Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің, әскери дирижерлері мен мәдени-демалыс орталықтары музыканттарының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 2 қыркүйектегі № 744 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 7 қыркүйекте № 29462 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 маусымдағы № 357 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ереже 15-тармағының 162) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің, әскери дирижерлері мен мәдени-демалыс орталықтары музыканттарының қызметін ұйымдастыру қағидалары бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің, әскери дирижерлері мен мәдени-демалыс орталықтары музыканттарының қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы № 740 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21963 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
Р. Жаксылыков

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
2022 жылғы 2 қыркүйектегі
№ 744 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің, әскери дирижерлері мен мәдени-демалыс орталықтары музыканттарының қызметін ұйымдастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің, әскери дирижерлері мен мәдени-демалыс орталықтары музыканттарының қызметін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің, әскери дирижерлері мен мәдени-демалыс орталықтары музыканттарының қызметі тәртібін айқындайды.

      2. Әскери оркестрлердің кәсіби қызметіне жалпы басшылық жасауды бас әскери дирижер жүзеге асырады.

      3. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің, әскери дирижерлері мен мәдени-демалыс орталықтары музыканттарының қызметін жоспарлау бір жылға арналған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің, әскери дирижерлері мен мәдени-демалыс орталықтары музыканттарының жұмыс жоспары негізінде жүзеге асырылады.

2-тарау. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің, әскери дирижерлері мен мәдени-демалыс орталықтары музыканттарының қызметін ұйымдастыру тәртібі

      4. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери оркестрлерінің, әскери дирижерлері мен мәдени-демалыс орталықтары музыканттарының қызметі:

      1) әскери жоралғыларды, қоғамдық, мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шараларды музыкалық қамтамасыз етуді;

      2) концерттік-ағартушылық жұмысты жүргізуді;

      3) саптық әндерді жаттау кезінде бөлімшелер командирлеріне әдістемелік көмек көрсетуді қамтиды.

      5. Әскери оркестр репертуарының негізін әскери-патриоттық тақырыпқа туындылар құрайды.

      6. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери оркестрлерімен, әскери дирижерлерімен және мәдени-демалыс орталықтарының музыканттарымен арнайы даярлық ұйымдастырылады және жүргізіледі. Арнайы даярлық міндеттері мыналар болып табылады:

      1) жеке құрамның бойында әскери борышы мен қызметтік міндеттерін орындау үшін жауапкершілік сезімін тәрбиелеу;

      2) дирижерлердің, музыканттардың арнайы даярлығын жетілдіру және әскери оркестрдің жоғары орындаушылық шеберлігін қамтамасыз ету;

      3) дирижерлердің, музыканттардың саптық дағдыларын, әскери оркестрдің саптық әндерді орындауын және саптық үйлесімділігін жетілдіру.

      7. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери оркестрлерін, әскери дирижерлері мен мәдени-демалыс орталықтарының музыканттарын даярлау арнайы бағдарлама бойынша жүзеге асырылады.

      8. Оркестрлік, музыкалық-теориялық, жеке даярлық бойынша сабақтарды өткізу үшін арнайы жабдықталған үй-жайлар бөлінеді.

      9. Әскери оркестрлерді сапалы даярлау мақсатында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери дирижерлері мен мәдени-демалыс орталықтарының музыканттарын тәуліктік нарядта қызмет өткеруге тартуға жол берілмейді.

      10. Әскери жоралғыларды, қоғамдық, мәдени-бұқаралық іс-шараларды қамтамасыз ету кезінде әскери оркестрлердің ойнау тәртібін әскери оркестрдің бастығы немесе әскери дирижер өткізілетін іс-шараға жауапты адаммен бірлесіп белгілейді.

      11. Әскери жоралғыларды музыкалық қамтамасыз ету кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін, шет мемлекеттердің гимндерін және қызметтік-саптық репертуар туындыларын әскери оркестрлер тік тұрып және жатқа орындайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады