БҰЙЫРАМЫН:
1. "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі қызметінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 26 қыркүйектегі № 415 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17437 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі қызметінің қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі қызметінің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 24-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі (бұдан әрі – Технопарк) қызметінің тәртібін айқындайды.";
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Технопарк функцияларына:
1) Технопарк қатысушыларына акселерациялау, технологиялық бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсету;
2) Технопарк қатысушылары үшін маркетингтік және өзге де іс-шаралар өткізу бойынша қызметтер көрсету;
3) Технопарк қатысушыларының дамуын ынталандыру үшін консультациялық, ақпараттық, талдамалық, білім беру іс-шараларын өткізу бойынша қызметтер көрсету;
4) Технопарк қатысушыларының дамуын ынталандыру үшін ақпараттық, білім беру және қаржылық ресурстарды тарту мақсатында халықаралық ұйымдармен, шетелдік әріптестермен ынтымақтастық жасау, халықаралық тәжірибені зерделеу және білім алмасу;
5) Технопарк қатысушыларының ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өнеркәсіптік-инновациялық жобаларын іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздестіру;
6) Технопарк бағдарламалары бойынша оқытудан өту үшін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың визалар алуына шақыртулар, өтінішхаттар жіберу;
7) Технопаркке қатысу үшін Қазақстан Республикасының бейрезиденттері мен резиденттерін тарту;
8) Технопарк қатысушыларын тіркеу және тиісті растаушы құжаттар беру;
9) Технопаркте акселерациядан өтетін тұлғаларға тұрғын үй беру және олардың тұруына жағдай жасау;
10) Технопарк қатысушылары арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру мақсатында корпоративтік секторда инновацияларды дамытуға бағытталған іс-шараларды жүргізуге және ұйымдастыруға жәрдем көрсету;
11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында білікті кадрлар даярлауды ұйымдастыру.
12) Технопарк қатысушыларының ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы өнеркәсіптік-инновациялық жобаларын қаржыландыру;
13) инвестициялық қорларды құру немесе инвестициялық қорларға қатысу үлесін қабылдау.";
3-1 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"3-1. Осы Қағидалардың 3-тармағының 3) және 11) тармақшаларында көзделген ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (бұдан әрі – АКТ) саласында білікті кадрларды даярлауды ұйымдастыру үшін білім беру іс-шараларын өткізу бойынша қызметтер көрсетуді Технопарк осы Қағидалардың 10-параграфына және Технопарктің ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.
4. АКТ саласындағы өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды іске асыру үшін әлеуетті инвесторларды іздеу келесі:
1) отандық және шетелдік инвесторларды тарту;
2) АКТ саласындағы өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды көрсету бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;
3) айрықша (мүліктік) құқықтарды тапсыру немесе ұсыну жөніндегі шарт бойынша АКТ саласындағы отандық әзірлемелерді коммерциялық өткізу және (немесе) тапсыру бойынша іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу;
4) Технопарк қызметінің маркетингін ілгерілету мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен тұрақты байланыс орнату және қолдап отыру;
5) Технопарктің қызметі үшін қажетті шетелдік заңды және жеке тұлғалармен шарттық қатынастар орнату;
6) АКТ саласындағы отандық іс-шараларды және жобалар (көрмелер, форумдар мен конференциялар) өткізуге жәрдемдесу және шетелдік іс-шараларға, оның ішінде қаржы ресурстарын бөлу арқылы қатысу тәсілдерімен жүзеге асырылады.";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Технопарк қатысушысы ретінде тіркелу үшін өтініш беруші мынадай талаптарға сәйкес келуі қажет:
заңды тұлға болу;
Технопаркке қатысуға өтініш берген сәтте өкілдіктерден басқа филиалдарының болмауы;
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 284-бабына сәйкес инвестициялық басым жобаны, сондай-ақ 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған инвестициялық келісімшарттар бойынша инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыратын (іске асырған) ұйымдарға жатпау;
акцияларының (жарғылық капиталындағы үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге және ұлттық компанияларға немесе олардың еншілес ұйымдарына тиесілі заңды тұлға болмау;
жер қойнауын пайдаланушы немесе арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы болмау;
"Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 461-бабына сәйкес кіші акцизделетін тауарлардың төлеушісі болмау;
АКТ саласындағы қызметтің бір және (немесе) бірнеше басым түрлерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 11 сәуірдегі № 37/НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18523 болып тіркелген) бекітілген АКТ саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесіне (бұдан әрі – АКТ саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесі) сәйкес бір басым қызмет түрі шеңберінде онда көзделген бір және (немесе) бірнеше жұмыстарды жүзеге асыру.";
9 және 9-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Технопаркке қатысуға арналған өтінішке мынадай құжаттар қоса тіркеледі:
резидент заңды тұлғалар үшін – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;
1) Технопаркке қатысуға өтініш берген кезде өтініш берушінің атынан әрекет ететін тұлғаның өкілеттігін растайтын құжаттардың электрондық көшірмелері, егер мұндай тұлғаны өтініш беруші тағайындаған болса;
2) осы Қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген қажетті мәліметтерді қамтитын жобаның (жобалардың) бизнес-жоспары;
3) салық органдарында есепке алынатын, республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң алты еселенген мөлшерiнен аспайтын борыштардың болмауы (болуы) туралы Технопаркке қатысуға өтініш берiлген күнге дейiн күнтiзбелiк он күннен кешiктiрiлмей берiлген мәлiметтер;
4) өтініш беруші қызметін жүзеге асыруды жоспарлап отырған жерді растайтын құжат (жалға алу, мүлікті өтеусіз пайдалану, мүлікті сенімгерлік басқару шарттарының көшірмелері, заңды тұлғаның орналасқан жері үшін үй-жай беру туралы жеке тұлғаның нотариат куәландырған келісімі). Мекенжайы өзгерген кезде өтініш беруші жедел түрде ол туралы Технопаркті хабардар етеді;
5) жобаны іске асыру үшін тартуға жаспарланатын бейрезиденттердің және резиденттердің саны туралы мәліметтер (болжамдалған саны және мерзімі).
9-1. АКТ саласындағы қызметтің басым түрлерінің тізбесі шеңберінде Технопаркке қатысушы жүзеге асыратын Қызмет түрі өзгерген және (немесе) толықтырылған жағдайда, Технопарктің интернет-ресурсында толтырылатын бизнес-жоспарды қоса бере отырып, технопаркке қатысушы қызмет түрін өзгерту және (немесе) толықтыру туралы электрондық нысандағы өтінішті жібереді. Қызмет түрін өзгерту және (немесе) толықтыру туралы шешімді технопарктен қызмет түрін өзгерту және (немесе) толықтыру туралы өтініш түскен сәттен бастап он жұмыс күні ішінде Технопаркке қатысушыларды іріктеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) қабылдайды.";
13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"13. Технопаркке қатысуға арналған өтініште қамтылған мәліметтер толық болған жағдайда, Технопарк оны Комиссияның қарауына жібереді, Комиссияның Ережесі мен құрамын Технопарк айқындайды.
Комиссия мемлекеттік органдардың өкілдерінен және (немесе IT-технологиялар саласындағы) тиісті біліктілігі бар және (немесе) АКТ саласында бес жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар мамандардан тұрады, сондай-ақ Комиссияның құрамына халықаралық сарапшылар тартылады.";
15-тармақ алып тасталсын;
18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"18. Технопарк қатысушысы қызметінің шарттары туралы шартқа қол қойылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қатысушыға осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Технопаркке қатысушыны тіркеу туралы куәлік беріледі.";
19-тармақ алып тасталсын;
20 және 21-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"20. Технопарк қатысушысы қызметінің шарттары туралы шарт жасалған Технопарк қатысушысы туралы мәліметтер үш жұмыс күні ішінде Технопарк қатысушыларының тізбесіне енгізіледі.
21. Қатысушылар тізімі Технопарктің интернет-ресурсында орналастырылады.";
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"25. Технопарк қатысушыға осы Қағидаларға сәйкес АКТ саласындағы өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін жағдай жасайды.";
36-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"36. Технопаркке қатысу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiш Технопаркке қатысу мерзiмi аяқталғанға дейiн он жұмыс күнінен кешiктiрiлмей берiледi.
Технопаркке қатысу мерзімін ұзартуға өтініш беру мерзімі сақталмаған кезде өтініш беруші осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес тіркеуден өтеді.
Технопарк осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша Технопаркке қатысу мерзімін ұзарту туралы куәлік береді.";
41-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"41. Технопарк осы Қағидалардың 39-тармағы 1), 2), 5) және 6) тармақшаларында көзделген жағдайда қатысушының Технопаркке қатысуы мерзімінен бұрын тоқтатылуы туралы мәселені Комиссияның қарауына шығарады.
Комиссия осы Қағидалардың 39-тармағы 1), 2), 5) және 6) тармақшаларында көзделген негіздемелер болған жағдайда Технопаркке қатысудың мерзімінен бұрын тоқтатылуы туралы шешім қабылдайды.";
43 және 44-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"43. Акселерация АКТ саласындағы өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды дамыту бағдарламасын көздейді, онда бағдарлама қатысушыларына білім беру курстарына, трекерлерден (тәлімгерлерден) сабақ алуға, сарапшылардан кеңестер алуға мүмкіндік беріледі.
44. Технологиялық бизнес-инкубациялау Технопарк қатысушыларының АКТ саласындағы өнеркәсіптік-инновациялық жобаларын бастапқы жұмыс істеу кезеңiнде қолдау бағдарламасын көздейді, ол үйжайлар, жабдықтар беру, бухгалтерлiк есеп жүргiзу, заңдық, ақпараттық және консультациялық қолдау, инвестициялар тарту, жобаларды басқару бойынша қызметтерді, сондай-ақ АКТ саласындағы өнеркәсіптік-инновациялық жобаларды iске асыру үшiн қажеттi өзге де қызметтерді қамтиды.";
48-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"48. Қызметтерді алуға арналған электрондық өтінішке мынадай мәліметтер қоса беріледі:
1) жобаның атауы, жобаның бағыты, жобадан күтілетін нәтижелер бар жобаның қысқаша сипаттамасы;
2) өтініш берушінің байланыс деректері:
телефон нөмірі;
электрондық мекенжайы;
қала және елі;
3) жобаның (өнімнің) дайындық сатысы, қолданылатын технологиялар, өнім шешетін проблема, жобаның бизнес-моделі, жобаның қолданыс мерзімі;
4) жобаға қатысушылардың саны, команданың жобаға тартылуы;
5) жоба таныстырылымына сілтеме;
6) қажеттіліктердің және Технопарктен күтілетін нәтижелер сипаттамасы;
7) Кодекстің 74-бабына сәйкес тіркелген салық төлеуші үшін – есебі салық органдарында жүргізілетін, республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен аспайтын, Технопаркке қатысуға өтініш берген күннің алдындағы күнтізбелік он күннен ерте емес берілген берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер.";
59 және 60-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"59. Тұлғалар Технопаркпен жасалған шарт негізінде берілген тұрғын үйге орналастырылады және Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үйдің және ортақ мүліктің сақталуын қамтамасыз етеді.
60. Акселерациядан өтуден шығарылған тұлғалар тұрғын үйді босатады және екі жұмыс күні ішінде қабылдау-тапсыру актісі бойынша Технопаркке тапсырады.";
2-тарау мынадай мазмұндағы 10-параграфпен толықтырылсын:
"10-параграф. АКТ саласында білікті кадрлар даярлауды ұйымдастыру үшін білім беру іс-шараларын өткізу тәртібі.
71. Технопарк осы Қағидалардың 3-тармағының 3) және 11) тармақшаларына сәйкес АКТ саласында білікті кадрлар даярлауды ұйымдастыру үшін білім беру іс-шараларын өткізу жөніндегі қызметтерді жүзеге асырады.
72. Технопарк өтініш берушілерден АКТ саласындағы жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініштерді бұқаралық ақпарат құралдарында және Технопарктің интернет-ресурсы арқылы қабылдаудың басталғаны және аяқталғаны туралы хабарлайды.
73. Өтініш беруші мынадай құжаттарды қоса бере отырып, АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысу үшін Технопарктің интернет-ресурсында электрондық нысанда өтініш жібереді:
1) Өтініш берушінің бірінші басшысы бекіткен курстар силлабустары (курстардың атауы және олардың толық сипаттамасы: апталар мен академиялық сағаттар бойынша оқу жоспары, ұзақтығы, студенттерді іріктеу өлшемшарттары және курс құны);
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген франшиза құруды, франчайзер мен франчайзи арасында франшиза сатуды растайтын құжат (бар болса);
3) шетелдік оқыту әдіснамасын пайдалану құқығын растайтын құжат (бар болса);
4) құқық иеленушінің курсқа айрықша құқықтарын өтінім берушіге беруі туралы құжат (бар болса);
5) АКТ саласындағы компанияларда түлектердің тағылымдамадан өту, жұмысқа орналасуын растайтын құжат (бар болса);
6) Қазақстан Республикасының аумағында сабақ өткізуге жарамды үй-жайға иелік ету, пайдалану, билік ету құқығын растайтын құжат (бар болса).
74. АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініш және оған қоса берілетін құжаттар мемлекеттік немесе орыс не ағылшын тілдерінде жіберіледі. Құжаттарды ағылшын тілінде ұсынған кезде Технопарк қажет болған жағдайда олардың мемлекеттік немесе орыс тіліне аудармасын қамтамасыз етеді.
75. Өтінім беруші АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініште қамтылған ұсынылған құжаттардың, бастапқы деректердің, есептердің, негіздемелердің толықтығы мен анықтығын қамтамасыз ете.
76. Технопарк АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініш жіберген күннен бастап он жұмыс күні ішінде оның мәліметтердің толықтығын қарайды.
Технопарк өтінім берушіге:
1) тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен асатын мөлшерде салық берешегі және кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі болған;
2) дәйексіз ақпарат ұсыну фактісі анықталған;
3) өтініш берушінің банкроттық немесе тарату рәсіміне жататындығы фактісі анықталған;
4) сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімдерінде есепке алу фактісі анықталған;
5) "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабына сәйкес уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында орналастырылған Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде есепке алу фактісі анықталған;
6) АКТ саласындағы курстардың ұзақтығы алты айдан кем болған;
7) АКТ саласындағы курстар бойынша егжей-тегжейлі оқу жоспары болмаған;
8) Технопарктің қатысушысы туралы ақпараты бар интернет-ресурсы болмаған кезде бас тартады.
77. АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініште қамтылған толық мәліметтерді ұсынған кезде Технопарк оны кандидаттарды іріктеу жөніндегі Технопарк айқындайтын Тәуелсіз комиссияның (бұдан әрі – Тәуелсіз комиссия) қарауына жібереді. Тәуелсіз комиссия Технопарктің, мемлекеттік органдардың өкілдерінен және (немесе) тиісті біліктілігі бар IT-технологиялар және білім беру саласындағы мамандардан тұрады, сондай-ақ Комиссияның құрамына халықаралық сарапшылар тартылады.
78. АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға арналған өтініште қамтылған мәліметтерді толық ұсынбаған кезде Технопарк АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға арналған өтінішті жіберген күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіге ескертулерді көрсете отырып хабарлама жібереді.
79. Ескертулерді жоюды өтініш беруші оларды алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жүзеге асырады.
80. Технопарк ескертулерді жойған сәттен бастап АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысу өтінішті Тәуелсіз комиссияның қарауына жібереді.
Тәуелсіз комиссия өтініш берушілердің таныстырылымдарын тыңдайды және жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға рұқсат беру және квоталар саны туралы немесе қатысудан бас тарту туралы дауыс беру арқылы шешім қабылдайды.
81. Технопарк тәуелсіз комиссияның одан әрі қарауы үшін АКТ саласында жеке тұлғаларды оқыту үшін Технопарк қатысушыларына квоталар санын айқындаудың есептік тетігін айқындайды және пайдаланады.
82. Технопарк өтініш берушіге жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға рұқсат беру туралы тәуелсіз комиссияның шешімін немесе осындай шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініште көрсетілген байланыстар бойынша дәлелді бас тартуды жібереді.
83. АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтінішті қарау қорытындысы бойынша Тәуелсіз комиссияның оң шешімі болған кезде Технопарк он жұмыс күні ішінде өтініш берушімен Технопарк айқындайтын АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысу туралы шарт жасасады.
84. АКТ саласында оқыту алуға үміткер жеке тұлғалардың тізбесін өтініш беруші дербес айқындайды. Өтініш беруші жеке тұлғаларды оқытуды қамтамасыз етеді.
85. Технопарктің қатысушылары болып табылатын технологиялық компаниялардан АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысуға өтініштерді қабылдау тәртібі және АКТ саласында жеке тұлғаларды оқытуға қатысу үшін оларды іріктеу өлшемдері Технопарктің ішкі құжаттарымен айқындалады.";
3-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық технологиялар саласын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы |
Ж. Мадиев |
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі |
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі |
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі |
"КЕЛІСІЛДІ" Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі |
Жобаның (жобалардың) бизнес-жоспарында сипаттауға қажетті мәліметтер
Р/с № | Жобаның (жобалардың) бизнес-жоспарында сипаттауға қажетті мәліметтер тізбесі |
1. | Жобаның (жобалардың) атауы және оның сипаттамасы |
2. | Жобаны (жобаларды) іске асыру орны |
3. | Жобаны (жобаларды) иелену үшін негіздеме (меншікті әзірлеу және/немесе лицензия) |
4. | Әзірлеуші / жоба (жобалар) авторы туралы мәліметтер |
5. | Жобаның (жобалардың) мақсаты мен міндеттері |
6. | Жобаның (жобалардың) дайындық сатысы |
7. | Жобаның (жобалардың) негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI) |
8. | Жобаның (жобалардың) техникалық сипаттамасы (архитектура, құрылым, қолданылатын шешімдер) |
9. | Жобаны (жобаларды) іске асыруға жоспарланған шығыстар сметасы |
10. | Сату тәсілі және күтілетін түсім (кіріс) (жобаның(-лардың) бизнес-жоспарын іске асыру мерзімі кезеңіне көрсетіледі). |
11. | Клиенттер / әлеуетті клиенттер |
12. | Жобаны (жобаларды) іске асыру үшін қажетті іс-шаралар жоспары (жобаны іске асыру және дамыту үшін қажетті нақты іс-шаралардың (қадамдардың) сипаттамасы). Жобаның(-лардың) бизнес-жоспарын іске асыру мерзімі. |
13. | Жоба шеңберінде ұсынылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің, мүліктік құқықтардың түрлері және болжамды сатудың жыл сайынғы көлемі (жобаның (жобалардың) бизнес-жоспарын іске асыру мерзімі кезеңіне көрсетіледі*) |
14. | Жобаны (жобаларды) іске асыру қажеттілігінің негіздемесі (қоғамдық маңыздылығы және табысты іске асырудың әсері) |
15. | Патенттік-лицензиялық қорғау, авторлық құқықтар, сауда белгілері және басқа да зияткерлік меншік объектілері (бар болса) туралы мәліметтер |
*Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің бірнеше басым түрлерін жоспарлы жүзеге асыру кезінде өтініш беруші бизнес-жоспарда қызметтің әрбір түрі шеңберіндегі барлық жобаларды көрсетеді.