган айқындаған, күдікті операцияны анықтау белгілері негізінде жасалған, сондай-ақ ұйым дербес әзірлеген күдікті операциялар белгілерінің тізбесі;

      2) ұйым бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) арасында клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған мәліметтерді жаңарту және (немесе) қосымша мәліметтер алу бойынша міндеттерді Талаптарда көзделген жағдайларда бөлу;

      3) ұйым бөлімшелері (қызметкерлері) арасында шекті, күрделі, әдеттегіден тыс және күдікті операциялар туралы мәліметтерді анықтау және бөлімшелер (қызметкерлер) арасында бір-біріне беру жөніндегі міндеттерді бөлуді;

      4) жауапты қызметкердің клиент операциясының біліктілігі туралы шешім қабылдау тәртібі, негіздері және мерзімі;

      5) күрделі, әдеттегіден тыс операцияларды зерделеу нәтижелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар (оның ішінде, операцияның сомасы, валютасы) туралы мәліметтерді тіркеу (оның ішінде тіркеу тәсілдері) және сақтау тәртібі;

      6) клиент жүйелі түрде және (немесе) елеулі көлемде әдеттегіден тыс және (немесе) күдікті операцияларды жүзеге асырған жағдайда клиентке және оның операцияларына қатысты шаралар қабылдау тәртібі және қабылданатын шаралардың сипаты;

      7) уәкілетті органға шекті және күдікті операциялар туралы хабарлар беру тәртібі;

      8) шекті және күдікті операцияның анықталғаны туралы ұйымдардың басқару органын, атқарушы органын және ұйымдардың лауазымды адамдарын хабардар ету (қажет болған кезде) тәртібі.".

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржылық мониторинг агенттігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады