"Дербес деректерді жинау, өңдеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы № 395/НҚ бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2022 жылғы 31 наурыздағы № 102/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 31 наурызда № 27344 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің "Дербес деректерді жинау, өңдеу қағидаларын бекіту туралы" 21 қазандағы бұйрығына 2020 жылғы № 395/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21498 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Дербес деректерді жинау, өңдеу қағидаларында:

      1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Дербес деректерді жинау, өңдеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 27-1-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және дербес деректерді жинау, өңдеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) дербес деректер – мәліметтер негізінде айқындалған немесе айқындалатын дербес деректер субъектісіне қатысты, электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіште тіркелген мәліметтер;

      2) дербес деректерді бұғаттау – дербес деректерді жинауды, жинақтауды, өзгертуді, толықтыруды, пайдалануды, таратуды, иесіздендіруді және жоюды уақытша тоқтату жөніндегі іс-әрекеттер;

      3) дербес деректерді жинақтау – дербес деректерді қамтитын базаға дербес деректерді енгізу арқылы оларды жүйелеу жөніндегі іс-әрекеттер;

      4) дербес деректерді жинау – дербес деректерді алуға бағытталған іс-әрекеттер;

      5) дербес деректерді жою – жасалуы нәтижесінде дербес деректерді қалпына келтіру мүмкін болмайтын іс-әрекеттер;

      6) дербес деректерді иесіздендіру – жасалуы нәтижесінде дербес деректердің дербес деректер субъектісіне тиесілігін анықтау мүмкін болмайтын іс-әрекеттер;

      7) дербес деректерді қамтитын база (бұдан әрі – база) – ретке келтірілген дербес деректердің жиынтығы;

      8) дербес деректерді қамтитын базаның меншік иесі (бұдан әрі – меншік иесі) – дербес деректерді қамтитын базаны Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын іске асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;

      9) дербес деректерді қамтитын базаның операторы (бұдан әрі – оператор) – дербес деректерді жинауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;

      10) дербес деректерге қол жеткізуді бақылаудың мемлекеттік емес сервисі (бұдан әрі – мемлекеттік емес сервис) – дербес деректер субъектісінен дербес деректерді жинауға, өңдеуге немесе оларды үшінші тұлғаларға беруге келісім алуды қоса алғанда, мемлекеттік емес ақпараттандыру объектілерінде қамтылған дербес деректерге қол жеткізу кезінде меншік иелерінің және (немесе) операторлардың, үшінші тұлғалардың дербес деректер субъектісімен ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін қызмет;

      11) дербес деректерге қол жеткізуді бақылаудың мемлекеттік сервисі (бұдан әрі – мемлекеттік сервис) – дербес деректер субъектісінен дербес деректерді жинауға, өңдеуге немесе оларды үшінші тұлғаларға беруге келісім алуды қоса алғанда, мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілерінде қамтылған дербес деректерге қол жеткізу кезінде меншік иелерінің және (немесе) операторлардың, үшінші тұлғалардың дербес деректер субъектісімен және уәкілетті органмен ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін қызмет;

      12) дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – дербес деректерді қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.";

      4-тармақ мынадай редакцияда мазмұндалсын:

      "4. Осы Қағидалардың 4-3-тармағында және Заңның 9-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді жинауды, өңдеуді меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ үшінші тұлға субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімімен осы Қағидалармен айқындалатын тәртіппен жүзеге асырады.

      Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) субъектінің дербес деректерін жинау, өңдеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.";

      мынадай редакциядағы 4-1, 4-2, 4-3 және 4-4-тармақтармен толықтырылсын:

      "4-1. Дербес деректерді жалпыға қолжетімді дереккөздерде таратуға субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімі болған кезде жол беріледі.

      4-2. Осы Қағидалардың 4-1-тармағының талаптары орналастыру міндеті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ақпарат жарияланған жағдайларда ақпарат иеленушілерге қолданылмайды.

      4-3. Ақпарат көзіне сілтеме болған жағдайда, осы Қағидалардың 4-1 және 4-2-тармақтарының негізінде жарияланған дербес деректерді үшінші тұлғалардың қайта жинауына, өңдеуіне және таратуына жол беріледі.

      4-4. Заңның 16-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді трансшекаралық беру түрінде дербес деректерді өңдеу, дербес деректерді жалпыға қолжетімді көздерде тарату, сондай-ақ оларды үшінші тұлғаларға беру субъектінің келісімімен жүзеге асырылады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда мазмұндалсын:

      "6. Субъект немесе оның заңды өкілі дербес деректерді жинауға, өңдеуге жазбаша, мемлекеттік сервис, мемлекеттік емес сервис арқылы не келісімді алғанын растауға мүмкіндік беретін өзге де тәсілмен келісім береді (оны кері қайтарып алады).

      Мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілеріндегі дербес деректерді жинау және (немесе) өңдеу кезінде келісім мемлекеттік сервис арқылы беріледі.";

      8-тармақ мынадай редакцияда мазмұндалсын:

      "8. Дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім мыналарды қамтиды:

      1) оператордың атауы (тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), бизнес сәйкестендіру нөмірі (жеке сәйкестендіру нөмірі);

      2) субъектінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);

      3) дербес деректерді жинауға, өңдеуге келісім қолданыста болатын мерзім немесе кезең;

      4) оператордың дербес деректерді үшінші тұлғаларға беру мүмкіндігі немесе оның болмауы туралы мәліметтер;

      5) дербес деректерді өңдеу процесінде оларды трансшекаралық берудің болуы не болмауы туралы мәліметтер;

      6) дербес деректердің жалпыға бірдей қолжетімді көздерде таратылуы туралы мәліметтер;

      7) субъектіге байланысты жиналатын деректердің тізбесі.";

      мынадай редакциядағы 17-1-тармақпен толықтырылсын:

      "17-1. Егер бұл ретте өзге де жеке және (немесе) заңды тұлғалардың заңды мүдделері қозғалмаса, субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімі болған жағдайда дербес деректерді таратуға жол беріледі.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Субъект немесе оның заңды өкілі меншік иесін және (немесе) операторды, сондай-ақ үшінші тұлғаны дербес деректерді жинау және өңдеу жөніндегі талаптарды сақтаулары тұрғысынан тексеру мақсатында уәкілетті органға жүгінеді.

      "Уәкілетті орган субъектінің немесе оның заңды өкілінің өтінішін меншік иесін және (немесе) операторды, сондай-ақ үшінші тұлғаны тарта отырып, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 76-бабы 1 және 3-тармақтарында белгіленген мерзімдерде қарайды.

      27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ үшінші тұлға дербес деректерді жоюға тиіс:

      1) Заңның 12-бабының 2-тармағына сәйкес сақтау мерзімі өткеннен кейін;

      2) субъект, меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ үшінші тұлға арасындағы құқықтық қатынастар тоқтатылған кезде;

      3) сот шешімі заңды күшіне енген кезде;

      4) осы Заңның 7-бабының 5-тармағында және 9-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, субъектінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз дербес деректерді жинау және өңдеу анықталған кезде тоқтатылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады