Шиелі аудандық мәслихатының 2021 жылдың 12 қарашадағы № 14/2 "Шиелі ауданында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібін және мөлшерін айқындау туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қызылорда облысы Шиелі аудандық мәслихатының 2022 жылғы 16 қыркүйектегі № 27/4 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 19 қыркүйекте № 29654 болып тіркелді

      Шиелі аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Шиелі аудандық мәслихатының "Шиелі ауданында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібін және мөлшерін айқындау туралы" 2021 жылдың 12 қарашадағы № 14/2 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25321 болып тіркелді) келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешімнің тақырыбы жаңа редакцияда жазылсын:

      "Шиелі ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібін және мөлшерін айқындау туралы";

      шешімнің қосымшасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Шиелі аудандық мәслихат хатшысы Т. Жағыпбаров

  Шиелі аудандық мәслихатының
2022 жылғы 16 қыркүйектегі
№ 27/4 шешіміне қосымша
  Шиелі аудандық мәслихатының
2021 жылғы 12 қарашадағы
№ 14/2 шешіміне қосымша

Шиелі ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі және мөлшері

      1. Осы Шиелі ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 84 "Әлеуметтік – еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы" бұйрығымен бекітілген "Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22394 болып тіркелген) мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына (әрі қарай-шығындарды өтеу қағидалары) сәйкес әзірленді.

      2. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу (бұдан әрі-оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу) мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды үйде оқу фактісін растайтын оқу орнының анықтамасы негізінде "Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесімен жүзеге асырылады.

      3. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу (толық мемлекеттің қамтамасыз етуіндегі мүгедектігі бар балалардан және оларға қатысты ата-аналары ата-ана құқығынан айырылған мүгедектігі бар балалардан басқа) үйде оқытылатын кемтар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге заңды өкілдеріне отбасының табысына қарамастан беріледі.

      4. Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысында белгіленген мерзім аяқталғанға дейін өтініш берген айдан бастап жүргізіледі.

      5. Шығындарды тоқтатуға әкеп соққан жағдайлар бар болғанда (мүгедектігі бар балалардың он сегіз жасқа толуы, мүгедектік мерзімінің аяқталуы, мүгедектігі бар баланың мемлекеттік мекемелерде оқып жатқан кезеңі, мүгедектігі бар баланың қайтыс болуы, басқа елді мекендерге көшу не тұтастай Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге көшуі) төлемдер тиісті жағдайлар туындағаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      6. Оқытуға жұмсаған шығындарды өндіріп алу үшін қажетті құжаттар тізбесі шығындарды өтеу қағидаларының 3-қосымшасына сәйкес ұсынылады, бұл ретте қандастармен жеке басын сәйкестендіру үшін жеке басын куәландыратын құжаттың орнына қандас куәлігі ұсынылады.

      7 Оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу мөлшері әр мүгедектігі бар балаға тоқсанына тоғыз айлық есептік көрсеткішке тең.

      8. Оқытуға жұмсаған шығындарды өтемеу негіздері шығындарды өтеу қағидаларының 3-қосымшасының тоғызыншы жолында көзделген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады