Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 464 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 18 қыркүйекте № 17379 болып тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 48) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Бюджеттік жоспарлау департаменті (С.А. Жақыпова) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электронды түрде қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі Б.А. Асыловаға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушы
Б. Асылова

  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
міндетін атқарушысының
2018 жылғы 14 қыркүйектегі
№ 464 бұйрығына
қосымша

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.01.2023 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 48) тармақшасына сәйкес әзірленді және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әлеуетті өнім беруші – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), шарт жасасуға үміткер заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);

      2) алып тасталды - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3) білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы (бұдан әрі – оператор) – жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырысты орналастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      4) өнім беруші – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер олар үшін Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), онымен жасалған шартта тапсырыс берушінің контрагенті ретінде әрекет ететін заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум);

      5) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыс (бұдан әрі – мемлекеттік тапсырыс) – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін жатақханаларда жаңа орындарды енгізуді қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысымен байланысты қызметтерге арналған ақшалай төлемдер;

      6) биометриялық сәйкестендіру – жеке тұлғаның физиологиялық және биологиялық өзгермейтін белгілері негізінде оның жеке басын анықтау рәсімі.

      3. Мемлекеттік тапсырыстың көлемі "Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз етуге мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін айқындау әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 14 қыркүйектегі № 465 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17380 болып тіркелген) (бұдан әрі – Әдістеме) сәйкес анықталады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 29.08.2023 № 274 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.
      4. Алып тасталды - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру мақсатында:

      1) өңірдегі демографиялық ахуал мен көші-қон процестерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының жатақханаларындағы орындардың үш жылдық кезеңге арналған болжамды тапшылығы ескеріледі;

      2) салынып жатқан жатақханадағы немесе жатақхана етіп реконструкция жасалып жатқан ғимараттағы орындардың жалпы саны есепке алынады, ол облыс орталықтары, республикалық маңызы бар қалалар мен астана үшін кемінде жүз орынды, ал қалған елді мекендер үшін кемінде елу орынды құрайды.

      Реконструкция жасалатын жатақханадағы орындардың жалпы саны реконструкция жасалып жатқан жатақханада бұрын қолданылған орындардан басқа кемінде елу жаңа орынды құрайды. Бұл жағдайда, мемлекеттік тапсырыс реконструкция жасалған жатақханадағы қосымша енгізілген жаңа орындар үшін орналастырылады;

      3) оператор техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының көмегімен өнім берушілердің дерекқорларын құру және жүргізу арқылы өнім берушінің жатақханаларда жаңа орындарды енгізуіне, сондай-ақ жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері нақты орналасқан жаңа орындарға мониторинг жүргізуді жүзеге асырады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5-1. Оператор жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері нақты қамтылған орындардың мониторингін мыналардан:

      жатақханада тұратындарды техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері санатына жатқызуды растау бөлігінде "Ұлттық білім беру деректер қоры" ақпараттық жүйесінен;

      шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоспағанда, жатақханада тұратын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері туралы, оның ішінде оларды тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы жаңартылған және анық мәліметтерді алу бөлігінде "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер қорынан;

      техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің тиісті жатақханада тұруы туралы мәліметтерді алу бөлігінде адамдардың тиісті жатақханаға еркін өтуін (кіруін немесе шығуын) шектейтін құрылғымен (құрылғыларымен) интеграцияланған, операторға тиесілі "StudDom" ақпараттық жүйесінен мәліметтер алу жолымен жүзеге асырады. "StudDom" ақпараттық жүйесінде мұндай мәліметтер болмаған жағдайда, оператор олардың жатақханада тұруын растау мақсатында жатақханада тұратын техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне қоңырау шалуды жүзеге асырады;

      Адамдардың тиісті жатақханаға еркін өтуін (кіруін немесе шығуын) шектейтін бақылау және құрылғының қолжетімділігін басқару жүйесі карточкалық сәйкестендіруді немесе биометриялық сәйкестендіруді пайдалануды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 1-тарау 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Оқу-ағарту министрінің 17.06.2024 № 145 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.

2-тарау. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тәртібі

      6. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін жатақханаларда жаңа орындар енгізуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсететін өнім берушілерге жүзеге асырылады.

      7. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін жатақханалардағы жаңа орындар 2018 жылғы 20 шілдеден кейін мына жолдармен пайдалануға берілген жатақхана орындары болып табылады:

      1) жапсаржай, қондырманы қоса алғанда, жаңа жатақхананы салу;

      2) жапсаржай, қондырманы қоспағанда, ғимаратты оның нысаналы мақсатын өзгертумен байланысты жатақхана етіп реконструкция жасау.

      8. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін жатақханаларда жаңа орындар енгізуді қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерді көрсететін әлеуетті өнім беруші операторға төмендегі құжаттарды (қағаз көшірмелерде немесе электрондық нысанда) ұсына отырып, оператор бекіткен нысан бойынша электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған қағаз немесе электрондық нысанда өтініш береді:

      1) жаңа жатақхана салынған кезде:

      жатақхананы салу үшін пайдаланылатын жер учаскесіне (меншікті, жалға алынатын немесе жерді өтеусіз пайдалану құқығындағы) құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаттары;

      пайдалануға берілген жаңа жатақханалар үшін – жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы мәліметті қоса бере отырып, жатақханаға құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаты;

      2) жатақханаға немесе ғимаратқа оны жатақхана етіп реконструкция жасалған кезде:

      жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтаманы қоса бере отырып, жатақханаға немесе жатақхана етіп реконструкция жасалатын ғимаратқа құқық белгілеуші және сәйкестендіру құжаттары;

      3) егер әлеуетті өнім беруші жекеше әріптес болып табылған кезде:

      Қазақстан Республикасының мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы заңнамасына сәйкес жасалған, қажет болған кезде жекеше әріптестер үшін мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын, шығындарды өтеу және табыс алу көздерін көздейтін мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Оператор әлеуетті өнім берушіден Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттар қоса берілген өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде олардың толықтығы мен дұрыстығына тексеру жүргізеді.

      Әлеуетті өнім беруші Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттардың толық топтамасымен тиісінше ресімделген өтінішті ұсынған кезде оператор осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мерзім аяқталғаннан кейін келесі күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оператор бекіткен нысан бойынша әлеуетті өнім берушімен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін жатақханалардағы жаңадан енгізілетін орындармен қамтамасыз ету жөнінде алдын ала шарт жасасады (бұдан әрі – алдын ала шарт), оның шеңберінде әлеуетті өнім беруші жатақханалардағы жаңа орындарды пайдалануға береді.

      Оператор әлеуетті өнім берушінің Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген құжаттардың толық емес топтамасын және (немесе) дұрыс ресімделмеген өтінішті ұсыну фактісін анықтаған жағдайда, оператор осы құжаттар тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге алдын ала шартты жасасудан бас тарту туралы негізделген және дәлелді жауабын жолдайды.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      10. Алып тасталды - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Шартты "Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 14 қаңтардағы № 12 бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысының көрсетілетін қызметтерінің шарттарын жасасу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26502 болып тіркелген) сәйкес білім саласындағы уәкілетті орган бекіткен бюджет қаражатының көлемі шегінде тапсырыс беруші жасайды.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      12. Алып тасталды - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру үшін әлеуетті өнім беруші операторға жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) туралы мәлімет пен оның техникалық сипаттамасын қоса бере отырып, жатақханада жаңа орындардың пайдалануға енгізілгенін және жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертуге кемінде жиырма жылға құқық ауыртпалығының тіркелгенін растайтын құжаттардың көшірмесін ұсынады.

      Оператор әлеуетті өнім берушіден Қағидалардың осы тармағында көрсетілген құжаттарды алған күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде олардың толықтығы мен дұрыстығына тексеру жүргізеді.

      Әлеуетті өнім беруші Қағидалардың осы тармағында көрсетілген құжаттарды дұрыс ресімдеп ұсынған кезде, оператор олар келіп түскен күннен бастап күнтізбелік он бес күннің ішінде әлеуетті өнім берушімен Қағидалардың 11-тармағында көзделген шартты жасасады.

      Оператор әлеуетті өнім берушінің Қағидалардың осы тармағында көрсетілген құжаттардың дұрыс ресімделмеген түрде ұсыну фактісін анықтаған жағдайда, осы құжаттар тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушіге шарт жасасудан бас тарту туралы негізделген және дәлелді жауабын жолдайды.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі:

      1) жетпіс екі ай – пайдалануға қабылдау актісі 2023 жылғы 1 қаңтардан кейін құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеуден өткен жаңа жатақхана салынған кезде;

      2) тоқсан алты ай – осы тармақтың 1) тармақшасында көзделмеген өзге де жағдайларда.

      Жатақхананың меншік иесі ауысқан кезде мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі жатақхананың алдыңғы меншік иесі кезінде орналастырылған мерзімнің осы тармақтың 1) – 2) тармақшаларында көрсетілген жатақхананың жаңа меншік иесінде орналастыру мерзіміне ара қатысы ескеріле отырып, қысқарады.

      15. Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасының талаптары сақталған кезде жатақхана пайдалануға енгізіліп, жатақхананың нысаналы мақсатын өзгертуге кемінде жиырма жылға құқық ауыртпалығы тіркелгеннен кейін толық айға жүзеге асырылады, бөліктерге бөлінбейді.

      Төлемді жүзеге асыру үшін өнім беруші 15 желтоқсандағы жағдай бойынша берілетін желтоқсан айына реестрді қоспағанда, ай сайын Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша айдың соңғы күніндегі жағдайға жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің нақты орналасқан орындары туралы мәліметтерді қамтитын реестрді ұсынады.

      Оператор тізілімде көрсетілген мәліметтерді Қағидалардың 5-1-тармағында көрсетілген ақпараттық жүйелерге сәйкестігі тұрғысынан салыстырып тексеруді жүзеге асырады.

      Оператор айдың соңғы күніндегі және 15 желтоқсандағы жағдай бойынша жатақханадағы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерімен нақты орналасқан орындарға мониторингті жүзеге асыру мақсатында тиісті кезеңде "StudDom" ақпараттық жүйесінен алынған мәліметтер негізінде бес жұмыс күні ішінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерін "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы кері байланыстарын көрсете отырып, олардың тиісті жатақханада тұратыны туралы хабардар етеді. Оператор хабарлама жібергеннен кейін үш жұмыс күні ішінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының студентінен қарсылық болмаған кезде, оның тиісті жатақханада әдепкі қалпы бойынша тұратынын растау болып есептеледі.

      Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің жатақханада тұрмау фактісі расталған кезде, мемлекеттік тапсырыс бойынша төлем жүзеге асырылғаннан кейін оператор қорытынды ресімдейді, оның негізінде өнім берушіге осындай студенттің жатақханада тұрмаған бүкіл кезеңі үшін алынған қаражатты бюджетке қайтару туралы талапты жібереді.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15-1. Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің жатақханада нақты орналасқан орындары "StudDom" ақпараттық жүйесі арқылы тиісті жатақханада техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының бір студентінің айына (желтоқсан айын қоспағанда) кемінде жетпіс екі сағат тұру сағатының санымен расталады.

      Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің жатақханада нақты орналасқан орындары "StudDom" ақпараттық жүйесі арқылы тиісті жатақханада техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының бір студентінің желтоқсан айына кемінде отыз алты сағат тұру сағатының санымен расталады.

      Қағидалардың 15-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген мерзімге дейін тиісті жатақханада алғаш рет тіркелген техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері үшін, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттерінің жатақханада нақты орналасқан орындары "StudDom" ақпараттық жүйесі арқылы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының бір студентінің айына кемінде он екі сағат тұру сағатының санымен расталады.

      Осы тармақтың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінің талаптары халықаралық, республикалық оқу-жаттығу жиындарына, спорттық жарыстарға, зияткерлік және шығармашылық конкурстар мен фестивальдерге, олимпиадаларға қатысатын, сондай-ақ басқа елді мекендерде кәсіптік практикадан өтетін, денсаулық жағдайы бойынша жатақханадан тыс емделіп жатқан техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттеріне қолданылмайды. Осы бөлімде көрсетілген студенттер өнім берушіге техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымының іс-шараларға қатысу туралы, кәсіптік практикадан өту туралы құжаттарын, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымының еңбекке уақытша жарамсыздығы туралы анықтаманы ұсынады.

      Ескерту. Қағидалар 15-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Оқу-ағарту министрінің 19.03.2025 № 44 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16. Егер оператор шарт жасалғанға дейін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары студенттерінің нақты тұратынын растаған кезде мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдер Қағидалардың 15-тармағы сақталу шартымен өткен кезеңге жүзеге асырылады.

  Техникалық және кәсіптік,
орта білімнен кейінгі білім беру
ұйымдарының студенттерін
жатақханалардағы орындармен
қамтамасыз етуге мемлекеттік
тапсырысты орналастыру
қағидаларына қосымша
Нысан
__________________________
(оператордың атауы)

20___ жылғы "___"________ жағдай бойынша жатақханадағы адамдар нақты тұрып жатқан орындар туралы тізілім

Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

Жеке сәйкестендіру нөмірі

Оқитын жері (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымын көрсету)

Оқитын курсы

Оқу деңгейі













      Қолы

      Мөр орны (болған жағдайда) Күні


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады