"Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 7-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған жүктелген сақтандыру жөніндегі үлгілік шарттарға қойылатын ең төмен талаптар бекітілсін.
2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Басқармасының 2022 жылғы 12 қыркүйектегі № 59 Қаулыға қосымша |
Жүктелген сақтандыру жөніндегі үлгілік шарттарға қойылатын ең төмен талаптар
1. Осы жүктелген сақтандыру жөніндегі үлгілік шарттарға қойылатын ең төмен талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 7-тармағына сәйкес әзірленді және жүктелген сақтандыру жөніндегі үлгілік шарттардың мазмұнына қойылатын ең төмен талаптарды айқындайды.
2. Жүктелген сақтандыру жөніндегі шарт Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды ескере отырып бір немесе бірнеше сақтандыру сыныбының шегінде әзірленеді және сақтандырудың жекелеген сыныбы болып табылмайды.
3. Жүктелген сақтандыру жөніндегі шарт соның шеңберінде жүктелген сақтандыру жүзеге асырылатын сақтандыру сыныбын жүзеге асыруға лицензиясы бар сақтандыру ұйымымен (бұдан әрі – сақтандырушы) ғана жасалады.
4. Ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан жеке тұлғалар және белгіленген тәртіппен тіркелген дара кәсіпкерлер, сондай-ақ жеке тұлғалар Жүктелген сақтандыру жөніндегі шарт бойынша сақтанушылар болып табылады.
5. Жүктелген сақтандыру жөніндегі шарт сақтандыру объектісі туралы мәліметтерді қамтиды, олар:
жазатайым оқиғалар мен өзге де жағдайлар, сырқаттану нәтижесінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына зиян келтірумен;
мүлікке иелік ету, пайдалану және басқарумен;
үшінші адамдарға, оның ішінде міндеттемені орындамау, тиісінше орындамау нәтижесінде келтірілген зиянды өтеу міндетімен байланысты сақтанушының (жауапты адамның) Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін мүліктік мүдделері;
сақтанушының (жауапты адамның) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де мүліктік мүдделері болуы мүмкін.
6. Жүктелген сақтандыру жөніндегі шарт сақтанушыда сақтандыру мүддесінің болуын көздейді және міндеттемелерді орындауды қамтамасыз етудің шартсыз кепілдігі ретінде әрекет етпейді.
7. Жүктелген сақтандыру жөніндегі шарт сақтандыру жағдайы - сақтандыру шарты сақтандыру төлемін жүзеге асыруды көздейтін оқиға туралы ақпаратты қамтиды.
Жүктелген сақтандыру жөніндегі шарт бойынша сақтандыру жағдайлары:
сақтанушының (жауапты адамның) сақтандыру шартында көрсетілген қызметті жүзеге асыру кезінде үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне (мүліктік құқықтарына) зиян келтіру;
кәсіби міндеттерін тиісінше орындамау нәтижесінде үшінші тұлғалардың мүліктік мүдделеріне келтірілген зиянды өтеу бойынша сақтанушының азаматтық-құқықтық жауапкершілігінің басталу;
Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де оқиғалардың бірі болып табылады.
8. Азаматтық-құқықтық жауапкершілікті, оның ішінде кәсіби жауапкершілікті жүктелген сақтандыру жөніндегі шартында сақтандыру жағдайының басталу фактісі сот шешімімен немесе тараптардың келісімі бойынша белгіленетіні туралы талап көзделеді.
9. Сақтандыру сомасы немесе сақтандырушы жауапкершілігінің лимиті сақтандыруға қабылданатын тәуекелдердің ықтимал залалының мөлшерін ескере отырып, сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтандырушы мен сақтанушы арасындағы келісім бойынша жүктелген сақтандыру жөніндегі шартта белгіленеді.
Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында кәсіптік қызметтің белгілі бір түрлері бойынша зиян келтіргені үшін азаматтық жауапкершілікті сақтандыру шарты бойынша жауапкершілік лимитінің ең төменгі мөлшері белгіленсе, онда сақтандыру шарты бойынша жауапкершілік лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген сомадан кем болмауға тиіс.
10. Жүктелген сақтандыру жөніндегі шартта сақтандыру шарты бойынша жалпы сақтандыру сомасы шегінде сақтанушының жауапкершілік шектері (сақтандыру сомасы) белгіленеді, атап айтқанда:
үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына, мүлкіне зиян келтірілген кезде бір сақтандыру жағдайы бойынша сақтандыру сомасы;
әрбір жәбірленушінің өміріне, денсаулығына зиян келтірілген кезде әрбір жәбірленушіге сақтандыру сомасы;
үшінші тұлғаның мүлкіне зиян келтірілген кезде әрбір жәбірленушіге сақтандыру сомасы.
11. Сақтандыру сыйлықақысының сомасы, оны төлеу тәртібі мен мерзімдері сақтандыру шартында көрсетіледі. Сақтандыру сыйлықақысы шартта белгіленген жауапкершілік лимиті мен сақтандыру тарифі негізге алына отырып есептеледі.
12. Сақтандыру төлемін жүзеге асыру тәртібі мен талаптары, сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті құжаттардың толық тізбесі сақтандыру шартында көрсетіледі. Сақтандыру жағдайының басталу фактісін растайтын құжаттардың тізбесі ықтимал сақтандыру жағдайларының сипаты бойынша жүктелген сақтандыру жөніндегі шартта айқындалады.
13. Жүктелген сақтандыру жөніндегі шартта Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 839-бабына сәйкес сақтандыру төлемінен толық не ішінара бас тарту жағдайлары көзделеді.
14. Жүктелген сақтандыру жөніндегі шарт сақтанушыға не залалдар үшін жауапты тұлғаға кері талап қою құқығының өзі төлеген сомасы шегінде сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушыға көшу туралы талапты көздейді.