Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету мониторингі қағидасын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің 2022 жылғы 31 наурыздағы № 11-1-4/135 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 4 сәуірде № 27384 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 6-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету мониторингі қағидасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық құқық департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрі
М. Тілеуберді
     
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
     
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Сыртқы істер министрінің
2022 жылғы 31 наурыздағы
№ 11-1-4/135 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету мониторингі қағидасы

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз ету мониторингі жүргізу қағидасы (бұдан әрі - Қағида) "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы Заңы 20-бабының 6-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының (бұдан әрі – орталық мемлекеттік органдар) міндеттемелерді міндетті және адал орындауын және күшіне енген Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан туындайтын құқықтардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мониторингі тәртібін анықтайды.

      2. Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге мониторинг бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді құзыретіне халықаралық шарттардың орындалуын жалпы қадағалау мен бақылау жататын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырады.

2 тарау. Халықаралық шарттарға мониторинг жүргізу

      3. Мемлекеттік органдарда Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуге мониторингті (бұдан әрі – халықаралық шарттарға мониторинг) орталық мемлекеттік органның басшысы анықтайтын құрылымдық бөлімшелер (бұдан әрі – бөлімшелер) жүзеге асырады.

      4. Халықаралық шарттарға мониторингті тиісті орталық мемлекеттік орган оларға қатысты осы орталық мемлекеттік органның құзыретіне жататын мәселелер бойынша жасасу туралы ұсыныс енгізген, сондай-ақ бұрын жасалған халықаралық шарттар бойынша тұрақты негізде бөлімшелер жүргізеді.

      5. Орталық мемлекеттік органдар жыл сайын, 10 қаңтардан кешіктірмей уәкілетті органға:

      1) күшіне енген халықаралық шарттардың өткен жыл ішінде орындалу барысы туралы;

      2) Қазақстан Республикасы уағдаласушы тарапы болып табылатын қол қойылған және күшіне енбеген халықаралық шарттар бойынша мемлекетішілік рәсімдердің орындалу барысы туралы, оның ішінде олардың орындалмау себептері туралы ақпарат береді.

      Күшіне енген халықаралық шарттар туралы ақпарат:

      1) халықаралық шарттардан туындайтын Қазақстан Республикасына тиесілі құқықтардың жүзеге асырылуын, сондай-ақ халықаралық шарттардың басқа қатысушыларының өз міндеттемелерін орындауын қадағалауды талдауды;

      2) халықаралық шарттардың орындалуы барысында анықталған проблемалық мәселелерді шешу жөніндегі ұсыныстарды қамтуы тиіс.

      6. Халықаралық шарттарға мониторинг жүргізген кезде орталық мемлекеттік органдар:

      1) тиісті орталық мемлекеттік органның құзыретіне жататын мәселелерді реттейтін халықаралық шарттардың ережелерін;

      2) халықаралық шарттарды реттеу мәніне байланысты Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін;

      3) халықаралық шарттардан туындайтын Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындау мен құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету туралы, сондай-ақ көрсетілген міндеттемелерді халықаралық шарттың басқа қатысушыларының орындауы туралы мәліметтерді (статистикалық мәліметтерді қоса алғанда);

      4) халықаралық шарттарды орындауға қатысты бұқаралық ақпарат құралдарында және жалпыға қол жетімді телекоммуникациялық желілердегі интернет-ресурстарда жарияланымдарды;

      5) бар болған жағдайда, халықаралық шарттардан туындайтын Қазақстан Республикасының міндеттемелерін орындау мен құқықтарын жүзеге асыруды қамтамасыз ету бойынша халықаралық ұйымдарда ұсынылған Қазақстан Республикасының мерзімдік баяндамаларын (есептерін);

      6) халықаралық шарттардың, оның ішінде жоғарыда көрсетілген Қазақстан Республикасының мерзімді баяндамаларын қорғау қорытындылары бойынша дипломатиялық арналар арқылы алынғандардың орындалуын қамтамасыз ету бойынша халықаралық ұйымдардың, халықаралық сарапшылардың және үкіметтік емес ұйымдардың ұсынымдарын;

      7) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы халықаралық шарттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі консультациялық-кеңесші органдардың ұсынымдары мен ұсыныстарын талдайды.

      7. Ақпарат электрондық тасымалдағышта қазақ және орыс тілдерінде орталық мемлекеттік орган басшысы орынбасарының қолы қойылып, уәкілетті органға беріледі.

3 тарау. Халықаралық шарттарға мониторингті үйлестіру

      8. Уәкілетті орган орталық мемлекеттік органдар ұсынған ақпаратты қорытады, талдайды және талдау нәтижелері бойынша сыртқы саяси бағаны қамтитын жиынтық ақпаратты жылына бір рет 10 ақпаннан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесіне (бұдан әрі – Премьер-Министр Кеңсесі) жібереді.

      9. Уәкілетті орган жиынтық ақпаратқа халықаралық ұйымдардың ұсынымдары болған жағдайда, олардың көшірмелерін қоса береді.

      10. Премьер-Министр Кеңсесі жиынтық ақпаратты Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 12 тамыздағы № 1037 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының орындалуы туралы ақпаратты дайындау және оны Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдар шешімдерінің жобаларын келісу және оларды іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін Қазақстан Республикасының халықаралық іс-шараларын дайындау, қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау, халықаралық сот органдарымен өзара іс-қимыл және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының халықаралық қызметін үйлестіруді жүзеге асыру қағидаларында анықталған тәртіппен жібереді.

      11. Уәкілетті орган жыл сайынғы талдау мен орталық мемлекеттік органдар жүргізетін халықаралық шарттарға мониторингтің қорытындыларын өз интернет-ресурсында жариялайды.

      12. Осы Қағиданың 8-10-тармақтарын іске асыру электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесін пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады