"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына және "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабының 5-тармағына сәйкес, Уәлиханов аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Уәлиханов ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшері осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Уәлиханов аудандық мәслихатының хатшысы | М. Абдулов |
Уәлиханов аудандық мәслихатының | |
2022 жылғы 19 мамырдағы № 2-18 c | |
шешіміне қосымша |
Уәлиханов ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына бюджет қаражаты есебінен коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету тәртібі мен мөлшері
1. Жалпы ережелер
1. Коммуналдық қызметтерді төлеу және отын сатып алу бойынша әлеуметтік қолдау (бұдан әрі – әлеуметтік қолдау) Уәлиханов ауданының ауылдық елді мекендерінде тұратын және жұмыс істейтін мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының мамандарына (бұдан әрі - мамандар) көрсетіледі.
2. Мамандарға әлеуметтік қолдау көрсету "Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" коммуналдық мемлекеттік мекемесімен (бұдан әрі - уәкілетті орган), осы мақсаттарға аудандық бюджетте көзделген қаражат шегінде жүзеге асырылады.
2. Әлеуметтік қолдауды көрсету тәртібі
3. Әлеуметтік қолдау мемлекеттік денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария ұйымдарының бірінші басшыларымен бекітілген тізімдер негізінде мамандардан өтініштер талап етілмей көрсетіледі.
4. Әлеуметтік қолдау екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиясы бар ұйымдар арқылы мамандардың жеке шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.
3. Әлеуметтік қолдау көрсету мөлшері
5. Мамандарға әлеуметтік қолдау жылына бір рет бюджет қаражаты есебінен 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.