Қазақстан Республикасының "Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" Заңының 16 бабының 4) тармақшасына сәйкес, Хромтау аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Хромтау ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алудың тәртібі мен мөлшері, осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Хромтау аудандық мәслихатының хатшысы |
Д. Мулдашев |
Хромтау аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 8 қарашадағы № 274 Шешіміне қосымша |
Хромтау ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері
1. Осы Хромтау ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі және мөлшері Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 84 "Әлеуметтік – еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22394 болып тіркелген) бекітілген "Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына (бұдан әрі –шығындарды өтеу қағидалары) сәйкес әзірленді.
2. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алуды (бұдан әрі-оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алу) "Хромтау ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі мүгедектігі бар баланың үйде оқу фактісін растайтын оқу орынының анықтамасы негізінде жүргізеді.
3. Оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алу (толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы мүгедектігі бар балалардан және оларға қатысты ата-аналары ата-ана құқығынан айырылған мүгедектігі бар балалардан басқа) отбасының табысына қарамастан мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне беріледі.
4. Шығындарды өтеу өтініш берілген айдан бастап мүгедектігі бар баланы үйде оқыту фактісін растайтын оқу орнынан анықтамада көрсетілген мерзім аяқталған айға дейін жүргізіледі.
Ескерту. 4 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Хромтау аудандық мәслихатының 15.12.2023 № 99 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).5. Шығындарды өндіріп алуды тоқтатуға әкеп соққан жағдайлар бар болғанда (мүгедектігі бар баланың он сегіз жасқа толуы, мүгедектік мерзімінің аяқталуы, мүгедектігі бар баланың мемлекеттік мекемелерде оқып жатқан кезеңі, мүгедектігі бар баланың қайтыс болуы) төлем тиісті жағдайлар туындағаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.
6. Үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу үшін өтініш беруші "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес ақционерлік қоғамы немесе "электрондық үкімет" веб-порталына (бұдан әрі – Портал) Шығындарды өтеу қағидаларының 3-қосымшаға сәйкес "Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген құжаттарды қоса Шығындарды өтеу қағидаларының 1 немесе 2-қосымшаларына сәйкес нысан бойынша өтінішпен жүгінеді.
Өтініш беруші мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша төлемді тағайындау үшін портал арқылы жүгінген кезде ұсынылған мәліметтерді растау және Шығындарды өтеу қағидаларының 2-қосымшасына сәйкес өтініш нысанында көзделген қажетті мәліметтерді алу үшін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салуды өтініш берушінің өзі жүзеге асырады.
Ескерту. 6 тармақ жаңа редакцияда - Ақтөбе облысы Хромтау аудандық мәслихатының 15.12.2023 № 99 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).7. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу оқу жылы ішінде тоқсан сайын әр мүгедектігі бар балаға сегіз айлық есептік көрсеткішке тең.
8. Оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алудан бас тарту негіздері шығындарды өтеу Қағидаларының 3-қосымшасының тоғызыншы жолында көзделген.