"Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Ұлытау облыстық мәслихатының 2022 жылғы 10 қазандағы № 8/47 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 11 қазанда № 30103 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 12-2) тармақшасына сәйкес Ұлытау облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру қағидалары осы шешімінің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлытау облыстық мәслихатының хатшысы Б. Шингисов

  Ұлытау облыстық
мәслихатының
2022 жылғы 10
қазандағы
№ 8/47
шешіміне қосымша

"Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру қағидалары (бұдан әрі – қағидалары) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес әзірленді және "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру тәртібін реттейді.

      2. "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын (бұдан әрі – Атақ) беру маңызды моральдық ынталандырудың бірі, еңбек сіңірген азаматтардың жемісті қызметін, олардың қабілетін, дарыны мен бастамашылығын қоғамдық танудың көрінісі болып табылады.

2. Атақты беру тәртібі

      3. Атақ облыс ( қала, аудан) алдындағы ерекше сіңірген еңбегінің белгісі ретінде:

      жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару саласындағы мемлекет, саяси және қоғам қайраткерлеріне өздері қызмет атқарған кезде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін;

      қоғамдық қызметтегі, аймақтың рухани және интеллектуалдық әлеуетін дамытудағы жетістіктері, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша белсенді қызметі, қайырымдылық қызметі мен мейірімділігі үшін;

      денсаулық сақтауды, спортты, ғылымды, техниканы, әдебиетті, өнерді және қызметтің басқа да түрлерін дамытуға үлес қосқаны үшін;

      өскелең ұрпақтың бойында патриотизм мен азаматтық сезімін қалыптастыруға, сонымен қатар білім беру сапасын жетілдіруге және арттыруға үлес қосқаны үшін;

      тәуелсіз егемен Қазақстанның ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайтудағы, тұтастығын сақтаудағы жемісті еңбегі үшін.

      4. "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағы өмір бойы болып табылады және иесінің қайтыс болуымен тоқтатылады.

      5. Атақ беру туралы қолдаухатты кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің еңбек ұжымдары ұсына алады. Қолдаухатқа тиісті тұлға қол қояды және облыс (қала, аудан) әкіміне жіберіледі.

      Қолдаухатта кандидаттың өмірбаяндық негізгі мәліметтері, оның облыс (қала, аудан) алдындағы жетістіктері мен сіңірген еңбегін сипаттайтын дәлелді құжаттары қоса тіркеліп, сонымен қоса:

      1) мінездеме, кандидаттың өмірбаяны, мемлекеттік және басқа да наградаларының тізбесі;

      2) жиналыс шешімінің хаттамасы;

      3) соттылығы, әкімшілік жаза туралы мәліметтер, кандидаттың көлемі 3х4 сантиметр (2 дана) фотосуреттері тіркеледі.

      6. Атағын беру туралы өз кандидатураларын ұсынған адамдардан келіп түскен қолдаухаттар қаралмайды.

      Үміткерлерде бұрын берілген ұқсас атақтардың болмауы атақ беру үшін шарт болып табылады.

      7. Өтініштерді облыс (қала, аудан) әкімі құрған тиісті комиссиялар қарайды. Комиссия төрағасы облыс (қала, аудан) әкімінің орынбасарынан төмен емес тұлға болуы тиіс. Комиссия мүшелерінің саны кемінде 5 (бес) және тақ болуға тиіс.

      8. Комиссия шешімі көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      9. Комиссияның шешімі ұсынымдық сипатта болады және оның барлық мүшелері қол қоятын хаттамамен ресімделеді.

      10. Комиссия облыс (қала, аудан) әкіміне Атақ беру туралы ұсынысты тиісті мәслихаттың қарауына енгізуді немесе тиісті себептерін көрсете отырып, оны қабылдамауды ұсынады.

      11. Атақты облыс (қала, аудан) әкімінің ұсынысы бойынша жыл сайын тиісті мәслихатпен беріледі, облыс бойынша, облыс қалалары бойынша, облыс аудандары бойынша сәйкесінше бес азаматтан артық емес болуы керек.

      Атақты беру туралы мәселені қарау және шешім қабылдау Атаққа ұсынылған тұлғаның қатысуынсыз жүзеге асырыла алады.

      Атақ беру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік және ұлттық мерекелеріне орайластырылады.

      12. Атақ беру туралы тиісті мәслихаттың шешімі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

      13. Атақ берілуі мүмкін емес:

      1) Атаққа ұсыну сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте соттылық мерзімі өтелмеген немесе алынбаған тұлғаларға;

      2) сот арқылы іс-әрекетке қабылетсіз немесе іс-әрекетке қабылеті шектеулі деп танылған тұлғаларға;

      3) Атаққа ұсыну сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте әкімшілік жазасы өтелмеген немесе алынбаған тұлғаларға.

3. Төсбелгі мен куәлікті беру тәртібі

      14. Атаққа ие болған тұлғаға облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы төсбелгісі мен куәлігін облыс (қала, аудан) әкімі және тиісті мәслихат төрағасы салтанатты түрде тапсырады.

      Облыстың (қаланың, ауданның) Құрметті азаматы куәлігіне облыс (қала, аудан) әкімі мен тиісті мәслихат төрағасы қол қояды.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - Ұлытау облыстық мәслихатының 18.05.2023 № 2/30 (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      15. Атаққа ие болғандардың есімдері хронологиялық тәртіппен облыстың (қаланың, ауданның) Құрмет Кітабына енгізіледі.

      16. Төсбелгілер мен оларға куәліктерді дайындау, облыстың (қаланың, ауданның) Құрмет Кітабын ресімдеу және оны лайықты түрде ұстау облыс (қала, аудан) әкімі аппаратына жүктеледі.

      17. Төсбелгілер мен оларға куәліктерді дайындау, Құрмет Кітабын ұстау шығындарын қаржыландыру тиісті жергілікті бюджеттің есебінен жүзеге асырылады.

      18. Атақ беруге негіз болған сіңірген еңбектері көрсетіле отырып, атаққа ие болған барлық адамдар туралы мәліметтер "Облыстың (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" кітабында орналастырылады.

4. Атақтан айыру негізі

      19. Атаққа ие болған тұлға тиісті мәслихаттың шешімі бойынша мына жағдайларда одан айрылады:

      1) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда;

      2) Атақ беру туралы қолдаухат енгізген органның ұсынысы бойынша үлкен қоғамдық көзқарас туғызатын теріс әрекеттер жасаған жағдайда.

      20. Осы қағидаларының 19 тармағында көзделген негіздер бойынша Атақтан айрылған тұлға Атаққа беруге қайта ұсынылмайды.

      21. Заңсыз сотталған және толық ақталған адамдарға Атақ құқығы толық қалпына келтіріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады