"Әлеуметтік көмек көрсету оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидаларын бекіту туралы" Жаңақорған аудандық мәслихатының 2020 жылғы 2 қазандағы № 495 шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық мәслихатының 2022 жылғы 8 маусымдағы № 241 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 17 маусымда № 28516 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық мәслихатының 2023 жылғы 13 қазандағы № 94 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық мәслихатының 13.10.2023 № 94 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Жаңақорған аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. "Әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау Қағидаларын бекiту туралы" Жаңақорған аудандық мәслихатының 2020 жылғы 2 қазандағы № 495 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7718 болып тіркелген) келесі өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Жаңақорған аудандық мәслихатының хатшысы Г. Сопбеков

  Жаңақорған аудандық маслихатының
2022 жылғы 8 маусымдағы
№ 241 шешіміне қосымша
  Жаңақорған аудандық мәслихатының
2020 жылғы 2 қазандағы
№ 495 шешімімен бекітілген

Жаңақорған ауданының әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың қағидалары (бұдан әрi - Қағидалар) "Әлеуметтiк көмек көрсетудiң, оның мөлшерлерiн белгiлеудiң және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың үлгiлiк қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына (бұдан әрi – Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтiк көмек көрсетудің, оның мөлшерлерiн белгiлеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындаудың тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негiзгi терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкiмет" мемлекеттiк корпорациясының (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөрiс деңгейi - "Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментi" республикалық мемлекеттiк мекемесi есептейтiн, мөлшерi бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төменгі ақшалай кiрiс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы - отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмiрдегі қиын жағдай - азаматтың тыныс-тiршiлiгiн объективтi түрде бұзатын, ол өз бетiнше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкiлеттi орган - Жаңақорған ауданы әкімдігінің "Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтiк бағдарламалар және азаматтық хал актiлерiн тiркеу бөлiмi" коммуналдық мемлекеттiк мекемесi;

      8) учаскелiк комиссия - әлеуметтiк көмек алуға өтiнiш бiлдiрген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргiзу және қорытындылар дайындау үшiн кент, ауылдық округ әкiмiнiң шешiмдерiмен құрылатын комиссия;

      9) шекті шама - әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ, мереке күндерге ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.

      5. "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

2- тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу

      6. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 9 мамыр - Жеңіс Күні:

      Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, атап айтқанда Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшілерге, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне - 1 000 000 (бір миллион ) теңге және 40 (қырық) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;

      Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне, атап айтқанда Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары аудандарында, майдан маңындағы теміржол учаскелеріндегі, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылыс жайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілеріне, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілеріне – 1 000 000 (бір миллион) теңге және 40 (қырық) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдарға – 100 000 (жүз мың) теңге және 30 (отыз) айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде;

      1941 жылғы 22 маусым - 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінің немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамның екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетіндерді қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан, басқа кезеңдерде немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан әскери қызметтің өзге де міндеттерін атқаруы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлерге - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986 - 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, сондай-ақ азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілерден басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар мен жаттығуларға тікелей қатысқан адамдарға - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдарға және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балаларына - 30 (отыз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектердiң, сондай-ақ қайтыс болуы белгiленген тәртiппен солардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      2) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, адамдарға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      саяси қуғын-сүргін құрбандары, мүгедектегі бар немесе зейнеткер болып табылатын, "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен адамдарға біржолғы - 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      7. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаждардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:

      1) азаматқа (отбасына) өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап өтініш көрсету мерзімі үш айдан кешіктірмей, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан өрт оқиғасы орын алған мекен-жай бойынша әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай көрсетіледі:

      қайтыс болған әрбір отбасы мүшесіне - бір рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;

      оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда (растайтын құжат болған жағдайда) 150 (жүз елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) өмірлік қиын жағдайда, оның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі деп танылған азаматтар (отбасыларға):

      туберкулез ауруымен диспансерлік есепте тұрған адамдарға әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, ай сайын 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      гемобластоздар мен апластикалық анемияны қосқанда гемотологиялық аурулармен диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне ай сайын жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай - 7,6 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      диспансерлік есепте тұрған адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алынбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде ай сайын.

      8. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздемелер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      9. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша ЖАО бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      10. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Жаңақорған ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.

      11. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиясы бар ұйымдар арқылы әлеуметтік көмек алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

      12. Әлеуметтiк көмек:

      1) әлеуметтік көмек алушы қайтыс болған;

      2) әлеуметтік көмек алушы ауданның шегiнен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) әлеуметтік көмек алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiберген;

      4) әлеуметтік көмек алушы ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтiк көмектi төлеу көрсетiлген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      13. Артық төленген сомалар ерiктi түрде немесе Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген тәртiппен қайтарылуға жатады.

3-тарау. Қорытынды ереже

      14. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорларын пайдалана отырып жүргiзедi.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады