"Құтқарушыларды аттестаттау және қайта аттестаттау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 11 шілдедегі № 507 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 8 қыркүйектегі № 76 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 12 қыркүйекте № 29507 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Құтқарушыларды аттестаттау және қайта аттестаттау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 11 шілдедегі № 507 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17233 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Құтқарушыларды аттестаттау және қайта аттестаттау қағидаларында:

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Мерзімді аттестаттаудың қорытындысы бойынша мынадай сыныптылық беру жүргізіледі:

      1) "3-сыныпты құтқарушы маман" құтқарушы ретінде кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар және дене шынықтыру даярлығы бойынша "жақсы" бағасынан төмен емес шекті нәтижелерге қол жеткізген құтқарушыға беріледі;

      2) "2-сыныпты құтқарушы маманы" 3-сыныпты құтқарушы маман ретінде кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар және дене шынықтыру даярлығы бойынша "жақсы" бағасынан төмен емес шекті нәтижелерге қол жеткізген құтқарушыға беріледі;

      3) "1-сыныпты құтқарушы маманы" 2-сыныпты құтқарушы маман ретінде кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар және дене шынықтыру даярлығы бойынша "жақсы" бағасынан төмен емес шекті нәтижелерге қол жеткізген құтқарушыға беріледі;

      4) "халықаралық сыныптағы құтқарушы" 1-сыныпты құтқарушы маман ретінде кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар, қызметтің барлық кезеңінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде кемінде үш рет халықаралық құтқару жұмыстарына немесе оқу-жаттығуларға қатысқан, дене шынықтыру даярлығы бойынша "жақсы" бағасынан төмен емес шекті нәтижелерге қол жеткізген және B1 (intermediate) және/немесе одан жоғары ағылшын тілі курстарының сертификаты бар құтқарушыға беріледі.

      Ескертпе:

      Халықаралық құтқару жұмыстары – Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде адамдарды, материалдық және мәдени құндылықтарды құтқаруға, ТЖ аймағындағы табиғи ортаны қорғауға, ТЖ-ны оқшаулауға және адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін қауіпті әсерлерді басуға немесе ықтимал ең төменгі деңгейге дейін жеткізуге бағытталған іс-әрекеттер;

      Халықаралық құтқару оқу-жаттығулары – бұл құтқару бөлімшелерінің өзара іс-қимылы мен әзірлігі деңгейін арттыруға байланысты дайындық іс-шаралары, сондай-ақ авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу процесінде пайдаланылатын тактикалық дағдыларды жетілдіру.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайларды жою департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
Ю. Ильин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады