Ескерту. Күші жойылды - Түркістан облысы Мақтаарал аудандық мәслихатының 14.09.2023 № 6-42-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешiмiмен.
Мақтаарал ауданының мәслихаты ШЕШТІ:
1. Мақтаарал ауданы мәслихатының "Мақтаарал ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2021 жылғы 2 сәуірдегі № 4-27-VII (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6171 болып тіркелген) шешiмiне келесі өзгеріс енгізілсін:
жоғарыда көрсетілген шешіммен бекітілген Мақтаарал ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Мақтаарал аудандық мәслихатының хатшысы | К. Сарсекбаев |
Мақтаарал аудандық мәслихатының 2022 жылғы 3 шілдедегі №21-130-VII шешіміне қосымша |
|
Мақтаарал аудандық мәслихатының 2021 жылғы 2 сәуірдегі № 4-27-VII шешімімен бекітілген |
Мақтаарал ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мақтаарал ауданында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.
2. Әлеуметтік көмек Мақтаарал ауданының аумағында тұрақты тұратын, мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетіледі.
3. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша аудан әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;
3) ең төмен күнкөріс деңгейі – "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;
4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;
5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;
6) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;
7) уәкілетті орган – Мақтаарал ауданы әкімдігінің "Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;
9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.
Осы Қағидаларда қолданылатын басқа да ұғымдар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен белгіленген мазмұнында қолданылады.
4. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы органмен мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі - әлеуметтік көмек алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күндерге заттай нысанда немесе ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.
5. "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.
6. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді ай сайын көрсетіледі.
2- тарау. Әлеуметтік көмек көрсету, мұқтаж алушылардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі
7. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек бір рет ақшалай төлем түрінде келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
1) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні:
көп балалы аналарға, оның ішінде "Алтын алқамен", "Күміс алқамен" наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған - 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні:
1986-1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдарға – 30 000 (отыз мың) теңге;
3) 9 мамыр - Жеңіс күні:
Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне - 1 000 000 (бір миллион) теңге;
екінші рет некеге тұрмаған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестiрiлген адамның жұбайына (зайыбына), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетіндерін қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, Ұлы Отан соғысының қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен және "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың жұбайына (зайыбына) – 60 000 (алпыс мың) теңге;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі - КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға – 30 000 (отыз мың) теңге;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға – 30 000 (отыз мың) теңге;
екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына - 100 000 (жүз мың) теңге;
бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерiне, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдарына (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда) – 30 000 (отыз мың) теңге;
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлеріне – 30 000 (отыз мың) теңге; Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерiне – 30 000 (отыз мың) теңге;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерiне – 30 000 (отыз мың) теңге;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлеріне – 30 000 (отыз мың) теңге;
Тәжікстан - Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 30 000 (отыз мың) теңге;
Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілеріне – 30 000 (отыз мың) теңге;
Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына – 30 000 (отыз мың) теңге;
4) 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:
Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарға - 30 000 (отыз мың) теңге.
8. Әлеуметтік көмек өмірлік қиын жағдайдағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі:
1) 80 жастан асқан жалғызілікті қарттарға Мақтаарал ауданының аумағында жол жүрумен байланысты шығындарын өтеу үшін, табысын есепке алусыз, ай сайын 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
2) үйде оқытылып және тәрбиеленіп жатқан мүгедектігі бар балаларға, табысын есепке алусыз, оқу кезеңінде, ай сайын 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
3) мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымнан шығарылған, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдарға, табысын есепке алусыз, ай сайын 8 (сегіз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
4) адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясы бар балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне және адамның иммунтапшылық вирусы инфекциясын жұқтыру немесе жұқтырылған иммунтапшылығының синдромы медицина қызметкерлерінің және әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кінәсінен болып, өміріне немесе денсаулығына зиян келген тұлғаларға, табысын есепке алусыз, ай сайын 2 (екі) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
5) қатерлі ісік ауруына шалдыққан тұлғаларға, табысын есепке алусыз, бір рет 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
6) мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасы бойынша мүгедектерді қоларбамен қамтамасыз ету мақсатында мүгедектігі бар адамдарға, табысын есепке алусыз:
серуендеуге арналған қоларбаға әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
бөлмеге арналған қоларбаға әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
7) зейнеткерлер мен мүгедектерге санаторлық-курорттық емделуге жолдамалар алу үшін, табысын есепке алусыз, бір рет әлеуметтік көмектің шекті мөлшері 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
8) Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне; жүріп тұруы қиын мүгедектігі бар балаларға; бірінші, екінші топтағы мүгедектерге емдеу мекемелеріне және қоғамдық орындарға бару үшін, табысын есепке алусыз, әлеуметтік такси қызметін ұсынуға және инватакси қызметтерін көрсетуге медициналық көрсетілімдері бар мүгедектерге, мүгедек балаларға, табысын есепке алусыз, ай сайын инватакси қызметін ұсынуға 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
9) мерзімді басылымдарға жазылу үшін - Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне, табысын есепке алусыз, бір рет 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, табысын есепке алусыз, бір рет 1 (бір) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;
10) атаулы көмек алушы отбасыларға 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік топтаманың түрлері мен көлемдеріне қосымша жергілікті бюджеттен ай-сайын 1 (бір) айлық есептік көрсеткішке дейін;
11) азаматқа (отбасына) өмірлік қиын жағдай туындаған сәттен бастап өтініш көрсету мерзімі алты айдан кешіктірмей дүлей зілзаланың немесе өрттің салдарынан оларға не олардың мүлкіне зиян келтіргені бойынша - тұрғын үй (тұрғын үй құрылысы) меншік иелерінің біріне бір рет 100 (жүз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.
9. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, әлеуметтік көмекті қайтару және тоқтату үшін негіз Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.
10. Мереке күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей, уәкілетті ұйым ұсынған тізім бойынша көрсетіледі.
11. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.
12. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.
3-тарау. Қорытынды ереже
13. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорларын пайдалана отырып жүргiзедi.