"Эмитенттің ақпаратты жария ету қағидаларын, Эмитенттің жария етуіне жататын ақпараттың мазмұнына қойылатын талаптарды, сондай-ақ эмитенттің қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында ақпаратты жария ету мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 189 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 14 наурыздағы № 25 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 24 наурызда № 27193 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Эмитенттің ақпаратты жария ету қағидаларын, Эмитенттің жария етуіне жататын ақпараттың мазмұнына қойылатын талаптарды, сондай-ақ эмитенттің қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында ақпаратты жария ету мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 189 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17579 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Эмитенттің ақпаратты жария ету қағидаларында:

      6, 7 және 8 тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізіміне енгізілген және шетел мемлекетінің аумағында жұмыс істейтін қор биржасының алаңында айналысқа түспейтін эмитент Бағалы қағаздар нарығы туралы заңның 102-бабы 2-тармағының бірінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген ақпаратқа қосымша есепті тоқсанның соңғы күнінен кейінгі 30 (отыз) жұмыс күні ішінде тоқсан сайын қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында тоқсан сайынғы шоғырландырылмаған қаржылық есептілікті жария етуді жүзеге асырады, ол мыналардан тұрады:

      1) қаржы ұйымын қоспағанда, акционерлік қоғам үшін – Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15384 болып тіркелген, "Жария мүдделі ұйымдардың (қаржы ұйымдарынан басқа) жариялау үшін жылдық қаржылық есептіліктің тізбесі мен нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2017 жылғы 28 маусымдағы № 404 бұйрығымен бекітілген нысандарға сәйкес жасалған бухгалтерлік баланс және пайда мен зиян туралы есеп;

      2) екінші деңгейдегі банкті қоспағанда, қаржы ұйымы болып табылатын акционерлік қоғам үшін – Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13504 болып тіркелген, "Қаржы ұйымдарының қаржылық есептiлiктi ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 41 қаулысымен бекітілген нысандарға сәйкес жасалған бухгалтерлік баланс және пайда мен зиян туралы есеп;

      3) екінші деңгейдегі банк болып табылатын акционерлік қоғам үшін – Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20474 болып тіркелген, "Екінші деңгейдегі банктер есептілігінің тізбесін, нысандарын, мерзімдерін және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 54 қаулысымен бекітілген нысанға сәйкес жасалған екінші деңгейдегі банктің баланстық және баланстан тыс шоттарындағы қалдықтар туралы есеп;

      4) ипотекалық ұйым болып табылатын акционерлік қоғам үшін – Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10117 болып тіркелген, "Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар есептілігінің тізбесін, нысандарын, ұсыну мерзімдері мен қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 178 қаулысымен бекітілген нысанға сәйкес жасалған ипотекалық ұйымдардың баланстық және баланстан тыс шоттарындағы қалдықтар туралы есеп;

      5) акционерлік қоғам болып табылмайтын эмитент үшін – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына (бұдан әрі – ХҚЕС) сәйкес жасалған бухгалтерлік баланс және пайда мен зиян туралы есеп.

      Бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізіміне енгізілген және оның бағалы қағаздары шетел мемлекетінің аумағында жұмыс істейтін қор биржасының алаңында айналысқа түсетін эмитент тоқсан сайынғы қаржылық есептілікті, ал осы эмитенттің еншілес ұйымы бар болатын болса - ХҚЕС-қа сәйкес жасалған тоқсан сайынғы шоғырландырылған қаржылық есептілікті ресми тізіміне эмитенттің бағалы қағаздары кіретін, Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген мерзімде қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етеді.

      Екінші деңгейдегі банк болып табылатын, бағалы қағаздары Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ресми тізіміне енгізілген және оның бағалы қағаздары шетел мемлекетінің аумағында жұмыс істейтін қор биржасының алаңында айналысқа түсетін эмитент Қағидалардың осы тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерден басқа, сондай-ақ ресми тізіміне эмитенттің бағалы қағаздары кіретін, Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген мерзімде Қағидалардың осы тармағының бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көзделген ақпаратты береді.

      7. "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті аудит жүргізілетін эмитент жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылғы 31 тамыздан кешіктірмей қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында жылдық қаржылық есептілікті және аудиторлық есепті, ал еншілес ұйымдары болған жағдайда – мыналарға:

      1) акционерлік қоғамдар (қаржы ұйымдарын қоспағанда) үшін –Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15384 болып тіркелген, "Жария мүдделі ұйымдардың (қаржы ұйымдарынан басқа) жариялау үшін жылдық қаржылық есептіліктің тізбесі мен нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2017 жылғы 28 маусымдағы № 404 бұйрығымен бекітілген тізбеге және нысандарға;

      2) қаржы ұйымы үшін – Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13504 болып тіркелген, "Қаржы ұйымдарының қаржылық есептiлiктi ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 41 қаулысына;

      3) бағалы қағаздары қор биржасының тізіміне енгізілген және акционерлік қоғам болып табылмайтын эмитент үшін – ХҚЕС-қа сәйкес жасалған жылдық жеке жылдық қаржылық есептілікті, жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілікті және жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есепті орналастыруды жүзеге асырады.

      Қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында орналастырылуы тиіс жылдық қаржылық есептілікті және аудиторлық есепті эмитент Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26686 болып тіркелген, "Жария мүдделі ұйымдардың қаржылық есептілікті депозитарийге тапсыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2022 жылғы 28 қаңтардағы № 94 бұйрығына сәйкес қаржылық есептілік депозитарийіне ұсынады.

      8. Эмитент қаржылық есептілік депозитарийіне ұсыну үшін корпоративтік оқиғалар туралы ақпаратты, тоқсан сайынғы қаржылық есептілікті, акционерлік қоғамның атқарушы органы мүшелерінің есепті жыл үшін сыйақысының жиынтық мөлшері туралы ақпаратты, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың үлестес тұлғалары туралы мәліметтерін қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында орналастырылған "Есептілікті тапсырудың бірыңғай жүйесі" электрондық сервисі арқылы қалыптастырады.

      Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген, қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ ақпарат құрастырушының бастамасы бойынша ағылшын тілінде жасалған ақпарат, қазақ және (немесе) орыс тілдерінде, сондай-ақ ақпарат құрастырушының бастамасы бойынша ағылшын тілінде жасалған тоқсан сайынғы қаржылық есептілік және есепті жылға акционерлік қоғамның атқарушы органы мүшелері сыйақысының жиынтық мөлшері туралы ақпарат, акционерлік қоғамның үлестес тұлғалары туралы мәліметтер мынадай тәртіппен қаржылық есептілік депозитарийін жүргізуді жүзеге асыратын ұйымға ұсынылады:

      1) "Есептілікті тапсырудың бірыңғай жүйесі" электрондық сервисі арқылы тиісті шаблон толтырылады;

      2) шаблонды толтыру нәтижесінде эмитенттің бірінші басшысының немесе уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған электрондық есеп қалыптастырылады;

      3) электрондық есепке қол қойғанға дейін оған эмитенттер "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының және Бағалы қағаздар нарығы туралы заңның талаптарына сәйкес немесе өзінің бастамасы бойынша жария ететін, қаржылық есептілік депозитарийінің интернет-ресурсында эмитенттің "электрондық досье" қосымша бетінде орналастырылатын PDF электрондық форматындағы сканерленген құжаттар қоса беріледі;

      4) электрондық есеп оны қаржылық есептілік депозитарийінің құрылымына енгізу үшін қаржылық есептілік депозитарийінің серверіне жіберіледі.".

      2. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады