Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 464 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2022 жылғы 26 мамырдағы № 235 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 27 мамырда № 28241 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 464 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 464 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17379 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      аталған бұйрықпен бекітілген Студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 7-1-тармақпен толықтырылсын:

      "7-1. Студенттер, магистранттар және докторанттар үшін жатақханалардағы жаңа орындар 2018 жылғы 20 шілдеден кейін мына жолдармен пайдалануға берілген жатақхана орындары болып табылады:

      1) жапсаржай, қондырманы қоса алғанда, жаңа жатақхана салу;

      2) жапсаржай, қондырманы қоспағанда, ғимаратты оның нысаналы мақсатын өзгертуге байланысты жатақхана етіп реконструкция жасау.";

      8 және 9 тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін студенттер, магистранттар мен докторанттар үшін жатақханаларда жаңа орындар енгізуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсететін әлеуетті өнім беруші операторға мына құжаттарды (қағаз көшірмелерде немесе электрондық нысанда) ұсына отырып, оператор бекіткен нысан бойынша электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған қағаз немесе электрондық нысанда өтініш береді:

      1) жаңа жатақхана салынған жағдайда:

      жатақхананы салу үшін пайдаланылатын жер учаскесіне (меншікті, жалға алынатын немесе жерді өтеусіз пайдалану құқығындағы) құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаттары;

      2) жатақханаға немесе ғимаратты жатақхана етіп реконструкция жасалған жағдайда:

      жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтаманы қоса бере отырып, жатақханаға немесе жатақхана етіп реконструкция жасалатын ғимаратқа құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаттары;

      3) егер әлеуетті өнім беруші жекеше әріптес болып табылған жағдайда:

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес жасалған, қажет болған жағдайда жекеше әріптестер үшін мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын, шығындарды өтеу және табыс алу көздерін көздейтін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты.

      9. Оператор әлеуетті өнім берушіден Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілген өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде олардың толықтығы мен дұрыстығына тексеру жүргізіп, тексерудің нәтижелері туралы қорытынды (бұдан әрі – қорытынды) шығарады.

      Әлеуетті өнім беруші Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттар пакеті толық, дұрыс ресімделген өтінішті ұсынған кезде оператор қорытынды шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оператор бекіткен нысан бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган, оператор және әлеуетті өнім беруші арасында әлеуетті өнім беруші соның шеңберінде жатақханалардағы жаңа орындарды пайдалануға енгізетін студенттерді, магистранттар мен докторанттарды жатақханалардағы жаңадан енгізілген орындармен қамтамасыз ету жөніндегі алдын ала шартты (бұдан әрі – алдын ала шарт) жасасу рәсімін жүзеге асыру үшін әлеуетті өнім берушінің ұсынған құжаттары қоса тіркелген қорытындыны білім беру саласындағы уәкілетті органға жолдайды.

      Оператор әлеуетті өнім берушінің Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) дұрыс ресімделмеген өтінішті ұсыну фактісін анықтаған жағдайда, оператор қорытынды шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге алдын ала шартты жасасудан бас тарту туралы негізделген және дәлелді жауабын жолдайды.";

      14-тармақ алып тасталсын;

      1 және 1-1-қосымшалар алып тасталсын.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Білім және ғылым министрінің
      міндетін атқарушы К. Ергалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады