Қамаққа алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босатылатын адамдарды өздері таңдаған тұрғылықты жеріне немесе жұмыс орнына бару жолында тегін жол жүрумен, сондай-ақ тамақ өнімдерімен немесе ақшамен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2022 жылғы 5 наурыздағы № 118 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 5 наурызда № 27036 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабы 1-тармағының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қамаққа алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босатылатын адамдарды өздері таңдаған тұрғылықты жеріне немесе жұмыс орнына бару жолында тегін жол жүрумен, сондай-ақ тамақ өнімдерімен немесе ақшамен қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
М. Ахметжанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
2022 жылғы 5 наурыздағы
№ 118 бұйрығымен
бекітілген

Қамаққа алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босатылатын адамдарды өздері таңдаған тұрғылықты жеріне немесе жұмыс орнына бару жолында тегін жол жүрумен, сондай-ақ тамақ өнімдерімен немесе ақшамен қамтамасыз ету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қамаққа алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босатылатын адамдарды өздері таңдаған тұрғылықты жеріне немесе жұмыс орнына бару жолында тегін жол жүрумен, сондай-ақ тамақ өнімдерімен немесе ақшамен қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабы 1-тармағының 20) тармақшасына, 167-бабына (бұдан әрі – ҚАК) сәйкес әзірленді және қамаққа алу түріндегі немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босатылатын адамдарды (бұдан әрі – босатылатын адам) өздері таңдаған тұрғылықты жеріне немесе жұмыс орнына бару жолында тегін жол жүрумен, сондай-ақ тамақ өнімдерімен немесе ақшамен қамтамасыз ету тәртібін регламенттейді.

2-тарау. Қамаққа алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босатылатын адамдарды өздері таңдаған тұрғылықты жеріне немесе жұмыс орнына бару жолында тегін жол жүрумен, сондай-ақ тамақ өнімдерімен немесе ақшамен қамтамасыз ету тәртібі

      2. Жазаны орындайтын мекеменің әкімшілігі қамаққа алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босатқанға дейін он жұмыс күнi бұрын:

      1) босатылатын күнiн, бағытын және межелі пунктiн көрсете отырып, босатылатын адамдардың тiзiмiн жасайды;

      2) Қазақстан Республикасы аумағының шегінде босатылатын адамның тұрғылықты жеріне немесе жұмыс орнына дейiн жол жүру билетiн сатып алу үшiн қажеттi ақша қаражатын есептейді;

      3) ҚАК-тің 15-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы негізінде бекітілген заттай нормаларға сәйкес босатылатын адамға үлесін есептейді.

      Жүру жолында тамақ өнімдері болмаған жағдайда, жолда болған әрбiр тәулiк үшін айлық есептiк көрсеткiштің елу пайызы мөлшерiнде ақша берiледі.

      3. Жазаны орындайтын мекеме әкiмшiлiгi босатылғанға дейін он күн iшiнде босатылатын адамға Қазақстан Республикасы аумағының шегінде тұрғылықты жеріне немесе жұмыс орнына дейін жол жүру билетiн сатып алады. Жол жүру билетi үшiн ақы төлеу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қолма-қол немесе қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жүргiзіледi.

      4. Босатылатын адам жазаны орындайтын мекеменің әкімшілігінен жазасын өтеуден босатылған күні тамақ өнімдерін  не Қазақстан Республикасының аумағы шегінде жол жүруге ақша алады. 

      5. Қамаққа алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге кететін шетелдік сотталғандарға жол жүру билеттері Қазақстан Республикасында аккредиттелген олардың мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері орналасқан жерге дейін сатып алынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады