Бағалы қағаздар нарығы субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 29 қазандағы № 252 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 30 қарашада № 17844 болып тіркелді.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.12.2022 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      РҚО-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.12.2022 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Бағалы қағаздар нарығы субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.12.2022 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Мына:

      1) "Бағалы қағаздар нарығының субъектісіне және (немесе) ірі қатысушы белгілеріне ие тұлғаға, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысына шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 26 шілдедегі № 183 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8699 болып тіркелген, 2013 жылғы 2 қазанда "Заң газеті" газетінде № 148 (2349) жарияланған);

      2) "Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 19 желтоқсандағы № 250 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13001 болып тіркелген, 2016 жылғы 12 ақпанда "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) бекітілген Өзгерістер енгізілетін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі 20-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      3. Банктік емес қаржы ұйымдарын реттеу департаменті (Көшербаева А.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;

      3) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2), 3) тармақшаларында және 4-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасы (Терентьев А.Л.) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ж.Б. Құрмановқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2018 жылғы 29 қазандағы
№ 252 қаулысымен
бекітілді

Бағалы қағаздар нарығының субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.12.2022 № 110 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы Бағалы қағаздар нарығы субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) бағалы қағаздар нарығы субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану тәртібін айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      2. Бағалы қағаздар нарығы субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолдану негіздері Заңның 3-1-бабының 1-тармағында белгіленген.

      3. Уәкілетті орган мынадай факторлардың бірін немесе бірнешеуін ескере отырып, бағалы қағаздар нарығы субъектісіне шектеулі ықпал ету шараларын қолданады:

      1) бағалы қағаздар нарығы субъектісі өз қызметін жүзеге асырған кезде бағалы қағаздар нарығы туралы және акционерлік қоғамдар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды орындамауы және (немесе) тиісінше орындамауы нәтижесінде азаматтардың, инвесторлардың, бағалы қағаздарды ұстаушылардың құқықтары мен еркіндіктерін бұзу, қоғамның мүдделеріне және мемлекетке залал келтіру түрінде жағымсыз салдардың туындау ықтималдығы түсінілетін тәуекел деңгейі;

      2) таңдап алынған шектеулі ықпал ету шарасын қолдану нәтижесінде жағдайды түзету қабілеті;

      3) бұзушылықтың сипаты және эмитент үшін ықтимал салдары;

      4) бұзушылықтың жиілігі мен ұзақтығы.

2-тарау. Жазбаша нұсқаманы қолдану тәртібі

      4. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығы субъектісіне анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды белгіленген мерзімде жоюға бағытталған, орындалуы міндетті түзету шараларын қолдануға және (немесе) анықталған бұзушылықтарды және (немесе) оларды жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – Іс-шаралар жоспары) белгіленген мерзімде ұсыну қажеттілігіне қатысты нұсқау қамтылатын жазбаша нұсқама береді.

      5. Түзету шаралары жазбаша нұсқамада көрсетіледі және бағалы қағаздарды ұстаушылар алдындағы міндеттемелерді орындау және (немесе) анықталған бұзушылықтарды жою бойынша орындалуға міндетті шараларды білдіреді.

      6. Бағалы қағаздар нарығының субъектісі уәкілетті органды жазбаша нұсқамада белгіленген мерзімде жазбаша нұсқаманың орындалғаны туралы жазбаша хабардар етеді.

      7. Егер жазбаша нұсқамада Іс-шаралар жоспарын ұсыну көзделген болса, бағалы қағаздар нарығының субъектісі жазбаша нұсқамада көрсетілген және 15 (он бес) жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде уәкілетті органға Іс-шаралар жоспарын ұсынады.

      8. Іс-шаралар жоспарында бағалы қағаздар нарығының субъектісінің түзету шараларын қабылдауға жауапты лауазымды тұлғасы және анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі іс-шараларды орындау мерзімдері көрсетіледі.

      9. Уәкілетті орган ұсынылған Іс-шаралар жоспарын қарайды және ұсынылған Іс-шаралар жоспарымен келіспеген жағдайда бағалы қағаздар нарығының субъектісіне бағалы қағаздар нарығының субъектісі жоюы тиіс Іс-шаралар жоспарына ескертулер қамтылатын хат жібереді.

      10. Пысықталған Іс-шаралар жоспары уәкілетті органға уәкілетті органның хатын алған күннен кейін 15 (он бес) жұмыс күні ішінде ұсынылады.

      11. Бағалы қағаздар нарығының субъектісі Іс-шаралар жоспарында көрсетілген іс-шаралар орындалған күннен кейін 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті органды Іс-шаралар жоспарында көрсетілген іс-шаралардың орындалғаны туралы жазбаша хабардар етеді.

      12. Бағалы қағаздар нарығы субъектісінің уәкілетті органға ұсынатын жазбаша нұсқамаға Іс-шаралар жоспарына бағалы қағаздар нарығы субъектісінің бірінші басшысы немесе оның орнындағы адам қол қоюға тиіс.

      13. Уәкілетті орган осы ескерту шығарылғаннан кейін 1 (бір) жыл ішінде жазбаша ескерту шығарылған бұзушылыққа ұқсас Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын қайталап бұзушылықты анықтаған жағдайда, уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектісіне қатысты Заңның 3-1-бабының 10-тармағында көзделген санкцияларды қолдану мүмкіндігі туралы жазбаша ескерту шығарады.

3-тарау. Жазбаша келісімді қолдану тәртібі

      14. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектісімен анықталған бұзушылықтарды жою мерзімдерін және (немесе) бағалы қағаздар нарығының субъектісі анықталған бұзушылықтарды жойғанға дейін өзіне қабылдайтын шектеулердің тізбесін көрсете отырып, оларды жою қажеттігі және осы бұзушылықтарды жою жөніндегі шаралар тізбесін бекіту туралы жазбаша келісім жасайды. Жазбаша келісімге бағалы қағаздар нарығы субъектісінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын қайталап бұзушылыққа әкеп соқтыратын іс-әрекеттерді жасамау міндеттемесі қосымша қосылады.

      Жазбаша келісімге қол қойған бағалы қағаздар нарығының субъектісі оның талаптарын орындау міндеттемелерін алады.

      15. Жазбаша келісім заңды күші бірдей, қазақ және орыс тілдерінде 2 (екі) данадан 4 (төрт) дана етіп жасалады.

      Уәкілетті орган қол қойған жазбаша келісімнің 4 (төрт) данасы бағалы қағаздар нарығы субъектісінің атына жіберіледі.

      Бағалы қағаздар нарығының субъектісі жазбаша келісімге қол қояды және оны алған күннен кейін 15 (он бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті органға қол қойылған 2 (екі) данасын (1 (бір) данадан қазақ және орыс тілдерінде) ұсынады.

      16. Бағалы қағаздар нарығының субъектісі жазбаша келісімде көзделген және 15 (он бес) жұмыс күнінен кем болмайтын мерзімде уәкілетті органды бұзушылықтарды жою шараларының орындалғаны туралы хабардар етеді.

      17. Бағалы қағаздар нарығы субъектісінің бірінші басшысы жазбаша келісімді алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде бағалы қағаздар нарығы субъектісінің атқарушы органының және басқару органының барлық мүшелеріне жазбаша келісімге қол қойылғаны туралы ақпарат жібереді.

4-тарау. Қорытынды ережелер

      18. Бұзушылықты бағалы қағаздар нарығының субъектісіне байланысты емес себептер бойынша Іс-шаралар жоспарында, жазбаша нұсқамада не жазбаша келісімде белгіленген мерзімдерде жою мүмкіндігі болмаған жағдайда, уәкілетті орган Іс-шаралар жоспарын, жазбаша нұсқаманы не жазбаша келісімді орындау мерзімін бағалы қағаздар нарығы субъектісінің өтінішхаты негізінде ұзартады.

      Мерзімді ұзарту туралы өтінішхат уәкілетті органға Іс-шаралар жоспарын, жазбаша нұсқаманы не жазбаша келісімді орындау мерзімінен кешіктірілмей ұсынылады.

      Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектісін Іс-шаралар жоспарын, жазбаша нұсқаманы немесе жазбаша келісімді орындау мерзімі қай күнге дейін ұзартылғаны туралы не көрсетілген мерзімді ұзартудан бас тарту туралы жазбаша хабардар етеді.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады