Түсті және қара металдардың сынығы мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды белгілеу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2022 жылғы 11 мамырдағы № 259 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 17 мамырда № 28082 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз.

      "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 39) тармақшасының екінші абзацына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Түсті және қара металдардың сынығы мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес белгіленсін.

      2. "Түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың қызметіне қойылатын талаптарды белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 4 мамырдағы № 266 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20584 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрінің міндетін атқарушы
М. Карабаев
     
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Индустрия және
инфрақұрылымдық
даму министрінің міндетін
атқарушының
2022 жылғы 11 мамырдағы
№ 259 Бұйрыққа қосымша

Түсті және қара металдардың сынығы мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      1. Осы Түсті және қара металдардың сынығы мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асыратын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 39) тармақшасының екінші абзацына сәйкес әзірленді.

      2. Осы Талаптар:

      1) меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі (жалдау, өтеусіз пайдалану, сенімгерлік басқару шарты) мамандандырылған өндірістік базаның;

      2) меншік құқығындағы немесе түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын тасымалдауға арналған өзге де заңды негіздегі (жалдау, өтеусіз пайдалану, сенімгерлік басқару шарты) автокөліктің (жүк және басқа да автокөлік);

      3) меншік және/немесе жалға алу құқығында автокөлік кірме жолдары бар және/немесе тұйықталған теміржол жолдарына кірме жолдары бар жер учаскесінің;

      4) заңды тұлғаның басшысы бекіткен түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және сату жөніндегі нұсқаулықтың;

      5) кәсіпорында түсті және қара металдарды қайта өңдеудің технологиялық процесіне сәйкес қолданылатын жабдықта жұмыс істеуге білікті персоналдың болуын қамтиды.

      3. Мамандандырылған өндірістік база:

      1) оттегі мен пропан баллондарын сақтау орнын;

      2) түсті және қара металдардың сынығы мен қалдықтарын жинауға (дайындауға), сақтауға және қайта өңдеуге арналған жабық үй-жайлар немесе асфальтталған немесе қатты бетон немесе өзге қатты жабындары бар орындарды;

      3) өрт сөндіру құралдарымен жарақталған жарылғыш қауіпі бар түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарына арналған қоймаларды немесе жабық металл контейнерлерін;

      4) жұмыс істейтін персоналды орналастыруға арналған қызметтік үй-жайды немесе тұратын вагондарды;

      5) меншік құқығындағы немесе өзге де заңды негіздегі (жалдау, өтеусіз пайдалану, сенімгерлік басқару шарты) стационарлық немесе мобильді жүк көтергіш жабдықты, сондай-ақ жүк көтергіштігі тұрғысынан кәсіпорында бекітілген осы жұмыстарды жүргізуге арналған технологиялық процеске сәйкес келетін керек-жарақтарды;

      6) кәсіпорында түсті және қара металдардың сынықтарын кесуге, бөлуге арналған технологиялық процеске сәйкес келетін жабдықты, сондай-ақ түсті және қара металдардың сынықтарын қайта өңдеуге арналған пресстерді және/немесе гидроқайшыларды;

      7) "Өлшем құралдарына салыстырып тексеру жүргізу, өлшем құралдарын салыстырып тексерудің мерзімділігін белгілеу қағидаларын және өлшем құралдарын салыстырып тексеру туралы сертификатының нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 934 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18094 болып тіркелген) сәйкес нысан бойынша оларды тексеру сертификаты бар өлшеу құралдарын (автомобиль немесе теміржол таразысы және/немесе басқа да өлшеу құралдары);

      8) металл сынықтарында нормалау құжаттарында белгіленген деңгейден асатын радиоактивті ластануды анықтауды қамтамасыз ететін дозиметриялық және радиометриялық аппаратура. Радиациялық бақылау аппаратурасында "Радиациялық қауіпті объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 25 тамыздағы № ҚР ДСМ-90 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29292 болып тіркелген) сәйкес Мемлекеттік тексеру сертификаттары бар.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 25.08.2023 № 601 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Мамандандырылған өндірістік базадан оқшауланған және аумақтық өзге жерде орналасқан меншік құқығында тұрған немесе өзге де заңды негіздегі (жалдау, өтеусіз пайдалану, сенімгерлік басқару шарты) қабылдау пунктін ашу үшін:

      1) қолма-қол ақшамен жұмыс істеуге бейімделген үй-жайлардың (сейф немесе арнайы жабдықталған касса, байланыс құралдары, фискалдық жады бар бақылау-касса машинасы);

      2) өлшеу құралдарының;

      3) қабылдау пунктінің заңды тұлғаға жататыны, хабарлама жолданған күні, жұмыс режимі көрсетілген маңдайшаның бар болуы талап етіледі.

      5. Қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын сатып алуды сынықтарды тапсырушыда қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын сатып алу заңдылығын растайтын құжаттар (шарт (келісімшарт), қабылдау-өткізу актісі не шот-фактура) болған кезде заңды тұлғалар жүзеге асырады.

      6. Заңды тұлғалар бұрын пайдаланылған электр техникалық, әскери және зымырандық-ғарыштық заттардың сынықтарынан, байланыс желілерінің кабельдерінен, рельстерден, теміржол жабыны мен жылжымалы құрамның элементтерінен, кәріздік люк қақпақтарынан басқа, жеке тұлғалардан түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын қабылдайды.

      7. Келіп түскен түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтары туралы мәліметтер есепке алу журналдарында, қабылдау-тапсыру актілерінде көрсетіледі.

      Түсті және қара металдардың келіп түскен сынықтары мен қалдықтарын есепке алу журналдары тігіледі, нөмірленеді және заңды тұлғаның мөрімен (бар болған кезде) бекітіледі. Есепке алу журналындағы барлық жазбаларды түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын қабылдау жөніндегі операцияны жасағаннан кейін түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын қабылдауды жүзеге асыратын тұлға жүргізеді. Журналдағы барлық түзетулерге түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын қабылдауды жүзеге асыратын тұлға қол қояды және заңды тұлғаның мөрімен (бар болған кезде) бекітіледі.

      Толтырылмаған жолдарды қалдыруға жол берілмейді.

      Күн сайын есепке алу журналында түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарының бір күн ішінде түсуінің жиынтығы шығарылады, ол туралы жазумен белгіленеді.

      Есепке алу журналдары толтырылғаннан кейін үш жыл бойы сақталады.

      Есепке алу журналында міндетті түрде мынадай мәліметтер қамтылады:

      түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын қабылдау күні;

      сынықтарды тапсырушының атауы немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде);

      орын ауыстыруды жүзеге асырған автомашинаның мемлекеттік нөмірі;

      сынықтарды тапсырушының қолы;

      қабылдаушының қолы.

      8. Түсті және қара металдардың сынығы мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалар өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті органға "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 39) тармақшасының үшінші абзацына сәйкес түсті және қара металдардың сатып алынған және өткізілген сынығы мен қалдықтары туралы есептілікті ұсынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады