Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар мен эмитенттердің қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 12 желтоқсандағы № 110 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 14 желтоқсанда № 31100 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру қағидаларын, брокердің және (немесе) дилердің банк операцияларын жүргізу тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 3 ақпандағы № 9 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9249 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру қағидаларында, брокердің және (немесе) дилердің банк операцияларын жүргізу тәртібінде:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Осы Бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру қағидалары, брокердің және (немесе) дилердің банк операцияларын жүргізу тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (Ерекше бөлім), "Бағалы қағаздар рыногы туралы" (бұдан әрі – Бағалы қағаздар нарығы туралы заң), "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасындағы бағалы қағаздар нарығында брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті (бұдан әрі – брокерлік және (немесе) дилерлік қызмет) жүзеге асыру талаптары мен тәртібін, сондай-ақ брокердің және (немесе) дилердің Қазақстан Республикасындағы банк операцияларын жүргізу тәртібін белгілейді.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Брокер және (немесе) дилердің iшкi құжаттарында бағалы қағаздардың орталық депозитарийiнiң, қор биржаның, клиринг ұйымының және (немесе) қаржы құралдарымен мәмілелер бойынша есеп айырысуды (төлемдерді) ұйымдастыруды жүзеге асыратын есеп айырысу ұйымының (бұдан әрі – есеп айырысу ұйымы) және (немесе) шетелдік есеп айырысу ұйымы электрондық құжаттармен алмасу жүйесіне кіру үшін рұқсаты (пайдаланатын парольдері) бар брокер және (немесе) дилердің қызметкерлерiнiң жауапкершiлiгi белгiленедi.

      Қағидалардың мақсаттары үшін шетелдік есеп айырысу ұйымы ретінде мыналар ұғынылады:

      Standard & Poor's агенттігінің халықаралық бойынша "ВВВ-"-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингтік бағасы немесе Moody's Іnvestors Servіce немесе Fіtch агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі;

      Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "А-"-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингтік бағасы немесе Moody's Іnvestors Servіce немесе Fіtch агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі;

      орталық депозитарий мәртебесі бар ұйым, осы заңды тұлға шыққан елдің шетелдік қадағалау органы Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының Консультациялар беру, ынтымақтасу және ақпаратпен алмасу мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы көпжақты меморандумға қол қойған;

      Бағалы қағаздар нарығы туралы заңның 59-бабының 1-тармағында белгіленген функцияларды жүзеге асыратын, Standard & Poor's агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "ВВВ"-дан төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингтік бағасы немесе Moody's Іnvestors Servіce немесе Fіtch агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар шетел ұйымы;

      Бағалы қағаздар нарығы туралы заңның 59-бабының 1-тармағында белгіленген функцияларды жүзеге асыратын, мынадай талаптарға сәйкес келетін шетелдік ұйым:

      осы заңды тұлға шыққан елде бағалы қағаздар нарығын реттеу, бақылау және (немесе) қадағалау функциясын жүзеге асыратын уәкілетті орган (бұдан әрі – шетелдік қадағалау органы) берген бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға лицензиясы (рұқсаты) бар;

      осы заңды тұлға шыққан елдің шетелдік қадағалау органы Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының Консультациялар беру, ынтымақтасу және ақпаратпен алмасу мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы көпжақты меморандумға қол қойған;

      Standard & Poor’s (Стандард энд Пурс) агенттігінің халықаралық шкаласы бойынша "А-"-тен төмен емес рейтингтік бағасы немесе Moody’s Investors Service (Мудис Инвесторс Сервис) немесе Fitch (Фич) агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар елде тіркелген заңды тұлға болып табылады, немесе мынадай бір немесе бірнеше халықаралық қаржы қауымдастығына мүшелігі бар: Капитал нарықтарының халықаралық қауымдастығы (ICMA), Валюта және ақша нарықтары кәсібилерінің халықаралық қауымдастығы (ACI the Financial Markets Association), Еуропа қаржы нарықтарының қауымдастығы (AFME), немесе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумағында тіркелген болып табылады";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Бірінші санатты брокер және (немесе) дилердің бірінші басшысы немесе оның брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыруға жетекшілік жасайтын орынбасары лауазымын осы брокер және (немесе) дилердің бөлімшелері біреуінің басшысы лауазымымен қоса атқаруға рұқсат етіледі. Бэк-офис құзыретіне жататын функциялар мен міндеттерді сауда бөлімшесінің қызметкерлеріне жүзеге асыруға, сондай-ақ брокердің және (немесе) дилердің бір бөлімше қызметкерлерінің құқықтары мен құзыреттерін басқа бөлімше қызметкерлеріне беруге (табыстауға) жол берілмейді.

      Брокер және (немесе) дилер брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметпен қоса атқарған кезде, бірінші басшыны қоспағанда, брокердің және (немесе) дилердің лауазымды тұлғасының инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызмет және брокерлік және (немесе) дилерлік қызмет мәселелеріне бір мезгілде жетекшілік етуіне жол берілмейді.

      Брокер және (немесе) дилер осы брокердің және (немесе) дилердің қызметкерлерімен жасасатын еңбек шартында немесе өзге де келісімде Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 29-бабының 2-тармағына сәйкес брокер және (немесе) дилер қызметкерінің валюталық және қор нарықтарында мәмілелер жасау саласында, оның ішінде сенімхат бойынша қызметті жүзеге асыратын үшінші тұлғаларға агенттік қызметтерді ұсынбауынан көрінетін бейбәсекелестік туралы талап көзделеді.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Брокерлік және дилерлік қызметті инвестициялық портфельді басқару қызметімен қоса атқаратын брокер және (немесе) дилер "Инвестициялық және венчурлік қорлар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабы 1-тармағының 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген себептер бойынша инвестициялық пай қорының қызметін тоқтату үшін негіздемелер туындаған кезде активтері өзінің басқаруындағы инвестициялық пай қорының қызметін тоқтатқан жағдайда, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру немесе одан айыру туралы уәкілетті органның хабарламасын алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы қордың активтерін есепке алуды жүзеге асыратын кастодианға кредиторлық және дебиторлық берешек сомалары, оның ішінде, кредиторлар, дебиторлар және "репо" операцияларына қатысқан адамдар туралы мәліметтерді қоса алғанда, "репо" операцияларын ашу шегінде пайда болған сома туралы ақпаратты жібереді.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Брокердің және (немесе) дилердің жарнамалық ақпаратты таратуы "Жарнама туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.";

      23-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23-1. Клиентпен брокерлік шарт брокер және (немесе) дилер "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тиісінше тексеру бойынша шаралар қабылдағаннан кейін жасалады.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Клиент брокерлік шарт жасау кезінде брокерге және (немесе) дилерге мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) жеке тұлғалар үшін:

      жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (сәйкестендіру үшін);

      2) Қазақстан Республикасының резидент- заңды тұлғалары үшін:

      жарғының көшірмесі (бар болса);

      заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы (қайта тіркеу) анықтаманың көшірмесі;

      қол қою (оның ішінде заңды тұлғаның клиенттік тапсырыстарға қол қою құқығы бар өкілдерінің) үлгілері бар, мына (мыналар) туралы мәліметтерді қамтитын нотариалды куәландырылған құжат:

      номиналды ұстаушының атауы;

      құжатқа қол қою құқығы берілетін номиналды ұстаушының клиенті - заңды тұлғаның атауы;

      номиналды ұстаушының клиенті өкілінің лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болса), жеке басын куәландыратын құжаттың деректері;

      осы құжаттағы қол қою үлгілері номиналды ұстау жүйесінде ашылған клиенттің жеке шоты бойынша барлық операцияларды жүзеге асыру кезінде міндетті болып саналатынына нұсқау;

      3) Қазақстан Республикасының бейрезидент-заңды тұлғалары үшін:

      жарғының көшірмесі (бар болса);

      бейрезидент мемлекетінің уәкілетті органы берген заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгенін растайтын құжаттың көшірмесі;

      қол қою (оның ішінде заңды тұлғаның клиенттік тапсырыстарға қол қою құқығы бар өкілдерінің) үлгілері бар құжат;

      брокерлік шарт жасайтын және өзге де іс-әрекеттерді жүзеге асыратын заңды тұлғаның өкіліне қатысты берілген заңды тұлғаның уәкілетті органының сенімхаты немесе шешімі;

      брокердің және (немесе) дилердің ішкі құжаттарында көзделген құжаттар.

      Брокер және (немесе) дилер клиентпен электрондық түрде брокерлік шарт жасау кезінде клиент осы тармақта көзделген құжаттардың электрондық көшірмелерін немесе жеке тұлғаның жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін және оның жеке сәйкестендіру нөмірін ұсынады.";

      мынадай мазмұндағы 27-1-тармақпен толықтырылсын:

      "27-1. Брокердің немесе дилердің ішкі құжаты кез келген клиенттің ақшасы мен бағалы қағаздарын өзге клиенттердің мүддесі үшін пайдалануға тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, брокерлік шартта брокердің және (немесе) дилердің Клиенттің ақшасын осы брокердің және (немесе) дилердің өзге клиенттерінің мүддесі үшін пайдалану мүмкіндігі туралы немесе оған тыйым салу туралы шарт көрсетіледі.

      Брокер және (немесе) дилер клиентінің ақшасы мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық талаптарында осы брокердің және (немесе) дилердің өзге клиенттерінің мүддесі үшін бағалы қағаздарды сатып алуға пайдаланылады.

      Брокерлік шартта өз ақшасын осы брокердің және (немесе) дилердің өзге клиентіне пайдалануға берген брокердің және (немесе) дилердің клиентіне сыйақы төлеу көзделеді.

      Ақшаны, өз міндеттемелерін пайдалануға алған клиент орындамаған кезде брокер және (немесе) дилер осы клиенттің міндеттемелерін өз активтері есебінен орындайды.

      Брокерлік шартта брокердің және (немесе) дилердің клиентінің бағалы қағаздарын осы брокердің және (немесе) дилердің өзге клиенттерінің мүдделерінде мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық талаптарында брокердің және (немесе) дилердің пайдалану мүмкіндігі туралы талап көрсетіледі.

      Брокерлік шартта өзінің бағалы қағаздарын осы брокердің және (немесе) дилердің өзге клиентіне пайдалануға берген брокердің және (немесе) дилердің клиентіне сыйақы төлеу көзделеді.

      Бағалы қағаздарды берген брокердің және (немесе) дилердің клиентіне бағалы қағаздарды пайдаланғаны үшін осы брокердің және (немесе) дилердің өзге клиенті сыйақы төлейді.

      Бағалы қағаздарды пайдалану кезеңінде бағалы қағаздарды берген брокердің және (немесе) дилердің клиентіне осы брокердің және (немесе) дилердің өзге клиенті ақша және (немесе) бағалы қағаздар түріндегі кепіл береді, оның төмендетілмейтін қалдығы брокердің және (немесе) дилердің ішкі құжаттарымен айқындалады.

      Бағалы қағаздарды пайдалануға алған клиент өз міндеттемелерін орындамаған кезде брокер және (немесе) дилер осы клиенттің міндеттемелерін өз активтері есебінен орындайды.";

      67-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "67. Брокер және (немесе) дилер осы брокердің және (немесе) дилердің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен мынадай есепке алу журналдарын жүргізу арқылы сенімді және өзекті (есеп деректерін өзгерту үшін негіздер туындаған күні) есепті жүргізеді:

      1) клиенттік тапсырыстар және олардың орындалуы (орындалмауы);

      2) қаржы құралдарымен жасалған мәмілелер және олардың орындалуы (орындалмауы);

      3) жеке шоттардағы қаржы құралдары және олардың санындағы өзгерістер;

      4) жеке шоттардағы ақша және олардың санындағы өзгерістер;

      5) қаржы құралдары бойынша түскен және бөлінген кірістер;

      6) клиенттердің наразылықтары және оларды қанағаттандыру шаралары;

      7) клиенттік тапсырыстардың орындалуы туралы клиенттер берген есептер;

      8) жасалған брокерлік шарттар және номиналдық ұстау шарттары;

      9) брокердің және (немесе) дилердің меншікті активтерінің есебінен жасалған мәмілелерге қатысты қабылданған инвестициялық шешімдер;

      10) басқа брокерге және (немесе) дилерге тапсырылған қаржы құралдарымен мәмілелер жасауға берілген бұйрықтар және (немесе) тапсырмалар;

      11) клиенттердің брокерге және (немесе) дилерге және (немесе) оның қызметкеріне (қызметкерлеріне) осындай клиенттер есебінен және мүдделерінде қаржы құралдарымен мәмілелер жасауға берген сенімхаттар;

      12) валюталық шарттар;

      13) брокер және (немесе) дилер осы брокердің және (немесе) дилердің басқа клиенттерінің мүдделері үшін пайдаланған клиенттің ақшасы;

      14) брокер және (немесе) дилер осы брокердің және (немесе) дилердің басқа клиенттерінің мүдделері үшін пайдаланған клиенттің бағалы қағаздары;

      15) бағалы қағаздарды берген брокердің және (немесе) дилердің клиентіне кепілге берілген бағалы қағаздар немесе ақша.

      Осы тармақтың 12) тармақшасында көрсетілген журналды жүргізуді брокер және (немесе) дилер уәкілетті органның шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға лицензиясы болған кезде жүзеге асырады.

      Осы тармақта аталған журналдарды электрондық құжат нысанында жүргізуге рұқсат беріледі.".

      2. "Эмитентке шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 ақпандағы № 252 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17844 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бағалы қағаздар нарығы субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидаларын бекіту туралы";

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Бағалы қағаздар нарығы субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Эмитентке шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары осы қаулыға қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын.

      2. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Бәсекелестікті қорғау және

      дамыту агенттігі

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің
Басқармасының
2022 жылғы 12 желтоқсандағы
№ 110 Қаулыға
қосымша

Бағалы қағаздар нарығының субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары

      1. Осы Бағалы қағаздар нарығы субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) бағалы қағаздар нарығы субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      2. Бағалы қағаздар нарығы субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану негіздері Заңның 3-1-бабының 1-тармағында белгіленген.

      3. Уәкілетті орган мынадай факторлардың бірін немесе бірнешеуін ескере отырып, бағалы қағаздар нарығы субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолданады:

      1) бағалы қағаздар нарығы субъектісі өз қызметін жүзеге асырған кезде бағалы қағаздар нарығы туралы және акционерлік қоғамдар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды орындамауы және (немесе) тиісінше орындамауы нәтижесінде азаматтардың, инвесторлардың, бағалы қағаздарды ұстаушылардың құқықтары мен еркіндіктерін бұзу, қоғамның мүдделеріне және мемлекетке залал келтіру түрінде жағымсыз салдардың туындау ықтималдығы түсінілетін тәуекел деңгейі;

      2) таңдап алынған шектеулі ықпал ету шарасын қолдану нәтижесінде жағдайды түзету қабілеті;

      3) бұзушылықтың сипаты және эмитент үшін ықтимал салдары;

      4) бұзушылықтың жиілігі мен ұзақтығы.

2-тарау. Жазбаша нұсқаманы қолдану тәртібі

      4. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығы субъектісіне анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгіленген мерзімде жоюға бағытталған, орындалуы міндетті түзету шараларын қолдануға және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары) белгіленген мерзімде ұсыну қажеттілігіне қатысты нұсқау қамтылатын жазбаша нұсқама береді.

      5. Түзету шаралары жазбаша нұсқамада көрсетіледі және бағалы қағаздарды ұстаушылар алдындағы міндеттемелерді орындау және (немесе) анықталған бұзушылықтарды жою бойынша орындалуға міндетті шараларды білдіреді.

      6. Бағалы қағаздар нарығының субъектісі уәкілетті органды жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде жазбаша нұсқаманың орындалғаны туралы жазбаша хабардар етеді.

      7. Егер жазбаша нұсқамада Іс-шаралар жоспарын ұсыну көзделген болса, бағалы қағаздар нарығының субъектісі жазбаша нұсқамада көрсетілген және 15 (он бес) жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде уәкілетті органға Іс-шаралар жоспарын ұсынады.

      8. Іс-шаралар жоспарында бағалы қағаздар нарығының субъектісінің түзету шараларын қабылдауға жауапты лауазымды тұлғасы және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шараларды орындау мерзімдері көрсетіледі.

      9. Уәкілетті орган ұсынылған Іс-шаралар жоспарын қарайды және ұсынылған Іс-шаралар жоспарымен келіспеген жағдайда бағалы қағаздар нарығының субъектісіне бағалы қағаздар нарығының субъектісі жоюы тиіс Іс-шаралар жоспарына ескертулер қамтылатын хат жібереді.

      10. Пысықталған Іс-шаралар жоспары уәкілетті органға уәкілетті органның хатын алған күннен кейін 15 (он бес) жұмыс күні ішінде ұсынылады.

      11. Бағалы қағаздар нарығының субъектісі Іс-шаралар жоспарында көрсетілген іс-шаралар орындалған күннен кейін 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органды Іс-шаралар жоспарында көрсетілген іс-шаралардың орындалғаны туралы жазбаша хабардар етеді.

      12. Бағалы қағаздар нарығы субъектісінің уәкілетті органға ұсынатын жазбаша нұсқамаға Іс-шаралар жоспарына бағалы қағаздар нарығы субъектісінің бірінші басшысы немесе оның орнындағы адам қол қоюға тиіс.

      13. Уәкілетті орган осы ескерту шығарылғаннан кейін 1 (бір) жыл ішінде жазбаша ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын қайталап бұзушылықты анықтаған жағдайда, уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектісіне қатысты Заңның 3-1-бабының 10-тармағында көзделген санкцияларды қолдану мүмкіндігі туралы жазбаша ескерту шығарады.

3-тарау. Жазбаша келісімді қолдану тәртібі

      14. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектісімен анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін және (немесе) бағалы қағаздар нарығының субъектісі анықталған бұзушылықтарды жойғанға дейін өзіне қабылдайтын шектеулердің тізбесін көрсете отырып, оларды жою қажеттігі және осы бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар тізбесін бекіту туралы жазбаша келісім жасайды. Жазбаша келісімге бағалы қағаздар нарығы субъектісінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қайталап бұзушылыққа әкеп соқтыратын іс-әрекеттерді жасамау міндеттемесі қосымша қосылады.

      Жазбаша келісімге қол қойған бағалы қағаздар нарығының субъектісі оның талаптарын орындау міндеттемелерін алады.

      15. Жазбаша келісім заңды күші бірдей, қазақ және орыс тілдерінде 2 (екі) данадан 4 (төрт) дана етіп жасалады.

      Уәкілетті орган қол қойған жазбаша келісімнің 4 (төрт) данасы бағалы қағаздар нарығы субъектісінің атына жіберіледі.

      Бағалы қағаздар нарығының субъектісі жазбаша келісімге қол қояды және оны алған күннен кейін 15 (он бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға қол қойылған 2 (екі) данасын (1 (бір) данадан қазақ және орыс тілдерінде) ұсынады.

      16. Бағалы қағаздар нарығының субъектісі жазбаша келісімде көзделген және 15 (он бес) жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде уәкілетті органды бұзушылықтарды жою шараларының орындалғаны туралы хабардар етеді.

      17. Бағалы қағаздар нарығы субъектісінің бірінші басшысы жазбаша келісімді алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде бағалы қағаздар нарығы субъектісінің атқарушы органының және басқару органының барлық мүшелеріне жазбаша келісімге қол қойылғаны туралы ақпарат жібереді.

4-тарау. Қорытынды ережелер

      18. Бұзушылықты бағалы қағаздар нарығының субъектісіне байланысты емес себептер бойынша Іс-шаралар жоспарында, жазбаша нұсқамада не жазбаша келісімде белгіленген мерзімдерде жою мүмкіндігі болмаған жағдайда, уәкілетті орган Іс-шаралар жоспарын, жазбаша нұсқаманы не жазбаша келісімді орындау мерзімін бағалы қағаздар нарығы субъектісінің өтінішхаты негізінде ұзартады.

      Мерзімді ұзарту туралы өтінішхат уәкілетті органға Іс-шаралар жоспарын, жазбаша нұсқаманы не жазбаша келісімді орындау мерзімінен кешіктірілмей ұсынылады.

      Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектісін Іс-шаралар жоспарын, жазбаша нұсқаманы немесе жазбаша келісімді орындау мерзімі қай күнге дейін ұзартылғаны туралы не көрсетілген мерзімді ұзартудан бас тарту туралы жазбаша хабардар етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады