"Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 5-бабының 87) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 24.07.2023 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.1. "Қоса беріліп отырған техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар үшін өтемақылар төлеу арқылы қысқы және жазғы каникул кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі |
А. Аймагамбетов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы Мәдениет
және спорт министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы Денсаулық
сақтау министрлігі
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі 2022 жылғы 15 желтоқсандағы № 497 Бұйрығымен бекітілген |
Техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар үшін өтемақылар төлеу арқылы қысқы және жазғы каникул кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету қағидалары
1. Осы Техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар үшін өтемақылар төлеу арқылы қысқы және жазғы каникул кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету қағидалары (бұдан әрі – Қағида) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 87) тармақшасына сәйкес әзiрленген және техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде білім алушылар үшін өтемақылар төлеу арқылы қысқы және жазғы каникул кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль (таксиден басқа) көлігінде жеңілдікпен жол жүруді қамтамасыз ету тәртiбiн айқындайды.
Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Оқу-ағарту министрінің 24.07.2023 № 210 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2. Осы Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) білiм алушылар - техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi білім ұйымдарының студенттері;
2) жол жүру өтемақысы - мемлекеттік бiлiм беру тапсырысы негiзiнде білім алушыларға қалааралық темiржол және автомобиль көлiгiнде (таксиден басқа) қысқы және жазғы каникулдар кезеңiнде жол жүру құнының бөлiгiн өтеу үшін берілетін ақшалай төлем;
3) өтемақы төлеу жөніндегі ұйымдар-республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары.
3. Жол жүру өтемақысы республикалық және жергілiктi бюджеттер қаражаты есебiнен төленедi.
4. Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес мемлекеттік тапсырысты орындайтын бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жыл сайын республикалық және жергілiктi бюджеттердiң жобаларын әзiрлеу кезiнде білім алушыларға жол жүру үшін ақшалай өтемақыларды төлеуге арналған қаражатқа қажеттiлiк есебiн бюджеттiк жоспарлау жөнiндегi орталық және жергілiктi уәкілеттi органдарға ұсынады.
5. Жол жүруге өтемақы мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алушылардың мынадай санаттарына төленеді:
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу ұйымдарында күндізгі оқу нысанында оқитындарға жылына екі рет, қысқы және жазғы каникул кезеңінде, тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын бекітілетін айлық есептік көрсеткіштің (бұдан әрі - АЕК) 2 еселенген мөлшерінде;
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беретін оқу ұйымдарының басқа қалалардан келген түлектерге - жылына бір рет 2 еселенген АЕК мөлшерінде.
6. Білiм алушыларға жол жүру өтемақыларын төлеудi өтемақы төлеу жөнiндегi ұйымдар жыл сайын каникул кезеңі аяқталғаннан кейін бір ай ішінде бiлiм алушылардың карт-шотына аудару жолымен жүргiзедi.
Жол жүру ақысы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының оқу процесінің кестесіне сәйкес қысқы және жазғы каникул кезеңінде қалааралық теміржол және автомобиль көлігінде (таксиді қоспағанда) жол жүруді растайтын құжаттар (жол жүру билеті мен отырғызу талонының, автобуспен жол жүрген кезде тек жол жүру билетінің) болған жағдайда төленеді.
Басқа қаладан келген студенттер мен бітірушілерге жол жүру өтемақысы осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген құжаттарды ұсынбай, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының оқу процесінің кестесіне сәйкес олардың тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын "Ұлттық білім беру дерекқоры" ақпараттық жүйесінде қалыптастырылған деректер негізінде төленеді.
7. Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасына сәйкес қаржы жылы аяқталғаннан кейiн өтемақы төлеу жөнiндегi ұйымдар белгiленген тәртiппен бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне жол жүру өтемақыларын төлеуге арналған бюджеттiк қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп бередi.