"Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-242/2020 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 11 қазандағы № ҚР ДСМ-112 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 17 қазанда № 30193 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-242/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21744 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес бекітілген тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) апелляциялық комиссиясы – ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсету бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша туындайтын мәселелерді қарау үшін қор немесе бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері құратын тұрақты жұмыс істейтін орган;

      2) бірлесіп орындаушы – ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорына (бұдан әрі – дерекқор) енгізілген, жасасқан көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты бойынша қызметтер берушінің міндеттемелерінің бір бөлігін орындау үшін бірлесіп орындау шартын қызметтер беруші жасасқан денсаулық сақтау субъектісі;

      3) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсетудің сапасын саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) денсаулық сақтау субъектілері - денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ жеке медициналық практикамен және фармацевтикалық қызметпен айналысатын жеке тұлғалар;

      5) денсаулық сақтау ұйымы – денсаулық сақтау саласында қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      6) дерекқор – Кодекстің 7-бабы 67) тармақшасының негізінде бекітілген ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерін есепке алуды жүргізу тәртібіне (бұдан әрі – Есепке алу қағидалары) сәйкес қор қалыптастыратын ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер көрсетуге үміткер денсаулық сақтау субъектілерінің тізбесі;

      7) жаңадан іске қосылған денсаулық сақтау объектісі – "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес алғаш рет пайдалануға қабылданған жаңадан салу арқылы немесе қолданыстағы объектіні өзгерту арқылы алғаш рет ашылған объект;

      8) жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызмет – диагностика мен емдеудің инновациялық, ресурсты қажет ететін және (немесе) бірегей әдістерін пайдалануды талап ететін аурулар кезінде бейінді мамандар көрсететін қызмет;

      9) қор – аударымдар мен жарналарды шоғырландыруды жүргізетін, сондай-ақ медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілерінің көрсетілетін қызметтерін медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартында көзделген көлемдерде және талаптармен сатып алу мен оларға ақы төлеуді және Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өзге де функцияларды жүзеге асыратын коммерциялық емес ұйым;

      10) қордың активтері – қордың қызметін қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақыны шегергендегі аударымдар және жарналар, аударымдарды және (немесе) жарналарды төлеу мерзімі өтіп кеткендігі үшін алынған өсімпұл, инвестициялық кіріс, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған, қорға түсетін өзге де түсімдер;

      11) қордың күтпеген шығыстарға арналған резервтері – ай сайынғы негізде қалыптастырылатын жабу кезеңінде күтпеген шығыстарды қаржыландыру үшін қордың ағымдағы қаржы жылына көзделген, қаражаты;

      12) қордың филиалы – қордың тұрған жерiнен тыс орналасқан және оның функцияларының бәрiн немесе бiр бөлiгiн, оның iшiнде өкiлдiк функцияларын жүзеге асыратын оқшауланған бөлiмшесi;

      13) көрсетілетін қызметтерді денсаулық сақтау субъектілерінен сатып алу веб-порталы (Қағидаларға қатысты) – ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде көрсетілетін қызметтерді денсаулық сақтау субъектілерінен сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне бірыңғай қол жеткізу нүктесін беретін ақпараттық жүйе (бұдан әрі – веб-портал);

      14) құжаттың электрондық көшірмесі – құжаттың түпнұсқа түрін және ақпаратын (деректерін) электрондық-цифрлық нысанда толығымен көрсететін құжат;

      15) қызметтер беруші – қор немесе бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері осы Қағидаларға сәйкес көрсетілетін қызметтерді сатып алу шартын жасасқан денсаулық сақтау субъектісі;

      16) МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек – қордың активтері есебінен медициналық көрсетілетін қызметтер тұтынушыларға ұсынылатын медициналық көмек көлемі;

      17) медициналық ақпараттық жүйе – денсаулық сақтау субъектілерінің процестерін электрондық форматта жүргізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;

      18) медициналық көмек – дәрілік қамтамасыз етуді қоса алғанда, халықтың денсаулығын сақтауға және қалпына келтіруге бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені;

      19) медициналық көмектің сапасы - көрсетілетін медициналық көмектің медициналық көмек көрсету стандарттарына сәйкестік деңгейі;

      20) медициналық көрсетілетін қызметтер – денсаулық сақтау субъектілерінің нақты адамға қатысты профилактикалық, диагностикалық, емдеу, оңалту немесе паллиативтік бағыты бар іс-қимылдары;

      21) медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган - медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласында басшылықты, медициналық көрсетілетін қызметтердің (көмектің) сапасын бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      22) медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектісі (бұдан әрі – МСАК субъектісі) – "Бекітілген халық тіркелімі" (бұдан әрі – БХТ) порталында тіркелген бекітілген халыққа ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектісі;

      23) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты – мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты тараптарының құқықтары, мiндеттерi және жауапкершiлiгi, мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының өзге де талаптары айқындалатын жазбаша келiсiм;

      24) өндірістік база – Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес берілген лицензияға қосымшаға сәйкес медициналық қызметтер көрсету орны;

      25) республикалық денсаулық сақтау ұйымдары – уәкілетті органның қарамағындағы денсаулық сақтау ұйымдары, дербес білім беру ұйымының денсаулық сақтау ұйымдары, медициналық білім беру ұйымдары;

      26) тәуелсіз сарапшы – уәкілетті орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін және тәуелсіз сарапшылар тізілімінде тұрған жеке тұлға;

      27) ТМККК қосымша қамтамасыз ету бойынша қызметтерді сатып алу шарты (бұдан әрі – көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты) – ТМККК шеңберінде медициналық көмек көрсетуді көздейтін, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен денсаулық сақтау субъектісі арасындағы жазбаша нысандағы келісім;

      28) ТМККК шеңберінде немесе МӘМС жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты (бұдан әрі – көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты) – ТМККК шеңберінде немесе МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсетуді көздейтін, қор мен денсаулық сақтау субъектісі арасындағы жазбаша нысандағы келісім;

      29) цифрлық денсаулық сақтау субъектісі (Қағидаларға қатысты) – ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және денсаулық сақтау субъектілерімен ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмысты қоса алғанда, денсаулық сақтаудың ақпараттық жүйелерін ақпараттық-техникалық сүйемелдеу бөлігінде цифрлық денсаулық сақтау саласында қызметті жүзеге асыратын немесе қоғамдық қатынастарға түсетін заңды тұлға;

      30) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

      31) электрондық цифрлық қолтаңба– электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.";

      48-тармақтың 4) тармақшасы алып тасталсын;

      54-тармақтың:

      2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) үш жылдан бес жылға дейінгі мерзімге:

      мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде іске асырылатын денсаулық сақтау субъектілерімен;

      мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде сатып алынған медициналық техниканы пайдалана отырып диагностикалық және емдеу қызметтерінің жекелеген түрлерін көрсетуге арналған денсаулық сақтау субъектілерімен жасайды.

      Бұл ретте қызметтерді сатып алу шарттарының сомаларын айқындау жыл сайын жүзеге асырылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Ғиният

      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады