"Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парағын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 29 наурыздағы № 22 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің м.а. 2022 жылғы 28 қарашадағы № 94 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 29 қарашада № 30782 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2023 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парағын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 29 наурыздағы № 22 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18490 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрыққа 1 және 2-қосымшалар осы бұйрыққа 1 және 2-қосымшаларға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің м.а.
Т. Жаксылыков

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Бас прокуратурасының Құқықтық статистика

      және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
м.а.
2022 жылғы 28 қарашадағы
№ 94 Бұйрыққа
1-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2019 жылғы 29 наурыздағы
№ 22 бұйрығына
№ 1 қосымша

Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Жарнама туралы заңнамасының сақталуына тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары (бұдан әрі – Өлшемшарттар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 141-бабының 6-тармағына, сондай-ақ "Тексеру парағының нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 31 шiлдедегi № 3 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17371 болып тіркелген), "Реттеуші мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту және "Мемлекеттік органдардың тәуекелдерді бағалау жүйесін қалыптастыру қағидаларын және тексеру парақтарының нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 31 шілдедегі № 3 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 22 маусымдағы № 48 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28577 болып тіркелген) сәйкес әзірленді және жарнама қызметі саласындағы бақылау субъектілерін іріктеуге және оларды жарнама қызметі саласындағы уәкілетті орган бақылау жүргізу кезінде тәуекел дәрежесіне жатқызуға арналған.

      2. Өлшемшарттарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) бақылау субъектілері (объектілері) – қызметіне Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына бақылау жүргізілетін жеке және заңды тұлғалар;

      2) елеулі емес бұзушылықтар – сыртқы (көрнекi) жарнама объектісін орналастыру мерзімі өткен соң оны бұзуға қатысты Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарды бұзу;

      3) елеулі бұзушылықтар – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелмеген бірлестіктер мен рухани (діни) білім беру ұйымдарының жарнамасын орналастыруға тыйым салуды сақтауға қатысты Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарды бұзу;

      4) өрескел бұзушылықтар – әкімшілік жауапкершілікке алып келетін қызметті немесе әрекеттерді жүзеге асыру басталғанға дейін хабарландырудың болмауына және Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықтың дәріптелуін, порнографияны насихаттау немесе үгiттеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәлiметтердi таратуға қатысты Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптарды бұзу;

      5) тәуекел – салдарының ауырлық дәрежесі ескеріле отырып, бақылау және қадағалау субъектісінің қызметі нәтижесінде адам өміріне немесе денсаулығына, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне, мемлекеттің мүліктік мүдделеріне зиян келтіру ықтималдығы;

      6) тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары – бақылау субъектісінің тікелей қызметіне және салалық даму ерекшеліктері мен осы дамуға ықпал ететін факторларға байланысты, бақылау субъектілерін (объектілерін) түрлі тәуекелдер дәрежесіне жатқызуға мүмкіндік беретін сандық және сапалық көрсеткіштер;

      7) тәуекел дәрежесін бағалаудың объективті өлшемшарттары (бұдан әрі – объективті өлшемшарттар) – белгілі бір қызмет саласында тәуекел дәрежесіне байланысты және тікелей жеке бақылау субъектісіне (объектісіне) байланысты емес бақылау және қадағалау субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін пайдаланылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары;

      8) тәуекел дәрежесін бағалаудың субъективті өлшемшарттары (бұдан әрі – субъективті өлшемшарттар) – нақты бақылау субъектісі (объектісі) қызметінің нәтижелеріне байланысты бақылау субъектілерін (объектілерін) іріктеу үшін пайдаланылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары;

      9) тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесі – бұл ретте тиісті қызмет салаларында тәуекелдің жол берілетін деңгейін қамтамасыз ете отырып, кейін кәсіпкерлік еркіндігін шектеудің ең төменгі ықтимал дәрежесін қамтамасыз ету мақсатында бақылау субъектісіне барып профилактикалық бақылауды және (немесе) талаптарға сәйкестігін тексерулерді жүзеге асыру үшін бақылау субъектілерін тәуекел дәрежелері бойынша бөлу жолымен қолайсыз факторлардың басталу ықтималдығын төмендетуге бағытталған, сондай-ақ нақты бақылау субъектісі (объектісі) үшін тәуекел деңгейін өзгертуге және (немесе) осындай бақылау субъектісін (объектісін) бақылау субъектісіне (объектісіне) барып профилактикалық бақылаудан және (немесе) талаптарға сәйкестігін тексеруден босатуға бағытталған басқару шешімдерін қабылдау процесі;

      10) тексеру парағы – сақталмауы адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделеріне қатер төндіруге алып келетін, бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызметіне қойылатын талаптар тізбесі.

      3. Бақылау субъектісіне (объектісіне) барып профилактикалық бақылау жүргізу және (немесе) талаптарға сәйкестігін тексеру үшін қолданылатын тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтарын кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органның актісімен бекітіледі және Кодекстің 141-бабының 5, 6-тармақтарына сәйкес реттеуші мемлекеттік органдардың интернет ресурстарында орналастырылады.

      Мемлекеттік органдардың тәуекел дәрежесін бағалау және тәуекелдерді басқару өлшемшарттарын, тексеру парақтарын бекіту туралы нормативтік құқықтық актілері олар бекітілгенге дейін тәуекелдерді бағалау мен басқару жүйелерін автоматтандырудың техникалық мүмкіндігі және тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі – ақпараттық жүйесінің талаптарына сәйкестігі тұрғысынан құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органмен келісілуге жатады.

      Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органның келісу мерзімі жоба келісуге келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күнін құрайды.

2-тарау. Бақылау субъектілеріне (объектілеріне) талаптарға сәйкестігі тұғысынан тексеру және профилактикалық бақылау жүргізу кезінде тәуекелдерді бағалау және басқару жүйесін қалыптастыру

      4. Бақылау субъектісіне (объектісіне) барып профилактикалық бақылауды және талаптарына сәйкестігін тексеруді жүзеге асыру кезінде бақылау субъектісі (объектісі) мынадай тәуекел дәрежелерінің біріне (бұдан әрі – тәуекел дәрежесі) жатады:

      1) жоғары тәуекел;

      2) орташа тәуекел.

      Бақылау субъектісіне (объектісіне) барып профилактикалық бақылау жүргізудің еселігі жүргізілетін талдаудың және субъективті өлшемшарттар бойынша алынған мәліметтерді бағалаудың нәтижелері бойынша, бірақ жылына екі реттен жиі емес анықталады.

      Тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызмет салалары үшін талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексерулер жүргізудің еселігі тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында, бірақ жылына бір реттен жиі емес айқындалады.

      Тәуекелдің орташа дәрежесіне жатқызылған бақылау субъектілерінің (объектілерінің) қызмет салалары үшін талаптарға сәйкестігіне тексерулер жүргізудің еселігі тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында, бірақ жылына бір реттен жиі емес айқындалады.

      5. Бақылау субъектісін (объектісін) профилактикалық бақылауды жүргізу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары объективті және субъективті өлшемшарттарды айқындау арқылы қалыптастырылады.

1-параграф. Объективті өлшемшарттар

      6. Бақылау субъектілерінің (объектілерінің) талаптарға сәйкестігіне тексеру және профилактикалық бақылау жүргізу үшін тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарі объективті және субъективті өлшемшарттарді айқындау арқылы қалыптастырылады.

      7. Объективті өлшемшарттарды айқындау тәуекелді анықтау арқылы жүзеге асырылады.

      8. Тәуекелді айқындау мынадай өлшемшарттардың бірін:

      1) объектінің қауіптілік (күрделілік) деңгейі;

      2) реттелетін салаға (аяға) түсетін ықтимал теріс салдардың, зиянның ауырлық ауқымы;

      3) адамның өмірі немесе денсаулығы, қоршаған орта, жеке және заңды тұлғалардың, мемлекеттің заңды мүдделері үшін қолайсыз оқиғаның басталу мүмкіндігі ескеріле отырып, мемлекеттік бақылау жүзеге асырылатын саланың ерекшелігіне байланысты жүзеге асырылады.

      9. Ықтимал тәуекелдерге талдау жүргізілгеннен кейін бақылау субъектілері (объектілері) екі тәуекел дәрежесі (жоғары және орташа) бойынша бөлінеді.

      жоғары тәуекел дәрежесіне - жарнама таратушылар жатады;

      орташа тәуекел дәрежесіне - жарнама өндірушілер, жарнама берушілер жатады.

2-параграф. Субъективті өлшемшарттар

      10. Субъективті өлшемшарттарды айқындау мынадай:

      1) деректер базасын қалыптастыру және ақпарат жинау;

      2) ақпаратты талдау және тәуекелдерді бағалау кезеңдері қолданыла отырып, жүзеге асырылады.

      11. Деректер базасын қалыптастыру және ақпарат жинау Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзатын бақылау субъектілерін (объектілерін) анықтау үшін қажет.

      Тәуекел дәрежесін бағалау үшін мынадай ақпарат көздері:

      1) бақылау субъектілеріне (объектілеріне) барып алдыңғы тексерулер мен профилактикалық бақылаудың нәтижелері;

      2) расталған шағымдар мен өтініштердің болуы және саны;

      3) бақылау субъектілеріне (объектілеріне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері (Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың қорытындысы бойынша берілген қорытынды құжаттар (анықтама, қорытынды, ұсынымдар) пайдаланылады.

      12. Қолда бар ақпарат көздерінің негізінде реттеуші мемлекеттік органдар Өлшемшарттарға қосымшаға сәйкес бағалауға жататын субъективті өлшемшарттарды қалыптастырады.

      Субъективті өлшемшарттарды талдау және бағалау бақылау субъектісінің (объектісінің) талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізуді және профилактикалық бақылауды неғұрлым ықтимал тәуекелі бар бақылау субъектісіне (объектісіне) қатысты шоғырландыруға мүмкіндік береді.

      Бұл ретте талдау және бағалау кезінде нақты бақылау субъектісіне (объектісіне) қатысты бұрын ескерілген және пайдаланылған субъективті өлшемшарттардың деректері не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап қою мерзімі өткен деректер қолданылмайды.

      Алдыңғы барып профилактикалық бақылаудың және (немесе) талаптарға сәйкестігін тексерудің қорытындысы бойынша берілген бұзушылықтарды толық көлемде жойған бақылау субъектілеріне қатысты оларды кезекті мемлекеттік бақылау кезеңіне кестелер мен тізімдерді қалыптастыру кезінде қосуға жол берілмейді.

      13. Ықтимал тәуекелге және проблеманың маңыздылығына, бұзушылықтың бір рет болуына немесе жүйелілігіне, бұрын әрбір ақпарат көзі бойынша қабылданған шешімдерді талдауға байланысты реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес өрескел, елеулі және елеусіз бұзушылық дәрежесіне сәйкес келетін – субъективті өлшемшарттар айқындалады.

      Бұл ретте өрескел, елеулі және елеусіз бұзушылықтардың анықтамалары тиісті мемлекеттік бақылау саласының ерекшелігі ескеріле отырып, реттеуші мемлекеттік органның тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарында белгіленеді.

      Субъективті өлшемшарттарды қалыптастыру кезінде бұзушылық дәрежесі (өрескел, елеулі, елеусіз) белгіленген өрескел, елеулі, елеусіз бұзушылықтар анықтамаларына сәйкес беріледі.

3-тарау. Субъективті өлшемшарттар бойынша тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткішін есептеу

      14. Субъективті өлшемшарттар бойынша тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткішін есептеу тәртібіне сәйкес қолданылатын ақпарат көздерінің басымдығын негізге ала отырып, осы тарауға сәйкес субъективті өлшемшарттар бойынша тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші 0-ден 100-ге дейінгі шәкіл бойынша есептеледі.

      Тәуекел дәрежесінің көрсеткіштері бойынша бақылау субъектісі (объектісі):

      1) тәуекел дәрежесінің көрсеткіші қоса алғанда 71-ден 100-ге дейін болған кезде – жоғары тәуекел дәрежесіне;

      2) тәуекел дәрежесінің көрсеткіші қоса алғанда 41-ден 70-ке дейін болған кезде – орташа тәуекел дәрежесіне;

      Бір өрескел бұзушылық анықталған кезде бақылау субъектісіне 100 тәуекел дәрежесінің көрсеткіші теңестіріледі және оған қатысты бақылау субъектісіне (объектісіне) барып, талаптарға сәйкестігі тұрғысынан тексеру немесе профилактикалық бақылау жүргізіледі.

      Өрескел бұзушылықтар анықталмаған кезде тәуекел дәрежесінің көрсеткішін айқындау елеулі және елеулі емес дәрежедегі бұзушылықтар бойынша жиынтық көрсеткішпен есептеледі.

      Елеулі бұзушылықтар көрсеткішін анықтау кезінде 0,7 коэффициенті қолданылады және бұл көрсеткіш мынадай формула бойынша есептеледі:

      SРз = (SР2 х 100/SР1) х 0,7,

      мұндағы:

      SРз – елеулі бұзушылықтар көрсеткіші;

      SР1 – талап етілетін елеулі бұзушылықтар саны;

      SР2 – анықталған елеулі бұзушылықтар саны;

      Елеулі емес бұзушылықтар көрсеткішін айқындау кезінде 0,3 коэффициенті қолданылады және бұл көрсеткіш мынадай формула бойынша есептеледі:

      SРн = (SР2 х 100/SР1) х 0,3,

      мұндағы:

      SРн – елеулі емес бұзушылықтар көрсеткіші;

      SР1 – талап етілетін елеулі емес бұзушылықтар саны;

      SР2 – анықталған елеулі емес бұзушылықтар саны;

      Тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші (ЅР) 0-ден 100-ге дейінгі шәкіл бойынша есептеледі және мынадай формула бойынша елеулі және елеулі емес бұзушылықтар көрсеткіштерін қосу жолымен айқындалады:

      SР = SРз + SРн,

      мұндағы:

      SР – тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші;

      SРз – елеулі бұзушылықтар көрсеткіші;

      SРн – елеулі емес бұзушылықтар көрсеткіші.

      Алынған жалпы көрсеткіш мәні кәсіпкерлік субъектісін осы тармақтың екінші бөлігіне сәйкес белгілі бір тәуекел дәрежесіне жатқызуға негіз болып табылады.

4-тарау. Тексеру парақтары

      15. Тексеру парақтары бақылау субъектілерінің (объектілерінің) біртекті топтары үшін және Кодекстің 132-бабының 2-тармағына сәйкес талаптарды қамтиды және Кодекстің 143-бабында айқындалған шарттарды сақтай отырып жасалады.

      16. Тексеру парақтары осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қалыптастырылады.

  Қазақстан Республикасының
жарнама және жарнама қызметі
туралы заңнамасының
сақталуына тәуекел дәрежесін
  бағалау өлшемшарттарына
қосымша

Тәуекел дәрежесін бағалаудың субъективті өлшемшарттары


п/п

Өлшемшарттар

Бұзушылықтар дәрежесі

1. Бақылау субъектісіне барып алдыңғы тексерулер мен профилактикалық бақылаудың нәтижелері

 
1

Сыртқы (көрнекі) жарнаманы елді мекендердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуінде, елді мекендерден тыс жердегі үй-жайлардың шегінен тыс ашық кеңістікте және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлiнген белдеуінен тыс жерде орналастыру туралы хабарламаның болмауы

өрескел

2

Жарнамада Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, қатыгездiк пен зорлық-зомбылықтың дәріптелуін, порнографияны насихаттау немесе үгiттеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпияларын және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын мәлiметтердi таратуды пайдаланбау жөніндегі талаптарды сақтамау

өрескел

3

Сыртқы (көрнекi) жарнаманы тарих пен мәдениет ескерткiштерiнде және олардың қорғау аймақтарында, ғибадат ғимараттарында (құрылысжайларында) және оларға бөлінген аумақ пен олардың қоршауларында, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналастыру туралы тыйымды сақтамау

өрескел

4

Жарнаманы тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) бекітілген жобалау құжаттамасындағы сыныптамасына сәйкес келмейтін салынып жатқан немесе пайдалануға берілген тұрғын үйде (тұрғын ғимараттың) орналастыруға тыйым салуды сақтамау

өрескел

5

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндірілуіне және сатылуына тыйым салынған тауарлардың (жұмыстарды, көрсетiлетiн қызметтердi) жарнамасын орналастыру жөніндегі талаптарды сақтамау

өрескел

6

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелмеген бірлестіктер мен рухани (діни) білім беру ұйымдарының жарнамасына тыйым салуды сақтамау

елеулі

7

Электрондық казино мен интернет-казиноның жарнамасын тыйым салуды сақтамау

елеулі

8

Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) жарнамасында бағаны (тарифтерді, бағалауларды, мөлшерлемелерді) теңгемен көрсету талабының болмауы

елеулі

9

Сыртқы (көрнекi) жарнама объектісін шартта белгіленген орналастыру мерзімі аяқталғаннан кейін бұзу жөніндегі талаптарды сақтамау

болмашы

2. Расталған шағымдар мен өтініштердің болуы және саны

1

Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына бір расталған шағымның немесе өтініштің болуы

елеулі

2

Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына екі немесе одан да көп расталған шағымдардың немесе өтініштердің болуы

өрескел

3. Бақылау субъектілеріне (объектілеріне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері

1

Бақылау субъектісіне (объектісіне) бармай жүргізілген профилактикалық бақылау шеңберінде берілген ұсынымдарды орындау жөнінде ақпараттарды ұсынбау

өрескел

  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық экономика министрінің м.а.
  2022 жылғы 28 қарашадағы
  № 94 Бұйрыққа
  2-қосымша
  Қазақстан Республикасы
  Ұлттық экономика министрінің
  2019 жылғы 29 наурыздағы
  № 22 бұйрығына
  № 2 қосымша

Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуына Тексеру парағы

___________________________________________________________________
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 138-бабына сәйкес жарнама берушi, жарнама таратушы, жарнама жасаушы
_______________________________________________________________________
__________________________________ _____________________________ қатысты
субъектілердің (объектілердің) біртекті тобының атауы
___________________________________________________________________
___________________________________________________________________
Бақылау субъектісіне (объектісіне) барып, тексеруді/профилактикалық бақылауды
тағайындаған мемлекеттік орган _______________________________________
____________________________________________________________________
Бақылау субъектісіне (объектісіне) барып тексеруді/профилактикалық бақылауды тағайындау туралы акт __________________________________________________
_______________________________________________________________________
№, күні Бақылау субъектісінің (объектісінің) атауы ___________________________
_______________________________________________________________________
Бақылау субъектісінің (объектісінің) (жеке сәйкестендіру нөмірі), бизнес- сәйкестендіру нөмірі __________________________________________________________________
________________________________________________________________________
Орналасқан жерінің мекенжайы ____________________________________________
________________________________________________________________________


Талаптар тізбесі

Талаптарға сәйкес келеді

Талаптарға сәйкес келмейді

1

2

3

4

1

Сыртқы (көрнекі) жарнаманы елді мекендердегі үй-жайлардан тыс ашық кеңістікте, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінде, елді мекендерден тыс үй-жайлардан тыс ашық кеңістікте және жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарының бөлінген белдеуінен тыс орналастыру туралы хабарламаның болуы



2

Жарнамада конституциялық құрылысты күштеп өзгертуді, Қазақстан Республикасының тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық басымдықты, қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа табынуды, порнографияны насихаттауды немесе үгіттеуді пайдаланбау, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын және заңмен қорғалатын өзге де мәліметтерді тарату жөніндегі талаптарды сақтау



3

Сыртқы (көрнекі) жарнаманы тарих және мәдениет ескерткіштерінде және олардың қорғау аймақтарында, ғибадат үйлерінде (құрылыстарында) және оларға бөлінген аумақта және олардың қоршауларында, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналастыру туралы тыйымның сақталуы



4

Бекітілген жобалық құжаттамада тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) сыныптамасына сәйкес келмейтін салынып жатқан немесе пайдалануға берілген тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) жарнамасын орналастыруға тыйым салуды сақтау



5

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндіруге және өткізуге тыйым салынған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жарнамасын орналастыру жөніндегі талаптарды сақтау



6

Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелмеген діни бірлестіктер мен рухани (діни) білім беру ұйымдарын жарнамалауға тыйым салуды сақтау



7

Электрондық казино мен интернет-казино жарнамасына тыйым салуды сақтау



8

Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) жарнамасында талаптың болуы, бағаны (тарифтерді, бағаларды, мөлшерлемелерді) теңгемен көрсету



9

Сыртқы (көрнекі) жарнама объектісін шартта белгіленген орналастыру мерзімі өткеннен кейін оны бұзу жөніндегі талапты сақтау



      Лауазымды адам (-дар) _________________________________ ____________

      лауазымы қолы

      __________________________________________________________ __________

      аты, әкесінің аты (болған жағдайда), тегі

      Бақылау субъектісінің (объектісінің) басшысы ________________ ___________

      лауазымы қолы

      ___________________________________________________________ _________

      аты, әкесінің аты (болған жағдайда), тегі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады