Көмірді әкетуді реттеудің кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 14 қыркүйектегі № 514 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 16 қыркүйекте № 29638 болып тіркелді

      "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабына және 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29-бабына, сондай-ақ 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 7-қосымшаның 10-бөліміне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасының аумағынан тас көмірді, тас көмірден алынған брикеттерді, шекем тастарды және қатты отынның ұқсас түрлерін: тозаң түрдегі немесе тозаң түріндегі емес, бірақ агломерацияланбаған тас көмірді (Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының коды 2701) автомобиль көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті:

      1) осы бұйрықтың 1-тармағының орындалуын бақылауды қамтамасыз ету туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетін және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметін хабардар етсін;

      2) осы бұйрықтың 1-тармағында көрсетілген тыйым салуды енгізу туралы Еуразиялық экономикалық комиссияға хабарласын.

      3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрі
К. Ускенбаев
     
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Сауда және интеграция министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады