Тимирязев аудандық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы № 50/3 "Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 2022 жылғы 18 сәуірдегі № 11/4 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 22 сәуірде № 27707 болып тіркелді. Күші жойылды - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 2023 жылғы 28 қарашадағы № 8/8 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының 28.11.2023 № 8/8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Тимирязев аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Тимирязев аудандық мәслихатының "Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 23 желтоқсандағы № 50/3 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6862 болып тіркелген) шешіміне мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген шешімге қосымша осы шешімге қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. "Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев аудандық мәслихатының аппараты" коммуналдық мемлекеттік мекемесіне Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен:

      1) осы шешімнің Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы шешімді Тимирязев аудандық мәслихаты аппаратының интернет-ресурсанда және жергілікті баспа басылымдарында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудандық мәслихат хатшысы А. Асанова

  Тимирязев аудандық мәслихаты
  2022 жылғы 18 сәуірдегі № 11/4
  2022 жылғы шешіміне
  Қосымша
  Солтүстік Қазақстан облысы
  Тимирязев аудандық мәслихатының
  23 желтоқсандағы № 50/3
  шешімімен бекітілген

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      1. Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы негізінде және "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына (бұдан әрі – Үлгі қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

      1-тарау. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі-уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен қаржылық кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық үлесі;

      6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – "Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      Әлеуметтік көмек деп жергілікті атқарушы орган мұқтаждардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған кезде, сондай-ақ мереке күндерінде ақшалай нысанда көрсетілетін көмек түсініледі.

      3. Осы Қағидалар Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының аумағында тұрақты тұратын адамдарға таралады.

      4. "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек біржолғы және (немесе) кезең-кезеңмен (ай сайын) беріледі.

      2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Алушылардың санатының тізбесі және әлеуметтік көмектің шекті мөлшері осы Қағидалармен бекітіледі.

      7. Мереке күніне әлеуметтік көмек біржолғы мереке күніне келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алғандар, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналарға - 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалары бар көп балалы отбасыларға – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне:

      бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) Қорғаныс министрлігіне, Ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарына әскери міндеттілердің жиындарына шақырылған, қоғамға жат көріністерге байланысты төтенше жағдайлар кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбіт уақытта әскери қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің отбасыларына - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 9 мамыр - Жеңіс күніне орай:

      Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, атап айтқанда Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағын қорғау жөніндегі басқа да ұрыс операциялары кезінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшілерге, Ұлы Отан соғысының партизандары мен жасырынып жұмыс істеушілеріне – 1 000 000 (бір миллион) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне, атап айтқанда Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары аудандарында, майдан маңындағы темiржол учаскелерінде, қорғаныс шептерiнің, әскери-теңiз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшiлерiне, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерiне, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшiлеріне – 1 000 000 (бір миллион) теңге мөлшерінде;

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының әскерлері мен ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдарына - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдарға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерiне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерiне - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен марапатталған азаматтарға - 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындарға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан не майданда болуына немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген мемлекеттерде қызметтік мiндеттерiн орындауына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған бұрынғы КСР Одағының мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтар – 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедек болған адамдарға - 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасылары, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына - 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен марапатталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбы) - 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталған адамдарға - 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталмаған адамдарға – 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тікелей қатысқан адамдарға - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдарға және ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуы себебінен генетикалық жағынан мүгедек болып қалған олардың балаларына - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және басқа да радиациялық апаттар мен азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі авариялардың зардаптарын жою кезінде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың әсеріне белгіленген тәртіппен байланысты болған сәуле ауруының салдарынан қайтыс болған немесе қайтыс болған мүгедектердің отбасыларына - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1988-1989 жылдардағы Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардаптарын жоюға қатысушылар, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына эвакуацияланған (өз еркімен кеткен) адамдарға - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы үкіметтік органдарының шешімдеріне сәйкес басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-теңіз флотының, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қызметшілеріне, бұрынғы КСР Одағы ішкі істер министрлігінің басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшілерді қоса алғанда) – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлерге – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен марапатталған жұмысшылар мен қызметшiлерге - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде орындау кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттерде әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшілерге - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      басқа елдерде әрекет еткен әскери құрамдарға қызмет көрсеткен және ұрыс қимылдарын жүргізу кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан мүгедек болған тиісті санаттағы жұмысшылар мен қызметшілерге – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезеңінде жаралану, контузия алу, мертігу, ауру салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлерге - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерiне - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Тәжік-Ауған учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Таулы Қарабақтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының әскери қызметшілеріне, сондай-ақ басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай:

      Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлері - 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдарға - 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға, облыстық,ауданның маңызы бар дербес зейнеткер мәртебесі бар зейнеткерлерге, облыстың, қаланың құрметті азаматтарына - 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы өтемақылар төленеді;

      5) 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне:

      бұрынғы КСР Одағы аумағында саяси қуғын-сүргіндерге тікелей ұшыраған және қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын адамдарға - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Қазақстан Республикасының қазіргі аумағын құрайтын аумақта оларға қуғын-сүргін қолданылғанға дейін тұрақты тұрған адамдарға 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде:

      бұрынғы КСР Одағынан тысқары жерлерде қуғын-сүргіндерді кеңес соттары мен басқа да органдардың қолдануы;

      Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде (қарапайым адамдар мен әскери қызметшілерді) тұрақты армия әскери трибуналдарының айыптауы;

      Қазақстаннан тыс жерлерде әскери қызмет өткеру үшін шақырылғаннан кейін қуғын-сүргіндерді қолдануы;

      орталық одақтық органдардың шешімдері бойынша қуғын-сүргіндердің қолданылуы: КСР Одағы Жоғарғы Сотының және оның сот алқаларының, КСР Одағы біріккен мемлекеттік саяси басқармасының алқаларының, ішкі істер халық комиссариаты - мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі - КСР Одағының ішкі істер Министрлігі жанындағы ерекше кеңестің, КСР Одағы прокуратура комиссиясының және КСР Одағы ішкі істер халық комиссариатының Тергеу Істері жөніндегі комиссиясының және басқа да органдардың;

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, қуғын-сүргіндердің қолданылуы жағдайларында танылады;

      КСР Одағы мемлекеттік өкіметтің жоғары органдарының актілері негізінде Қазақстанға және Қазақстаннан күштеу арқылы құқыққа қарсы қоныс аударуға ұшыраған адамдарға - 15 (он бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      ата-аналарымен бірге немесе олардың орнындағы адамдармен бірге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған Саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балаларына, сондай-ақ қуғын-сүргін кезінде он сегіз жасқа толмаған және оны қолдану нәтижесінде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балаларына – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      8. Әлеуметтік көмек азаматтардың санаттарына ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің бір еселік шегінен аспайтын адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын ескере отырып, мынадай негіздер бойынша көрсетіледі:

      жетімдiк және ата-ана қамқорлығының болмауы – жылына бір рет 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;

      кәмелетке толмағандардың қадағалаусыз қалуы, оның ішінде девиантты мінез-құлық; кәмелетке толмағандардың арнаулы білім беру ұйымдарында, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарында болуы; балалардың туғаннан бастап үш жасқа дейінгі ерте психофизикалық даму мүмкіндіктерін шектеу; дене және (немесе) ақыл-ой мүмкіндіктерімен байланысты организм функцияларының тұрақты бұзылуы; әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі; бұрын ауырған ауруы және (немесе) мүгедектігі салдарынан егде жасына байланысты өзіне-өзі қызмет көрсете алмауы; әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгездік; адамның (отбасының) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің бір еселік шегінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысын ескере отырып, азаматтарға – жылына бір рет 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;

      панасыздық (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдар), бас бостандығынан айыру орындарынан босату, пробация қызметінде есепте болу – өмірлік қиын жағдай туындаған күннен бастап өтініш көрсету мерзімі алты айдан кешіктірмей біржолғы 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      9. Өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтардың мынадай санаттарына табыстарын есепке алмай көрсетіледі:

      АИТВ-инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы ұсынатын тізім негізінде тұрақты күтім жасау және қосымша күшейтілген тамақтану үшін адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауруы бар балаларға ай сайын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 2 (екі) еселенген мөлшерінде жәрдемақы төленеді;

      азаматқа (отбасына) өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап өтініш көрсету мерзімі алты айдан кешіктірмей дүлей зілзаланың немесе өрттің салдарынан оларға не олардың мүлкіне зиян келтіргені бойынша - тұрғын үй (тұрғын үй құрылысы) меншік иелерінің біріне 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді;

      "Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің "Тимирязев аудандық ауруханасы" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны ұсынған тізімдер негізінде туберкулезбен ауыратын және амбулаториялық емделуде жүрген азаматтарға қосымша тамақтануға – ай сайын 6 (алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      10. Біржолғы әлеуметтік көмек азаматтардың мынадай санаттарына табыстарын есепке алмай көрсетіледі:

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4,5-баптарында көрсетілген Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне тісті протездеуге ақы төлеу үшін ұсынылған шот-фактураға сәйкес (бағалы металдар мен металл керамикадан, металл акрилден жасалған протездерден басқа) тісті протездеудің құны мөлшерінде кезектілік тәртібімен ;

      "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4,5-баптарында көрсетілген басқа мемлекеттердің аумағындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ұрыс қимылдарының ардагерлеріне Қазақстан Республикасының санаторийлерінде (профилакторийлерінде) санаторий-курорттық емделуге өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша емдеу-профилактикалық мекеменің ұсынымдарына сәйкес санаторий-курорттық емделу құны мөлшерінде, бірақ кезектілік тәртібімен 50 (елу) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын кіріс есебінсіз санаторий-курорттық картадан үзінді көшірме ұсынумен.

      2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде табыстарын есепке алмай, Уәкілетті ұйым ұсынатын тізім бойынша азаматтардан өтініштер мен қоса берілетін құжаттарды талап етпей, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне коммуналдық қызметтерге және отын сатып алуға ақы төлеуге міндетті.

      11. Адамның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа табысын есептеу "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2009 жылғы 28 шілдедегі № 237-ө бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5757 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға үміткер адамның (отбасының) жиынтық табысын есептеу қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      12. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      13. Мереке күндеріне және даталарына әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер мен қоса берілетін құжаттар талап етілмей, уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының әкімдігі бекітетін тізім бойынша көрсетіледі.

      14. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Тимирязев ауданының бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      Әлеуметтік көмекті төлеуді уәкілетті орган екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы өтініш берушілердің жеке шоттарына сомаларды аудару жолымен жүзеге асырады.

      15. Әлеуметтік төлемдер 451-007-000 "Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек" бюджеттік бағдарламасы бойынша жүзеге асырылады.

      4-тарау. Ұсынылған әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер

      16. Әлеуметтік көмек мына жағдайларда тоқтатылады:

      1) алушы қайтыс болғанда;

      2) алушы Тимирязев ауданынан тыс жерге тұрақты тұруға кеткенде;

      3) алушыны мемлекеттік немесе жеке медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберген кезде;

      4) өтініш беруші жалған мәліметтерді ұсынғаны анықталғанда;

      Әлеуметтік көмекті төлеу көрсетілген жағдайлар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      17. Артық төленген сомалар ерікті негізде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгілеген өзге де тәртіппен қайтарылуға жатады.

      5-тарау. Қорытынды ереже

      18. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады