Республикалық референдумның құжаттарын сақтау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 27 мамырдағы № 41/502 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2022 жылғы 27 мамырда № 28240 болып тіркелді

      "Республикалық референдум туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 21-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Республикалық референдумның құжаттарын сақтау қағидалары бекітілсін.

      2. Референдум комиссиялары республикалық референдум құжаттарын сақтау жөніндегі жұмыста осы қаулыны басшылыққа алсын.

      3. Осы қаулы оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Төрағасы
Н. Абдиров

  Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау
комиссиясының Төрағасы
2022 жылғы 27 мамырдағы
№ 41/502 қаулысымен бекітілген

Республикалық референдумның құжаттарын сақтау қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Республикалық референдумның құжаттарын сақтау қағидалары "Республикалық референдум туралы" Конституциялық заңның 21-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес әзірленді және республикалық референдумның құжаттарын сақтау тәртібін айқындайды

2 тарау. Республикалық референдумның құжаттарын сақтау

      2. Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясында (бұдан әрі - Орталық референдум комиссиясы) мынадай құжаттар сақталуға және кейiннен Қазақстан Республикасының Ұлттық архивіне тапсырылуға тиiс:

      Орталық референдум комиссиясының қаулылары, отырыстарының хаттамалары;

      облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың референдум комиссияларының референдум нәтижелері туралы хаттамалары;

      Орталық референдум комиссиясына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерi.

      3. Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың референдум комиссиялары бұқаралық ақпарат құралдарында Орталық референдум комиссиясының референдум қорытындылары туралы хабары жарияланғаннан кейiн тиiстi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, қалалар мен аудандардың мемлекеттік архивтеріне:

      аумақтық референдум комиссияларының қаулылары мен хаттамаларын;

      аумақтық референдум комиссияларына келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тапсырады.

      4. Учаскелік референдум комиссиялары отырыстарының хаттамалары, азаматтардың хаттары, ұсыныстары, өтiнiштерi мен басқа да құжаттары тиісті аумақтық референдум комиссиясында сақталуға және кейіннен мемлекеттік архивтерге тапсырылуға тиіс.

      5. Әскери бөлімдерде құрылған учаскелік референдум комиссияларының кұжаттары әскери бөлімдердiң iстерiнде сақталады.

      2

      6. Дауыс беруге арналған бюллетеньдерді мөрленген күйінде, оның iшiнде жекелеген жойылған бюллетеньдерді, сондай-ақ референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тiзiмдерiн және оларға құжаттарды облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың референдум комиссиялары Орталық референдум комиссиясына тапсырады, онда референдум қорытындылары жарияланғаннан кейінгі бір ай бойы құпия ақпарат құқығында сақталады, ал кейiн жойылады.

      7. Сақтауға жатпайтын құжаттар белгіленген мерзім өткеннен кейін жойылады.

      8. Жою өртеу, балқыту, көлемі 2,5 шаршы сантиметрден аспайтын бөліктерге ұсақтау, бөлшектеу, еріту немесе химиялық ыдырату, пішінсіз массаға немесе ұнтаққа айналдыру арқылы жүзеге асырылады.

      9. Жойылған құжаттармен бөгде адамдарды таныстыруға, олардың мазмұнын қалпына келтіруге мүмкіндік беретіндей толықтай жоймауға жол берілмейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады