Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2022 жылғы 14 шiлдедегi № 188 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 15 шiлдеде № 28823 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 34-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Экономика және қаржы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрықта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
Д. Абаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
2022 жылғы 14 шілдедегі
№ 188 Бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 34-бабы 5-тармағына сәйкес әзірленді және бюджеттік өтінімді қалыптастыру кезінде бюджет қаражаты есебінен зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) зерттеулер – ғылыми қызмет нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында заңды және жеке тұлғалар жүзеге асыратын әлеуметтанушылық, талдамалық, қолданбалы, іргелі, стратегиялық ғылыми зерттеулер;

      2) консалтингтік көрсетілетін қызметтер – мемлекеттік орган қызметінің процесінде туындайтын проблемаларды, мүмкіндіктерді айқындау және бағалау не ахуалды егжей-тегжейлі талдау, жұмыстың қаржылық және басқарушылық тиімділігін арттыру үшін кейінгі іс-қимылдарды түзету бойынша тиімді ұсынымдар әзірлеу жөніндегі көрсетілетін қызметтер;

      3) мемлекеттік тапсырма – жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға, Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитетіне, "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркіне, дербес білім беру ұйымдарына және олардың ұйымдарына, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын "Елбасы Aкадемиясы" корпоративтік қорына, жекелеген мемлекеттік қызметтер көрсетуге, бюджеттік инвестициялық жобаларды iске асыруға және мемлекеттің әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылығын және (немесе) әлеуметтік-мәдени дамуын қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мiндеттердi орындауға арналған тапсырыс.

2-тарау. Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау тәртібі

      3. Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құны тікелей және жанама шығыстардың сомасы негізге ала отырып, мынадай формуламен айқындалады:

      Қ = ТШ+ЖШ, мұндағы:

      Қ – зерттеулер, консалтингтік қызметтер көрсету және мемлекеттік тапсырманың құны;

      ТШ – тікелей шығыстар;

      ЖШ – жанама шығыстар (әкімшілік шығындар).

      4. Зерттеу, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнына мынадай шығындар:

      1) ықтимал шығындарға резервтер қалыптастыру;

      2) өткен кезеңдердің өзге де борыштары мен залалдарын жабу;

      3) демеушілік көмек;

      4) өз кірісінен шығыстары;

      5) жарғылық капиталды ұлғайту;

      6) негізгі құралдарды сатып алу бойынша шығыстар және амортизация шығыстары.

3-тарау. Зерттеулердің және консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын айқындауға арналған шығындардың түрлері

      5. Тікелей шығыстар зерттеулер мен консалтингтік көрсетілетін қызметтер жүргізумен байланысты мынадай шығыстарды:

      1) салықтарды және басқа да міндетті аударымдарды ескере отырып, өндірістік персоналдың еңбегіне ақы төлеу бойынша шығыстары;

      2) тікелей шығыстар бойынша салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдері;

      3) өндірістік персоналдың іссапар шығыстарын;

      4) сыртқы сарапшыларды тартуды;

      5) супервайзерлердің немесе жеке тұлғалардың қызметтері (жаппай сауалнамалар, терең сұхбат, кабинеттік зерттеулер жүргізу, фокус-топтар үшін);

      6) өңдеу қызметтері (деректерді енгізу, сауалнамаларды кодтау, статистикалық өңдеудің арнайы бағдарламасында деректерді өңдеу);

      7) тауарлық-материалдық қорларды сатып алуды;

      8) байланыс және интернет қызметтерін;

      9) көлік қызметтерін;

      10) полиграфиялық шығыстарды;

      11) курьерлік және пошталық қызметтері (материалдарды тарату);

      12) жалға беру қызметтерін;

      13) мемлекеттік органдардың ақпараттық дерекқорына қол жеткізуді;

      14) аударма қызметтерін қамтиды.

      6. Жанама шығыстар (әкімшілік шығыстар) көрсетілетін қызметтердің өзіндік құнына жатпайды және мынадай шығыстарды:

      1) салықтарды және басқа да міндетті аударымдарды ескере отырып, әкімшілік-басқару персоналының еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстарды;

      2) жанама шығыстар бойынша салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді;

      3) әкімшілік-басқару персоналының іссапар шығыстары;

      4) коммуналдық қызметтерді;

      5) өкілдік шығыстарды;

      6) банктік қызметтерді;

      7) нотариалдық қызметтерді қамтиды.

4-тарау. Мемлекеттік тапсырманың құнын айқындауға арналған шығыстардың түрлері

      7. Тікелей шығындар мемлекеттік тапсырманы жүргізуге байланысты мынадай шығыстарды:

      1) салықтарды және басқа да міндетті аударымдарды ескере отырып, өндірістік персоналдың еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстарды;

      2) тікелей шығыстар бойынша салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді;

      3) өндірістік персоналдың, сондай-ақ шақырылған адамдардың іссапар шығыстарын;

      4) техникалық қадағалау бойынша инженерлік қызметтер, авторлық және сабақтас құқықтар бойынша шығыстарын;

      5) тауар-материалдық қорларды (жанар-жағармай материалдарын, шаруашылық материалдарын, кеңсе керек-жарақтарын, декорацияларды, косметиканы, гримді, дәрі-дәрмектерді, оқу процесін жүзеге асыруға арналған материалдарды) сатып алуды;

      6) байланыс, интернет қызметтеріне, пошта қызметтері, смс-тарату, хостинг алаңы;

      7) жалға алу бойынша қызметтерді;

      8) веб-сайтты, веб-платформаларды әзірлеуге, доменді және хостингті жалға алуға және оларды техникалық сүйемелдеуге және техникалық қолдауға арналған шығыстар;

      9) мемлекеттік тапсырма шеңберінде іс-шараларды орындау үшін жеке және заңды тұлғалардың қызметтерін;

      10) өндірістік үй-жайлардың коммуналдық қызметтерін;

      11) шетелге уақытша әкетілетін Шетелдік іссапарлар, сахналық декорациялар, мәдени құндылықтар мен музей экспонаттары кезіндегі өмірді сақтандыру;

      12) өкілдік шығыстар;

      13) дизайнер және типография қызметтер;

      14) көлік және логистикалық қызметтер;

      15) зияткерлік меншікке авторлық және лицензиялық құқықтарды сатып алуды;

      16) көрмелер өткізу;

      17) конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер, форумдар және басқа да осыған ұқсас іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;

      18) білім беру курстарын, семинар-тренингтерді, білім беру іс-шараларын, тікелей эфирлерді ұйымдастыру және өткізу;

      19) қойылымдарды, концерттік іс-шараларды, оның ішінде Мемлекет басшысының қатысуымен ұйымдастыру және өткізу;

      20) дубляж, бейнемонтаж, дыбыс жазу, қайта жазу қызметтерін;

      21) жобаларды ақпараттық жария ету жөніндегі қызметтерді;

      22) тарих және мәдениет ескерткішіндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар қызметтерін;

      23) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысымен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларына сәйкес әлеуметтік көмек көрсетілетін білім алушыларға әлеуметтік көмек беру;

      24) мектеп-интернаттарда оқитын, дарынды балаларға арналған тамақтандыру қызметтерін;

      25) театрлық-сахналық киім, аяқ киім және деректемелер дайындау жөніндегі қызметтерді;

      26) іс-шаралардың бейне мазмұнын жасау бойынша қызметтерді;

      27) визалық қолдау көрсету жөніндегі қызметтерді қамтиды.

      8. Жанама шығыстар (әкімшілік шығындар) мемлекеттік тапсырманы іске асыруға тікелей жатқызуға болмайтын, өндірістік процеске байланысты емес шығыстардан басқа шығыстардың барлық басқа түрлерінің сомасын қамтиды.

      9. Мемлекеттік тапсырманы орындауға арналған жанама шығыстарға (әкімшілік шығыстарға) мыналар жатады:

      1) салықтарды және басқа да міндетті аударымдарды ескере отырып, әкімшілік-басқару персоналының еңбегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар;

      2) жанама шығыстар бойынша салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;

      3) коммуналдық қызметтер;

      4) әкімшілік-басқару персоналына арналған іссапар шығыстары;

      5) банктік қызметтер;

      6) пошталық және курьерлік қызметтер;

      7) өртке қарсы және күзет қызметтер;

      8) негізгі құралдарды ағымдағы жөндеу және қызмет көрсету;

      9) аудиторлық шығыстар;

      10) сақтандыру;

      11) консультациялық шығыстар;

      12) мерзімді баспасөз басылымдарына және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарына (интернет басылымдар) жазылу қызметтер;

      13) құжаттар мен архивтерді тігу/ғылыми-техникалық өңдеу қызметтері;

      14) біліктілікті арттыру бойынша қызметтерді;

      15) мүлікті бағалауды қамтиды.

5-тарау. Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың сметалық есептері

      10. "Өзге де қызметтер мен жұмыстарға ақы төлеу" 159 экономикалық сыныптаманың ерекшелігі бойынша мемлекеттік тапсырманы орындау жөніндегі сметалық есептер Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 24 қарашадағы № 511 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10007 болып тіркелген) Бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидаларының 49-қосымшасына сәйкес құрылады.

      "Консалтингтік қызметтер мен зерттеулерге ақы төлеу" 156 және "Ғимараттардың, құрылыстардың, беру құрылғыларының үй-жайларын күрделі жөндеу" 421 экономикалық сыныптаманың ерекшеліктері бойынша консалтингтік қызметтер мен мемлекеттік тапсырма бойынша сметалық есептер еркін нысанда құрылады.

      11. Сметалық есептерде көзделген жанама шығыстар (әкімшілік шығыстар) мемлекеттік тапсырмаларды орындайтын заңды тұлғалардың Даму жоспарларында көзделген жалпы шығыстар сомасының пайыздық арақатынасы арқылы есептеледі.

      12. Тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын орындау жөніндегі сметалық есептер Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 4 ақпандағы № 28 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22168 болып тіркелген) Тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялау жұмыстарын орындау бағаларының нормативтеріне сәйкес құрылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады